Әкелер күні: Заманауи әке моделін айқындайтын декларация қабылданды
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл елімізде үшінші рет «Әкелер күні» мерекесі аталып өтіп жатыр.

2022 жылы 14 желтоқсанда өткен VII республикалық әкелер форумында жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісін «Әкелер күні» деп белгілеу ұсынылды.
2023 жылы 31 мамырда ҚР Үкіметінің №426 қаулысымен жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісі «Әкелер күні», ал мамырдың екінші жексенбісі «Аналар күні» ретінде белгіленді. Осы негізде биыл елімізде аналар мерекесі екінші рет тойланса, Әкелер күні үшінші мәрте аталып өтіп жатыр.
Статистика бюросының ресми деректеріне сай, 2024 жылы елімізде 123,6 мың неке тіркелсе, ажырасу актісінің саны 40,5 мың болған. Бұл дегеніміз елімізде бір жылда тіркелген ажырасу саны некелесу көрсеткішінің 33 пайызына, яғни үштен біріне жетіп жығылатынын білдіреді.

Өткен жылы Petrelli Previtera Қазақстан ажырасу статистикасы бойынша әлемде 2-орынға шыққанын жазды. Осы деректерден-ақ еліміздегі отбасы институты өте үлкен дағдарыс жағдайында екеніне көз жеткіземіз. Бұл біздің қоғам заманауи отбасы, ана және әке моделін түбегейлі қайта қарауы керектігін білдіреді.
ХХІ ғасырдағы әке моделі
Әкелер күні қарсаңында Астанада «Әке. Отбасы. Қоғам» тақырыбында Х Республикалық әкелер форумы өтті.Онда еліміздің барлық өңірінен келген 200-ден астам белсенді азамат «Заманауи әке қандай болуы керек?» деген сауалға жауап іздеді.

Жиынды Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Бұл ұйым 2011 жылы Астанада құрылған. Содан бергі 14 жылда еліміздің түкпір-түкпіріндегі белсенді әкелер осы бірлестік аясында күш біріктіріп, қазіргі қоғамдағы әке институтын жетілдіру жұмыстарымен айналысып келеді.
Биылғы форумдағы басты жаңалық – жиында қабылданған «ХХІ ғасыр әкесі: әрекетке шақыру» декларациясы болды.

Құжатта XXI ғасырдың әкесі қандай болу керегі былай жазылған:
- Балаларына және жарына махаббат, қамқорлық пен құрмет көрсететін ер адам;
- баланың тәрбиесіне, білім алуына және дамуына белсенді қатысады;
- зорлық-зомбылықсыз ортаны қалыптастыруға ықпал етеді;
- әйелдердің құқығын құрметтейді және гендерлік теңдікті қолдайды;
- өзінің психикалық және физикалық саулығына көңіл бөледі;
- үй шаруасын және тұрмыстық жауапкершілікті бөліседі;
- өскелең ұрпаққа үлгі болатын ер азамат.
Мемлекеттік, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, белсенділер, әкелер мен тәлімгерлер қабылдаған бұл декларацияның басты қағидаттары да айқындалған.
Біз мынаны дұрыс деп есептейміз:
- әке ана сияқты тең дәрежеде баланың дамуының маңызды факторы ретінде танылады;
- ер азаматтардың отбасылық өмірге қатысуы отбасы мен қоғамның әл-ауқатын арттырады;
- мықты ер адам құрметке, жанашырлық пен жауапкершілікке негізделеді;
- ер балаларға ерте жастан зорлық-зомбылықсыз мінез-құлық, өзін-өзі тану және қамқор болу дағдыларын қалыптастыру қажет;
- әке болу – бұл саналы және үздіксіз өзін-өзі дамыту жолы.
Сондай-ақ декларацияда «Әкелер одағының» қоғамға үндеуі де жазылған:
- Мемлекеттік органдарға – белсенді әке болу тақырыбын стратегиялық құжаттар әзірлеуде, білім беру бағдарламаларыда және медиа саясатта қаралуына қолдау білдіруге;
- қоғамға – стереотиптерді жойып, ер азаматтардың балаларды тәрбиелеу мен қамқор болуын бағалауға;
- әкелерге – өз балаларына үлгі және тірегі болуға шақыруға;
- жастарға – зорлық пен кемсітусіз болашақты қалыптастыруға мотивация беруге;
- халықаралық серіктестерге – қолдау үшін алғысымызды білдіріп, бірлескен жұмысты жалғастыруға шақырамыз.
Қорыта келгенде, декларацияда талаптарына сай, заманауи әке отбасына қамқор болып қана қоймай, баланы тәрбиелеуге, білім беруге және дамытуға белсенді атсалысуы керек. Сондай-ақ зорлық-зомбылыққа жол бермейтін, әйел құқығын құрметтейтін және гендерлік теңдікті сақтайтын тұлға болуы тиіс. Одан бөлек өзінің психикалық және физикалық денсаулығын күтіп, үйдегі міндеттер мен тұрмыстық жауапкершілікті бөлісуі ләзім.
Әке асыраушы ғана емес...
Бүгінгі қоғамда әкенің отбасында тек асыраушы рөлінде болуы жиі кездесіп жатады. Форум спикерлері де көтерген, қабылданған декларацияда да айтылған негізгі мәселенің бірі — тұрмыстық міндеттер мен бала тәрбиесіне ер адамдардың белсенді араласуы тақырыбы болды.

— Негізі әкелер көбінесе өзін асыраушы ретінде көріп жатады. Бірақ заманауи әке баланың тұлға болып қалыптасуына тікелей атсалысуы тиіс. Жаһандану дәуірінде бала түрлі депрессияға ұрынбау үшін әкемен сырласа алуы керек. Әке бұл жағдайда өзінің көшбасшылық қырын көрсете алуы керек, - дейді «Әкелер одағы» төрағасының орынбасары Бекдайыр Күзембай.
Оның айтуынша, «Әкелер одағының» негізгі мақсаты — парасатты әкелер қатарын көбейту. Ол үшін ұйым еліміздің 14 өңірінде филиал ашып, 1000-нан астам белсенді әкені топтастырған.
«Әкеге отбасы ғана емес, бүкіл Отан қарап тұр»
Отбасы жайлы сөз қозғағанда ана мен әкені бөліп-жарып қарай алмайтынымыз секілді, отбасы ісіне келгенде де бір әкенің міндетін түгендеу арқылы бұл институттың іргесі бекімейтіні белгілі. Сондықтан әкелер форумында «Аналар кеңесі» мүшелері де негізгі қонақтар қатарында болды.

— Әке – асқар тау деп бекер айтпайды. Осы асқар тауға қарап бала бойын түзейді, ойын түзейді. Жалпы, отбасы ғана емес, бүкіл Отан әкелерге қарап тұр. Себебі әке —темірқазық, әке — үлгі. Әкеге қара оқ жонар деген. Қазақта тәрбиенің мәнін екі-ақ деңгейлі қылып айтады: көргенді және көргенсіз. Әкеден көргенді ұл міндетті түрде жасайды. Біз – аналар қауымы осы әкелерге қолдау болуға дайынбыз. Әркез әкелердің саясында болып, бесік тербей беруге әзірміз, - деді ҚХА «Аналар кеңесі» төрағасының орынбасары Баян Ахатай.
Қазақстанда заманауи әкелердің қалыптасуы үшін БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру қоры да қол ұшын беріп жатыр екен.

— Біз Қазақстан Үкіметімен бірлесе жұмыс істейміз. ҚР Ақпарат және мәдениет министрлігімен және «Әкелер» одағымен» 10 жылдан бері серіктеспіз. Біздің ұйым гендерлік және репродуктивтік денсаулыққа көп көңіл бөледі. Одан бөлек «Мэн ин гейч» немесе «Ер адамның қатысуы», яғни ер адамды бала тәрбиесіне, бала күтіміне тарту секілді бастамамыз бар. Ерлердің үйде де, жұмыста да әйел адамдарға қамқорлық танытуын кең насихаттауға ат салысамыз, - деді ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілі Чинве Огбонна.
Айта кетейік, биылғы форумды ұйымдастыруға аталған қор да қолдау көрсеткен екен.