«Ақылды» есептегіш: елімізде газ саласын цифрландыру жалғасады

АСТАНА. KAZINFORM — QazaqGaz цифрландыруға ерекше мән беріп отыр. 2024 жылдың нәтижесі бойынша ұлттық компания бұл бағытта айтулы жетістіктерге жетті. 

«Ақылды» есептегіш: елімізде газ саласы цифрландырылып жатыр 
Фото: QazaqGaz

«Ақылды» есептегіштерді орната отырып, тарату желілері мен абоненттерді цифрландыру белсенді түрде жүргізілді. Цифрланған абоненттер интерактивті картадан көрінеді. Соның көмегімен газды қалыпты тұтынбайтын абоненттердің орналасқан орнын анықтауға, есептегіштердің көрсеткіштерін жинауды бақылауға және газды есепке алудың ашықтығын арттыруға болады.

Шымкент қаласындағы Таскен шағынауданында газды цифрлық есепке алудың қанатқақты жобасы аяқталды. Осыған ұқсас жұмыстар Астана мен Қарағандыда да жүргізілді. Жоба газ шығынын азайтуда және төлем тәртібін жақсартуда жоғары тиімділігін көрсетті. Алдағы уақытта QazaqGaz жасанды интеллектіні қолдана отырып, осы жүйені бүкіл ел бойынша енгізуді қарастырып жатыр. 

QazaqGaz
Фото: Qazaqaimaq Egov.jpg

2023 жылы компания тұрғын үйлерді газ желісіне қосу үшін eGov.kz арқылы онлайн-өтінімдер жүйесін енгізді. Бұл азаматтардың аталған қызметке қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік берді. Қазір компания техникалық шарттарды беруге өтінімдердің 46 пайызын онлайн-платформалар арқылы алып отыр. Мұның өзі абоненттердің газға қосылу үдерісін айтарлықтай жеңілдетті.  

2024 жылдың желтоқсанынан бастап, QazaqGaz Энергетика министрлігімен бірлесіп, «Әлеуметтік әмиян» қанатқақты сервисін іске қосты. Жоба Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан облысында атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) және тұрғынжай көмегін (ТК) алатын азаматтарды қолдауға бағытталған. Аталған өңірлердің АӘК және ТК алып жүрген тұрғындары eGov Mobile қосымшасының көмегімен табиғи газға 24 пайызға дейінгі жеңілдікті пайдалана алады. Сынақ кезеңінен кейін бұл жоба барлық өңірді қамтитын болады. 

Бұған дейін хабарланғандай, Астанада автономды жылу қазандығы бар тұрғын үйлер газға ауыстырылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар