Академиялық дербестік алған колледждердегі оқу мерзімі 2 жыл болмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат – Академиялық дербестік берілген колледждер оқу мерзімін қысқартуға мүмкіндік алады. Бұл туралы онлайн-брифинг барысында Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің басшысы Алтай Рахимберлин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Академиялық дербестік алған колледждердегі оқу мерзімі 2 жыл болмақ
Бұған дейін министрлік колледждердегі оқу мерзімін қатаң реттеген болатын. Енді академиялық еркіндік беру аясында олар оқу мерзімін қысқартуға мүмкіндік алып отыр. Мәселен, бұған дейін оқу мерзімі 3 жыл 10 ай болса, енді оны 2 жылға дейін қысқартуға болады. Осы дербестіктің негізінде колледждеріміз қысқа мерзімде сапалы мамандарды еңбек нарығына шығарады. Бұған дейін министрлікке қатысты сын-пікірлер болды. Атап айтқанда, көпшілік «сіздер мамандарды ұзақ уақыт дайындайсыздар» дейтін. Сондықтан, біз осыны ескердік, -

деді Алтай Рахимберлин.

Айтуынша, академиялық дербестік алған колледждер жергілікті кәсіпорындармен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Демек, жұмыс беруге ниетті компаниялар өздеріне қажетті сала мамандарын даярлау бойынша ұсыныс жолдайды. Осы орайда, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары басымдықты сұраныс жоғары мамандықтарға береді.