Әкелер күні: Елордада белсенді әкелер арасында спорт түрлерінен сайыс өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы №33 мектепте «Әкелер күні» мерекесіне орай елордалық белсенді әкелер арасында спорт түрлерінен жарыс өтті.

Спорттық сайыста аталған Жайлы мектепте балалары білім алатын әкелер шақырылып, бақ сынады. Қатысушылар бірінші кезеңде гір тасын көтеріп сайысты. Екінші кезеңде асық атудан, үшінші кезеңде ләңгі тебуден мықтылар анықталса, соңғы қорытынды кезеңде қол күрес сайысы өтті. Әр кезеңде қатысушыларға ұпай беріліп отырды.

Іс-шараға Нұра ауданы «Әкелер» кеңесінің төрағасы Марат Тыржанұлы, Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары әрі Астана қаласы «Әкелер кеңесінің» төрағасы Бекдайыр Күзембай арнайы келді.
— Осыдан үш жыл бұрын Үкімет қаулысымен елімізде екі үлкен мереке тойланатын болып, шешім қабылданды. Бірінші мереке — Аналар күні маусым айының екінші жексенбісіне, екінші мереке — Әкелер күні маусым айының үшінші жексенбісіне белгілденді. Содан бері аналарды да, әкелерді осылай құттықтау дәстүрге айналып келеді. Үшінші рет тойланып отқан әкелер күні мерекесімен «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің атынан құттықтаймын, - деді Бекдайыр Нығметұлы.


Жарысты Астана қаласы Денешынықтыру және спорт басқармасы, елорданың Нұра ауданы әкімдігі, сондай-ақ қалалық әкімдіктің «Спорттық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру дирекциясы» КММ бірлесе ұйымдастырды.


Турнир қорытындысында 4 сайыстағы ұпай сандары бойынша мына қатысушылар жеңіске жетті.
1-орын — Саман Бауыржан,
2-орын — Алтынбек Зейнелхан,
3-орын — Ғани Бөдеков.
Жарыс жеңімпазы Саман Бауыржан бұл шараның ерекше қуаныш сыйлағанын айтады.
— 4 баланың әкесімін. Бұйыртса қыркүйек айында 2 балам осы мектептің табалдырығын аттайды. Әкелерді елеп-ескеріп, мән беріп жатқаны ерекше әсер етті. Бұндай жарыстар әке мен баланың арасын жақындастырып, балаларға жақсы үлгі көрсету алаңы болады, - дейді ол.

Астана қаласы «Әкелер кеңесінің» төрағасы Бекдайыр Нығметұлы бұл мерекеге орай өзге де мектептерде, саябақтарда және жоғарғы оқу орындарында түрлі шаралар өткізілгенін атап өтті.
— «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында волейболдан «Күшіміз бірлікте» атты қалалық турнир өткіздік. Осылай қала чемпионын анықтады. Осы турнирді еліміздің түкпір-түкпіріне челендж ретінде жолдап жатырмыз. Жыл соңында осы турнирдің республикалық чемпионын анықтаймыз, - деді Б. Нығметұлы.
Оның айтуынша, 8-15 маусым аралығында елордада әкелер апталығы аясында Ұлттық кітапханада «Әкемен бірге кітап оқу» шарасы, одан бөлек «Бала Толағай» спорттық шаралары өткізілген. Сондай-ақ әке мен баланың арасын жақындату мақсатында «Саябақта әкемен серуендеу» секілді тәрбиелік мәні бар бастамалар да алғаш рет ұйымдастырылған. Жалпы, бір апта ішінде «Әкелер күні» мерекесіне орай 15-ке жуық шара өткен.