Академиктің ақырғы сапары

Бұл оқиға сол жерде болған едi, деп жазады «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Әнуарбек Әуелбек.
Мәскеуге бағыт алған ұшақта он бес адам отырған. Қатардағы жай адамдар емес, ендi ғана қарыштап дами бастаған Қазақстан ғылымының көшбасшылары. Қаралы хабар елге жылдам тарады. Соғыс жылдарындағы қиындықтан ендi құтылған кез. Ұлы Жеңiстiң қуанышы басыла қоймаған. Суыт хабарды естiген елдiң төбесiне жай түскендей болды. Жоғары билiк орындары Мәскеуде өтетiн Тамыз сессиясына бара жатқан делегация болатын деген болмашы ғана хабар таратты. Ол кездерi Кеңес Одағында апат орын алмауы тиiс едi. Бола қалған жағдайда барынша бүркемелеп бағатын. Бұл жолы да солай болды.
Ал, шындығында, ғалымдар Мәскеуге академик Лысенконың 60 жылдық мерейтойына бара жатқан. Қазақстан ғылымының аспанына қара бұлт үйiрiлдi. Алайда, апаттың шын құпиясы ашылмай қалған едi. Мәскеуге аттанған он бес адамды Қазақстан топырағы жiбермедi.
Апат себептерi белгiсiз болып қалар ма едi, тiрi қалған куәгерлер бар болып шықты. Ажалсыз екен. Алматыдан ұшқан апат жағдайындағы ұшақ жолда Балқаш маңына қонуға мәжбүр болғанда, о баста отырған он сегiз адамның үшеуi қалып қойған. Ұшақтың жанып кету себептерiн осы кiсiлер айтқан. Тараған әңгiменiң түрлiше құбылатыны рас, алайда оның негiзiнде бiр шындықтың жатқанын жасыра алмайсыз. Оны кезiнде қаза болғандармен бiрге iстеген ауыл ақсақалдары да айтып жүрдi.
-Шойын жолға бiр үш шақырымдай жерге қонған кезiнде, сол арада ұшқыш хабар бередi. Көкте кетiп бара жатқан уақытта ұшақтың жанармай багы шытынаған сияқты. Оны ұшқыш сезiп, жолда ұшақты жерге қондырады. Артына - Алматыға хабарлаған, - дейдi, қазiргi Мыңбаев атындағы ауыл ақсақалының бiрi Әбдiрахым Әуезбаев.
Қаза тапқандардың iшiндегi төрт адам Қазақстанның белгiлi ғалымдары, олардың топ жетекшiсi Кәрiм Мыңбаев болатын. Ауыл шаруашылығын гүлдендiруге ерекше еңбегi сiңген ғалым ғана емес, соғыс жылдарында құпия қару мен соғыс техникасын жасауға айрықша үлес қосқан Кремль назарындағы белгiлi ғалым Мыңбаев. Ел-жұрт оны академик деп таныған.
Мыңбаевтың ВАСХНИИЛ-дiң бөлiмшесiн ашып, ауыл шаруашылығы академиясын ұйымдастыруының өзi тарихи оқиға. Ал, Бетпақдаладағы шөлдi-шөлсiз кең даланы егiн шаруашылығы мен мал шаруашылығына пайдалануды ғылыми зерттеп ұйымдастыруы көзсiз ерлiкпен пара-пар. Әрiптестерi Мыңбаевтың ерекшелiгiн аңыз ғып айтады.
-Мал шаруашылығын, егiн шаруашылығын көтерiп, ғылымды одан ары дамыту жөнiнде көптеген мәселелердi шешiп бердi. Сол кездегi мекемелер, әсiресе, ғылыми мекемелер қазiрдiң өзiнде жақсы жұмыс iстеп келедi. Ол кiсiнiң тағы бiр ерекшелiгi жаңалықты жақсы көретiн, жастарды тартқанды ұнататын.
Ғылым мен өндiрiстi ұштастыра бiлуде алдына жан салмайтын. Өзi ашқан академияның негiзi осындай өндiрiс пен ғылымды ұштастыра бiлуде жатты, - деген болатын қазiр көзi тiрi белгiлi академик, Мыңбаевтың әрiптестерiнiң бiрi Қилыбай Медеубеков. Ғылым мен өндiрiстi ұштастыру ол кезде ең үлкен негiзгi мәселе едi. Академик ақтық сапарға аттанғанша ғылымдағы жаңалықтарды өндiрiске енгiзуге қайсарлықпен кiрiстi. Ол айтқанынан қайтпайтын жан едi. Алайда, «АН-24» ұшағының ақауы барына сенген жоқ болатын.
