Ақылы автотұрақта тегін тұру уақыты кемі 30 минутқа жеткізіле ме — Роман Склярдың жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының ақылы автотұрақта тегін тұру уақытын кемі 30 минутқа жеткізу ұсынысына жауап берді.

Роман Скляр
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

«Бүгінгі таңда коммуналдық ақылы автотұрақтар Алматы және Астана қалаларының аумағында ұйымдастырылған. Олардың операторлары — «Алматы Паркинг» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны және «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС (мемлекеттік жекешелік әріптестік шарты аясында). Астана қаласының әкімдігі мен «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС арасында жасалған МЖӘ шартының талаптарына сүйенсек, ақылы автотұрақтардан түсетін түсімдерден жергілікті бюджеттің үлесі 2022 жылғы желтоқсанға дейін 5 пайыз, одан әрі 2023 жылдан бастап, жоба аяқталғанға дейін 25 пайызды құрайды. Кірістің ара қатынасы өзгеретін болса, жоба бойынша (2 млрд теңгеден астам), оның ішінде техникалық жабдық сатып алу бойынша жеке әріптес шеккен шығыстарды ескерсек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы оған тиімсіз болады. Бұдан басқа, МЖӘ шарты мерзімінен бұрын бұзылса, онда мұндай бұзуға бастамашы болған тарап барлық шығыстарды, оның ішінде алынбай қалған пайданы екінші тарапқа өтеуге міндетті», — деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Осы орайда Роман Скляр депутаттардың ақылы автотұрақта тегін тұру уақытын кемі 30 минутқа жеткізу, бейнебақылау камералары арқылы салынатын айыппұлдарды кемі 2 есе азайту ұсыныстарын ескере отырып, нормативтік-құқықтық актілер тұрғыда: 

— жекеше әріптестіктің коммуналдық автотұрақтардың аумағын күтіп-ұстау және жөндеу бойынша міндеттерін;

— ақылы автотұрақтар (паркингтер) орналастырылатын жерлерге және минималды тегін тұру уақытына қойылатын талаптарды;

— коммуналдық автотұрақтарды басқару бойынша үлгілік шартты бекіту бойынша уәкілетті органның құзыретін бекіту жөн екендігін айтады.

«Бастама жасалып отырған ұсыныстар Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмысы аясында пысықталатын болады», — деді ол.

Бұған дейін әкімдерге автотұрақтарды ұйымдастыру және олардың санаттарын айқындау қағидаларын бекіту құзыреті берілетіндігін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар