«Әкім егін орған күн» - баспасөзге шолу

Газеттің 16 шілде күнгі саны «Әкім егін орған күн» (Нұрбек Оразаев) атты көлемді репортажбен ашылған. Биыл Батыс Қазақстанда күн жаңбырлы, жер ылғалды болып, соның нәтижесінде егін бітік шықты. Мұны аталған материалдан да көруге болады. Облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Зеленов ауданында болған кезінде алдымен Орал - Кирсанов бағытындағы жол жөндеу жұмысымен танысты. Ұзындығы 48 шақырымды құрайтын жолжөндеу жұмысына 2 млрд. 290 253 теңге қаражат бөлінген.
Өткен жылы жолдың 11 шақырымы жөнделсе, осы жылы 22 шақырым, келесі жылы 15 шақырымы жөндеуден өтпек. Жол жөндеу жұмысымен танысқан облыс әкімі жұмыстың сапалы және уақтылы орындалуын тапсырды.
-Орал - Кирсанов бағытындағы бұл жол облыстық маңызы бар автомобиль жолдары қатарына жатады. Өткен жылғы жоспарланған жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 358 миллион қаражат бөлінді. Биылғы жылғы жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 1 миллиард қаржы қаралған. Келер жылдағы жоспарлы жөндеуге 900 миллион теңге қаражат қажет. Бұл бағыттағы жол жөндеу жұмыстары жаңа технологиямен жүргізілуде. Бұл әдіс бұрыннан төселген асфальт қабатын қазып алып, шебін мен цемент қосып, жаңа төселетін қабаттың астына негіз ретінде пайдалану болып табылады. Жаңа технология жол жөндеу жұмысын қарқынды жүргізуге және қаражат үнемдеуге мол мүмкіндік береді. Жолды күрделі жөндеуден өткізу үшін бір шақырымына орташа есеппен 150 миллион теңге қаржы қажет болса, бұл әдіспен жөнделген жолдың әр шақырымына 47 миллион теңге қаражат жұмсалады. Былтырғы жылдан бастап қолданысқа енген технология жақсы нәтиже беруде. Болашақта жол жөндеу жұмыстарына осы әдісті кеңінен қолдану жоспарлануда, - дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Асқарбек Жақсығұлов.
Сонымен қатар облыс әкімі аудандағы егін және мал шаруашылығымен айналысатын бірқатар шаруа қожалықтарын аралады. Дариян ауылдық округіне қарасты "Азамат" шаруа қожалығында болған өңір басшысы күздік бидайды ору жұмысымен танысты. Ғалым Наурызбаев жетекшілік ететін қожалық егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығымен де айналысады. Бүгінгі таңда шаруалар 250 гектар жерге егілген күздік бидайға орақ салған. Биылғы жылдың ауа райы егін шаруашылығы үшін өте қолайлы болғандықтан, егіндіктен алынып жатқан өнім де мол.
-Қазір өткен жылдың тамыз айында егілген 250 гектар күздік бидайды жинау жұмыстары жүріп жатыр. Былтыр күздегі және көктем кезіндегі ылғалдың мол түсіп, егін шаруашылығы үшін ауа райының қолайлы болғанынан шығар, биылғы өнім өте жақсы. Әр гектарынан орташа есеппен 40 центнер бидай алудамыз. Өз басым дәл осындай өнімді 2001 жылдан бері жинап тұрмын. Егін егу кезінде барлық технологияларын сақтауға тырысамыз. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер жұмыстың қарқынды жүруіне септігін тигізуде, - деді «Азамат» шаруа қожалығының жетекшісі Ғалым Наурызбаев.
Сондай-ақ өңір басшысы осы Дариян ауылдық округіне қарасты «Матевосян» шаруа қожалығының күздік егіс алқабымен танысты. Бұл қожалықтың негізгі кәсібі - егін шаруашылығы. Қожалық меншігінде 7662 гектар егістік жер бар. Шаруашылық қарауындағы ауыл шаруашылығы техникаларында, егін ору науқанында 70-тен астам адам жұмыс істейді. Қожалық иелерінің айтуынша, көктемгі уақытта жауын-шашынның мол болуынан биылғы егіс бітік шыққан. Мол өнімді ысырапсыз жинап алуға шаруалар бар күштерін жұмсауда.
-Өткен жыл соңында және қыс мезгіліндегі қардың мол түсуі мен ауа райының жайлы болуы егіннің мол шығуына септігін тигізді. Орылып жатқан бидайдың сапасы да көңіл қуантады. Үкімет тарапынан да зор қолдау көріп отырмыз. Арзандатылған бағамен берілген жанар-жағармайдың өзі шаруаларға көп көмек. Жақында «John Deere» маркалы американдық екі су жаңа комбайн мен күнбағыс жинауға арналған трактор сатып алдық. Бұл заманауи техникаларда адамның алаңсыз жұмыс жасауына барлық жағдайлар жасалған, - дейді шаруа Александр Матевосян.
Мол шыққан егістікті оруға тоғыз комбайн түскен. «John Deere» маркалы американдық комбайндарды басқару өте қолайлы көрінеді. Басқару кабинасы түгелге жуық әйнектелгендіктен, комбайншыға жан-жағын толық бақылап отыруға қолайлы. Автоматтандырылған егін ору құралының ішінде тіпті салқындатқыш та бар. Барлығы 6 мың гектар күздіктің бүгінгі таңда тең жартысы орылған. Қалған егінді 10 күн ішінде жинап алмақшы. Көкжиекпен астасқан егіндікке әрі қуанып, әрі риза болып тұрған өңір басшысы Алтай Сейдірұлы алқапта жүргендерді таңғалдырды. Комбайн штурвалына өзі отырды. Сөйтіп, алып техниканы тізгіндеп, 1,5 шақырымдай жүргенде бункер алтын дәнге мөймілдеп толды. Осылайша, облыс әкімі биыл құт қамбаға құйылатын ырысқа өзі жинаған 48 центнер бидайды қосты.
-Бүгін біз егін салумен айналысатын шаруаларды аралап, егіннің мол өнім беріп жатқандығына куә болдық. Әрине, осындай мол өнім алуға қол жеткізу шаруалардың еңбегі мен өңіріміздегі ауа райының қолайлылығынан деп ойлаймын. Бүгінгі күні диқандар орташа есеппен гектарына 40-50 центнерден өнім алып отыр. «Матевосян» шаруа қожалығы тек егіс егіп қана қоймай, астық пен астық өнімдерін өндіріп, шет мемлекеттерге шығаруда. Соңғы жылдары шаруа қожалықтары қарамағындағы техниканы жаңғыртуға көп көңіл бөліп келеді. Жаңа технология адамның көп күш жұмсамай, жұмыс өнімділігін күшейтуге мол мүмкіндік беруде.Жаңа технология алған қожалықтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек те зор. Еңбек етіп,өнімділікті арттырамын деген шаруаларға әрдайым қолдау көрсетуге әзірміз, - деді облыс әкімі Алтай Көлгінов журналистерге берген сұхбатында.
Бұдан соң өңір басшысы «Матевосян» шаруа қожалығының күнбағыс алқабында болды. Қожалық жетекшісі күнбағыстың сұрыбы, егілу технологиясы, күтілетін өнімі туралы жан-жақты аяндап берді.
Желаев кентінде орналасқан «Желаев астық өнімдері комбинатында» болған облыс әкімі астық, макарон, майлы шемекі өндірісінің барысымен танысты. Айта кетейік, комбинат өндірген бұл өнімдер ішкі нарыққа қоса, Ауғанстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Армения секілді шет елдерге де жөнелтіледі.
«Жаңа жүйенің қағидаларын ұғындырды» (Болат Есқалиев) - бұл мақалада Ақжайық ауданының орталығы - Чапаевта денсаулық сақтау қызметкерлеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің қағидаларын ұғындыруға арналған сапармен медицина ғылымының докторы, профессор, С. Асфандияров атындағы ҚазМҰУ кафедрасының меңгерушісі Құралбай Құрақбаев, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің медициналық қызметке ақы төлеу комитеті БҚО филиалы департаменті басшысының орынбасары Айнагүл Дәулетшина болғаны айтылған.
Сақтандыру жүйесі «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» жобасының негізінде жасалғаны көпшілікке мәлім. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі елімізде 2017 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізіледі. Енді еліміздегі әрбір азаматтың денсаулығы үшжақты жауапкершілікке алынады, яғни мемлекет, жұмыс беруші және азаматтың өзі бұған атсалысады. Қазір әлемде медициналық сақтандыру жүйесі кеңінен қолданылады. Қазақстан үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, үшжақты ынтымақты жауапкершілік негізінде жүзеге асатын жүйені таңдады. Бұл жүйені жүзеге асыру медицинаның мүмкіндігін кеңейтеді. Аталған жиылыста жаңа жүйенің осындай ерекшеліктері, әкелер мол мүмкіндіктері жайында олар кеңінен әңгімелеп, сұрақтарға жауап берді. Аудан әкімінің орынбасары Меңзипа Жұматова, аудандық орталық аурухананың директоры Дархан Хайрошев, дәрігерлер ой-пайымдарымен бөлісті.
Мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер - жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейді. Мемлекет азаматтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен (ТМККК) әрі қарай қамтамасыз етуін жалғастырады. Олардың қатарына әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация мен вакциналау кіреді.
Жаңа жүйе бойынша келер жылдың 1 қаңтарынан мемлекет, жұмыс берушілер және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлейді. Бұл ретте ерекше санаттағы азаматтар үшін мемлекет төлейтін жарнаның мөлшері орташа айлық еңбекақының 7 пайызын құрайды. Бұл 2024 жылға дейін кезең-кезеңмен өседі. Ал жұмыс берушілер төлейтін жарна мөлшері жалпы кірістің 5 пайызын құрайды. Бұл да кезең-кезеңімен жүзеге асады, яғни 2017 жылы - 2 пайыз, 2018 жылы - 3, 2019 жылы - 4, 2020 жылы 5 пайызға өседі. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық негіздегі келісім бойынша кіріс табатын жеке тұлғалар кірістерінің 7 пайызын қорға аударады. Жалдамалы жұмысшылар жарнаны 2019 жылдан бастап 1 пайыздық, 2020 жылдан 2 пайыздық мөлшерде төлейтін болады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден азаматтардың 15 санаты босатылады. Оның ішінде 12-сі - халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы, сонымен бірге әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жұмысшылары болмақ. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобына жататын балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алғандар, І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көп балалы аналар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектер, жұмыссыз ретінде тіркелгендер, интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқан азаматтар жарна төлемейді. Сондай-ақ техникалық-кәсіптік, орта білімнен кейін жоғары білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде, резидентурада оқып жатқан азаматтар және үш жасқа дейінгі бала күтімімен үйде отырған аналар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, уақытша ұстау, тергеу абақтыларындағы азаматтарда жарнадан босатылады. Бұлардың барлығы мемлекет есебінен тегін көмек алады. Сондай-ақ көрсетілетін медициналық көмек сақтандыру қорындағы қаржы арқылы жүзеге асырылады. Алайда мемлекет бюджетінен кепілдендірілген тегін медициналық көмекке бөлінген қаржы тоқтап қалмайды. Қазіргі күні азаматтар қандай медициналық көмек алып жүрсе, соның барлығы алдағы уақытта да жүзеге асырыла береді. Мәселен, жедел медициналық жәрдем, санитарлық авиация, әлеуметтік аурулар, төтенше жағдайларда көрсетілетін медициналық көмектер, вакцина егу секілді бірқатар қызметтер тегін жүргізілмек.
«Радикалдануға бейім топтар анықталды» - Сәкен Әбілхалықовтың бұл көлемді ақпаратында діни экстремизмге қарсы күрес мәселелері сөз болады.
Өңірде дәстүрлі емес ислам бағытындағы діни радикализм мен экстремизмнің айқын көріністері байқалуда. Оған жастар жиі қолданатын әлеуметтік желі арқылы теріс дінге шақыратын ақпараттардың кеңінен таратылуы, баланың дінге қызығушылығын байқаған ата-ананың дер кезінде құзыретті құрылымдар мен сенім телефондарына хабарласпауы, діни сауаттылықтың төмендігі өз әсерін тигізуде. Бұл жөнінде облыс орталығындағы Достық үйінде өткен облыстық ас самблеяның қоғамдық келісім кеңесінің отырысында айтылды.
Жиын барысында өңірдегі діни ахуал турасында баяндаған облыстық дін істері басқармасының басшысы Талғат Нығметовтің айтуынша, батысқазақстандықтардың жекелеген санатының деструктивті радикалды діни ұйымға өтуін барынша азайту мақсатында өңірлік діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. «Бұл бағыттағы жұмыстар биыл облыс әкімінің төрағалығымен өткен діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысында арнайы қаралды, - деді Талғат Рақымұлы. - Қолға алынған іс-шаралардың нәтижесінде өңірде радикалдануға бейім қауіп-қатер топтары анықталды. Олардың қатарында саудамен айналысатындар, вахталы әдіспен жұмыс істейтіндер, қоғамдық-көлік ұйымдарының қызметкерлері, діни экстремизм мен терроризм үшін сотталғандар, әскери жанжал аймағына кеткен адамдардың отбасы мүшелері, жұмыссыздар, оралмандар, дәстүрлі емес діни ағымның өкілдері бар шалғай ауылдың тұрғындары, жатақхана-интернатта тұратын студенттер мен оқушылар, күмәнді шетелдік діни оқуда оқитын жандар бар. Облыс жамағатының 80 пайыздан астамы жастар. Сол себепті облыстық жастар басқармасымен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Бүгінде төрт аудандағы жастар ресурстық орталығында дінтанушы білімі бар мамандар жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта қалған аудандар да теологтармен қамтылмақшы. Облыстық білім басқармасы арқылы мектеп және оқу орындарындағы діндар жастарға дәстүрлі бағытты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Мәселен, биылғы бірінші жартыжылдық ішінде 14-21 жас аралығындағы 32040 оқушы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қамтылды. Облыстық ішкі саясат басқармасы арқылы өңірдегі БАҚ-та басқарманың медиа-жоспары аясында жұмыстар жүргізіліп, «ИШИМ» террористік ұйымының идеологиясын әшкерелеу, халықтың радикалды сипаттағы теріс діни ағымдар идеясына қарсы иммунитетін күшейту жөніндегі ақпараттық іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Түзету мекемелеріндегі діни ахуалды жақсарту жұмыстары да өз нәтижесін беруде. Яғни бостандыққа шыққан алты адам дәстүрлі бағытқа ауысты».
Жиын барысында қаралған екінші мәселе - жер реформасын түсіндіру. Соған орай сөз алған облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұхамбетжанованың айтуына қарағанда, өңірімізде бұл бағытта 14 ақпараттық-түсіндіру тобы жасақталған. Топ құрамында елге, өңірімізге танымал тұлғалар, ауыл шаруашылығы саласының сарапшылары бар. Күні бүгінге дейін реформаны түсіндіру мақсатында 639 шара өтті. 4 мамырдан бері қоғамдық кеңестің 91 отырысы болса, оның бесеуі облыстық деңгейде ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде республикалық комиссияға 20 ұсыныс жолданды. Сонымен қатар 23 мамырдан бастап облыс әкімі мен оның орынбасарлары аталмыш реформаға орай аптасына үш рет қоғамдық қабылдау өткізіп келеді. Мұндай қабылдауларды Орал қаласының, аудандар мен ауылдардың әкімдері де жүргізуде.
Үштілді білім жүйесі турасында баяндаған облыстық білім басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Зәуре Ғұмарованың айтуынша, бүгінгі таңда өңіріміздегі 193 балабақша мен 189 шағын орталықтағы 19770 бала ағылшын тілін оқуда. 2020 жылға дейін облыстағы 39 мектепке жаратылыстану-математика пәндері бойынша үштілді білім жүйесін енгізу кестесі жасақталды. Қазіргі уақытта 42 маман аталмыш пәндер бойынша үштілде сабақ беруде. Бүгінгі таңда пән мұғалімдері мен оқушылар үшін тілдік курстар, онлайн сабақтар мен консультациялар ұйымдастырылуда.
Жиын соңында күн тәртібінде қаралған мәселелерге байланысты тиісті шешімдер қабылданды.
Облыста «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы биыл да жалғасын тауып отыр. Бұл туралы «Теректіліктер - Қаратөбеде» атты материалда (Ертай Бимұханов, Серікбай Хасанов) хабардар етілген.
«Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында 13 шілде күні Қаратөбе ауданына көш-керуенін бұрған теректілік меймандарды аудан шекарасынан қарсылаған қаратөбеліктер достық ниетпен келген ағайынға ақ дәм ұсынып, әннен шашу шашты», делінген онда.
Теректі ауданының әкімі Мұрат Мұқаев бастап келген делегация алдымен жергілікті кәсіпкер Сержан Ашығалиевтің иелігіндегі «ДЕМ» минералды сусынын шығаратын цех жұмысымен танысып, өндіріс ошағының қуаттылығы жөнінде біраз мәліметтермен қанықты.
Сәулетті ғимарат дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде қос аудан спортшыларының волейболдан жолдастық кездесуі өтті.
Одан соң ауданның тарихи орындары мен көрікті жерлеріне саяхат жасаған теректіліктер орталық саябақты аралап, сәні мен салтанаты келіскен аталмыш саябақтағы әсем гүлзарларды, балалар ойыны алаңын, ҰОС-дан оралмаған боздақтарға арналған ескерткіш тақтаны, «Мәңгілік алау» мемориалын, көк байрағымыз желбіреген ту тұғырды тамашалап, майдангерлер рухына бас иді.
М. Мерәлиев атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейіне мәдени саяхат жасаған топ ауданның тыныс-тіршілігімен, құт-мекеннің тарихымен етене танысты.
Мегажобаның негізгі бөлігі аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен «Қазақстанның таңдауы - бейбітшілік пен келісім» атты дөңгелек үстелде жалғасын тапты.
Оған үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, ардагерлер кеңесі мен жастар қоғамдық бірлестігінің мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.
-Ел Президентінің «Қазақстан халқы ассамблеясын құру туралы» Жарлығымен елдегі қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған болатын. 21 жыл ішінде ассамблея этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделінің негізгі құраушы бөлігіне айналды.
Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың қолдауы негізінде «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясындағы облыс орталығынан бастау алған эстафета Қаратөбе ауданына да жетіп отыр.
Мегажобаның негізгі мақсаты мен міндеті ұлттар мен ұлыстар арасында этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, достық қарым-қатынасты арттыру, патриоттыққа, елжандылыққа тәрбиелеу болып табылады, - деді басқосуда сөз алған аудан әкімі Асхат Берлешұлы.
-Елбасының сындарлы саясаты негізінде облысымыздан бастау алған мегажоба аясында Асхат Шахаров бастаған Қаратөбе ауданы активіне зор алғысымды білдіремін.
Облыс орталығына жақын орналасқан Теректі ауданы төрт ауданмен шектеседі. Халық саны 40 мыңға жуық ауданда 52 елді мекен бар. Ауданда 29 ұлт өкілі бір-бірімен тату-тәтті күн кешуде.
Теректі ауданынан Марабай жырау, Хамза Есенжанов, Әбубәкір Кердері, Ақұштап Бақтыгереева сықылды айтулы тұлғалар түлеп ұшқандығы - біз үшін үлкен мақтаныш.
Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық деңгейі үлкен өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына бейімделген.
Аудан бойынша көптеген инвестициялық жобалар жоспарланып отыр. Оның ішінде индустриалды парк құру, 7 гектарды құрайтын заманауи жылыжай салу жобалары жоспарда бар, - деді Теректі ауданының әкімі Мұрат Мұқаев.
Дөңгелек үстелде Қаратөбе аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, қаратөбелік Ирина Классен, теректіліктер Сәлім Кукашев, Гүлнұр Әйтімова сөз алып, екі аудан арасындағы халықтар достығы мен ынтымағына баса назар аударды.
Басқосуды БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов қорытындылады.
Дөңгелек үстелден соң меймандар аудандық мәдениет үйінің фойесінде орын тепкен этномәдени бірлестіктердің қолөнер шеберлері көрмесімен танысып, әр түрлі ұлт өкілдері дайындаған тағамдардан дәм татты.
