Академик Шахмардан Есеновтің 100 жылдығын UNESCO-ның мерейтойлық күндер тізіміне енгізу қажет - сенатор

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан ғылымы, өнеркәсібі мен экономикасының дамуына зор үлес қосқан академик Шахмардан Есеновтің 100 жылдығын UNESCO-ның мерейтойлық күндер тізіміне енгізу қажет. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаевтың атына сауал болдаған сенатор Алтынбек Нұхұлы осындай бастама көтерді.

Шахмардан Есенов
Фото: yessenovfoundation.org

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қозғаушы күші болуға тиіс» - деп осы екі егіз саланың ел дамуындағы маңыздылығын атап көрсетті», - деді сенатор.

Депутаттың айтуынша, ғалымның жетекшілігімен Жетыбай мен Өзеннің ірі мұнай-газ кен орындары ашылып, пайдалануға берілді, түсті металлургияның стратегиялық нысандары іске қосылды. Бұл елдің энергетикалық және экономикалық дербестігін қамтамасыз етудің негізіне айналды. Сондай-ақ академик Әл-Фараби есімін тарихи отанына қайтаруда маңызды рөл атқарып, 200-ден астам ғылыми еңбек жазды, ұлттық геология мектебін қалыптастырып, бірнеше буын ғалымдар мен инженерлерді тәрбиеледі.

Осыған байланысты Алтынбек Нұхұлы академиктің 100 жылдығын UNESCO-ның мерейтойлық күндер тізіміне енгізуді, Ақтаудағы университет алдына ескерткіш орнатуды, еңбектерінің көптомдық жинағын шығаруды, оның есімін жаңа мектеп пен көше атауына беріп, онда музей мен ғылыми-ағартушылық орталық ашуды, сондай-ақ академиктің өмірі мен мұрасына арналған халықаралық конференциялар өткізуді ұсынды.

Ал сенатор Геннадий Шиповских онлайн-казино жарнамалайтын блогерлерге жазаны күшейту қажет деп санайды.

Соңғы жаңалықтар