Әкемді мақтан етемін: KAZ Minerals Bozshakol қызметкерлерінің балалары ата-аналарының жұмыс орнымен танысты
АСТАНА. KAZINFORM - KAZ Minerals Bozshakol кенішінде алғаш рет Отбасы күні аталып өтті. Мереке аясында Павлодар, Екібастұз бен Астанадан келген 73 бала өндіріс кешенінде болды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Балалар Қазақстандағы ең ірі мыс өндіретін кеніштің жұмысын өз көздерімен көрді. Оларға карьер, диспетчерлік пульт, сульфидтік фабрика жұмысы таныстырылып, жұмысшы асханасында дастархан жайылды. Биіктігі үш қабатты үйге тең алпауыт жүк көлігін көрген балалардың таңданысында шек болмады. 12 жасар Ульяна бұған дейін де жүкті өзі төгетін көлікті суреттен көргенін, бірақ оның мұндай үлкен боларын ойламағанын жасырмады.
Сондай жүк көліктерінің бірін 10 жылдан бері тізгіндеп келе жатқан Вадим – Ульянаның әкесі. Ол күндізгі-түнгі ауысыммен жұмыс істейді.

Кен өндіретін техника 11 жасар Диасқа де ерекше әсер қалдырды. Оның әкесі – «өте керемет кәсіпорында» жұмыс істейтін автоматика және өлшеу-бақылау қызметінің маманы. Алып машиналарды көрген Диас өскенде осында жұмыс істеуге шешім қабылдады.
- Қауіпсіздік – KAZ Minerals үшін басты құндылық, сол себепті біз бұл шараны ұйымдастыруға ерекше мән бердік. Қонақтардың жасын шектеп, 10 мен 14 жас аралығындағы балаларды шақырдық. Себебі бұл жастағы жеткіншектер өндіріс орнында сақтықтың қаншалықты маңызды екенін түсінеді, - дейді KAZ Minerals Bozshakol оқыту және дамыту бөлімінің жетекшісі Жасұлан Жұмашев.

Мерекенің ең әсерлі сәті – 10 жасар Гүлсезімнің жұмыс ауысымындағы әкесін көре алмайтынын білгенде көзіне жас алғаны. Жағдайды түсінген кәсіпорын жетекшілері Досымхан Отамұратовты жұмыстан босатып, қызымен қауышуға мүмкіндік берді.
- Ол мені ауысым аяқталғанша, яғни тағы бір апта көрмеймін деп ойлапты. Келгенімде тас қылып құшақтап жібермей қойды, - деп күлді 10 жылдан бері саз өңдеу фабрикасында флотатор болып жұмыс істейтін Досымхан Отамұратов.

KAZ Minerals Bozshakol кенішінің директоры Малик Инкижеков бұл шараның басты мақсаты – балаларға жұмысшы мамандықтарының құндылықтарын түсіндіру ғана емес, сонымен қатар отбасылық байланысты да нығайту екенін атап өтті.
- Бүгін Bozshakol кенішінде ерекше іс-шара – қызметкерлердің отбасыларына арналған экскурсия өтті. Біз оны Кеншілер күні мен Жұмысшы мамандықтары жылына арнадық. Балалар мен ата-аналар карьер мен фабрикаларды аралап көрді, руданың мыс концентратына айналғанының куәсі болды. Мақсат – жеткіншектерге ата-аналарының жұмыс орнын көрсету, нәтижеге жету үшін қанша еңбектену керектігін түсіндіру және отбасының байланысын күшейту, - деп мәлімдеді Малик Инкижеков.
Компания Отбасы күнін атап өтуді дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр.