Мегажоба аудандық мәдениет үйінде өткен Теректі ауданы көркемөнерпаздарының концертімен ерекшеленді.
Теректі аудандық ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Түркештің «Көңілашар» күйімен ашылған сазды бағдарлама әпдегеннен-ақ көрермен көңілін баурап алды.
Халық әні «Ақ кербезді» шырқата салған кіп-кішкентай бүлдіршін Амангелді Шапағат үлкен-кішіні түгел сүйсіндірсе, Асылхан Қазиев пен Омар Ғаббасовтың күй тартысы делебені қоздырып, көрерменге қиқу салдырды.
«Жұлдыз» үлгілі би ансамблінің орындауындағы түрлі ұлт билері мереке ажарын ашты. Әсіресе, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары Таңат Жексенбаев, Гүлназ Құсайынова, Асыланбек Шайхин және Айбек Дәулетқалиевтің орындауындағы әсем әндер көрерменге еріксіз қол соқтырды.
Өнердің көптеген жанрын қамтыған мерекелік концерт Еркін Нұрымбетовтің «Теректі толқыны» әнімен кеш шымылдығын жапты.
Концерттік бағдарлама соңында Теректі ауданының әкімі Мұрат Мұқаев сөз алып, қонақжайлылық танытқан Қаратөбе халқына ризашылығын жеткізіп, ылайым береке-бірлікте жолығуға жазсын деген тілегін білдірді.
Бұдан соң Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров Теректі ауданының әкімінің қолынан мегажоба эстафетасын салтанатты түрде қабылдап алды.
Қаратөбе ауданының халқы атынан Теректі ауданының басшылығына отандық өнім «Шаңырақ» естелік сыйлығы мен «Қаратөбенің жеті кереметі» суреті сыйға тартылды.
Ынтымағы жарасқан қос аудан басшылары естелік сыйлықтармен алмасып, татулық шоғын маздата түсті.
«Жұлдызайдың» шапағаты» (Айша Өтебәлі) «BI Жұлдызай» қайырымдылық қоры атқарған жұмыстарға арналған.
«BI Жұлдызай» қайырымдылық қоры «Bi-Group» инвестициялық-құрылыс холдингінің басшысы Айдын Рахымбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Қор екі бағытта жұмыс істейді. Оның бірі шығармашылық бағыттағы дарынды балаларды анықтауға арналған болса, екіншісі мүмкіндігі шектеулі жетім балаларды емдеу ісін ұйымдастыруға бағытталған. 11 жыл ішінде «BI Жұлдызай» фестивалі арқылы талай шығармашыл жастың жолы ашылғаны белгілі.
Қордың екінші бағыты - медициналық-әлеуметтік жобасы 2013 жылдан бастап қолға алынды. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін құрамында балалар дәрігер-ортопеді, балалар хирургі, балалар невропатологы және логопед, психолог, дефектолог-маманы бар жеделтоп құрылып, еліміздегі мүмкіндігі шектеулі, кешенді емді қажет ететін балалардың тізімін жасақтай бастады. Нәтижесінде тек қана Астана қаласының өзінде 2014 жылы 502 бала, 2015 жылы 778 кешенді емді қажет етуші балалар анықталып, өткен жылы осы балалардың 100-ге жуығына ота жасалып, оңалту емін алды. Кешенді ем алған бүлдіршіндердің көбі аяқтарынан тұрып, өз беттерінше жүре алатын халге жетті. Талайларға қуаныш, бақыт сыйлаған бұл жобаның тиімділігі дәлелденген соң мұндай игілікті істі одан әрі жалғастыру мақсатында дәрігерлерден құралған жеделтоп енді еліміздің түкпір-түкпірін аралап, кешенді емді қажет ететін науқас балаларды анықтауға шешім қабылдаған. «Астана медициналық университеті» АҚ балалар хирургиясы кафедрасының доценті, профессор ассистенті, «BI Жұлдызай» қайырымдылық қорының үйлестірушісі Роза Қарабекованың айтуынша, осы жылдың аяғына дейін жеделтоп барлық облыс орталықтарын аралап шығуы тиіс.
-Бұл медициналық-әлеуметтік жоба үш кезеңнен тұрады. Біріншісі - еліміз бойынша кешенді ем алатын балалар санын анықтау. Мұны биыл жыл аяғына дейін аяқтаймыз. Екіншісі - мамандарды оқыту, үйрету. Биыл қыркүйек айында еліміздің түкпір-түкпіріндегі балалар үйінің дәрігерлерін Астана қаласына шақырып, екі апталық семинар-тренинг өткізуді жоспарлап отырмыз. Әр қаладан екі маманнан келуі керек, оның біреуі міндетті түрде оңалту (реабилитация) дәрігері болуы тиіс. Үшінші кезең - бұл шет қалаларға мамандарды шығарып, балаларға ота жасату, оңалту емін жүргізу. Бұл жұмысты жаңа жылдан кейін қолға алмақпыз.
Біз биыл жыл аяғына дейін еліміздің 16 қаласына барып, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан мүмкіндігі шектеулі сырқат балалар санын анықтауды жоспарлап отырмыз. Біз негізінен, 14 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларды емдейміз. Соның ішінде жетім балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан ауыр сырқатты балалар осындай емге мұқтаж. Сол себепті біз осы жолы барлық облыс орталықтарындағы балалар үйін аралауды бастадық. Бұған дейін Қарағанды, Шымкент қалаларында болдық. Қарағандыда екі балалар үйінде болып, төрт науқас баланы анықтадық. Шымкент қаласында осындай үш бала тізімге енгізілді. Міне, бүгін Орал қаласындағы Бөбектер үйінен тағы бір науқасы ауыр бүлдіршінді таптық. Кішкентай сәби аяқ-қолын игере алмайды, науқасы түсініксіз. Әзірге арнайы зерттеулерсіз біз бұл балаға ДЦП диагнозын қойдық. Кейін бұл баламен арнайы жұмыстанатын боламыз. Орал қаласында екі күннің ішінде Балалар ауылында, Аналар үйінде, Бөбектер үйінде және облыстық балалар үйінде болып, 100-ден астам баланы дәрігерлік тексеруден өткіздік. Бұдан кейін осы мақсатпен Тараз, одан әрі Көкшетау қаласына барамыз. Биыл жарты жылдың ішінде төсекке таңылған 100 балаға ота жасалды, осыншама балаға оңалту емі жүргізілді. Кешенді ем алу үшін отадан немесе негізгі емнен кейін науқас міндетті түрде оңал-ту емін алуы керек, сонда ғана адам сырқатынан толық айығады. Нәтижелі емнің 10 пайызы отадан, қалған 90 пайызы оңалту шараларынан болатыны медицинада әлдеқашан дәлелденген, - деген Роза Ағабекқызы мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеу үшін «BI Жұлдызай» қайырымдылық қорының Астана қаласындағы көптеген денсаулық сақтау орындарымен бірлесіп жұмыс істеу жөнінде меморандумға қол қойғанын айтты. Оның сөзінше, үш жыл ішінде медициналық-әлеуметтік жоба аясында барлығы 1122 бала медициналық тексеруден өтіп, 95 науқас балаға ота жасалған және 842 бала медициналық орталықта оңалту емін алған. Бір айта кететін жәйт, науқас балаларды емдету үшін қор мүшелері өз жалақыларынан ай сайын қаражат аударып тұратын көрінеді. Нағыз қайырымдылық деген осындай-ақ болар...
Жаз айлары - түрлі нысандарда күрделі жөндеу жұмыстары қызатын кез. Бұл жолы Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан білім ошақтарын аралап, жөндеу жұмыстарының барысымен танысқан. Осы жөнінде «Үш мектеп, бір балабақша күрделі жөндеуден өтуде» (Гүлжамал Жолдығали) деген материалда тілге тиек етілген.
Шаһар басшысы ең алдымен ат басын тіреген М. Ықсанов атындағы №36 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары 5 шілде күні басталған. Қазіргі күні бұл жерде 70-тен астам жұмысшы еңбек етуде. Қабырғасы 1936 жылы қаланған ескі мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін 111 млн. теңге бөлінген. «РемСтройБыт» ЖШС директорының орынбасары Марлен Иманғалиевтың айтуынша, мектеп ғимараты түгелдей жаңартылып, жаңа оқу жылының қарсаңында дайын болмақ. Үш ауысымда жұмыс жасап жатқан мердігерлер 1 қыркүйекке дейін жөндеу жұмыстарын аяқтамақ. Жұмыстармен танысқан қала басшысы мектептің қасбеті мен төбежабынының түсіне назар аудару қажеттігін айтты.
Келесі бас сұққан №39 мектеп 1963 жылы салынған. Оған қоса жалғасқан қосымша ғимараттың қабырғасы 1978 жылы қаланған. Бұл нысан «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша күрделі жөндеуден өтуде. Жобаға республикалық және жергілікті бюджеттен 107 млн. теңге қаралған. «Дизайн ДА» ЖШС директоры Оразбек Мұқамбетовтің айтуынша, 45 жұмысшының 20-сы - жұмыспен қамту орталығы арқылы жолданғандар. Бұл білім ошағында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының 60-70 пайызы аяқтала келген.
Жөндеу жұмыстары аяқталып қалған сынып бөлмелерін аралап көрген қала әкімі Нариман Төреғалиев қисық еденге төселген линолеумге қатысты ескерту жасады. Балалар үшін бар жағдайды жасау қажеттігін айтқан қала басшысы еденді тегістеп барып, линолеумді қайта төсеуге, сондай-ақ электр, жылу жүйесіне қатысты да ұсақ-түйектің бәрін ескеруге кеңес берді.
Жұбан Молдағалиев атындағы №2 мектепте де күрделі жөндеу жұмыстары бел ортасына таяп қалған. Бұл мектептің негізгі бөлігі 1969 жылы, қосымша ғимараты 1986 жылы салынған. Білім ошағындағы күрделі жөндеу жұмыстары «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысы негізінде жүзеге асуда. Жөндеу жұмыстарын «Домостроитель» ӨК жүргізуде. Күрделі жөндеу жұмыстарына 390 млн. теңге қаржы қарастырылған. Қазіргі күнде 110 адам жұмыс жасауда. Мектептердегі жүріп жатқан жұмыстардың мән-жайымен танысқан қала басшысы мектеп басшыларына жөндеу жұмыстары аяқталған соң мектеп ауласын көгалдандырып, абаттандыру туралы ұсыныс айтты.
-Биылғы жылы қала бойынша үш мектеп, бір балабақша күрделі жөндеуден өтуде. Білім ошақтарында қыркүйек айына дейін күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарын қарап жүріп, өз ұсыныс-ескертпелерімді айттым. Олардың бәрі ескеріліп, балаларымыз жарқыраған жаңа мектепте білім алатын болады. Жалпы, жұмыс өз деңгейінде жүріп жатыр, - деді білім ошақтарындағы күрделі жөндеу жұмыстарының мән-жайымен танысқан Нариман Төреғалиев.
Қалалық білім беру бөлімінің басшысының орынбасары Фатиха Пайдинаның айтуынша, №33 «Орленок» балабақшасындағы күрделі жөндеу жұмыстарын «БатысСтройсервис» ЖШС жүзеге асыруда.
Өңірде түрлі деңгейдегі депутаттар тұрғындармен кездесумен бірге оларды қабылдап та келеді. «Депутатқа бұйымтайларын айтты» (Күлімхан Тасенова) аттыы ақпаратта №17 сайлау округі бойынша облыстық мәслихат депутаты, «Uniserv» ЖШС-ның бас директоры Нұрғазы Сәтбаев «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының кеңсесінде теректілік азаматтарды қабылдағаны айтылған.
Кездесуге келген сегіз адам өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын ортаға салды. Қабылдауға жазылған азаматтарды негізінен тұрғын үй, жол төңірегіндегі мәселелер ойландырады екен. Ақсуат ауылдық округі қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Қымбат Көселбаева жерлестері аманаттаған бес мәселені депутаттың алдына тартты. Әсіресе, округке қарасты жолдарды жөндеу, электржелілерін ауыстыру, су жүргізу жұмыстары, жерге кезекке тұру, балабақшаның тарлығы жөнінде мән-жайды жіті түсіндіріп, көмек сұрады. Подстепныйдан таяғына сүйеніп келген қария Абылай Меңдіғалиев ауылға су өтетін арық қазылса және жастарға мәдениет үйі салынса деген өтініш білдірді. Ауданымыздың құрметті азаматтары мен мешіттің бас имамы Х. Сыдықов орталыққа мешіт салуға қолдау көрсетсеңіз деп бұйымтайларын айтты.
-Маңызды мәселелерді көтерулеріңіз орынды. Қолымнан келетін істі мен өз жауапкершілігіме толық ала аламын. Алайда кейбіріңіздің өтініштеріңізді орындау қолымнан келмейді. Өздеріңіз түсінесіз ғой, депутат болғаныммен, бәрі менің құзырымда емес. Дегенмен жоғарыдағы басшылармен бірлесе талқылап, шешімін табуға тырысамыз, - деген Нұрғазы Сәтбайұлы.
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында басқарма, департаменттер басшыларымен қатар аудан әкімдерінің баспасөз мәслихаттары қолға алынды. «12 маман ауылға келмек» атты ақпаратта (Нұртас Набиоллаұлы) Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламановтың қатысуымен «2016 жылдың өткен кезеңінде Ақжайық ауданында атқарылған жұмыстар және 2020 жылға дейінгі аудан дамуының бағдарламасы» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы іс-жоспарлар айтылған. Мысалы, биыл аталмыш аудандағы бюджет көлемі 5,5 млрд. теңгені құрап, 2016 жылдың I жартыжылдығында 99,9 пайызға игерілген. Ағымдағы жылдың бірінші маусымында өнеркәсіп өнімінің көлемі 411,8 млн. теңге, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 215,2 млн. теңгені құраған. Экономикасы мал шаруашылығына негізделген аймақта ірі қара 79,1 мың, ұсақ мал 271,9 мың, жылқы 28,4 мың басқа жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда Зеңгі баба түлігі 2, ұсақ мал 2,3, жылқы 13 пайызға көбейген. Аудан әкімі өзі басқаратын өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу көрсеткіштеріне жан-жақты тоқталып өтіп, журналистердің сұрағына жауап берді.
Клара Қамбетова, «Қазақстан - Орал» телеарнасы:
-Бірінші сұрақ: Биылғы маусым айында Ақжайық ауданы бойынша мал ауруы фактісі тіркелгендігінен хабардармыз. Мәселені зерттеу тұрғысынан нәтиже бар ма және аурудың таралу аумағын шектеу бағытында қандай жұмыстар атқарылды?
Екінші сұрақ: Ақжайық ауданы - өзен-көл мен тоғандарға бай өңір. Ауданда балық шаруашылығын дамытудың мүмкіндіктері қандай?
Әділ Жоламанов:
-Маусымның он жетісі күні Чапаев ауылына іргелес Нефтебаза аумағында 10-15 ірі қара малының бір күнде ауру фактісі тіркелді.
Бұл жайында бұқаралық ақпарат беттерінде аусыл ауруы деген ақпарат тарады. Біз қажетті сақтық шараларын дер кезінде қолға алдық. Мәселен, көлік қатынасын шектеп, сауықтыру шараларының бірі ретінде мал егу жұмыстарын қолға алдық. Облыстық ветеринарлық зертханаға патологиялық материалдар сараптамаға жіберілді. Дәл осындай материалдар Астана қаласына да жіберілген еді. Жуырда оның нәтижесі келді. Малға келген індет аусыл немесе пастереллез емес, өңеш, қолқа аурулары екені анықталған. Мұның адамға келтіретін ешқандай зияны жоқ. Яғни ондай аурумен ауырған малды сойып, сатуға ешқандай кедергі жоқ. Қырық шақты ірі қара ауырып, жеті-сегіз бұзау өлген еді. Бүгінде жағдай тұрақталды.
Екінші сұрағыңызға жауап берейін. Бүгінгі таңда балық шаруашылығын дамытуға қатысты бірқатар жобалар қолға алынуда. «Әлім» шаруа қожалығы Ащы өзенінде балық өсіруді қолға алды. «Атамұра» шаруа қожалығы Бударин ауылы маңынан тоған жасап, тұқытұқымдас балықтарды көбейтуде. Биыл жеке кәсіпкер Данияр Құспанғалиев Чапаев ауылының іргесінен бөгет салып, онда балық өсіру жұмыстарын жолға қойды. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Камила Сақболсынова, «Приуралье» газеті:
-Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ақжайық ауданында халық игілігіне қандай да бір жаңа нысан немесе өндіріс орнын ашу жоспарда бар ма? Сондай-ақ ауданда Жайық өзенінің қос қапталына қатынауға мүмкіндік беретін көпір салу жобасы жайында бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып келеді. Осы мәселеге қатысты қандай жаңалықтар бар?
Әділ Жоламанов:
-Биыл Тайпақ ауылдық округіндегі Харькин орта мектебіне жаңа ғимарат салуды бастамақпыз. Аудан орталығындағы балабақша жөндеуден өтеді. Тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай туғызатын спорт алаңдарын салу жұмыстары да жалғаса бермек. Көпір құрылысы мәселесі облыс әкімі Алтай Сейдірұлының жіті назарында. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттар дайын бо-ла келді. Құрылыстың сметалық құны 27,5 млрд. теңгені құрап отыр. Қазіргі уақытта үкіметтің қаржы бөлуге байланысты шешімін күтудеміз.
Әуес Оранаева, «Қазақстан АҚ РТРК» облыстық радио бөлімінің аға редакторы:
-Ақжайық ауданы аумағындағы Сәтимолла кенішіне байланысты аяқ алысы ширақ басталған жобаның қазіргі жай-күйі қалай?
Бүгінде жастарды әскерге алуда олардың денсаулықтарына байланысты көптеген қиыншылықтар туындап жатады. Бұл мәселеге байланысты ауданның денсаулық саласында қандай жұмыстар атқарылуда?
Биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Ақжайық ауданына қандай саланың мамандары келмек?
Әділ Жоламанов:
-Аудандағы Сәтимолла кеніші Атырау облысына таяу орналасқан. Қазіргі таңда бұл жерде зерттеу жұмыстары аяқталды. Яғни ол аймақтағы калий кенінің жер асты қоры түбегейлі анықталды. Енді кенді өндіру бағытындағы әр түрлі деңгейдегі келіссөздер жүргізілуде.
«Жастар денсаулығы мәселесіне келсек, әр ауылдық округке көшедегі жаттығу алаңдарын салу қолға алынды. Жалпы спорт саласын дамытуға қомақты қаржы бөлінуде. Биылдың өзінде жасанды көгал жабынын төсеуге 12 млн. теңге бөлінді. Биыл мұндай алаңның құрылысы Чапаев ауылында салынса, келер жылы Тайпақ ауылында қолға алынбақ. Биыл ауданымызда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 36 маманға тұрғын үй алуға несие берілсе, 18 маман көтерме жәрдемақымен қамтылды. Аталмыш бағдарлама бойынша былтыр ауданымызға сегіз дәрігер келсе, биыл тағы бес дәрігердің келуін күтіп отырмыз. Жалпы айтқанда, ауданымызға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында бес жоғары, жеті орта білімді маман келмек. Орайы келіп тұрғанда, математика, биология, орыс тілі пәндері бойынша мұғалімдер қажет екенін айта кетейік», деген Ақжайық ауданының басшысы.
Алматы қаласында 18 шілде күні лаңкестік оқиға орын алғаны белгілі. Осыған орай «Орал өңірі» газеті 19 шілде күнгі нөмірінде www.akorda.kz сайтынан алынған «Мемлекет басшысының төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтті» деген тақырыпта материал жариялаған.
Отырыс барысында Ішкі істер министрі Қ. Қасымовтың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы В. Жұмақановтың, сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесінің басқа да мүшелерінің Алматы қаласындағы оқиғаларға қатысты баяндамалары тыңдалды.
Қазақстан Президенті қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көңіл айтты және оларға мемлекеттік органдардың барлық қажетті көмекті көрсетуін тапсырды.
