Әкелер күні: Голан жотасындағы отандық бітімгерлер отбасыларынан құттықтау алды

АСТАНА. KAZINFORM — Әкелер күніне орай Голан жотасында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бақылау күштері (UNDOF) құрамында бейбітшілік сақтау миссиясын атқарып жүрген ұлттық контингент әскери қызметшілері жақындарынан ерекше сый алды.

Әкелер күні: Голан жотасындағы отандық бітімгерлер отбасыларынан құттықтау алды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметі мәлім еткендей, ұлттық контингент басшылығының бастамасымен бітімгерлерге отбасы мүшелерінен келген құттықтау хаттары табысталды. Шынайы тілектер мен жүрекжарды қолдау сөздері әскери қызметшілерге отбасы жылуын және олардың Отанға аман-есен оралуын күтіп жүрген жақындарының сағынышын жеткізді.

Бұл акция отбасылық құндылықтарды нығайтуға, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және әкенің бала тәрбиесі мен қоғамның дамуына қосатын үлесінің маңызын арттыруға бағытталды.

Әкелер күні: Голан жотасындағы отандық бітімгерлер отбасыларынан құттықтау алды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Көптеген әскери қызметші үшін Отанға адал қызмет етудің үлгісі өз әкелері болды. Бітімгерлік миссияға қатысушылардың бірі, гвардия 3-сыныпты сержанты Жанат Қайранбаев әскери мамандықты таңдауына әкесі Нұржан Жексенбековтың өнегесі зор әсер еткенін айтты. Әкесі Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет атқарып, 2013 жылы еңбек жолын аяқтаған.

— Бала кезімнен әкемнің өз қызметі мен борышына үлкен жауапкершілікпен қарайтынын көріп өстім. Оның өнегесі мені өмірімді әскери қызметпен байланыстыруға себеп болды. Мерзімді әскери қызметтен өткеннен кейін Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусына оқуға түстім. Кейін Қонаев қаласындағы 32363 әскери бөлімінде қызметімді жалғастырдым. Бүгінде мен Голан жоталарындағы БҰҰ бітімгерлік миссиясы құрамында қызмет етіп жүрмін, — деді әскери қызметші.

Қазір қазақстандық бітімгерлік контингент миссияның жауапкершілік аймағында бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындауды жалғастырып, Қазақстан Қарулы күштерінің халықаралық аренадағы беделін лайықты дәлелдеп келеді.

Әкелер күні: Голан жотасындағы отандық бітімгерлер отбасыларынан құттықтау алды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Әкелер күніне орай жеткен құттықтаулар әскери қызметшілер үшін туған-туыстарымен үзілмес байланыстың белгісіне айналып, жүктелген міндеттерді адал атқаруға қосымша жігер берді.

Айта кетейік, маусым айының үшінші жексенбісінде елімізде әкелер күні атап өтіледі. Мереке қарсаңында түрлі мәдени-спорттық шаралар, әлеуметтік жобалар жүзеге асатын дәстүр бар. Өскелең ұрпаққа әкелер институтының маңызын ұғындыратын жиын қатары да көбейеді. Осы орайда Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы отбасыдағы әкенің сипатына үңіліп, қоғамның бүгінгі көзқарасын талдады.