Ақылбек Күрішбаев бұрынғы Ғылым академиясының тағдыры туралы пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президенті жанындағы Ұлттық академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасында Мұрат Жұрынов басқаратын ғылыми академияның тағдыры туралы пікір білдірді.

Ақылбек Күрішбаев
Фото: Дияр Бексұлтанов

Сұхбат барысында жүргізуші елде екі бірдей ғылым академиясының жұмыс істейтіні қаншалықты қисынға сыятынын, Мұрат Жұрынов басқаратын «бұрынғы» академияның тағдыры не болатынын сұрады.

- Ондай да кезең болды. Бірақ қазір Президенттің жанында құрылған, мемлекеттік статусы бар академия бар. Соған байланысты Ғылым және технологиялық саясат туралы арнайы заң қабылданды. Осы заңда академияның функциялары нақты жазылды. Осы функционал бойынша академия жұмыс істеп жатыр. Сол заң бойынша ашық түрде сайлау өткізіліп, 4 кезеңдік конкурс арқылы академияның 17 бағыты бойынша халықаралық патенттері бар, өндіріске үлес қосқан академиктер сайланды, - деді ол.

Ақылбек Күрішбаев бұрынғы академия кейінгі 20 жылдам астам уақыт бойы қоғамдық ұйым ретінде жұмыс істеп келгенін еске салды.

- 2003 жылға дейін бұлар мемлекеттік академия болып тұрды да, кейін қоғамдық академия болып тұрды. Оны ішінара мемлекет қаржыландырғанымен қоғамдық ұйым ретінде ғана қарап келді. Шын мәнінде академия жұмыс істеу керек. Соған байланысты қоғамдық ұйымның жабылуына байланысты биыл ондағы 150 мүше бізге құрметті академик ретінде қабылданды. Яғни бұрынғы академиктер «құрметті академик» болып саналады. Ал толық мүшелігі бар 17 академик біздің ықпалымызда жұмыс істеп жатыр.

Құрметті академик деген – атақ. Бұлар ғалым болғандықтан бөлімшелерде академик ретінде жұмыс істейді. Бірақ жалпы жиналыстың мүшесі жаңағы сайланған 17 академик болады. Тиісті шешімді солар қабылдап отырады. Құрметті академиктер өзге жұмыстарға қатысып, ұсыныстарын айтып отырады. Сөйтіп бірге жұмыс істейміз, - деді академия президенті.

Еске салсақ, биыл 27 наурызда «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің таратылатыны ресми мәлімделген болатын.

 

Соңғы жаңалықтар