-Бүгін Алматыда, өкінішке қарай, тағы да адам құрбандығына ұшыратқан террорлық акт болды. Зардап шеккендер мен қаза болғандардың жақындарына көңіл айтамын, оларға тиісті психологиялық және материалдық қолдау көрсету керек. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына қаладағы құқық тәртібін қамтамасыз ету тұрғысынан барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы азаматтарды ақпараттық кеңістіктегі ықтимал арандатушылықтарға бой алдырмауға шақырды.
-Қазір құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр, қаскүнемдердің кім және қандай мақсат көздегенін анықтауда. Жұрт көп жиналатын орындарды қорғап, жараланғандарға медициналық көмек көрсету жөнінде жедел шаралар қабылдау керек. Қылмыскерлерді анықтау үшін шұғыл түрде толық тергеу жүргізу қажет. Сондай-ақ Алматы тұрғындарына тұрақты түрде мәлімет беріп, жалпы қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ету керек. Қауесет таратушылардың аяусыз түрде жолын кесіп, арандатушыларды анықтау маңызды. Алматыдағы және республикадағы барлық азаматтар тәртіпті ретке келтіру үшін ең қатаң шаралар қабылданып жатқанына сенімді болуға тиіс, - деді Қазақстан Президенті.
Отырыс қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев Ішкі істер министріне оқиға орнына баруды және Алматы қаласының әкімімен бірлесіп, қаладағы жағдайды тұрақтандыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне азаматтардың барлық сауалдарына жедел жауап беріп, халыққа уақтылы және толық ақпарат беріп отыруды тапсырды.
«Төрт кісіні мерт қылған күдікті ұсталды» деген ақпаратта лаңкестің тұтқындалғаны айтылған.
Алматы қаласының аумағында орын алған оқиғаға орай ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі мына мазмұнда мәлімет таратты:
«18 шілде күні сағат күндізгі 11.00-ге жуық уақытта Алматы қалалық ішкі істер департаментіне қарасты Алмалы аудандық ІІБ-ның кеңсесіне кірмек болған біреу кіреберісте кезекшілікте тұрған полиция қызметкерін оқ атып жаралайды. Осы әрекетінің нәтижесінде қылмыскер ішкі істер қызметкерінің аутоматты қаруын иеленіп, оқиға орнынан бой тасалаған. Қылмыскердің ізіне түскен кезде ол өзі заңсыз иеленген қаруды қолданып, «Боран» экипажының екі қызметкерін жаралады. Бұдан кейін де қарулы қарсылық көрсеткеніне қарамастан, күдіктіні полиция қызметкерлері «Қазақконцерт» АҚ-ның маңында қолға түсірді. Оны құрықтау барысында полицияның екі қызметкері жараланды. Күдіктінің кім екендігі анықталды.
Қолға түспес бұрын қылмыскер бір қала тұрғынының жеңіл аутокөлігін тартып алмақ болған. Осы заңсыз әрекет барысында алған жарақаттан аутожүргізуші көз жұмды. Сонымен қатар оқ тиіп, жараланудың салдарынан үш полиция қызметкері мерт болды.
Күн ілгергі мәлімет бойынша, ұсталған 27 жастағы ер адам бұрын сотталған, Қызылорда облысында дүниеге келген, сонымен қатар ол өткен демалыс күндері бір әйелді өлтірген болуы мүмкін деген күдік бар.
Алматы қаласы бойынша «Сирена» жедел жоспары енгізіліп, барша полиция қызметкерлері қолға түскен қылмыскердің сыбайласын ұстауға жұмылдырылды», делінген онда.
Елімізде домбыра тартып, күй шертетін, ән салатын өзге ұлт өкілдері аз емес. Соның бірі - Максим Карамышев. Бұл туралы Р.Амангелдина хабарлаған.
Орыстың қаршадай баласы Максим Карамышев Оралдағы түрлі мерекелік шараларда қазақтың қара домбырасымен күй шертеді. Жай дағды бойынша ойнамайды, бар болмысымен беріле шертеді.
Өзінің айтуынша, киелі аспапты меңгеруге деген құлшынысын аңғарған анасы Гүлсара Гайсина оны №13 мектептегі мектептен тыс жұмыс орталығының филиалына домбыра үйірмесіне беріпті. Бүгінде домбыра үйірмесінің жетекшісі Ардақ Халықова апайының үйретуімен он шақты күйді шебер меңгерген. Әсіресе, күй атасы Құрманғазының ойнақы, мерекелік көңіл күйді білдіретін би ырғағымен жазылған "Балбырауын" күйін ерекше беріле тартады.
Қаладағы Ж. Молдағалиев атындағы №2 орта мектептің 10-сыныбында мемлекеттік тілде білім нәрімен сусындап жүрген Максимнің сабақ үлгерімі өте жақсы. Еңбекқор әрі ізденімпаз жас өрен орта мектепті «Алтын белгімен» бітіру үшін талмай ізденеді. Болашақта дәрігер болғысы келеді. «Домбыраның қоңыр үні жаныңды жадыратады, келешектен үміттендіреді, көңіліңнің кірін жууға көмектеседі. Мен қазақтың ұлттық аспабын жаныма өмірлік серік етемін», - дейді ол. Оның отбасындағы бауырлары, әсіресе, әкесі Виктор Максимнің қазақ тілін, салт-дәстүрін жақсы білетінін, домбыраны шебер тартатынын мақтан етеді. Жақында Карамышевтар отбасы үйірме өткізген отбасылық сайыста «Ынтымақты отбасы» аталымын жеңіп алды.
БҚО қоғамдық кеңесінің хатшысы Ақсерік Әйтімов «Қоғамдық кеңестер қазақстандық қоғамды ширатуы тиіс» деген мақаласында қоғамдық кеңес алдында тұрған өзекті мәселелерді сөз еткен.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам - Ұлт жоспарының» 99-қадамында азаматтардың шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту, сонымен қатар мемлекеттік органдар мен әкімдер жанындағы қоғамдық кеңестердің стратегиялық жоспарлар мен аумақтық даму бағдарламаларын, бюджеттерді, есептерді, мақсатты индикаторларға қол жеткізуді, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілер жобаларын, бағдарламалық құжаттар жобаларын талқылау бөлігіндегі рөлдерін күшейту, мемлекеттік шешімдерді қабылдау ашықтығын арттыру туралы тапсырмалар берген болатын.
Елбасының осы тапсырмасына сәйкес қоғамдық кеңестердің өкілеттіктері мен мәртебесін, қызметін айқындайтын құқықтық-нормативтік құжат 2015 жылғы 2 қарашада «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданғаны мәлім. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енген осы заң аясында ел аумағында қоғамдық кеңестер өз жұмыстарын ұйымдастырып, жолға қоюда.
Қоғамдық кеңес халық алдында есеп беретін мемлекет қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға, барлық деңгейлердегі мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдауына коммерциялық емес ұйымдардың, азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған қызметін қалыптастыру және ұйымдастыру мақсатында құрылған консультативтік-кеңесші, қадағалаушы құрылым болып табылады. Облыстық, қалалық, аудандық кеңестер жергілікті жерде мәселелерді дербес қарап, тиісті шешімдерді өздері қабылдайды.
Қоғамдық кеңестің құрылатын мерзімі негізінен үш жыл. Үш жылдан кейін құрамы өзгеруі тиіс.
Қоғамдық кеңестердің мақсаты мен міндеттері «Қоғамдық кеңестер туралы» заңында айқындалған.
Халықты да, билікті де толғандырған маңызды мәселелер бойынша пікір білдіру қоғамдық кеңестер қызметінің мақсаты болып табылады.
Азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру, республикалық және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау мен қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, сонымен қатар атқарушы билік буындары мен жергілікті өзін-өзі басқару құрылымдарының азаматтық қоғаммен өзара нәтижелі іс-қимыл жасауын дамыту мен қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, орталық және жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету қоғамдық кеңестердің міндеттері болып табылады.
Қоғамдық кеңестердің өкілеттіктеріне бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын, стратегиялық жоспарлардың немесе аумақтарды дамыту бағдарламаларының жобаларын, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың жобаларын талқылау, атқарушы органдардың есептерін талқылау, бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша түсімдері мен шығыстары жоспарларының орындалуы туралы, қайырымдылықтан түсетін ақшаның түсуі мен жұмсалуы туралы есептерін талқылау жатады.
Сонымен бірге азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысу, қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қоса алғанда, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және мемлекеттік аппараттың ашық жұмысын ұйымдастыру мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау және өкілеттіктердің орындалу қорытындылары бойынша қоғамдық кеңес тиісті мемлекеттік органға ұсынымдар енгізеді. Ал тиісті мемлекеттік органның бірінші басшысы не оны алмастыратын адам қол қоятын уәжді жауапты бір ай ішінде, ал «Қоғамдық кеңестер туралы» заңның 5-бабы 1-тармақшасы бойынша 10 жұмыс күні ішінде береді.
Қоғамдық кеңес мүшелігіне мекеме, қоғамдық ұйымдардың ұсынысына қоса, жеке адамдардың өзін-өзі ұсыну туралы өтініштері қоғамдық кеңесті ұйымдастыру мақсатында құрылған жұмыс тобында қаралып, дауысқа салуы нәтижесінде шешім қабылданып, сайланды.
Кеңес құрамының үштен екісі қоғам қайраткерлері мен жеке азаматтардан құралады. Ал бір бөлігіне билік тізгінін ұстаған отандастарымыз енеді. Бұл талап толық сақталып, Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесі құрамына 41 адам сайланып, сапалы жұмыстар атқаруда.
Кеңес төрағасы болып аудандық және облыстық деңгейдегі лауазымды қызметтерді абыройлы атқарған, басшылық жұмыста тәжірибесі мол Батыс Қазақстан аумақтық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Ғұмарұлы Салықов сайланды.
Жұмысты жүйелеу мақсатында қызмет бағыттары бойынша «Қоғамдық мониторингті, қоғамдық тыңдауды, қоғамдық талдауды және есептерді тыңдауды ұйымдастыру мен жүргізу», «Тұрғындардың әлеуметтік мәселелері және әлеуметтік жобалар мен денсаулық сақтау», «Білім, мәдениет, спорт және жастар саясаты», «Кәсіпкерлікті және экономиканың нақты секторын дамыту», «Ауыл шаруашылығы, табиғатты пайдалану, экологиялық қауіпсіздік және төтенше жағдайлар мәселелері», «Құқық қорғау құрылымдары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен өзара ынтымақтастық бойынша» комиссиялар құрылып, төрағалары сайланып, жұмыстарын бастап кетті. Аз ғана уақыттың ішінде 16 отырысын өткізді.
Қоғамдық кеңеспен бірлесе жұмыс атқаруға ниет білдірген қоғамдық ұйымдар, мекемелер менжеке адамдардың белсенділігі, әрине, бізді қуантады. Бұл сөзімізге дәлел ретінде «ЖАҢАРУ» жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің және облыстық, қалалық ардагерлер қоғамының белсенділігін айтуға болады. Күні бүгін жеке адамдардан түскен өтініштер бойынша біраз мәселе комиссияда қаралып, тиіс-ті шешімдер қабылданды.
Қоғамда өткір пікірталас қалыптастырған жер мәселесіне қатысты қоғамдық кеңес төрағасы Е. Салықовтың төрағалымен облыстық басқарма басшылары, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысқан ашық жиын өткізілді. Батыс Қазақстан облысының жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы С. Нұрғалиев, Батыс Қазақстан облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Ә. Мұханбетжанова баяндамалар жасап, көпшілік өз ойларын еркін ортаға салды.
Осы орайда қоғамдық пікірді тыңдау, жинақтау және оны «Жер заңнамасының жекелеген нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы №248 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Жер кодексінің нормаларын талқылау және түсіндіру әрі ұсыныстар әзірлеу үшін жер реформасы бойынша құрылған үкіметтік комиссияға жинақтап жіберуді жоспарға алдық.
«Сайып келгенде, ел-жұрттың пікірін қоғамдық кеңестердің жиынында тыңдап, ақылға сыйымды, көңілге қонымды ұсыныс-пікірлерді уақтылы ескеру, міне, бұл факторлар демографиялық жағдайымыздың жақсаруына, халықтың ауылдық елді мекендерге тұрақтануына, азық-түлік мәселесінің түбегейлі оң шешім табуына, ішкі тұрақтылығымыздың нығая түсуіне, халық пен биліктің мүдде бірлігіне, яғни кәсіби мемлекеттің қалыптасуына оң ықпал етпек», деген А.Әйтімов мақаласының соңында.
Елімізде жемқорлық пен пара алуға қарсы жұмыстар ұдайы жүргізіліп келе жатқаны белгілі. «Жемқорлық пен парақорлық айылын жимай тұр...» (А.Өтебәлі) атты көлемді ақпаратта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы БҚО бойынша департаментінің баспасөз мәслихатының мәліметтері паш етілген.
Шараға департаментке қарасты тергеу басқармасының басшысы Ахмед Абакаров, тергеу басқармасының бақылау-әдістемелік бөлімінің басшысы Нұркен Нәбиев, тергеу бөлімінің басшысы Талғат Нұржанов қатысты. Жиынды тергеу басқармасының басшысы Ахмед Абакаров жүргізіп, департаменттің ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмысы жөнінде баяндады.
-2016 жылдың алты айы бойынша өндірісте болған 287 қылмыстық істің 107-сі сыбайлас жемқорлық қылмыстарына жатады. Осы 107 қылмыстық істің үштен бірі, яғни 34-і ауыр қылмыс ретінде тіркелген. Қылмыс жасауда 33 кісі күдікті болып танылып, жыл басынан бері олардың 20-сы сотталды. Талдау қорытындысына сүйенсек, ең көп сыбайлас жемқорлық қылмыстары лауазымдық өкілеттіліктерді асыра пайдалану (34) және пара алу (14) фактілері бойынша жасалады. Департамент жұмысындағы негізгі басым бағыттардың бірі - лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметке араласу фактілерінің жолын кесу. Жыл басынан бері төрт лауазымды тұлға жасаған осындай сегіз жағдаят (факт) анықталды. Атап айтқанда, Орал қалалық сотының үкімімен «Орал қалалық тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасы» РММ басшысының орынбасары Д. Қазиева қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танылды. Ол «Атаба Орал» ЖШС-ның директорынан әкімшілік жауапкершілікке тартпау және жалпы қамқорлық үшін пара алған. Д. Қазиеваға мүлкін тәркілей отырып, жергілікті басқару және мемлекеттік құрылымдарда лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Және 2 450 000 теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ қазіргі уақытта бір мемлекеттік мекеменің басшысына қатысты қылмыстық істер сотта қаралуда. Ол өзінің лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқан. Д.Қазиева қызмет бабы бойынша өзі қадағалауы тиіс кәсіпкерлік нысандарына қысым көрсету арқылы тегін материалдық құндылықтар алып отырған.
Бұдан басқа департаментпен ағымдағы жылдың І жартысында Ұлттық экономика министрлігінің төрт қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың үшеуі бойынша соттың айыптау қорытындысы шықты. Атап айтқанда, Орал қалалық сотының 2016 жылғы 14 маусымдағы үкімімен «ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті» ММ-ның басшысы В. Разов айыпты деп танылды. Ол лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, «АқсайГазПромЭнерго» АҚ-ның бас директоры А. Абзалиловтан (табиғи монополия субъектісі) жаңа кеңселік жиһаз бен техника талап еткен және бұларды алған. В. Разовтың заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде акционерлік қоғамның және заңмен қорғалатын қоғам мен мемлекет мүддесіне едәуір зиян келтірілді. Сондай-ақ В. Разов өзінің қызметтiк өкiлеттiгін өзiне және «Жайықжылуқуат» АҚ үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында қызмет мүдделерiне қайшы пайдаланған. «Жайықжылуқуат» АҚ өзінің басым жағдайын теріс пайдаланып,
«А. М. Ткалун» ЖК-ға және «Кублей» ЖШС-на электр қуатын сатудан негізсіз бас тартып, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне электр қуатын өндіруші кәсіпорын тарапынан монополияға қарсы заңнаманың бұзылуы анықталған жоқ деп жалған ақпарат берген. Разовтың осындай әрекетінің нәтижесінде «А.М.Ткалун» ЖК-ға жалпы мөлшері 17 150 010,78 теңге және «Кублей» ЖШС-на 30 919, 764, 19 теңге шығын келтірілген.
Жоғарыдағыдай заңбұзушылықтары үшін В. Разовтың мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Және 3500 айлық есептік көрсеткіш (6 937 000 теңге) көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды.
Қазіргі уақытта аталған министрліктің тағы бір департаментінің басшы қызметкеріне қатысты қылмыстық іс сотта қаралуда.
Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс білім саласында да тіркелді. Жыл басынан бері осы саланың аудандық білім бөлімінің басшысы мен мектеп директорынан бастап білім беру мекемелерінің есепшілеріне дейінгі бес қызметкер жауапкершілікке тартылды. Бұған мысал келтірер болсақ, Орал қалалық сотының ағымдағы жылдың 9 наурызындағы үкімімен қаладағы №45 жалпы білім беретін орта мектептің директоры Ф. Даумова қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танылды. Ол лауазымды тұлға бола тұра, 1-4-сыныптардың кірісі аз және көп балалы отбасы балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша орындалған жұмыс актілеріне кедергісіз қол қойып, қаражатты шотқа аудару үшін өзі жеке кәсіпкерден бұдан бұрын мемлекеттік мекемемен аударылған қаражаттың 10%-ы көлеміндегі ақша түрінде пара алған. Ф. Даумоваға мүлкін тәркілей отырып, жергілікті басқару және мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Және 3 550 000 теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ «№20 мектепке дейінгі ұйымы» МКҚК директоры А. Төлегенова өзінің еңбек міндеттемелерін орындамаған тұлғаларға еңбекақы аударып отырғаны үшін айыпты деп танылып, Орал қалалық сотының 2016 жылғы 12 мамырдағы үкімімен оның мүлкі тәркіленді. Оған жергілікті басқару және мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынып, 9 910 000 теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды. Келтірілген шығын 716 700 теңге қайтарылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар басқаны былай қойғанда, құқық қорғау құрылымдарында да орын алуда. Мысалға айтар болсақ, ағымдағы жылдың алты айында құқық қорғау құрылымдарының сегіз қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылып, бесеуі сотталды. Атап айтқанда, Орал қалалық ішкі істер басқармасының көші-қон полиция бөлімінің инспекторы, полиция капитаны А. Қуанышқалиев азаматтарды тұрғылықты орны бойынша жедел әрі кедергісіз тіркеу үшін 5000 теңгеден екі рет пара алғаны үшін Орал қалалық сотының 2016 жылғы 25 мамырдағы үкімімен айыпты деп танылды. Бұл қылмысы үшін А. Қуанышқалиевтің мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметтен шеттетілді және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Бұған қоса оған 820 000 теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасы тағайындалды. Және ҚР ҚК-ның 49-бабының 1-бөліміне сәйкес А. Қуанышқалиев полиция капитаны шенінен айырылды. Сондай-ақ жыл басынан бері жол-патрульдік полициясының үш қызметкері пара алғаны үшін айыпталып, олардың мүлкі тәркіленді. Және мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Бұған қоса қылмыскерлерге параның еселенген сомасы көлемінде айыппұл төлеу түрінде жаза тағайындалды.
Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында да жемқорлық фактілері анықталып, 11 қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға бөлінген бюджеттік қаражаттарды қадағалау барысында департаментпен сыбайлас жемқорлық санатына жатпайтын қылмыстық істер қозғалды. Мұндай істер соңынан тараптардың татуласуына және келтірілген шығынды өтеуіне байланысты тоқтатылды. Атап айтар болсақ, «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Зеленов ауданына қарасты Факел ауылындағы көпірді жөндеу жұмысын артық бағалаған «Анаконда» ЖШС директоры А. Зинченко мемлекетке мүліктік зиян келтіргені үшін айыпталды. 1 890 800 теңге көлеміндегі шығын қайтарылып, Н. Зинченкоға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.
Сондай-ақ «Зеленов аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» ММ-ның басшысы А. Жұмабеков те 2012 жылы лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланған. Ол «Өңірлерді дамыту - 2020» бағдарламасы шеңберінде тұрғызылған «Зеленов ауданының Достық ауылын электрлендіру» объектісі бойынша бағасы артық жұмыс көлемін қабылдаған. Осы іске қатысты анықталған 12 236 100 теңге шығын қайтарылып, бүгінде А. Жұмабековке қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтар құрылыс саласында да жиі кездеседі. Бұған да мысал келтіріп көрелік. «Теректі ауданының сәулет басқармасы» ММ басшысы А. Шукеев «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңды бұзып, «Теректі ауданы Подстепный ауылында 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы» мемлекеттік сатып алуын жүзеге асыру барысында жеткізуші ұсынған бағадан артық сомаға келісімшарт жасаған. Айыпты адамның 1 369 400 теңге шығынды бюджетке қайтаруына байланысты қылмыстық іс ақталмайтын негізде тоқтатылды (шынайы өкінуіне және келтірілген шығынды өтеуіне байланысты).
Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, пара алу жағдаяттары да азаймай отыр. Жыл басынан бері 24 пара алу фактісі анықталды. Бұл жөнінде нақты айтар болсақ, «ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Орал қалалық аумақтық инспекциясы» ММ басшысының міндетін атқарушы С. Самарханов 2016 жылдың 7 маусымы күні ветеринарлық сертификатты жедел дайындау үшін 5000 теңге пара алғаны үшін айыпталды. Сот үкімімен С. Самарханов айыпты деп танылып, оның мүлкі тәркіленді. Ол енді мемлекеттік қызметтен шеттетіліп, лауазымды қызметті өмір бойы атқара алмайтын болды. Және оған параның 50 еселенген сомасы, яғни 250 000 теңге айыппұл салынды. Қорыта айтқанда, 137 қылмыстық іс өндіріспен аяқталып, 63 қылмыстық іс сотқа жолданды, - деген Ахмед Абакаров жиналғандарға сыбайлас жемқорлық фактісі анықталған жағдайда, департаментке арызбен келуге болатынын немесе 98-47-20 телефоны арқылы жүгінуге болатынын айтты. Оның сөзінше, департаменттің және Бөрлі аймағы бойынша ауданаралық басқармасының әкімшілік ғимаратында азаматтардан арыз-шағымдарды қабылдау жәшіктері орнатылған. Сондай-ақ департамент басшылығы азаматтарды алдын ала жазылу бойынша да күнделікті қабылдайды. Бұдан басқа сыбайлас жемқорлық фактілері туралы 1424 телефоны арқылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Call-орталығына тегін хабарласуға болады.
Департамент қызметкерлерінің айтуынша, ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1131 қаулысына сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жағдаяттары туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу қағидалары бекітілген. Осыған орай сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда көмектескен адамдарға мынандай тәртіппен біржолғы сыйақы беріледі:
1.Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша - 30 АЕК;
2.Онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша - 40 АЕК;
3. Ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша - 50 АЕК;
4. Ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша - 70 АЕК;
5. Аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша - 100 АЕК.
Осы қағидалардың 9-тармағында көзделген жағдайларда, грамотамен марапаттау немесе алғыс жариялау түріндегі көтермелеулер де белгіленуі мүмкін. Көтермелеу, қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
«Жасыл экономиканың ұлттық жоспарын жасақтау керек» атты ақпаратта (А.Өтебәлі) «ҚПО б.в» компаниясының Орал қаласындағы бас кеңсесінде Батыс Қазақстан облысының «AKZHAIYK INVEST» инновациялық форумы өткені туралы айтылған.
Өңірде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған форумға мемлекеттік орган қызметкерлері мен іскер адамдар және ҚР даму институттарының өкілдері қатысқан.
Форумда облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тоғызыншы Астана Экономикалық форумында «Экономикалық дамудың өзі күрделі өзгеруде. Біз ресурстар экономикасынан білім мен инновациялық экономикаға түпкілікті көшудеміз» деп атап көрсетті. Ерекше инновациялар жасау барлық елдің қолынан келе бермейтіні түсінікті. «Елбасымыз айтқандай, біздің мақсатымыз - жаһандық технологиялық төңкерістің бөлшегіне айналу. Интернет арқылы ақпарат жер бетіне бір мезетте тарап жатқан заманда өмір сүрудеміз. Күн сайын әр түрлі салада жаңалықтар болып жатады. Біздің облысымыз да сондай жаңалықтардан кенде емес. Біз бүгін форумға өңіріміздегі таза ауаны, экологиялық қауіпсіздікті және өңіріміздің инновациялық-стратегиялық экономикалық дамуы мен инвестициялық саясатының басым бағыттарын талқылауға жиналып отырмыз. Өңіріміздің инвестициялық әлеуеті зор. Соны өңіріміздің, еліміздің экономикасын көтеруге қалай пайдалануға болады, қандай тың идеялар бар, мұның қандай жаңа жолдары бар? Бүгін біз бәріміз бірігіп, осы мәселені талқылайтын боламыз, осы форумды сол үшін ұйымдастырып отырмыз», деді әкім.
Баршамызға белгілі, экономиканы көтеру үшін облысқа инвестиция және онымен байланысты технологияны көптеп тартуымыз керек. Осыған орай біз Еуропалық қайта құру және даму банкі, БҰҰ даму бағдарламасы, «Doranova» фин компаниясы секілді халықаралық ұйымдармен, халықаралық қаржы институттарымен, эксперттермен, қазақстандық және шетелдік ірі инновациялық компаниялармен кездесіп, осы бағытта келіссөздер жүргіздік. Биыл маусым айының аяғында Астана қаласында облыс әкімдігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің арасында Орал қаласының жылу жүйелерін жаңғырту жөніндегі 7 миллиард теңгенің жобасын қаржыландыру бойынша келісім жасалды. Еуропалық қайта құру және даму банкімен басқа да әлеуметтік маңызды бірқатар жобаларды бірігіп жүзеге асыру жоспарда бар. Мұндай жо-
балардың қатарында техника паркін жаңарту және қалалық жолаушылар тасымалы басқармасы жүйесі, коммуналдық қызметті басқару жүйесі, электр қуатын үнемдеу технологиясын енгізу арқылы Орал қаласының жарық жүйесін жаңғырту жұмысы бар. Жақында біз «SmartCity - ақылды және экологиялық таза қала» бағдарламасы аясында арнайы компания өкілдігімен кездесіп, олармен ынтымақтаса жұмыстану жөнінде келісімге отырдық. Сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бойынша «Doranova» фин компаниясымен бірнеше мәрте кездестік, олар бізбен бірігіп жұмыстануға дайын екенін айтты.
«AKZHAIYK INVEST» инновациялық форумы облыста инновациялық құрылым жасақтап, экологиялық таза әрі қауіпсіз және қазіргі заманға сай дамыған, заманауи қала құру мақсатында, ірі компаниялармен бірігіп жұмыстану үшін ұйымдастырылып отыр. Өңірімізде түрлі сала бойынша инновациялық технологияның даму үлгілері бар. Атап айтар болсақ, облыста 2014 жылдан бастап екі бірдей үй құрылысы комбинаты - «Болашақ-Т» және «СВ плюс» ЖШС жұмыс істейді. Құрылыс материалдарын өздері шығарып, оны өздерінің жұмыстарында күнделікті пайдаланып жүрген бұл комбинаттар жылына 70 000 ш.м. тұрғын үй құрылысын жүргізуде. Бұдан басқа Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың Қызыл кітапқа енген бекіре балығын табиғи емес жолмен өндіру жобасы бар. Сондай-ақ облыста машина жасау, ауыл шаруашылығы кешені, құрылыс индустриясы, шағын және орта бизнес, туризм саласын жаңаша дамытуға баса көңіл бөлінуде, - деген өңір басшысы форум қатысушыларына ағымдағы жылдың 8-9 қыркүйегінде халықаралық инвесторлармен экономикалық және іскерлік байланысты арттыру мақсатында Орал қаласында «WestKazInvest» халықаралық инвестициялық форумын өткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Бұл форумның бизнесті жаңаша дамытуға мүмкіндік беретінін айтып, кәсіпкерлерді мұны ұтымды пайдаланып қалуға шақырды. Әкімнің айтуынша, қыркүйектегі форумға 1000-нан астам іскер адам қатыспақ. Оның ішінде 150-ге жуығы - шетелдік компания өкілдері.
Бұдан соң сөз алған Қазақстанның қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы М. Әуезов жиналғандарды алдымен қауымдастық жұмысымен таныстырды. Оның сөзінше, қауымдастық 1999 жылы мамыр айында құрылған. Бүгінде құрамында 160 мүшесі бар, олар: 43 банк, 33 сақтандыру, 29 қор, 12 консалтинг пен аудит және 50 шақты басқа да секторлар. Қаржы секторына қарасты ұйымдардан тек өткен жылдың өзінде 138,5 млрд. теңге көлемінде салық түскен. Төраға сөзінің соңында қауымдастықтың әкімдіктермен өңірлердегі инвестиция, салық және жұмыс көздерін көбейту, қаржылық секторды дамыту, сондай-ақ қаржылық қызметтің сапасын арттыру бағытында ынтымақтаса жұмыс істеуге ықыласты екенін жеткізді.
Келесі кезекте сөйлеген Еуропа және Орта Азия елдеріндегі корпоративті басқару бойынша IFC экперті Б. Джанджалия корпоративтік басқарудың тиімділігі жөнінде әңгімелесе, ҚР Технологиялық дамуы бойынша ұлттық агенттігі төрағасының орынбасары Жұматай Сәлімов еліміздегі инновацияның даму қарқыны жөнінде баяндады. Ол өз сөзінде облыстың инновация бағытындағы белсенді жұмысын атап көрсетті. Оның айтуынша, біздің облыстан 2011-2015 жылдар аралығында инновациялық грантқа 16 өтініш түскен. Ол сондай-ақ Ұлттық инновация байқауының 2015 жылғы қорытындысына тоқталып, «Үздік журналистік материалдар» бойынша «Орал өңірі» газетінің тілшісі Сәкен Әбілхалықовтың инновациялық бағдарламаны насихаттау бағытындағы бірнеше мақаласы еліміз бойынша үздік деп танылғанын айтты. Жұматай Сәлімов сөзінің соңында бизнесмендердің инновация маңызын түсінетінін, сондықтан да осындай қор құрып, жобаларды жүзеге асырып жатқанын тілге тиек етіп, ұлттық агенттіктің өңірлер тарапынан түскен ұсыныстарды мейлі заңдық тұрғыдан болсын, мейлі қаржылық немесе әдістемелік тұрғыдан болсын, қолдауға дайын екенін айтты.
«ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Ренато Мароли компания жетістігін өз мекемесіндегі корпоративті басқарудың сәтті жүзеге асырылуымен байланыстырды. Және ол компанияның инновациялық әдістемелер тәжірибесін өзгелермен бөлісуге қашан да дайын екенін жеткізді.
Осыдан кейін «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен Технологиялық дамуы бойынша ұлттық агенттігі «Алгоритм» технопаркі ғимаратында «SmartCity» («Умный город - Ақылды қала») бағдарламасы аясында кешен құру жөніндегі келісімге қол қойды. Бұл жоба қала инфрақұрылымын жетілдіруге бағытталған. Сондай-ақ БҚО әкімдігі мен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі мәселелерді шешу аясында күш біріктіру жөніндегі меморандумға қол қойды.
Түстен кейін «БҚО инвестициялық мүмкіндігі мен даму әлеуеті» тақырыбындағы сессия басталып, қатысушылардың әрқайсысы өз саласы бойынша баяндама жасады. Мысалы, «БҚО машина құрылысы кәсіпорындарын дамыту және жаңғырту перспективалары» тақырыбында баяндама жасаған «БҚО машина құрылысы консорциумы» қауымдастығының директоры Көшербай Айғожаұлы кәсіпорындардың технологиялық жаңғыртылуы өндірістік үдерістің жаңартылуымен (мысалы, өндіріс орындарын автоматтандыру, робот жұмысын енгізу, сандық моделдеу т.б.) тығыз байланысты екенін айтып, ол үшін кәсіпорындардағы маман-кадрларды жаңашылдыққа үйрету, жұмыс берушілермен бірлесіп, оқыту бағдарламасын ұйымдастыру қажеттігін айтты. Оның сөзінше, Атырау, БҚО және Маңғыстау облысы аума-ғында ұлттық кластер дамып келеді. Өңірімізде машина құрылысы саласын жаңғырту және жетілдіру мақсатында құрылған «Машзавод» консорциумы осы бағытта жұмыстануда.
Сессияда «Батыс Қазақтан облысының мұнай сервисі жобаларының инвестициялық мүмкіндігі» жөнінде әңгімелеген «CentrasiaGroup» одағының төрағасы Алмас Құдайберген қазақстандық компаниялардың құрылыс және мердігерлік жұмыстарға қатысу арқылы ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосып жүргенін жеткізді.
-Мысалы, таяуда Теңіз мұнай кенішінде құны 37 миллиард доллар тұратын ірі жоба жүзеге асырылмақ. Осы жобаны жүзеге асыру барысында 20 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Біздің отандық кәсіпорындардың оларға түрлі құрылғылар, мысалы, мұнай-газ өндіру ісіне аса қажетті резервуарлар мен кабельдерді ұсынуына болады. Бұл жұмыста мұнай өндіру саласын-дағы ең озық технологиялар қолданылмақ. Аталмыш жобаны жү-зеге асыру кезеңін біздің жергілікті кәсіпорындардың ұтымды пайдаланып қалғаны жөн, - деді төраға өз сөзінде.
Сессия барысында Қазақстан-ның энергетиканы қалпына келтіру қауымдастығы бас директо-рының орынбасары Арман Қашқынбеков энергия қорларын үнемдеу үшін күн мен жел секілді қайта қалпына келетін жергілікті қуат көздерін тиімді пайдалану керектігін айтты. Оның сөзінше, Жапония, Америка секілді елдер табиғи энергия көздерін қазірдің өзінде ұтымды пайдалануда, біз олардан қалып қоймауымыз керек.
-Еліміз қайта қалпына келетін энергия көздерін дамытуды заңдық тұрғыдан бекітті. Қазіргі уақытта нақты жұмыстар атқарылуда. Бүгінде электр энергиясын тұтынудың жалпы көлеміндегі баламалы энергия көздерінің үлесі 0,6 пайызды құрайды. Шетелдік инвесторларға қай облысқа қанша күн стансасы, қанша жел стансасы қажет екенін түсіндіру үшін еліміздің электр қуатын дамыту бойынша Ұлттық жоспарын жасақтау керек, - деді ол.
Форумда бұдан басқа облыстың инфрақұрылымына арналған жоба мен өңірдегі қонақ үй бизнесін дамыту перспективалары туралы, сондай-ақ өңіріміздің 2020 жылға дейінгі даму стратегиясы жөніндегі баяндамалар тыңдалып, аталмыш тақырыптарға байланысты ұсыныстар мен пікірлер талқыланды.
«Керемет кәсіптерге үйдің қасынан неге оқып алмасқа?» - Ақжайық ауданынан Болат Қосжанұлы шағын мақаласында жұмыспен қамту мәселесін қозғаған.
Ақжайық ауданындағы 42290 тұрғынның 23,4%-ы, яғни 9876-сы - жастар. Қазіргі таңда жұмыспен қамту орталығында 743 жас жұмыс іздеушілер қатарында болса, олардың 43-і ресми түрде жұмыссыздықпен тіркелген. Өткен жылы жастар қатарынан 58 жас кәсіби оқуға жіберіліп, олардың 32-сі еңбекке орналасты. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына 2015 жылы 75 жас тартылып, күні бүгінде 43-і тұрақты жұмысқа орналасты. Биыл 46 жас маман осы бағдарламаға тартылды, шілде айынан бастап тағы да 30 қыз-жігіт жұмысқа тартылады. Әлеуметтік жұмыс орындарына 27 жас барды. Өзін-өзі қамтамасыз ететін жастар - 460.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы басталғалы ауданда несие алған 438 адамның 76-сы - жас адам, олардың 55-і мал өсіру бағытында, 21-і халыққа қызмет көрсету орындарында еңбек етуде. Халыққа қызмет көрсету мекемелерін ашу мақсатында қам-қарекет жасап жатқандар аз емес.
Ақжайық ауданы әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің кезекті отырысында жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту, кәсіпкерлікті өрістету жайында жан-жақты сөз болды. Осында шақырылған ауылдық округ әкімдері, жастар жетекшілері, мекеме, кәсіпорын жетекшілері алдындағы өз сөзінде аудан әкімі Әділ Жоламанов мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі - жастар саясатын ауданға жүзеге асыру мақсатындағы қадау-қадау істерді атап көрсетті.
Отырыс барысында маңдайалды жас толқынның өнегелі істері сараланды. Мысалы, Жаңабұлақ ауылынан Әнуар Меңдібаев 2 млн. теңге несиеге тойхана ашу үшін жұмыстануда. Көнеккеткеннен шаруа Алтынбек Айдынғалиев 3 млн. теңге несиеге 300 бас ұсақ мал алды. Чапаевтан Әділ Бақтығалиевтың «Жайық Жанары» несие серіктестігі 1 млн. теңгеге фотосалон ашып, халыққа қызметін ұсынса, Расул Рахишев 3 млн. теңгеге «Алаң» автокөлік жөндеу, жуу цехын ашты.
Кәсіпкерлік қызмет адамнан тәуекелділікті, ерік-жігерді, төзімді қажет ететіні мәлім. Отырыста осы ретте бай тәжірибесі бар, алдыңғы толқынның еңбегінен де біраз мысал келтірілді.
Мекеме-ұйымдар жетекшілері тарапынан жастарға ой саларлық әңгіме айтылуда. Қазір ата-ана соңғы сиырын сатса да, баласына жоғары білім алып беруге тырысады. Бірақ дипломы болса да, жұмыс таба алмайтындар аз емес. Неге? Өйткені бәріне бірдей шаңсыз жерде отырып жұмыс істеу мүмкін емес. О бастан-ақ заман сұранысына сай кәсіпке баулу жағы ұмытылып жатады. Ақжайық агротехколледжінің өзінен заманауи механизатор, жүргізуші, аспаз, дәнекерлеушілікке т.с.с., яғни үйдің қасынан неге оқып алмасқа? Бұл кәсіптер ешқашан «тозбайды, ескірмейді» ғой.
Ата-аналар балаларының жоғары лауазымды маман болғанын қалайды. Егер қабілеті жетіп, сол қызметтерді атқарып жатса, сөз басқа. Ал қабілет-қарымы жете ме, жетпей ме, оған бас қатырып жатқандар аз-ақ. Бұл қайдан келген түсінік.
Аудан әкімі басқосу барысында қыз-жігіттердің көркемөнерпаздыққа, театр үйірмелеріне, өлкетану ісімен, репетиторлыққа баруына мүмкіндіктер мол екенін ашып көрсетіп берді.
Осы автор «Аналарыңды жылатпаңдар, айналайындар!» деген ақпаратына қазіргі діни ахуалды арқау еткен.
Әлдебір арандатушылардың шеңгеліне ілігіп қалып, Сирия аспақ болып, ақыры темір торға қамалғандардың арасында Ақжайық ауданының 1988 жылы туған азаматы бар. Оның және сондай адасудан қайғыға ұшырағандардың «Қалай қателікке тап болдық, неге талтүсте арам пиғылдыларға арбалып қалдық?» деген өкініші жастарымызға ащы сабақ болуға тиіс.
Ақжайық ауданындағы «Таным» деструктивтік діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрман Бисеғалиев, Оралдағы «Тәжиден Батырұлы» мешітінің найб имамы Талғат Есқалиев және чапаевтық педагог, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мәлік Берді Әлі ауылдық округтер орталығы Мерген, Ақсуат, Ілбішін, Алмалы, Тайпақ, сондай-ақ шағын елді мекендер Тінәлі, Қабыл, Атамекен, Шабдаржапта тұрғындармен кездесудегі әңгімеге осы жайт өзек болып тартылды. Дәстүрлі дінімізді тәрк етіп, бөтен болмысқа бой ұрудың зардабы жайында олардың нақты мысалдармен, слайдтар арқылы баяндаулары жиналғандарға ой салғаны сөз алғандардың көптігінен байқалды. Ауылдарға шыққан бұл топ құрамында жоғарыда аталған азаматтың анасы, бүгінде зейнеткер Қ.-ның болып, өз отбасының сол қайғысы туралы жасырмай айтқаны жұртты тіпті толқытты, жанарларға жас алғызды. «Ұлым мұндайға тап болатынын қайдан білейін. Есеңгіреп қалдым... Көпшілік сияқты мен де бір мекемеде хал-қадірімше еңбек еттім. Жұысқа шауып жүргенде балама қарауға мұрша болмай қалды ма екен?.. Бір жаққа жұмысқа барамын деп кеткен, әйтеуір, үйге қолын кісендеп алып келгенде өз көзіме өзім сенбедім. «Кешір, мама, кешір»деді. 3,5 жылға сотталды. Түрмеге, сонау бір қалаға барып тұрамын. «Осыдан шыққаннан кейін дұрыс дінге бет бұрамын» дейді. Қайтейін, амандығын тілеймін, осы сөзінен үміттенемін. Үмітім ақталатынына да сенемін. Ал өзімнің баламдай өрімдей жастарға айтарым, аналарыңды жылатпаңдар, айналайындар!».
Асыл дініміздің, дәстүріміздің шексіз құндылықтары, ұл-қыз тәрбиесіне ең алдымен ата-ананың жауапкершілігі туралы жан-жақты сөз болып, сұрақтарға жауап қайтарылған осындай дидарласулар алдағы кезде де ұйымдастырылуын сұрады көпшілік.
Жаз айлары кезінде жеміс-жидек, қауын-қарбыз пісіп, сауда қызады. Осы орайда сапасыз өнімнен уланып қалмау маңызды. «Орал өңірі» газетінің 21 шілде күнгі санында «Құрамында нитраты көп қарбыз саудасы тыйылмай тұр...» деген материал осы тақырыпқа арналған.
Жуырда Орал қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының қызметкерлері белгіленбеген сауда орындарына жедел тексеріс ұйымдастырды. Нәтижесінде саттықтағы қарбыздардың құрамынан нитраттың қалыпты жағдайдағыдан үш есенің үстіндегі артық мөлшерін анықтады. Алайда аталмыш орындардағы қарбыз саудасы әлі күнге тоқтаған жоқ.
Қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасындағы ұйымдастыру-құқықтық және мониторинг бөлімінің басшысы Қапиет Ғинаятұлын аталмыш тақырыпта әңгімеге тартқан едік.
-Қазіргі уақытта өңірімізге еліміздің оңтүстік аймағының бақша өнімдері көптеп келуде. Осыған орай біз халықты сақтандыру бағытында белгіленбеген сауда орындарына барып, акция ұйымдастырдық. Акция барысында жол бойында сатылатын қарбыз-қауындардың құрамындағы нитраттарды жедел анықтау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде Желаев кенттік округіне шығар тас жолы және Сырым Датұлы көшесі бойында сатылып жатқан қарбыз-қауындардан нитраттың қалыпты жағдайдағыдан артық мөлшері анықталды. Мәселен, қалыпты жағдайда қарбыздың бір келісіне сәйкес келетін нитраттың мөлшері 60 миллиграмнан аспауы тиіс. Ал біз тексерген қарбыздарда бұл көрсеткіш 200-230 миллиграмға дейін жетті. Қауынның бір келісіндегі нитраттың құрамы 90 миллиграмнан аспауы қажет. Біз тексерістен өткізген қауындарда бұл көрсеткіш 200 миллиграмға дейін жуықтады. Тұрғындарға мұндай күмәнді орындардан бақша өнімдерін сатып алудың денсаулыққа қауіпті екенін ескерткіміз келеді. Ал тұрақты сауда орындарында арнайы зертханалар жұмыс жасайды. Ол жерде алған өніміңізді сол бойда тексерістен өткізуіңізге мүмкіндік қарастырылған. Тәртіп бойынша бақша өнімдері арнайы жабдықталған орындарда сатылуы тиіс және сатушының аты-жөні жазылған бейджигі, сондай-ақ оның гигиеналық тұрғыда тазалығын растайтын медициналық қітапшасы болуы керек. Медициналық кітапшаның талап етілетін себебі онда рентген, гельминт (ағзада паразиттік құрттардың бар-жоғын анықтау) тексерістерінің нәтижесі көрсетіледі. Кейбір адамдар өзі науқас болмағанымен, ауруды тасымалдаушы болып келуі мүмкін. Дегенмен биылдыққа бау-бақша өнімдерінен улану фактісі тіркеле қойған жоқ. Тағы бір айта кетерлік жайт, жол бойында автокөліктерден бөлінетін улы газдардың астында тұрған көкөністерді алмаған жөн. Құрамындағы нитрат мөлшері шектен асқан бау-бақша өнімдерін мол көлемде тұтынғанда іш өту, құсу, бас айналу секілді зиянды белгілері бірден байқалады. Ал мұндай көкөніс өнімдерін жүйелі түрде тұтынып, бірақ аталмыш белгілер байқалмаған жағдайда уақыт өте келе бауыр, асқазан, бүйрек секілді ағзалардың қалыпты жұмысы бұзылады, - дейді Қапиет Ғинаятұлы.
Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ринат Шәуеновтің мәлімдеуінше, орталық базарларда, шағынаудандар мен кенттік округтерде көкөніс саудасын ұйымдастыруға 34 арнайы орын белгіленген. Мұндағы қауын-қарбыздар да белгіленбеген орындардағы секілді еліміздің оңтүстік өңірінен әкелінетіні бесенеден белгілі. Ендеше, ол жердегі көкөністер құрамындағы ағзаға зиянды әсер ететін нитраттың мөлшері қандай деңгейде екен? Ринат Сатымұлы осы сұрағымызға қатысты ақпаратпен айналысу өзі басқаратын бөлімнің құзыретіне жатпайтындығын, мұндай деректі қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасынан алу керектігін айтты. Ал қалалық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасындағы ұйымдастыру-құқықтық және мониторинг бөлімінің басшысы Қапиет Ғинаятұлы аталмыш мекеме тарапынан арнайы белгіленген сауда орындарындағы көкөніс құрамына байланысты ешқандай тексерістің жүргізілмегенін мәлімдеді. Шаһарымыздағы «Ел ырысы» базарының директоры Нұрлан Наурызбаевтың айтуынша, көкөніс құрамын тексерістен өткізетін бір ғана тұрақты зертхана қаламыздағы «Мирлан» орталық базарында орналасқан. «Мирлан» ЖШС-ның бас директоры Қазина Молдашева соңғы күндері Қаратөбе, Ақжайық аудандарының жергілікті қарбыздары саттыққа шығарыла бастағанын айтады. Аталмыш сауда орнының директоры Тагира Журавлеваның мәлімдеуінше, орталық базардағы саттыққа шығарылған өнімдердің барлығы талапқа сай, күн сайын арнайы тексерістен өткізіледі. Ондағы зертхана орталық базарда сатылатын өнімдерді ғана тексереді екен. Мұның сыртында көкөніс өнімдерінің құрамын тексеру бойынша ақылы қызмет көрсете алады. Сайып келгенде, «Арнайы белгіленген 34 сауда орнының барлығындағы көкөністер құрамын талапқа сай тексерістен өткізуші кім?» деген сұрағымызға тиянақты жауап табылмады. Осыдан кейін «Оңтүстік аймақтан жеткізілетін талапқа сай емес көкөніс өнімдерінің тасымалына заңды тосқауыл қойылмай ма?» деген сауалымыз да басы ашық күйінде қалды.
-Мамыр айынан бастап арнайы белгіленбеген орындардағы қарбыз-қауын саудасына байланысты 365 хаттама толтырылып, барлығы жарты миллион теңгеге жуық айыппұл салынды. Соған қарамастан мұндай орындардағы көкөніс саудасы түпкілікті тыйылмай тұр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар әлі күнге дейін жалғасуда, - дейді қалалық ішкі істер басқармасына қарасты жергілікті полиция қызметінің басшысы Мүсілім Жәрдемов.
«Гүлжазираның ертегілерінің» балаларға берері көп» - Е.Бимұхановтың ақпаратында Қаратөбе ауданында туып-өскен, белгілі тележурналист Гүлжазира Берікқызының «Гүлжазираның ертегілері» атты су жаңа ертегілер жинағының шыққаны сөз болған.
«Сиқырлы кітаптың құпиясы», «Құлыншақтың анасы кім?», «Ойыны осылған мыстан», «Тәкаппар күнбағыс» т.б ертегілерден тұратын жинақ балаларға арналған.
Автор кейіпкерлері арқылы оқырманды ізгілікке үйретіп, жақсылық жасауға шақырады. Достықты қадірлеп, үлкенге құрмет көрсету, денсаулықты күту туралы ой салып, тәкаппарлық, жал-қаулық, мақтаншақтық, өтірік айту сияқты жаман қасиеттерді айыптайды.
Бүгінгі күні белең алып отырған дұрыс тамақтанбау, компьютер, ұялы телефонға телміріп, табиғат-тың ғажайыптарына көңіл бөлмейтіндігі де автор назарынан тыс қалмаған. Бұрыннан келе жатқан халық ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлер бұл кітаптағы ертегілерде өзге қырынан танылады. Отансүйгіш, еңбекқор, өнерлі аң-құстың бейнесін ашу мақсатында кітап иллюстрациялық суреттермен безендірілген. Кітаптың суретшісі - Серік Басбаев. Астана қаласындағы «Шаңырақ-Медиа» баспасынан 1500 данамен шыққан кітаптың оқырманға берері көп.
«2016 жылдың алты айында Қазақстанның ЖІӨ өсімі 0,1%-ды құрады» - Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада уақтылы қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралар 2016 жылдың бірінші жартыжылдық қорытындылары бойынша экономика өсіміне қол жеткізуге мүмкіндік бергені айтылған.
Астанада Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті, оның барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев (суретте) 2016 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың қорытындылары бойынша баяндады.
«Бірінші жартыжылдықта құрылыс (6,6%-ға), көлік қызметтері (4,3%-ға), ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру (2,7%-ға) және өңдеу өнеркәсібі (0,5%-ға) көлемінің ұлғаюы есебінен ЖІӨ-нің өсуі 0,1%-ды құрады», - деді Бишімбаев.
Бұдан басқа экономиканың алты негізгі салаларын қамтитын (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік, байланыс) қысқа мерзімді экономикалық индикатордың (ҚЭИ) өсу қарқынының оң серпіні байқалады. «Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ҚЭИ ағымдағы жылғы қаңтар-мамырдағы 99,0%-ға қарағанда 99,3%-ды құрады», - деп хабарлады министр.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бірінші жар-тыжылдықта 8,5%-ға ұлғайды. Инвестициялардың ең салмақты өсуі ауыл шаруашылығында 48,6%-ға, өнеркәсіпте 12,8%-ға және жылжымайтын мүлікпен операцияларда 5,4%-ға байқалып отыр.
«Мұнай мен металдардың әлемдік бағасының төмендеуі нәтижесінде 2016 жылғы қаңтар-мамырда экспорт көлемі 31,8%-ға, 13,7 млрд. АҚШ долларына дейін қысқарды. Импорттың 27,0%-ға, 9,2 млрд. АҚШ долларына дейін төмендегені белгілі болып отыр. Нәтижесінде сыртқы сауда айналымы 29,9%-ға, 23,0 млрд. АҚШ долларына дейін төмендеді. Дегенмен сыртқы сауда сальдосы 4,5 млрд. АҚШ доллары деңгейінде оң болып қалуда», - деді Бишімбаев.
Оның деректері бойынша елдің халықаралық резервтері 2016 жылғы 1 шілдеге 96,2 млрд. АҚШ долларын құрап, жыл басынан бері 5,2%-ға өсті, оның ішінде Ұлттық қордың шетелдік валютадағы активтері 3,5%-ға, 65,7 млрд. АҚШ долларына дейін өсті және Ұлттық банктің алтын-валюталық активтері 9,4%-ға, 30,5 млрд. АҚШ долларына дейін өскен.
«Орташа айлық номиналды жалақының 9,9%-ға, 133,5 мың теңгеге дейін өскені белгіленді. Инфляция ағымдағы жылдың басынан бері (2015 жылғы желтоқсанға қарағанда 2016 жылғы маусым) 4,6%-ды құрады», - деді Бишімбаев.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді пайдалануға берудің елеулі өскенін атап өтті. 2016 жылғы алты айда тұрғын үйлерді пайдалануға беру 16,9%-ға 5,0 млн. м2 дейін өсті, оның ішінде мемлекет қаражаты есебінен 262,0 мың м2 пайдалануға берілді, жылдың соңына дейін тағы 309,0 мың м2 пайдалануға беру жоспарланып отыр. Апатты мектептерді және үш ауысымдық оқытуды жою үшін ағымдағы жылдың басынан бастап 2015 жылы басталған төрт мектептің құрылысы аяқталды және 42 мектептің құрылысы басталды. Жылдың соңына дейін 34 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.
«Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында экономиканың жоспарланған өсуін 0,5% деңгейінде қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға бөлінген, оның ішінде ағымдағы жылғы 21 маусымда Үкімет мақұлдаған екінші экономикалық өсу мен жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуді ынталандыру жөніндегі шаралар топтамасы шеңберінде бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету қажет», - деп қорытындылады Бишімбаев.
«Эстафета Тасқалада» (Рауан Сатыбалдиев) атты ақпаратта республикалық «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында Қаратөбе ауданының делегациясы Тасқала ауданында болғаны айтылған. Тасқала жеріне аяқ басқан қаратөбеліктерді аудан әкімі Санжар Әлиев бастаған бір топ атқамінерлер ауданға кіреберістен ақпен қарсылап алған.
Қос ауданның өкілдері зұлмат жылдарда хабарсыз кеткен боздақтарға арнап «Азалы ана» мемориалдық кешенінің басына гүл шоқтарын қойды. Ізінше С. Жақсығұлов атындағы орта мектептің спорт залында екі аудан волейболшыларының жолдастық кездесуінің ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шарада Тасқала ауданының әкімі Санжар Жұматайұлы келген қонақтарға «Қош келдіңіздер!» айтып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Одан кейін аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Бейбітшілік пен келісім - мәңгілік елдің тұтқасы» атты Тасқала және Қаратөбе аудандарының ресми делегациясының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Шараға Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблея төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов арнайы келіп қатысты. Басқосуда алдымен сөз алған аудан әкімі Санжар Жұматайұлы қос ауданның арасындағы достық көпірінің нық болуын тіледі. Сондай-ақ Қаратөбе ауданында өндірілетін «Дем» минералды суының тұтынушылары санын арттыруға атсалысып, болашақта аудан дүкендері сөресінде Тышқантайдан шыққан таза судың сатылуына ықпал ететінін айтты.
Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров та жиылғандарды мерекелі күнмен құттықтап, тасқалалық әріптестерімен бір үстел басында бас қосу үлкен құрмет екенін жеткізді. Кезегімен сөз алған Ғайса Хамидоллаұлы да жалпы ұлтаралық татулықты ту етіп, қашанда елдегі тыныштықты сақтау басты мақсат екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар осындай басқосулар арқылы ауданаралық достықты нығайтып, бірлесе кәсіппен айналысуға бет бұру керектігін жеткізді.
Осы жерде екі ауданның әкімі өзара қарым-қатынасты нығайту мақсатында меморандумға қол қойды.
Әрі қарай аудан басшылары мен келген қонақтар аудандық мәдени-демалыс орталығының фойесіндегі Қаратөбе ауданы ұйымдастырған қолөнер көрмесін тамашалады. Бұл жерге қаратөбелік шеберлердің саз бен қағаздан жасалған түрлі бұйымдары мен аудан табиғатынан сыр шертетін фотоэтюдтар қойылыпты.
Сонан соң Тасқала жұрты қаратөбелік өнерпаздар дайындаған концертті тамашалады. Ән кешінің шымылдығын Қаратөбе аудандық халықтық ұлт аспаптар оркестрі ашты. Аудан жұртшылығы аталмыш өнер ұжымының орындауында Сүгірдің «Ыңғай төгі» мен Құрманғазының «Қызыл қайыңын» ерекше ықыласпен қабылдады. Облыстық ән байқауларының лауреаты Альфия Исламованың орындауындағы «Мұны неге білмейсің...» әні мен Аяжан Смағұлованың орындауындағы «Гурьевтік Гузаль қыз» әні тыңдарман қошеметіне бөленді. Тек Қаратөбенің ғана емес, күллі қазақтың мақтанышы сал Мұхит пен Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерін Асхат Оразов, Мереке Есқайыров және Армат Исламғалиев нақышына келтіре орындады.
Шара соңында Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Берлешұлы әріптесі Санжар Жұматайұлына «Қаратөбенің жеті кереметі» картинасы мен мегажоба эстафетасын табыстады.
«Бөкей ордасы: барлық салада жұмыс қалыпты жүруде» (А.Өтебәлі) - бұл ақпаратқа Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжановтың Қазақстанның орталық коммуникациялық қызметі БҚО филиалында кезекті баспасөз мәслихатындағы баяндамасы арқау болған.
Жиын барысында Нұрлан Сағынтайұлы өзі басқарып отырған ауданның тыныс-тіршілігі мен даму жоспары жөнінде баяндады. Оның сөзінше, ауданда барлық сала бойынша жұмыс қалыпты жүруде.
-Енді әр сала бойынша нақты көрсеткіштерге тоқталар болсам, 2016 жылы аудандық бюджет 2 млрд. 942 млн. 862 мың теңгені құрады. Бюджеттің алты айдағы шығыс бөлігінің орындалуы 1 млрд. 333 млн. 550 мың теңге немесе 99,8%. Аудандық бюджетке 1 млрд. 410 млн. 663 мың теңге түсім түсіп, жоспар 105,6 пайызға орындалды. Бұл 2015 жылдың жартыжылдығымен салыстырғанда, 2,9 пайызға артық. Соның ішінде, салық түсімдерінің жартыжылдық жоспары 98 млн. 128 мың теңге болса, орындалуы 151 млн. 267 мың теңге немесе 154,2 пайыз.
Біздің аудан облыс көлемінде асыл тұқымды мал шаруашылығы бойынша аса бағалы, тектік тұқымды қоры бар аймақтың бірі болып табылады. Ауданымызда қазақтың ақбас сиыры, қой, жылқы және қазақтың асыл тұқымды бактриан түйесі өсіріледі. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша өткен жылы өндірілген өнімдердің жалпы көлемі 2 млрд. 404 млн. теңге. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне шаруашылықтарымыздың барлық санатында 64 660 бас ірі қара, 139 575 бас қой мен ешкі, 20 312 жылқы, 1 192 түйе бар. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ірі қара малының саны - 3,3%, қой мен ешкі - 3%, жылқы - 6,2%, түйе малы 0,2 пайызға өсті. Аудан бойынша бір тұрғынға жеті бас малдан келіп тұр, бұл облыс бойынша алдыңғы қатарлы көрсеткіштің бірі болып табылады.
Ауданымызда 453 шаруа қожалығы бар. Ұлт жоспарының 35-қадамын орындау мақсатында жартыжылдықта жаңадан 18 шаруа қожалығы ашылып, оларға 53 175 га жер телімі пайдалануға берілді. Бұған керісінше, жерді тиімді пайдаланбаған 13 шаруа қожалығы жабылып, олардың 21 308 га жері мемлекетке қайтарылды. Аудан бойынша мал шаруашылығын дамыту мақсатында бес өндірістік кооперативі құрылды. Бұған қоса 12 асыл тұқымды шаруашылығы бар, соның ішінде «Хан ордасы» ЖШС айыр өркешті бактриан түйесін, тоғыз шаруа қожалығы қазақтың ақбас сиырын, екі шаруа қожалығы асыл тұқымды көшім және жабы жылқыларын өсіреді. Ағымдағы жылы қазақтың ақбас сиырын өсіретін бір шаруашылық, еділбай қойын өсіретін екі шаруашылық және бір көшім жылқысы шаруашылығы жасақталуда.
2013-2015 жылдар аралығында «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 25 шаруашылыққа 249 млн. 870 мың теңге несие беріліп, 144 бас асыл тұқымды бұқа мен 1321 аналық ірі қара малы сатып алынды. «Құлан» бағдарламасы бойынша соңғы екі жылда жеті шаруашылық 42 млн. 700 мың теңге несие алып, 10 бас асыл тұқымды айғыр, 138 бас бие сатып алды. 2016 жылы тоғыз шебер - жоспар бойынша жұмыс жүргізілуде. Бес шаруа қожалығы асыл тұқымды мал сатып алды, ал екі бордақылау алаңы мен асыл тұқымды қой шаруашылығына жаңа қыстақ салынатын болады. Темір Масин ауылдық округінде қымыз өңдейтін цех салынуда. 2015 жылы аудан шаруашылықтары 480 млн. 745 мың теңге субсидия алса, ағымдағы жылы 425 млн. 690 мың теңге көлемінде субсидия төлеу жоспарлануда.
Жыл өткен сайын мал шаруашылығы саласының материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Мәселен, 2013-2015 жылдар аралығында лизингке 55 трактор, 62 ауыл шаруашылық техникасы, 2016 жылы лизингке сегіз трактор сатып алынды. 2015 жылы шаруа қожалықтары үшін 50 ұңғыма
құдықтары бұрғыланып, пайдалануға берілді. Шаруа қожалықтары энергияның балама көздері ретінде 32 күн батареялары мен жел генераторларын пайдалануда. Бұйырса, 2020 жылы осы жылмен салыстырғанда ауданда барлық санаттағы ірі қара мал басын 9,1 пайызға, қой-ешкіні 5,4 пайызға, жылқыны 15,1 пайызға, түйені 2,0 пайызға өсіру жоспарлануда. Сондай-ақ сегіз шебер жоспарды іске асыру, асыл тұқымды мал шаруашылығының санын 23-ке жеткізу, шаруа қожалықтарының санын 500-ге дейін көбейту және саланың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстарды жүзеге асырмақпыз.
Бүгінгі таңда елімізде кәсіпкерлікті дамытуға зор мән беріліп, бұл үшін барлық жағдай жасалуда. 2016 жылдың 1 шілдесіне ауданда 883 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, кәсіпкерлік саласында 1605 адам жұмыс жасайды. 2015-2016 жылдары ауданда наубайхана, сүт өнімдерін өндіру цехы, профнастил өндірісі, қамысты қорғандап буу және керамзитоблок өндіретін цехтар іске қосылып, жаңадан 14 жұмыс орны ашылды. Соның ішінде қуаттылығы күніне 800-1000 тас шығаратын керамзитоблок өндіру цехы халықты сапалы өніммен қамтуда және құны 20 млн. теңгені құрайтын сүт өнімдерін шығару цехы «Аймақтық индустрияландыру картасына» енгізілді. Ағымдағы жылдың жартыжылдығын-да сала бойынша өндірілген өнім көлемі - 1 млрд. 729 млн. теңгені, бюджетке түскен төлемдер - 8 млн. 815 мың теңгені құрады, бұлкөрсеткіштер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тиісінше 1,2 пайызға және 3,3 пайызға артып отыр. Жыл басынан «Жұмыспен қамту - 2020 жол картасы», «Кәсіпкер» сынды бағдарламалар аясында 23 кәсіпкер 50 млн. 650 мың теңге несие алып, бұл қаржылар мал өсіру, тұрмысқа қажетті қызмет көрсету орындарын ашу және шағын өндіріс орындарын ұйымдастыруға жұмсалды. Есепті мерзім ішінде ауданда екі азық-түлік және бір шаруашылық дүкені, бір тойхана, бір қой жүнінен жайма өндірісі, бір тігін цехы, бір наубайхана ашылып, тағы да бір наубайхананың құрылысы аяқталу қарсаңында. 2014-2016 жылдары «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында төрт кәсіпкерлік жоба - Хан ордасы ауылындағы пластикалық терезе шығару, қолөнер қызметі және туризм саласын дамыту және Сайқын ауылындағы тұшпара өндірісі мемлекет гранттарына ие болды. 2020 жылға дейін шағын кәсіпкерлік субьектілерінің санын 15 пайызға арттырғымыз келеді.
Өз кәсібімен айналысу үшін ауыл тұрғындарына «Жұмыспен қамту -2020 жол картасы» бағдарламасының ережесі ыңғайлы болып отыр. Алайда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы алынатын несиелер екінші деңгейдегі банктер арқылы беріледі, ал бұл банктер ауылдық жерлердегі бизнеске қызығушылық танытпайды. Банктердің жергілікті жерде орналасқан нысандарды кепілдікке алмауы, құжаттарды жинақтаған кезде банк қызметі үшін облыс орталығына жиі бару ауыл адамдарына едәуір қиыншылықтар туғызады. Сондықтан екінші деңгейдегі банктердің филиалы аудан орталығынан ашылса дейміз.
Ал енді жұмыспен қамту мәселесіне келер болсам, қазіргі таңда аудандағы экономикалық белсенді халық саны - 9 364 адам, жұмыссыз ретінде тіркелгендер - 477 адам, жұмыссыздық деңгейі 5,0 пайыз болып отыр. Биыл 181 адам жұмысқа орналасқан болса, соның ішінде 98 адам тұрақты жұмысқа, 59 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 24 адам жастар тәжірибесімен орналасты. 233 адам қоғамдық жұмыспен қамтылып, қайта даярлау және кәсіптік оқуға бес адам жолданды.
Мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Олардың қатарында ауданда 503адам бар. Өткен жыл ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған төрт «Бос орындар жәрмеңкесі» өткізіліп, нәтижесінде 11 адам жұмысқа орналастырылды. 2016 жылдың І жартыжылдығына мүмкіндігі шектеулі екі адам тұрақты жұмысқа орналасты, төрт кісі қоғамдық жұмысқа жолданды, біреуі әлеуметтік жұмыс орнына, тағы біреуі «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа жолданды. «Өрлеу» жобасы бойынша 51 адамы бар 10 отбасыға 936 мың теңге төленіп, қаржы мақсатты игерілуде. Жоба аясында жеті адам тұрақты жұмысқа, бір адам жастар тәжірибесіне, 12 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды. Аудан бойынша ағымдағы жылы мүмкіндігі шектеулі 13 жанға санаторлық-курорттық, біреуі кресло-арбамен, тағы біреуі арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылса, олардың 25-іне жеке көмекші қызметі көрсетілді.
Ауданның емдеу жүйесі 19 денсаулық сақтау мекемесінен тұрады, олар: бір аудандық аурухана, үш дәрігерлік амбулатория, үш фельдшерлік-акушерлік пункт, 12 медициналық пункт. Емдеу мекемелерінде 29 дәрігер, 116 орта буын медицина қызметкерлері жұмыс жасайды. Дегенмен дәл
қазіргі уақытта аудандық ауруханаға рентгенолог, окулист, акушер-гинеколог, хирург-дәрігер, барлығы төрт маман жетіспейді. Маман тапшылығы жұмыс жасап жүрген дәрігерлерді қайта даярлау, біліктілігін жетілдіру курстарына оқуға жіберу арқылы шешілуде. Ағымдағы жылы ауданымызға бес жас маман дәрігер және 10-12 орта буын қызметкер келеді деп күтілуде. Жас мамандарды ауылда ұстап қалу үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Мысалы, ауданымызға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуге келген 15 маманға 8 млн. 780 мың теңге көтерме жәрдемақы төленді, алты маманға 15 млн. 908 мың теңге бюджеттік несие берілді. 2016 жылдың 1 шілдесіне аудан бойынша мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылу деңгейі 77,6%-ды құрайды. Ауданда жөндеуді қажет етіп тұрған үш мектеп (М. Бегалиева, М. Мәметова, Жәңгір хан) бар, оларды 2020 жылға дейін күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз.
Биыл кезекте тұрған азаматтарға жалға берілетін коммуналдық үйлер құрылысын жүргізу жалғасын тапты. Қазіргі уақытта Сайқын ауылында бір пәтерлі алты тұрғын үйдің құрылысы жүруде және тағы бір пәтерлік бес тұрғын үй құрылысына қаржы қаралды. Жалпы құны 23 млн. 218 мың теңгені құрайтын аудан орталығы Сайқын ауылының бас жоспары дайындалып, аудандық мәслихатқа бекітуге жолданды.
Мемлекеттік бағдарламалар арқылы салынатын тұрғын үйлерден басқа аудандағы аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамту мақсатында жеке кәсіпкермен арадағы келісім негізінде көппәтерлі екі тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар аудандағы бұрынғы аурухана ғимаратын жергілікті бюджет есебінен күрделі жөндеуден өткізіп, коммуналдық тұрғын үй ретінде пайдалануға беру жоспарлануда.
Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 378 шақырымды құрайды, оның ішінде 103 шақырым - республикалық маңызы бар автожолдар. Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы - 275 шақырым. Қазіргі таңда Сайқын ауылының 5,6 шақырым құрайтын ішкі асфальт жолдарын орташа жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. 2016 жылға барлық кіреберіс жолдарын жәй жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарын жүргізуге 3 млн. 300 мың теңге қаржы қаралып, жұмыстар атқарылуда.
Аудан бойынша 22 елді мекеннің 10-ы орталықтандырылған сумен қамтылған. 10 елді мекеннің тұрғындары өз құдықтарындағы суды пайдаланады. Екі елді мекенге (Қарасу, Үштерек) су тасымалданады. Тұрғындардың орталықтандырылған сумен қамтылу деңгейі - 62,4 пайыз. Бүгінде Сайқын, Бөрлі, Көктерек және Жамбыл ауылдарының су құбыры құрылысы нысандарының жобалық-сметалық құжаттары дайын.
Аудандағы 22 елді мекеннің тоғызы газдандырылған (Сайқын, Мәмбет, Жәрмеңке, Мұратсай, Әжен, Хан ордасы, Қарасу, Үштерек, Бисен). Тұрғындардың газбен қамтылу деңгейі 61 пайызды құрап отыр. 2016 жылы Жәрмеңке елді мекенінің медициналық пункті мен бастауыш мектебін және Қарасу елді мекеніндегі медициналық пунктті табиғи газбен жылыту жүйесіне қосу жоспарлануда. 11 елді мекенді газдандыру үшін (Саралжын, Бөрлі, Ұялы, Кеңой, Жиекқұм, Көктерек, Жамбыл, Шоңай, Сейітқали, Мәмбет, Қарасу) жобалық-сметалық құжаттары дайындалды, бұл жұмыстарға 2 млрд. 133 млн. 790 мың қаржы қажет болып тұр.
Өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде тамыз айынан бастап жалпы құны 14 млн. 653 мың теңгеге Бисен және Орда ауылдарында жасанды көгал төселген футбол алаңдары салынуда, бұл жұмыс 1 қыркүйекке дейін аяқталады деп күтілуде. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына байланысты «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджет қаражаты есебінен бөлінетін 70 млн. теңгеге Сайқын ауылында тротуар салу, басқа ауылдарда саябақтарды және спорт алаңдарын ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарлануда. Елді мекендердің жасыл аймақ-тарын құру мақсатында Хан ордасы ауылындағы орман шаруашылығы және округ әкімшілігі тарапынан алты гектар аумаққа қарағай көшеттері отырғызылды. Осы бағытта Сайқын ауылына да бір гектар жерге жасыл желек егілді, - деген Нұрлан Сағынтайұлы мәдениет және спорт саласында да қыруар шаруа атқарылып жатқанын айта келіп, ғимараттың тарлығынан балаларды волейбол, баскетбол секцияларына көптеп тартудың мүмкіндігі болмай отырғанын алға тартты.
«Зардап шеккендердің жағдайын білді» - Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек терактіден зардап шеккендердің жағдайын білді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
-Өздеріңіз білетіндей, Қауіпсіздік кеңесінің жиынында Мемлекет басшысы қажетті шараларды жүргізуді тапсырды. Бұл - қалада қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Ішкі істер министрі мен ҰҚК төрағасы оқиғаны баяндады. Кеше таңғы сағат 10.54-те осы оқиға басталды. Ал 25 минут ішінде құқық қорғау қызметкерлері қылмыскерді ұстады. Террористік қауіптің қызыл деңгейі енгізілгенін білесіздер. Кешке 19.30-да қызыл деңгей сары деңгейге ауыстырылды. «Дабыл» операциясы бойынша құқық қорғау органдарының қызметі күшейтілді. Қазір ол алынып тасталды. Жағдай тұрақты. Кеше әлеуметтік желілерде тексерілмеген, көптеген жалған хабар келіп түсті. Атқарушы құқық қорғау органдары нақты алгоритммен бұл мәліметтерді тексеріп, шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Қылмыскер бір орында болған жоқ. Сондықтан оны ұстауға уақыт кетті. Кеше ол ұсталды, есін жиды. Одан жауап алынды. Бүгін тергеу изоляторында», - деді қала басшысы.
Сонымен қатар шаһар басшысы науқастар мен қаза тапқандар жайлы айтты. «Бес адам қаза тапты, барлығы полицей. Полицейлердің ерлік көрсеткенін атап өту керек. Ешқайсысы сасып қалмады. Қарсылық көрсетті. Туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Бүгін марқұмдардың отбасыларына аяқтай барып, көңіл айтуды жоспарлап отырмыз. Қазір үш полицей өте ауыр жағдайда. Олардың өмірі үшін дәрігерлер күресуде. Зардап шеккен тағы екі адамның жағдайы жақсы. Бүгін мемлекет басшысының тапсырысымен қаза болғандардың отбасына және зардап шеккендерге материалдық көмек көрсету туралы сәйкес қаулы шығарылды. Яғни бүгін жағдай бақылауда. Сондықтан біз құқық қорғау органдарына қолдау көрсетіп, көмектесуіміз керек», - деді Бауыржан Байбек.
Еске салайық, 18 шілдеде Алматыдағы Алмалы аудандық ІІБ және ҰҚКД ғимараттарына шабуыл жасалды. Қазіргі уақытта Алматыда «Жедел ұстау» арнайы жоспары жарияланды. Осы орайда полицейлер тұрғындарға үйлерінен шықпауды өтінген. Қаладағы барлық қару-жарақ сататын дүкендер жабылған. Үш полицияқызметкері және бір бейбіт тұрғын қаза тапқан. Шабуыл жасағандардың екеуі ұсталды», - делінген Алматы ІІД таратқан ақпаратта. Сонымен қатар Алматыда террорлық қауіптің «қызыл деңгейі» жарияланып, кейін бұл режим алынды. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың өкілдері қаладағы шабуылдарды бір ғана адамның жасағанын мәлімдеді. Сондай-ақ ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің жиынында бүгін Алматыда болған атысты теракт деп атаған болатын.
Алматыда болған оқиғаға байланысты әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы көптеген қауесет таралды. Мысалы, «Жұлдыз» ықшамауданында және Қапшағайдағы әскери бөлімге шабуыл жасалды деген ақпараттар расталмады.
«Заңды қатайту қажет» - лаңкестік оқиғаға байланысты оқырмандар пікірлері берілген.
Әділғазы Нұрғалиев, еңбек ардагері, қоғам қайраткері:
-Алматыда ойран салған мәліғұнның лаңы бүкіл қазақстандықтардың ашу-ызасын туғызды. Бес адам қыршын кетті, біраз бала мен жар, ата-ана жылап қалды. Мұсылмандықтың тура жолынан тайып, санасы уланғандардан шығып жатқан мұндай қасіреттер бізді ойлантпай қоймайды. Өткенде Ақтөбеде, енді келіп Алматыда қайталанып отыр. Меніңше, заңды қатайтпаса, әсіресе, басқа дін, өзге ағымдардың жетегінде жүргендердің аяғын жинататын тегеурінді, қатал жаза белгілейтін заң қажет. Бұл туралы өткенде Ақтөбедегі терактіден кейін Елбасымыз да айтты. Ал бейбіт тұрғындардың өмірін қиып, бейкүнә жандардың қанын төккендерге меніңше, өлім жазасын қолданбаса болмайды.
Талғат Нығметов, облыстық дін істері басқармасының басшысы:
-Елі үшін кеудесін оққа тосып, қаза болған құқық қорғау органдарының ержүрек қызметкерлерінің тума-туыстарына көңіл айтамыз. Алматыда орын алған лаңкестік оқиғаны құзырлы мемлекеттік құрылымдар жан-жақты зерттеп, қылмыскерлерге заң жүзінде қатал жаза қолданатын шығар деп ойлаймын.
Өкінішке орай, бүгінгі күні әлемде ешбір елде терактілерден түбегейлі қорғану мүмкін болмай отыр. Сондықтан азаматтарымыз күдік туғызатын жағдайларға немқұрайлы қарамай қырағылық танытып, мемлекеттік органдармен бірлесіп әрекет жасаса, нақты нәтижеге қол жеткізеріміз сөзсіз. Облыс тұрғындарын сақ болуға, күдікті заттарға мән беріп, республикалық «114» қауырт желісіне немесе біздің басқарманың 24-46-46 сенім телефондарына хабарласуын сұраймын. Бұл мәселелермен жалпы қоғам болып күресуге шақырамын!
Алдағы кыркүйек айында дін саласындағы заңнаманы қайта қарастырып, күрделі өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.
Гүлфия Көшбаева, «Нұр Отан» партиясының Қазталов аудандық филиалының сектор меңгерушісі, аудандық мәслихат депутаты:
-Апта басында Алматыда орын алған қанқұйлы әрекет - ешқандай ақтап алуға келмейтін жайт. Қазақстандықтар бұл қасіреттің тамырына тек бірлік пен біртұтастық арқылы балта шаба алады. Мұндай жағдайда бәріміз қайғыны бөлісіп, ынтымақ пен татулық танытуымыз қажет.
Бүгінгі таңда тәуелсіздігіміздің 25 жыл ішінде жеткен еліміздің жетістіктерін көре алмаушылар баршылық. Олар рухани тұрғыдан қатты әлсіреген, яғни бойында Отанға, ата-анаға немесе бауырға деген сүйіспеншілігі төмендегендермен байланыс орнатып, өздерінің арам ойларын жүзеге асыруда. Өткенде Ақтөбеде, күні кеше Алматыда болған оқиға да соған себеп. Сондықтан барлығымыз да діни тұрғыдан барынша сауатты әрі қырағы болайық дегім келеді.
«Бес жылда - 504 жоба!» - А.Өтебәлінің мақаласында индустрияландыру мәселесі көтерілген.
Индустриялизациялауды дамыту - ел экономикасы саясатының басым бағыттарының бірі. Осыған орай Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында жеделдетілген индустриялизация мен инфрақұрылымды дамыту мәселесіне баса назар аударуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде индустриялизациялау үдерісі жедел қолға алынып, экономикамыздың дамуына серпін беретін бірқатар бағдарламалар жүзеге асырыла басталды. Бұл ретте еліміздің әр жылдарға арналған үдемелі индустриалдық-инновациялық дамуы бойынша мемлекеттік бағдарла-маларының ықпалы көп болды. Солардың бірі - «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы. Бұл бағдарламаның басты мақсаты - экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ бар жұмыс орындарын сақтау және тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру болып табылады. Аталмыш бағдарламаның бірінші кезеңі 2010-2014 жылдар аралығында жүзеге асырылса, екінші кезеңі 2015-2020 жылдары іске асырылуы тиіс.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы қызметкерлерінің мәлімдеуінше, 2010-2015 жылдары «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын іске асыру мақсатында 504 жоба мақұлданып, кредиттердің жалпы сомасы және тартылған инфрақұрылымы 54,9 млрд. теңгені құраған. Бұл жөнінде нақтырақ айтар болсақ, 2010 жылы 5,7 млрд. теңгеге 24 жоба, 2011 жылы 4,7 млрд. теңгеге 43 жоба, 2012 жылы 14,2 млрд. теңгеге 108 жоба, 2013 жылы 15,0 млрд. теңгеге 98 жоба, 2014 жылы 9,4 млрд. теңгеге 123 жоба, 2015 жылы 5,9 млрд. теңгеге 108 жоба жүзеге асырылған. Агроөнеркәсіп кешені, жеңіл өнеркәсіп, тағам өнімдерін өндіру, жиһаз, құрылыс материалдары, металл өңдеу, көлік және машина жасау саласында жүзеге асырылған бұл жобалардың нәтижесінде 3,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Егер бұларды әр жылдарға бөліп айтар болсақ, 2010 жылы - 741, 2011 жылы - 599, 2012 жылы - 660, 2013 жылы - 700, 2014 жылы - 612, 2015 жылы 205 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 2016 жылдың алты айында тағы 31 жоба 5606,1 млн. теңгеге мақұлданды. Биылғы жобалар түгелдей жүзеге асып жатса, тағы біраз жұмыс орны ашылып, жұмыссыз жүргендердің нәпақасын табуына мүмкіндік туар еді.
