Ақылды әйнек: Қытай дәретханаларда темекі шегуге қарсы жаңа әдіс қолдана бастады

АСТАНА.KAZINFORM — Қытай қоғамдық дәретханаларда заңсыз темекі шегумен күресу үшін жоғары технологиялық шешім енгізді. «Ақылды» шыны панельдермен жабдықталған кабиналар түтін анықталған кезде бірден мөлдір әйнекке айналады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Қытай дәретханаларда темекі шегуге қарсы жаңа әдіс қолдана бастады
Фото: SZTV News

The Standard басылымының мәліметі бойынша, Шэньчжэнь қаласының оңтүстік-шығысындағы сауда орталықтарына «ақылды» шыны панельдері бар дәретханалар орнатылды.

Қалыпты жағдайда панельдер бұлыңғыр болып тұрады, бұл келушілердің құпиялылығын қамтамасыз етеді. Алайда, біреу ішінде темекі шеге бастаса, әйнек бірден мөлдір әйнекке айналады. Осылайша тәртіп бұзушы бәрінің алдында әшкере болады.

Әр есікке «Темекі шегу мөлдір режимді іске қосады» деген ескерту белгілері ілінген.

Бұл жүйе дәретхана кабиналарында тығылып темекі шегушілермен күресу үшін енгізілді.

Әлеуметтік желі пайдаланушылары бұл жаңалықты жақтап, халықты пассивті түтіннен қорғау үшін бүкіл елде енгізуге шақырды.

Бұған дейін Қазақстанда дәстүрлі темекіге сұраныс азайып, электронды темекі мен кальян танымал болып келе жатқанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар