Әкесін аяусыз ұрып-соққан: Шардарадағы қарияның өлімі бойынша іс сотқа жолданды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында қарт адамның қатыгездікпен ұрып-соғу салдарынан қайтыс болуына қатысты қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмыстық істің тергеуі аяқталды. 

Әкесін ұрып, қорлаған тұрғын: Мәйітке эксгумация жасалып, сараптама тағайындалды
Фото: видеодан алынған скрин

Іс материалдары сотқа жолданды. Тергеу деректеріне сәйкес, қайғылы оқиға Шардара ауданына қарасты Қоссейіт ауылында болған. 70 жастағы Есіркеп Садақбаев ұзақ уақыт бойы жалғасқан физикалық зорлық-зомбылықтың салдарынан көз жұмған. Аталған іс бойынша оның ұлы басты күдікті ретінде танылып отыр.

Күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігі — жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қасақана ауыр дене жарақатын келтіру бабы бойынша айып тағылды.

Сот үкімі шыққанға дейін ол тергеу изоляторында қамауда болады.

Қамауға алу туралы шешім әлеуметтік желілерде зорлық-зомбылық көріністері бейнеленген бейнежазбалар таралғаннан кейін және ресми тергеу басталған соң қабылданды.

Сонымен қатар, күдіктінің жұбайына қатысты да жеке қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Оның әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабының 2-бөлігі 3-тармағы — дәрменсіз күйде болған немесе материалдық не өзге де тәуелділікте болған адамға қатысты ұрып-соғу ретінде сараланды. Отбасының кәмелетке толмаған балалары уақытша туыстарының қамқорлығына берілді.

Еске сала кетейік, бұл оқиға көршілердің әлеуметтік желілерде жариялаған бейнежазбаларынан кейін қоғамдық резонанс тудырды. Кадрларда қарт адамға көрсетілген физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық фактілері анық байқалады. Сондай-ақ бейнематериалдардан келінінің болған жағдайға араласпағаны көрінеді.
Бейнежазбалар жарияланғаннан кейін материалдар құқық қорғау органдарына жолданған. Алайда сол уақытқа дейін зейнеткер жерленіп қойған. Осыған байланысты мәйітті эксгумациялау туралы шешім қабылданып, өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындылары айыптау тарабы үшін маңызды дәлелдердің бірі болып, қылмыстық іс бойынша дәлелдемелік базаны толықтырады.

Бұдан бұрын Түркістан облысында әкесін ұрып, қорлық көрсеткен тұрғын қамауға алынғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар