Ақау үшін ақша алынбайтын ақылы жолдардың тізімі желтоқсанға қарай жарияланады
АСТАНА. KAZINFORM – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дархан Иманашев ақауы бар ақылы жолдардан ақша алмау туралы бастаманың қалай орындалып жатқанын айтты.
- Жолаушылардың шағымынан кейін біз осындай бастама көтеріп, өкілетті орган (Көлік министрлігі – ред.) оны құптаған. Осылайша қыркүйекте тиісті бұйрық шықты. Осы бұйрық толық күшіне ену үшін бірқатар процедура жасалу керек. Қазір мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерінен құрылған арнайы комиссия әрбір ақылы учаскені қарап, тексеріп жатыр. Қарап болғаннан кейін тиісті акт жазады. Ол актілерді бізге береді. Біз құжаттарды қарап, Көлік министрлігіне іріктеп , Министрлік сол құжаттар негізінде бұйрыққа ақылы жолдың ақауы бар бөлігімен жүргені үшін ақша алынбайтыны туралы түзету енгізеді, - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Жолдағы ақау толық жойылғаннан кейін жол қайтадан толықтай ақылы болады.
- Қарапайым тілмен айтсақ, арнайы комиссия 100 шақырым ақылы жолдың 10 шақырымы нормативке сай емес екенін анықтаса, бұйрықта осы 10 шақырым бөлікті ақылы жол санатынан алып тастау туралы өзгеріс енгіземіз Қалған 90 шақырымынан ғана ақы алынады. Бірақ ақаулар жойылғаннан кейін әлгі 10 шақырым бөлікті қайтадан ақылы ету құқығы өзімізде қалады. 10 қарашаға дейін комиссия бүкіл ақылы жолдарды аралап, қорытынды беру керек. 25-30 қарашаға қарай Көлік министрлігі бұйрық шығарып, өз коммуникация арналарымыз арқылы ондай учаскелер туралы мәлімет береміз деп ойлаймын. Әрбір ақылы жол пайдаланушының жеке кабинетіне ақауы бар бөлік үшін алынған төлем шегерілгені туралы мәлімет жолданады, - деді Дархан Иманашев.
Айта кету керек, биылғы 9 айда елдегі 26 ақылы жолдан бюджетке 62 млрд теңге түскен.