Ақбөкен қаптады: Ақмола облысының шаруалары төтенше жағдай жариялауды ұсынды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері киіктердің егінге қауіп төндіргенін айтып, мәселе көтерді.

Фермерлердің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда ақбөкен мәселесін тиімді шешуге арналған нақты бағдарлама жоқ. Алқабы жануарлардың миграциясы жолында орналасқан шаруашылықтарға қолдау шаралары жөнінде облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссия отырысында талқыланды.
Киік саны күрт көбейген
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының өкілдері киіктер Ақмола облысының Атбасар, Егіндікөл, Жақсы, Жарқайың, Қорғалжың, Астрахан және Целиноград аудандарында кездесетінін айтты. Ақбөкен санының күрт артуы ауыл шаруашылығы алқаптарына қауіп төндіре бастаған. Қазіргі таңда облыста әртүрлі ведомстволардың 76 қызметкерінен 28 мобильді топ құрылып, олар 14 мамырдан бастап жұмыс істеп жатыр. Аудан деңгейінде жедел штабтар да жасақталған.
Киікті ату қажеттілік пе?
«Ен Дала» ЖШС бас директоры, «Мәншүк-АЭ» ЖШС директоры және облыстық мәслихат депутаты Тимур Пішенов киіктерді, әсіресе текелері мен төлдерін атуға рұқсат беруді ұсынды.
- Егер біз миллион киікті атып алсақ, халықты арзан, сапалы, диеталық етпен қамтамасыз етер едік. Оны не үшін соншалықты көбейтіп жатырмыз? Егіндікөл ауданында – 600 мың, Атбасарда – 120 мың бас. Ол жегеннен бұрын, бәрін таптап тастайды. Сондықтан жануарларды атуға заңды түрде рұқсат қажет. Бұл киікті үркіту үшін керек. Қазір олар ештеңеден қорықпайды. Жануарлардан алқапты қорғау үшін бізде техника да, жанармай да жетпейді. Қазір барлық күш егін егуге емес, киікті қууға жұмсалып жатыр. Бұл — дабыл қағарлық жағдай, — деді Тимур Пішенов.
Оның айтуынша, киіктерді үркіту немесе айдап шығу шаралары уақытша ғана нәтиже беріп отыр, жануарлар қайтадан егіс алқаптарына оралады. Осыған байланысты қазір киіктерді ату туралы ұсынысқа қол жиналып жатыр.
Эпизоотия қатері және мал шаруашылығына төнетін қауіп
Тимур Пішенов жануарлардың тығыз шоғырлануы салдарынан алдағы 3–4 айда киіктер арасында жұқпалы ауру таралуы мүмкін екенін де ескертті.
- Осынша көп киіктердің бір жерде тұруынан міндетті түрде ауру шығады. Сол кезде біз жануарларды ет ретінде пайдаланбағанымызға өкінеміз. Ол қазір халықты азықпен қамтамасыз ететін ресурс бола алар еді. Ал кейін ауырып қырылған кезде өртеуге мәжбүр боламыз. Бұл менің емес, биологтардың болжамы. Бұл ауру кейін жұрттың қорасындағы малына жұғуы мүмкін, - дейді фермер.
Шаруалар егінді киіктерден қорғауды сұрайды
Облыстық мәслихат депутаты және «Сепе-1» ЖШС басшысы Ғалымхан Саханов киік санын реттеумен қатар, егіс алқаптарының маңына қорғаныс қоршаулар салу қажеттігін айтты.
- Көктемде ақбөкендер Бетпақдаладан келеді, себебі онда су қоймалары тартылған. Бұл күрделі мәселені шешу қажет. Сонымен қатар, киіктен зардап шеккен шаруашылықтарға несие мерзімін ұзарту қажет, — деді депутат.
Оның айтуынша, шаруашылық басшылары жанайқайын жеткізіп, депутаттардан көмек сұрап жатыр. Көктемгі егіс қолайлы жағдайда өтіп, жақсы тұқым себілгенімен диқандар қазірдің өзінде мол өнім алудан үміт үзген. Киіктер алқаптарды таптап жатыр.
Мемлекеттік деңгейде бағдарлама қажет
Мәслихаттың аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Әбілқайыр Ошақбаев әріптестерінің киік санын реттеу қажеттігі туралы ұсынысын қолдады және олардың нақты есебі жүргізілмей отырғанын атап өтті.
- Облыста 1,5 млн астам ақбөкен бар. Егер төлдегендерін қоссақ — бұл сан екі есеге артады. Қазірдің өзінде 700 гектардан астам егіс алқабына зақым келді, бұл — 700 мың тонна астықтың шығыны. Бұл мәселені шешуге арналған нақты бағдарлама жоқ. Қазір адам емес, жануар басты орынға шығып отыр — бұл дұрыс емес, — деді Әбілқайыр Ошақбаев.
Депутат Экология және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне киіктен келетін зиянды өтеу, егіс алқаптарын қорғау және жануарларды табиғи ортасына қайтару бойынша мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Ал егіске көп залал келген аудандарда төтенше жағдай жариялау қажет деп санайды.
Бұған дейін Ақтөбеде шаруаның жерін киік таптап жатқанын жазған едік.
Киік санын реттеу іс-шаралары күзде басталуы мүмкін.