Әкелер бала тәрбиесіне неге аз араласады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақ қоғамында баламен сау қарым-қатынас құратын әкенің нақты бір үлгісі қалыптаспаған. «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат берген медиа маман, «Әйеліммен әңгіме» кітабының авторы Марғұлан Ақан дәл осындай пікір білдірді.

Әкелер бала тәрбиесіне неге аз араласады
Фото: Видеодан алынған скрин

Ол перзентіне әкелік тәрбие беру жолында жарының да көп көмегі тигенін айтады.

— Менімен қатарлас буын қатаң тәртіп, ережесі бар қалыптың ішінде өсті. Артық сөз сөйлесек, ұрыс естіп, таяқ жейтінбіз. Ал қазіргі балалар мүлде басқа. Себебі, тым еркін болғысы келеді. Одан бөлек, қазіргі қоғамда әйелдердің рөлі кішкене болса да артып, ер адамға өз ойын еркін жеткізе алатын болды. Соның арқасында біз де бейімделіп келе жатырмыз. Менің өзімде солай болды. Балаға қалай қарым-қатынас жасау керектігі жөнінде әйелім көп көмектесті. Өйткені әйелім — психолог, — дейді жазушы.

Студия қонағы бала тәрбиесіне көп көңіл бөлетінін айтады. Тіпті демалыс күндерін толықтай отбасына арнайды екен.

— Мен балама көбірек уақыт бөлуге тырысамын. Әдетте сенбі, жексенбі күндерін толықтай отбасыма арнаймын. Сол күні сыртқа шығып, қыдырамыз. Мен балаға тәрбиені қарым-қатынасты нығайту арқылы беремін. Жәй ғана ойната беруден гөрі, баламен көбірек сөйлесемін. Ол сұрақ қойса, балам толықтай түсінгенше жауап беремін. Ұлыммен тең дәрежеде сөйлесуге, оның деңгейіне түсуге тырысамын. Кейде жүйке шыдамауы мүмкін, бірақ шыдау керек. Оның басқа жолы жоқ. Көбіне тәрбиелеп, сөйлесетін — анасы. Оны жоққа шығара алмаймын. Анасы құрсақта жатқаннан қалай сөйлесе, 1-2 айлығында да солай сөйлесетін. Менімен қалай әңгіме айтса, тура солай баламмен де сөйлесетін, — дейді Марғұлан Ақан.

Десе де, медиа маман қазіргі таңда қазақ қоғамында үлгі тұтатын әкенің моделі қалыптаспағанын айтады.

— Мен баланың жылағанына шыдай алмаймын. Себебі, кішкентай кезімде ағаларым, үйдегі үлкендер «Сен еркексің, жылама» дейтін. Әйелім бала жыласа, шыдамды болуға да үйретті. Біртіндеп әрекет ету арқылы сау қарым-қатынас орнататын әкенің моделін жасап шығара аламыз деп ойлаймын. Бірақ дәл қазір сондай модель бізде әлі жоқ, — дейді әке.

Жазушының бұл пікірімен баспагер Бақытжан Бұқарбай да келіседі. Себебі әр отбасының жағдайы әртүрлі дейді ол.

— Біз былтыр «Заманмен санасқан 30 әкенің хикаясы» кітабын шығардық. Қазіргі әр салада қызмет ететін 30 әкенің тәжірибесін бір жинаққа біріктірдік. Қоғамда ортақ бір модель бар деп айта алмаймын. Бұл — қайталанбайтын тәжірибе ғой. Әркім әртүрлі, әркімнің контексті, жағдайы, айтары бөлек. 30 әкенің бір-біріне ұқсастығы аз. Әрине «Біреудің ақысын жеме, ала жібін аттама» деген ұстанымдар баршамызға ортақ қой. Десе де, олар қандай кітаптар оқып жатыр, болашаққа қалай дайындалып жатыр немесе өздеріндегі әкелік жауапкершілікті арттыру үшін қандай әрекеттерге барып жатыр? Бұл ақыл-кеңестер көп жағдайда қайталанбайды. Әркімнің өзінің жеке-дара тәжірибесі бар. Сол тәжірибелерді кітапта бөлістік, — дейді баспагер.

Автор бұл кітапты жазуға не себеп болғанын түсіндірді.

— Бұл кітапты жазуға қазіргі әкелердің балаларына тәрбие бере алмай жатқаны түрткі болды. Тіпті баласына қарауға уақыты да жетпейді. Бұл мәселенің туындауына екі себеп бар. Біріншісі — кейде әкелердің тәрбие мәселесіне қатысты өзін жетілдіру, білім жинақтап, ізденуі жетіспейді. «Мен онсыз да бәрін білемін» немесе «Әйтеуір асырап жатырмын, тамағы тоқ, киімі бүтін — қалғанын анасы істейді» деп ойлайды. Екінші фактор — біздің халқымыздың біразында несие мәселесі бар. Нәпақа табу көп уақыт алады да, әкелердің ізденіске арнайтын уақыты да, күш-қуаты да бола бермейді. Сондықтан біздің мақсатымыз — оқырманға әкелік модельдерден, әкелік тәрбие үлгілерінен тұратын швед дастарханын жайып беру болды, — дейді Бақытжан Бұқарбай.

Айта кетейік, «Бүгін LIVE» бағдарламасының өткен санында 7 жасар дарынды баланың анасы бала тәрбиелеудегі өз тәжірибесімен бөліскен еді

Соңғы жаңалықтар