Кәсіпкерлікті қолдаудың тағы бір түрі - мақұлданған жобаларды демеуқаржылау (субсидиялау). Демеуқаржы кәсіпорынның банктерден алған несиесін арзандату үшін беріледі. Мысалы, қалалық кәсіпкер өндіріс орнын одан әрі дамыту үшін банктен 14 пайызбен несие алса, мемлекет соның жеті пайызын, ал ауылдық кәсіпкер несиесінің 10 пайызын өтеп береді, қалған пайызын кәсіпкердің өзі төлейді. Бұл білген кісіге мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен көмек. Мемлекет келешегі жарқын кәсіпорындарға қолұшын созуға қашан да ниетті.
Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімі бойынша өңіріміздің бірқатар инновациялық маңызы зор жобалары 2010 жылдан бастап субсидияланып келе жатыр. Оларды таратып айтар болсақ, 2010 жылы облыс бойынша 21 жоба 5585,6 млн. теңгеге, 2011 жылы 36 жоба 4 119,90 млн. теңгеге, 2012 жылы 105 жоба 13951,5 млн. теңгеге, 2013 жылы 64 жоба 13 103,30 млн. теңгеге, 2014 жылы 86 жоба 6716,8 млн. теңгеге, 2015 жылы 101 жоба 5777,1 млн. теңгеге, 2016 жылдың алты айында 31 жоба 5606,1 млн. теңгеге мақұлданды. 2010-2016 жылдар аралығында өңірімізде барлығы 54860 млн. теңгеге 444 жоба субсидияланған. Сондай-ақ осы жылдар ішінде 91 жобаның өндірістік инфрақұрылымын дамыту үшін мемлекет тарапынан 5681,8 млн. теңге бөлінген.
Бұдан басқа мемлекет кәсіпкерлік саласын дамыту үшін бағдарламаның төртінші бағытына сәйкес «Бизнес кеңесші» бағдарламасын да жүзеге асыруда. Бұл бағдарлама бойынша кәсіпкерлік негізіне оқытудың қысқа мерзімді курстары жүргізілуде. 2010 жылдан бастап күні бүгінге дейін 4,2 мың кәсіпкер оқытылды. Нақтырақ айтсақ, 2010 жылы 629, 2011 жылы 605, 2012 жылы 817, 2013 жылы 943, 2014 жылы 914, 2015 жылы 985 адам аталған курста оқып, кәсіпкерлікті жүргізу бағытында толық мағлұмат алды. 2011-2015 жылдары шағын және орта бизнестің топ-менеджментін оқыту жобасы бойынша «Назарбаев университеті» АҚ-ның бизнес-мектебі базасында 53 топменеджер оқытылса, тек былтырдың өзінде 14 адам аталған бизнес-мектептен білім алып, жеке кәсіптерін игеру тәсілдерін үйреніп шықты. Ағымдағы жылы жоғары кәсіпкерлік мектебінде оқығысы келген 11 үміткердің кандидатурасы мақұлданды. Сондай-ақ «Іскерлік байланыс» жобасының бірінші кезеңіне қатысу үшін облыстан 81 кәсіпкер жіберілді, 11 кәсіпкер шетелдік тағлымдамадан өтті. Өткен жылы осы жобаға 15 адам қатысып, бір кәсіпкер шетелдік тағылымдамадан өтіп қайтты. Бір сөзбен айтқанда, 2010 жылдан бастап бизнесті жүргізуге сервистік қолдау аясында 15,2 мыңнан астам кәсіпкерге қызмет көрсетілді. Өткен жылдың өзінде 1084 кәсіпкер сервистік қолдаудың игілігін көрді.
Бұдан төрт жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 2012 жылдың сәуірінде «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге 3 млн. теңге көлемінде мемлекеттік гранттар беру жөнінде шешім шығарылған болатын. Мемлекеттік грант бөлудің негізгі мақсаты - экономиканың басым секторларында жаңа іс бастағысы келген жас кәсіпкерлер мен әйелдерді және мүгедек кәсіпкерлерді қолдау. Бағдарламаның шарты бойынша қайтарымсыз қаржылай көмек бүгінгі заман талабына сай, тиімді әрі өзіндік жаңалығы бар инновациялық жобаларға ғана берілуі тиіс. Және бұл қаражат кәсіпкерлікпен айналысқанына үш жыл болған кәсіпкерлерге ғана берілуі керек.
Кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жасалған мұндай қамқорлық біздің өңірімізде де кеңінен қолдау тапты. Облыс бойынша 2012-2016 жылдар аралығында 60 кәсіпкер жалпы сомасы 130 млн. теңгені құрайтын инновациялық гранттарға ие болды. Бұл жөнінде нақтырақ айтар болсақ, 130 млн. теңге көлеміндегі мемлекеттік гранттың 79,033 млн. теңгесін оралдық кәсіпкерлер алса, 12,200 теңгесін Зеленов ауданының кәсіпкерлері олжалапты. 7,620 млн. теңгені Қазталовтың және 7,300 млн. теңгені Сырым ауданының кәсіпкерлері иеленсе, 4,789 млн. теңге Қаратөбе ауданының, 4,500 млн. теңге Ақжайық ауданының азаматтарына бұйырыпты. Сондай-ақ Жәнібек ауданына 3,940 млн., Бөкей ордасы ауданына 3,555 млн. теңге, Теректі ауданына 3,350 млн. теңге бөлінді. Өнеркәсіп орталығы саналатын Бөрлі ауданының тұрғындары бар болғаны 3,318 млн. теңгеге ие болса, жаңақалалық кәсіпкерлер тек 395 мың теңгені місе тұтыпты. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы қызметкерлері берген мәліметке сенсек, 2012-2016 жылдар аралығында Жаңақала ауданынан мемлекеттік грантқа тек бір ғана жоба ие болса, Шыңғырлау мен Тасқала ауданы кәсіпкерлері әлі күнге дейін мұндай тегін қаражатты олжалай алмапты.
2016 жылы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын іске асыру аясында республикалық бюджеттен жеке кәсіпкерлікті қолдауға 2,2 млрд. теңге нысаналы трансферттер қарастырылды. Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін көрсетілген қаражаттың 762,14 млн. теңгесі игерілген. Сондай-ақ индустриалдық ифрақұрылымды дамытуға бағытталған қаражаттың бөлінуі қазіргі уақытта нақтылануда.
«Біз бұл жолы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан көмекті тілге тиек еттік. Елімізде кәсіпкерліктің қарқынды дамуына бұдан басқа да бағдарламалар, мысалы, «Жұмыспен қамту - 2020», «Өнімділік - 2020», «Агробизнес - 2020» секілді мемлекеттік бағдарламалар ықпал етуде. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осындай қолдау-көмектің нәтижесінде елімізде кәсіпкерліктің көкжиегі кеңіп келеді», делінген мақала соңында.
Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануы газет оқырмандарының оң ықыласын туғызып келеді. «Нұр Отан» партиясы Зеленов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Дүзбатырдың «138 дауыс - әлемнің әділ бағасы» деген пікірі соған дәлел.
Еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануы бұл - сыртқы саясаттағы айтулы жетістігіміз, мемлекеттік мәртебеміз және жаһан алдындағы зор жауапкершілігіміз.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық белесінде орын алған тарихи оқиғаның артында халқымыздың «Істің қалай бітері - бастауынан» дейтін бек қағидасы тұр. Олай дейтініміз, тәуелсіздігін жаңа ғана жариялаған жас мемлекеттің өз меншігіндегі зымырандық-ядролық қару-жарақтан түбегейлі бас тартуы - дүйім дүниеде бұрын-соңды болмаған құбылыс. Еліміздің әлемге паш еткен бейбітсүйгіштік ұстанымы нақ осы сәттен басталды. Одан берідегі ширек ғасыр бедерінде қай мінберден де Қазақстанның айтып келе жатқаны - татулық, келісім һәм берекелі тірлік. Біздің еліміз ешқашан бейбіт мақсатынан, берік ұстанымынан айныған емес. Берекелі бірлік пен келелі келісімнің болуы тұрақты дамудың кепілі екендігін Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөзімен де, ісімен де сан мәрте дәлелдеп келеді.
Қай мәселеде де өз ұстанымын айқын әрі орнықты дәйектейтін еліміздің халықаралық аренадағы беделінің мойындалуы алдағы уақытта да аса зор жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Еліміз Орталық Азия аймағынан айтулы Кеңес құрамына енген тұңғыш мемлекет болғандықтан, жалпы адамзаттың баянды болашағын қамтамасыз ету жолындағы батыл бастамаларының орнықты іске асуына ерекше мүдделілік танытуы тиіс. Өйткені миссиямызды қолдап дауыс берген 138 мемлекеттің үкілі үміттерін ақтау елдік сын. Осы тұста әркімнің көкейінде «Әлем елдерінің басым бөлігі неге Қазақстанды таңдады?» деген заңды сұрақ бас көтереді. Бұл - қауіпсіз ғалам құру жолында тың бастама ұсынған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігіне деген әлемнің әділ бағасы. Бұл - еліміздің сыртқы саясатының қуаты, Ұлы дала елінің әлем алдындағы беделі.
«Бәсі биік кеңесте әлемнің әбден асқынып, толғағы толған мәселелері талқыланатынын білеміз. Ендеше, Ұлы дала елі жер жаһандағы қатерлі індеттер қаупін азайтуға, ашаршылықпен шынайы күресуге, лаңкестік зардаптарының мейлінше жойып, тұрақты дамудың әлемдік сипат алуына ықпал етпек. Осылайша Отанымыз ғалам тыныштығына қызмет етіп, адамзат бесігінің тыныш тербелуіне іс жүзінде сүбелі үлес қоспақ», деген Н.Дүзбатыр.
«Орал өңірі» газетінің 23 шілде күнгі нөмірінің басты материалы - «Бағдаршамның жыры бітетін түрі жоқ...» (Нұрбек Оразаев).
«Орал өңірі» газетінің 2015 жылғы 13 қаңтардағы №4 санында «Қай қиылысқа бағдаршам қажет?» атты мақала жарияланған болатын. Көпшіліктің көкейіндегі мәселе қала тұрғындары, қоғамдық және жеңіл көлік жүргізушілері, қала берді, жаяу жүргіншілер арасында сауалнама жүргізу арқылы көтерілген еді.
Іле-шала редакция тарапынан осы мәселелердің анық-қанығын, шешілу жолдарын нақтылай түсу үшін Орал қаласының әкімдігі мен қалалық ішкі істер басқармасының назарына қызметтік хат та жолданды. Жоғарыдағы материал газет бетінде жарық көрісімен ғаламтор арқылы қолдаушылар мен пікір айтушылар көбейді. Олардың бірсыпырасы «Сайттан ескен самал» айдарымен газет бетінде тағы жарияланды.
Құзырлы құрылымдардан көп кешікпей төмендегі мәтінмен жауаптар келіп жетті. «Бағдаршам орнатылмақ» деген қуанышты тақырыппен газеттің келесі санына тағы мақала бердік. Дегенмен оқырман қозғаған орынды мәселе әлі күнге дейін нақты шешімін тапқан жоқ. Бала кезімізде айтылып, орындалмаған нәрсені үлкендердің аузынан «Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деген сөз тіркесін естуші едік. Бұл мәселеге де сол сөз келетін сияқты ма?
Жоғарыда айтқанымыздай, келіп жеткен жауаптарды оқырманның, қала берді, құзырлы органдардың ойына тағы бір қайталап салсақ: «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Б. Ғұбайдуллинге. Сіздің 2015 жылғы 21 қаңтардағы бағдаршам орнату туралы №411 хатыңызға орай Орал қаласының әкімдігі келесіні мәлімдейді. Бүгінгі таңда Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімімен, қаланың көше-жол желісінің ескі үлгідегі алты бағдаршам нысанын ауыстыруға жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып, одан басқа қаланың жаңа шағынаудандар салынуымен және апатты әрі қауіпті көше қиылыстарында жаңадан бағдаршам нысандарын орнатуға жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтуде. «Орал өңірі» газетінің оқырмандары көтеріп отырған орындарға бағдаршам нысандарын орналастыру ұсыныстары, жол қозғалысы қауіпсіздігін қадағалау комиссиясында қарастырылатын болады. Орал қаласы әкімінің орынбасары Ғ. Орынғалиев».
Ал Орал қалалық ІІБ басшысы, полиция полковнигі М. Ғабдуллиннен келген жауап мәтіні төмендегідей: «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Б. Ғұбайдуллинге. Сіздің 2015 жылғы 21 қаңтардағы бағдаршам орнату туралы №411 хатыңызға орай Орал қалалық ІІБ ӘПб инспекторлары бағдаршам орнату мәселелері бойынша тексеріс өткізді. 2015 жылы Пугачев пен Чагана Набережная көшелерінің қиылысына бағдаршам орнату жоспарланып отыр, басқа орындарға бағдаршам қаражат түсуіне байланысты орнатылады».
Оқырман келісетін шығар. Екінші хатқа көз жүгіртсек, тіпті көңілге мол үміт ұялатып тұр... Дегенмен газет оқырмандарының өздері көтерген өткір мәселені газет бетіне жариялағанымызға да бір жыл жарым уақыт өтіпті. Сол уақыттан бері көлік жиі кептелетін, жаяу жүргіншілер көп өтетін жерлерде бағдаршамның жоқтығынан қаншама жүргінші жарақат алып, мүгедек атанды. Ең өкініштісі, қаншама адам қайғылы қазаға ұшырады?!. Ал ондай оқиғалардың алдағы уақытта да орын алмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан бағдаршамның жыры бітер түрі жоқ, әзірге «Сақтансаң, сақтармынды» мықтап ескеріп жүргеннен басқа амал жоқ, жүргінші...
«Ішкі істер органының мәліметтеріне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы екі түрге бөлінеді екен. Яғни біріншісі - реттелетін жол қиылыстарында орын алған жол-көлік оқиғасы, екіншісі - реттелмейтін жерде орын алған жол-көлік оқиғасы. Қарапайым тілмен айтқанда, бағдаршам бар жерде және бағдаршам жоқ жерде болған жол-көлік оқиғалары. Осы жылдың алты айында реттелетін қиылыста алты жол-көлік оқиғасы орын алған. Нәтижесінде бір адам жарақат алып, бір зардап шегуші көз жұмған. Ал реттелмейтін жол қиылысында 13 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан 14 адам түрлі дене жарақаттарын алып, бір адам қаза тапқан», деген деректер де келтірілген мақалада.
«Мәңгілік махаббат жыры» (Гүлжамал Жолдығали) атақты кино әртістері Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешеваға арналған.
Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбеков пен ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Меруерт Өтекешеваның «Мәңгілік махаббат жыры» атты кездесу кеші өтті.
Жастар шығармашылығының ұйымдастыруымен өткен шараға өнерсүйер қауым көп жиналды. Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Ақ Жайық атырабына ат басын бұрған өнер тарландарына Ақ Жайық жұртшылығының атынан ризашылығын білдірді.
-Сіздер өмірлеріңізді өнерге арнап, кино мен театр өнерінің талай биік белестерін бағындырып келесіздер. Бүгінгідей зор құрмет пен ел-жұрттың ыстық ықыласына табиғи дарын және адал еңбектеріңізбен қол жеткіздіңіздер. Киелі сахнада қол ұстасып келе жатқан сіздерді көрермен қауым махаббат символы ретінде құрмет тұтады. Ал сіздердің ғибратқа толы өмірлеріңіз өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге, - деді өз сөзінде Марат Лұқпанұлы.
Өздерін тек қазақ елі емес, сол кездегі Кеңес Одағына әйгілі еткен «Қыз Жібек» фильмінен бөлек, М. Әуезов атындағы академиялық театрдың сахнасында талай кейіпкерді сомдап жүрген қос саңлақ жиылған жұртшылықпен емен-жарқын әңгімелесті. Ақтарыла сыр айтқан Меруерт Өтекешева «Қыз Жібек» фильміне түсудің оңай болмағанын айтады.
-Сол кезде мен 10-класта оқитынмын. Киноға түсуге кастинг өтіп жатқаны туралы хабарламаны көрген бойда киностудияға өзім барып, суретке түсіп кеттім. Біраз уақыттан соң бізді өнер көрсетуге шақырды. Сол кезде еліміздің әр түкпірінен жиналған 400-500-дей кілең әдемі қыздарды көргенде шошып, кері кетіп қалғым келді. Бірақ мені алғаш қабылдаған киностудиядағы Ғалия апа тоқтатты. Әрине, әңгіме өте көп болды. Бірақ белгілі өнер тарландарының ортасында ойнайтын болғандықтан, өз рөлімді нашар ойнауға қақым жоқ еді. Өнер саңлақтары Фарида Шәріпова, Гүлфайруз Исмаилова, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуарбек Молдабеков, Асанәлі Әшімов сынды әріптестерден көп нәрсе үйрендім. Халыққа танымал өнер жұлдыздарының ортасына түскенде мен мектептен енді ғана келген бойжеткен болатынмын. Бірақ олар мені өнерге баулыды. Кинофильмнің бас режиссері Сұлтан Қожықов өте керемет адам еді. Шындығында, «Қыз Жібек» фильмі арқылы маған өнер жолы ашылды. Сондықтан да мен өте бақыттымын, - деп сөзін сабақтаған актриса сол жылдардағы «Қыз Жібек» фильмінің афишасы болған плакатты облыстық өлкетану музейіне табыс етті.
Ал әу-бастан-ақ жұртшылықты әзілімен баураған Құман Тастанбеков Қыз Жібек пен Төлегенін емен-жарқын қарсылаған Жайық жұртшылығына ризашылығын білдірді.
-«Қыз Жібек» фильмінің көрерменге жол тартқанына 45 жыл болды. Киноға түсу оңай болған жоқ. Аш болған кездеріміз болды. Тамақ күтеміз, одан қалды түсірілетін кинокадрларға қажетті күн райын бағып, «Жаңбыр қашан жауады, күн қашан шығады?» деп күтеміз. Көп көріністер фильмге енбей қалды. Бірақ ол материалдар бар. Бүгінгі кездесуде облыс әкімі Алтай Сейдірұлы «Қыз Жібек» фильмі қалай түсірілді?» деген деректі фильмді түсіруге қолдау білдіретінін айтты. Біз бұған қуаныштымыз, - деді.
Көрермендерге рухани азық сыйлаған шуақты шарада сөз алған ақын Ақұштап Бақтыгереева махаббаттың шынайы үлгісін көрсетіп, өнерде де, өмірде де қол ұстасып келе жатқан қос ғашыққа ақ тілегін арнап, «Жүре бер арамызда ел қуантып, бүгіннің Жібегі мен Төлегені» деген жүрекжарды жыр жолдарын жолдады. Кездесу кешіне жиналған жұртшылықтың ішінде аудан-ауылдардан арнайы келген көрермендер де аз болған жоқ. Екіжақты диалогқа құрылып, шынайы әрі жанды өткен кездесу кешінде көрермендер өнер саңлақтарына көкейдегі сұрақтарын қойды. Желаев кентінің тұрғыны Төлеген Қопашев Қыз Жібек пен Төлегенге Жайық бойынан ескерткіш орнатылса деген ұсынысын білдірді. Кештің жүргізушісі, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин бұл орынды ұсыныстың осыдан төрт-бес жыл бұрын облыстық «Орал өңірі» газетінде көтерілгенін тілге тиек етті. Ал Құман Тастанбеков бұл ұсынысқа өз ойын былай жеткізді:
-Тараз қаласында үлкен саябақта Қыз Жібек пен Төлегенге арнап биіктігі үш метрдей ескерткіш орнатты. Содан кейін Қызылорда облысындағы Арал қаласындағы мәдениет үйінің алдында Жібек пен Төлегенді екі тұлпарға мінгізіп, ескерткіш тұрғызды. Жайық елінде де махаббаттың символы болған Жібек пен Төлегенге ескерткіш орнатылса, қандай жарасымды! Шындығында, шаңырақ көтерген жастар баратын жер болу керек. Осындай ойларыңыз болса, біз құрметпен қараймыз.
