Әкесі ұрған 4 жасар бала оңалту шарасына жіберілді

«Бүгінде баланың денсаулығы бірқалыпты. Қанағаттанарлық деп бағаланып отыр. Бүгін пациент шұғыл көмек көрсету ауруханасынан №2 балалар ауруханасына ауыстырылды. Ол жерде бүлдіршін оңалту шараларынан өтеді», - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 16 шілде күні Одесская мен Брянская көшесінің қиылысында орын алған болатын. Тұрғындар тал түбінен 4 жасар баланы тауып алған. Бала шала-жансар күйінше шұғыл ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды.
Алматы полициясы жантүршігерлік оқиғаға күдікті ретінде баланың әкесін ұстаған болатын. Баланың әкесі Мұрат Асқароглы өз кінәсін мойындап, қазақстандықтардан кешірім сұрады. Ер адам мастықтан есеңгіреп тұрғанда баласының қыңқыл-сыңқылын көтере алмай, таспен самайынан бір-ақ ұрған.
Осыдан бір апта бұрын сот баланың әкесін 2 айға қамауға алу туралы санкция шығарды.