Соғыс жылдарындағы темiрдей тәртiп қала қоймаған уақыт. Тәртiп болу үшiн бұйырып сөйлей бiлу керек. Академик ол жағына да шебер болған. Ол кезде бұйырықты орындамағанды атып тастау да таңсық емес едi.
-Ол кiсi өзi бiрайтар, сондай өжет кiсi едi. Ұшқышқа «Сен менi кеше бiр алдадың, бүгiн мұныңа жол болсын. Ұшасың!» деп бұйыра сөйлеген. Ол кездiң заңы бөлектеу ғой, ғылымға, үкiметке керек адамның қолына тапанша берiп қоятын да болған. Оны өзiне қастық қылған адамға қарай пайдалануға да рұқсат берiлген. Содан ұшқышқа да жан керек, айтқанын екi етпей ұшқан ғой. Үш адам сол жерде қалып қояды, - дедi Әбдiрақым Әуезбаев ақсақал.
Алғашқы күнi ұшақ Мәскеуге үкiмет адамдарын алып барған. Ұшаққа тапсырыс берген Мыңбаев тобын ұшқыш тастап кетедi. «АН-24»-ке көп адам қалай сыйсын, ұшақ өзiне тиген келесi күнi ол әдейi iстеп отырғандай көрiнген болар. Әйтеуiр, академик әлдеқайда қатты асықты. Үш адам ебiн тауып жолда қалып қойған.
Ол кезде отаншылдық сезiм асқақтап тұрды. Отанға шын берiлгендiк еңбекпен ғана бағаланатын. Ал, академиктiң әр сағаты санаулы. Мәскеу сапарын сылтаурату арына сын, ол бостан босқа отыра алмайтын. Ұшақ апаты ауыр соққы болды. Iшiндегiлер түгелдей отқа оранды.
-Маған Кәрiм Мыңбаев туралы айту өте ауыр. Неге десеңiз, оның ажалының өзi бiр жұмбақ сияқты болды. Ешнәрсе қалмаған, тек түймесi мен көйлегiнiң бiр кiшкентай, титтей бөлiгiн ғана табытқа әкелiп қойды ғой. Бұл қайғыны, бұл оқиғаны айту маған өте ауыр, - дедi академиктiң ақырғы сапары туралы сұрағанымызда оның жақын сырласы болған қазақтың тұңғыш режиссер қызы Дариға Тiнәлина.
Өмiр айдынында қос аққудай қатар жүзе бастағалы небәрi алты жыл болған едi. Академик Мәскеуге артымнан ұшып келерсiң деп, Дариғаны тастап кеткен. Тағдыр оларға қайта қауышуды жазбапты. Балқаш маңынан ұшқан соң, он бес минуттан кейiн ұшақ апатқа ұшырайды.
Мыңбаев көрсетiп кеткен үлгi-өнеге бүгiнгi таңда да маңызын жойған жоқ. Айрықша атап айтуға болатыны - ғылым мен өндiрiстiң бiрлiгi. Мұның жолында академик бар жанын салған. Өмiрден ерте кетсе де, артына өшпес iз қалдырған. Тек бiрер сағаттың ғана құпиясы ашылмай қалды. Мемлекеттiк комиссия ұшақтың өздiгiнен жарылмағанын анықтаған. Бiрақ, көп адам оған сене қойған жоқ. Алайда, бұл қорытындыны академиктiң жақындарының айтқандары растай түскендей.
-Даланың тарланы деп айтуға болады ол кiсiнi. Сондай үлкен бiлiммен, үлкен зейiнмен, үлкен еңбекпен келген адамды осылайша дүниеден алып кеттi. Бұл Кәрiм Мыңбаевты өлтiру үшiн жасалған кәдiмгi зұлымдық болды. Шынымды айтсам, не дерiмдi де бiлмеймiн. Кәрiмнiң iшi сездi ме, мен ендi келмеймiн деп едi кетерiнде, - дедi ашына сөйлеген Дариға апай.
Академик бұл сапардан қайтпайтынын сезiптi. Дариғаға «Мен ендi сол жақта қаламын. Артымнан өзiң келерсiң» деуi де тегiн емес-ау...