Әсерлі өткен кездесу кешінде белгілі актриса Меруерт Өтекешева жастарға қаратып, «Махаббат бар, оны аялай біліңдер!» деген өсиетін айтты. Ал Құман Тастанбеков сүйікті жарына ел алдында махаббат әнін шырқап, жұбайлар сыйластығының шынайы үлгісін көрсетті. Кездесуге жиналған жұртшылық әсерлі әңгіме, әуезді ән, күмбірлеген күй тыңдап, бір жасап қалғаны анық. Кеш соңында көрермендер өнер жұлдыздарымен естелік суретке түсіп, қолтаңба жаздырып алып жатты.
«Олимпиада қатысушыларына қолдау» (Н.Оразаев) атты ақпаратта облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған және «Олимпиада қатысушыларына қолдау көрсету» ұранымен «Ұлт рухы» тақырыбында этномәдени бірлестіктері ұжымдары арасында облыстық жарыс өткені айтылған.
Теннис орталығында өткен жарыстың ашылусалтанатында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы Ғайса Қапақов сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа қатысқан 300 спортшы шағын футбол, волейбол, дойбы, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерінен сайысқа түсті.
Аталмыш додаға «Еділ-Жайық қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі, «Татар мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі, «Масис» армян бірлестігі, «Кәріс этномәдени бірлестігі», әзірбайжан «Бірлік» мәдени-ағартушылық қоғамы, «Еднання» украин этномәдени бірлестігі, «Грамада» этномәдени бірлестігі және жеті ауданнан келген командалар қатысты.
Екі күнге созылып, тартысты өткен жарыста Ақжайық ауданының командасы ерлер арасындағы волейболдан, дойбыдан, тоғызқұмалақтан бірінші орынды иеленіп, командалық есепте алға шықты. Ал Сырым ауданынан келген спортшылар әйелдер арасындағы волейболдан, шағын футболдан, тоғызқұмалақтан оза шауып, жүлделі екінші орынды иеленді. Жарыстың үшінші орны бөрлілік спортшыларға бұйырды.
Жеңімпаз командалар мен жекелеген аталым иелеріне БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы атынан бағалы сыйлықтар, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының атынан дипломдар мен кубоктар табыс етілді.
Домбырашы-ұстаз, БҚМУ-дың магистранты Асқар Кенжеғалиев «Саратовта «Ерке сылқым» шалқиды» деген жолжазбасында Махамбет атындағы БҚМУ-дың жолдауымен Ресейдің Саратов қаласындағы Н. Чернышевский атындағы СМУ-да ғылыми-тәжірибелік тағылымдамада болып қайтқанын тілге тиек еткен.
-Сапар барысында магистрлік диссертация тақырыптарымен бөлістік, тәжірибе алмастық, семинарларға қатысты, - дейді автор. Кейін өзімнің салам бойынша домбыра өнерінің жағдайы мен дамуын білу мақсатында ондағы домбырашы-ұстаздарды іздестірдім. Сөйтіп, Жазира есімді ұстаздың "Азия" кафесіндегі кішігірім жұмыс бөлмесіне келдім. Бөлме іші қазақы бағытта барынша әшекейленіпті. Сабақ оқушылар айнала отырған аласа жер үстелде өтіп жатыр. Қатысушылар қатарында ересектер де бар екен. Олар нота парақтарын ежіктеп оқып, әр түрлі күйлер мен әндерді орындап отыр. Оқушылармен танысып, Орал қаласында "Ақжелең" атты мектеп-студиямның барын, онда өздері секілді оқушылармен қатар ересектерге де домбыра үйрететінін айттым. Әсіресе, украин ұлтының 61 жастағы А.Величко есімді ақсақалдың домбыра үйреніп жүргендігі оларды таңғалдырды.
Саратовтық өнерпаздар репертуарларындағы Құрманғазының "Балбырауын", Ә. Желдібаевтың "Ерке сылқым", Қ. Ахмедияровтың "Алтын ұя", М. Әубәкіровтің "Талас" сынды күрделі күйлермен қатар біраз әндер арқылы қазақы тойларда, Алғай, Дергачи, Маркс және басқа да көптеген ауылды мекендерде өнер көрсетіпті.
-Наурыз мейрамы қарсаңында Саратов облысына келген бұрынғы БҚО әкімі Нұрлан Ноғаев өнерімізді тамашалады. Мереке барысында домбырашыларға ризашылығын білдіріп, «Бізден қандай көмек керек?» деді. «Алты домбыра, қазақтың сахналық үлгідегі алты ұлттық киімі керек еді» дедім. Бірер аптадан кейін Оралдан сұраған дүниелерім жетті. Қатты қуандым. Бірде Алтай Көлгінов те (ол кезде Орал қаласының әкімі) өнерімізге тәнті болып, байланыс телефонын қалдырып, «Қандай көмек қажет? Хабарласыңдар» деді. Ел ағаларына өте ризамын. Осы сұхбатты пайдалана отырып, оларға алғысымды жеткізгім келеді. Үйірмені Саратовтағы қазақ кәсіпкерінің қолдауымен «Азия» кафесінің бір бөлмесінде жүргізудеміз. Әрине, арнайы оқу ғимараты болғанын қалаймын. Жастар қазақтың домбырасына көбірек үйір болса екен деймін. Өзім туралы айтар болсам, Жазира Аралқызы Жақсыбаева (Тамашева) - 1975 жылы 6 қарашада Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданында дүниеге келдім. 1994-1999 жылдары Құрманғазы атындағы саз колледжінің вокал мамандығы бойынша тәмамдадым. Бітірісімен Саратовтың Ершов ауылында қазақ жігітімен тұрмыс құрып, кейін дәм-тұзымыз жараспады. Айдана, Дияр есімді ұл-қыз тәрбиелеп отырмын. Денсаулығыма байланысты І топ мүгедегімін. Сол себепті Саратов қаласынан ұзақ уақытқа алысқа шыға алмаймын. Оқушылармен жұмыс барысында әдіс-тәсілдерім жетпей жатады. Әйтпесе, біраз ізденіп, көптеген ойларымды жүзеге асырар едім, - дейді Жазира.
Бірер күн қол қойылымы, саусақтарды дұрыс басу, басқа да әдістермен жұмыстанып, сабақ бердім. Алдағы уақытта ғаламтор арқылы сабақтар жүргізіп, тәжірибе алмасуға әзір екенімді айттым.
Осынау сапардан түйгенім, біздің тарапымыздан Ресейдегі домбырашы мамандарды оқыту, арнайы курстарға шақыру, оқу орталықтарын қалыптастыру, ансамбль, оркестр құрылуына жағдай жасау секілді жүйелі жұмыстар жүргізілсе деймін. Тәжірибемнен өткендей, домбырамен әр түрлі ән айту арқылы қазақ тілін үйрететін арнайы бағдарламалар жасақтап, жүзеге асыруға болады. Өзім ашқан "Ақжелең" мектеп-студиясы үш жылға жуық уақыт бойына қала тұрғындарын домбырамен күй тартып, ән айтуға үйретіп келеді. Кейін дәл осындай студия күй астанасы атанған Жаңақала ауданындағы Рухани орталықта да ашылғаны қуантады.
«Домбыра өнері - тек Қазақстанда ғана емес, Ресейде де дамып, қолдау көрсе деймін. Ұлы күйші Құрманғазы бабамыздың Ресейдің Алтынжар топырағында жатқаны осыны меңзейтіндей», деп түйіндеген ойын автор.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Аймұрзиева «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» деген мақаласында аталмыш көкейкесті мәселені сөз еткен.
Өткен жылы елімізде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң қабылданды. Медициналық сақтандыру - халықтың денсаулығын қорғау жүйесі. Аталмыш сала қордағы қаражат есебінен азаматтардың тегін медициналық көмек алуына кепілдік беруді көздейді және мемлекеттің, жұмыс беруші мен азаматтардың денсаулық сақтау бойынша ортақ жауапкершілігін қамтамасыз етеді. Барлық деңгейдегі мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын тегін денсаулық сақтаудан медициналық сақтандырудың айырмашылығы осында. Медициналық сақтандыру міндетті және ерікті сақтандыру жолымен жүзеге асырылады.
Өзге елдердегі секілді бізде де инфекциялық емес аурулардың көбеюі, денсаулық сақтау саласын заманауи технологиялармен, жабдықтармен қамтамасыз ету және қартайған адамдар санының артуы мемлекет тарапынан көп шығынды талап етеді. Осы проблемаларды шешу үшін қосымша қаржыландыру көзі керек. Иә, қазіргі таңда жұқпалы эпидемиялық ауруларды толыққанды жеңдік, ал жұқпалы емес аурулар, мысалы глаукома, қант диабеті, жүрек-қан тамыры аурулары, жарақаттану т.б. белең алып келеді және өз тарапынан көп шығынды қажет етеді. Денсаулық сақтау проблемасы жөніндегі жауапкершілік мемлекетке де, онда өмір сүріп жатқан адамдардың барлығына да ортақ болуы тиіс. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды әртараптандыру, озық елдердегі секілді халықтың өмір сүру дең-гейін көтереді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенде адамдардың амбулаторлық ем қабылдауға, алғашқы медици-налық-санитарлық көмек алуға қолжетімділігі артып, дәрігерлер жүктемесі азаймақ. Бүгінде ден-саулық саласын кадрлармен қамтамасыз етуде жүйесіздіктің, кезек күту секілді көріністердің барлығы рас. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу арқылы Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдеріндегі стандарттарға жуық-татып, әр дәрігерге жүктемені 2000 адамнан 1500 адамға дейін төмендетуге қол жеткізілмек. Әрине, жүктеме азайғанда ем сапасы жоғарылайтын болады.
Жалпы еліміздің денсаулық саласында міндетті әлеуметтік медициналық жүйенің енгізілуіне кадрлар даярлау өзекті мәселе болса да, Батыс Қазақстан облысында даярлығы жақсы, әлеуеті жоғары деңгейдегі кадрлар ресурсы бар. Облысымыздың меди-циналық техникалық әлеуеті де жоғары.
Сарапшылардың болжамы бойынша МӘМС-ті енгізгеннен соң еліміздегі медициналық көмек көрсетудің деңгейі айтарлықтай өсіп, сондай-ақ дәрігерлердің жалақысын арттыру мүмкіндігі пайда болмақ. Ауруханалар жоғарғы санатты жабдықтар мен қымбат дәрі-дәрмектер ала алатын болады. Қазақстанда үздік халықара-лық тәжірибені есепке ала отырып мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде әзірленген медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары басталады.
Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары, мүлікті жария ету жөніндегі комиссия төрағасы Біржан Қуанәлиев «Жария етуге мол мүмкіндік» мәселесін қозғаған.
Оның хабарлауынша, Жәнібек ауданы бойынша күні бүгінге аудан әкімдігі жанындағы мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссияға 29 өтініш түсті. Бұл мүлік нысандарының жалпы құны 167 миллион 500 мың теңге құрайды. Осы нысанның бесеуі тұрғын үй саласына жатса, ал тұрғын үй емес нысанға 24 нысан кіреді. Тұрғын үй емес 24 нысанның ішіндегі 17-сі коммерциялық нысандар, нақтырақ айтқанда, дүкендер, тойханалар, асханалар және тағы басқа да нысандар болып табылады.
Жоғарыда айтылған 29 нысанның 21-іне мүлік жария етілді. Ол нысандардың екеуі тұрғын үй болып саналып, жалпы құны 6 миллион теңгені құрады. Ал тұрғын үй емес нысандардың саны 19 болса, олардың жалпы құны 118 миллион 500 мың теңгеге бағаланды. Солардың ішінде 13-і коммерциялық нысандар қатарына жатқызылып, олардың құны 80 миллион теңгені құрады.
Аудан әкімдігі жанындағы мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссияға түскен жеті өтініш мүлікті жария ету заңнамасына сәйкес, дәлірек айтқанда, топтамада берілген құжаттардың толық емес болуы, берілген құжаттардың ішіндегі қателіктерді өшіру, бояу, тағы басқа және арыз иесінің өтінішін қайтарып алуы сияқты себептерге байланысты кері қайтарылып отыр. Сондай-ақ бір өтініш қазір қаралу үстінде.
Биыл жыл басынан бері мүлікті жария ету науқанына байланысты аудандық газетке 15 мақала жарияланса, аудан әкімдігінің интернет ресурсына бес мақала берілді. Сол сияқты аудан орталығында мүлікті жария етуді жарнамалайтын жеті билборд ілініп, аудан әкімдігі жанындағы мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссияның қабылдау орнында ақпараттық тақта орнатылды. Сонымен қатар 2014 жылдан бастап бүгінге дейін аудандық мүлікті жария ету жөніндегі комиссия мүшелерімен төрт дөңгелек үстел оздырылды.
Қорыта айтқанда, 2016 жылдың 1 желтоқсанына дейін мүлікті жария ету жөніндегі жеңілдіктерді аудан тұрғындары тиімді пайдалануға тиіс.
«Әскерилер арасындағы тіл байқауы» - Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығында мемлекеттік тілді жетік меңгерген, ұлты қазақ емес әскери қызметкерлер арасындағы «Мемлекеттік тіл - менің тілім» байқауының екінші кезеңі мәреге жеткені айтылған.
Байқау-сайыс үш айналымнан тұрды. «Бастау», «Өрлеу», «Баяндау» сынды сайыс кезеңдерінде қатысушылар өздерін таныстырып, түрлі тақырыптар бойынша мақал-мәтел айтып, көркемсөз оқып, сахналық көріністер қойып, Отан, патриоттық сезім, адамгершілік, отбасы мен бала тәрбиесі сынды өзекті тақырыптарда ойларын баяндады. Қысқасы, тілді қаншалықты меңгергендіктерін көрсетті.
Аталмыш сайыста Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Жаңаөзен және Орал қалаларында орналасқан әскери бөлімдерден келген аға лейтенант Станислав Вдовкин, ефрейтор Рамиль Мазитов, кіші сержант Расул Тохтамов, қатардағы жауынгер Роман Ананьнев, ефрейтор Иномжан Сабиров, сержант Станислав Котенко «Өнер алды - қызыл тіл» екенін терең түсінетін, тілге деген құрмет, лтипаттары ерекше жандар екенін бірден аңғартты.
Байқау қорытындысында Оралдағы 5517-әскери бөлімнің әскери қызметкері, сержант Станислав Котенко жеңімпаз атанып, Астанада өтетін қорытынды кезеңге жолдама алса, 5546-әскери бөлімнен келген ефрейтор Рамиль Мазитов (Атырау ) екінші, 6656-әскери бөлімнің кіші сержанты Расул Тохтамо (Ақтау) үшінші орынды иеленді.
Жүлдегерлер мен қатысушылар өңірлік қолбасшылық қолбасшысының дипломдарымен, алғысхаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сайыс соңы Орал қалалық жастар мәдениет үйі өнерпаздарының концертіне ұласты.
«Жарайсың, Өмірбек!» - БҚО кәсіпкерлер палатасы Бөкей ордасы аудандық филиалының заңгер-кеңесшісі Жалғасбек Ташуов Елбасының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» мақаласына сәйкес атқарылған жұмысты хабарлаған.
Соңғы жылдары ауылдың деңгейін көтеріп, жағдайын жақсарту үшін қомақты қаржы бөлінуде. Сол себепті халық қайтадан ауылға бет бұра бастады. Ауыл шаруашылығын жанына серік етіп, ата-бабамыздың төл кәсібі - мал өсірумен, сонымен қатар қазір бау-бақша өсірумен шұғылданып жүргендердің еңбегі еш кетіп жатқан жоқ.
Биыл бағбандар үшін Орда өңірінде ауа райы қолайлы. Сол себепті БҚО кәсіпкерлер палатасы Бөкей ордасы аудандық филиалы ауданда кенжелеп қалған бақша шаруашылығын дамыту мақсатында жұмыстанып, Мұратсай ауылдық округінің тұрғыны Өмірбек Мұқанғалиевке хабарласып, кеңес берген болатын. Қазір Өмірбек Мұқанғалиев Мұратсай ауылының қасынан бақша егіп, көкөністері ауыл тұрғындарының көңілінен шығып, өз жемісін көруде.
Шілде, тамыз айлары - жиын-терімнің қызатын шағы. Сонау көктемнің күн күлген сәттерінен бастап, жүйекке көкөніс отырғызып, оның күтімімен бел шешпей айналысқандардың еңбегінің қызығын көретін кезең келді. Әрине, қарапайым тұтынушылардың, соның ішінде аудан орталығы тұрғындарының дәруменді тағам түрін күнде дастарқаннан көруге ықыласты сәті де осы мезгіл.
-Аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Бибігүл Жұмағұловаға үлкен рақмет, «Осы іспен айналыс, қолыңнан келеді» деп кеңес беріп, барлық құралжабдықтарды өз қаражатынан алып беріп, маған үлкен көмек жасады. Биыл мен тек жер құнарлылығын қарайын деп шағын аумаққа ғана еккен болатынмын.
Қазіргі таңда аудандық кәсіпкерлер палатасынан мемлекеттік бағдарламалар жөнінде кеңес алып, келесі жылы палатаның қолдауымен несие алып, шаруамды ұлғайтып, тамшылата суаруға көшіп, бақшамды қоршап, жұмысымды жалғастырғым келеді, - дейді Өмірбек Мұқанғалиев.
Қазіргі таңда ол Мұратсай ауылынан 3-4 шақырым жерде, су жағасынан жер алып, онда қияр-қызанақ, қырыққабат, қауын-қарбыз, пияз, асқабақ және де басқа бақша дақылдарын егіп, ауыл тұрғындарына арзан қаққа сатып отыр.
«Сот жүйесінде өзгеріс көп» - А.Өтебәлінің ақпаратына БҚО соты басшыларының Қазақстанның орталық коммуникациялық қызметі БҚО филиалында өткізген баспасөз мәслихатында мәлім еткен деректері арқау болған.
Шараға Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Әметов, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мейрамбек Нағашыбаев, облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы міндетін атқарушы Тұрсын Оразова және БАҚ өкілдері қатысты.
Алдымен сөйлеген облыстық сот төрағасы Бек Әметов сот саласындағы үлкен өзгерістер жайлы баяндады.
-Елбасы Ұлт жоспары аясында іске асырылуы тиіс «100 нақты қадам» жобасында сот қызметін заманауи ағымға сай жетілдіру жөнінде қадап айтқан болатын. Осыған орай 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» - Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды. Мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне еніп, сот жүйесі жаңа форматта жұмыс істей бастады. Нәтижесінде сот жүйесіне жүктелген қадамдардың барлығы орындалып, отандық сот жүйесі жаңғыртылды. Мәселен, 2016 жылғы 1 қаңтарда соттар бес сатылы сот төрелігінен үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшті. Бұл ретте тек бірінші апелляциялық және кассациялық инстанциялар қалып отыр. Көп іс қаралатын бірінші және апелляциялық инстанциялар соттарының рөлдері айтарлықтай күшейтілді. Мұндай қадам соттық әуре-сарсаңның алдын алып, сот шешімін қабылдаудың мерзімін қысқартады. Сондай-ақ жаңа азаматтық іс жүргізу кодексі қабылданып, жұмыс барысында жаңа технологиялар қолданыла бастады. Осының нәтижесінде халық енді шағым жасау үшін бұрынғыдай соттарға аяқтай барып, уақытын кетірмейді. Енді олар өздерінің арыз-шағымдарын соттарға кез келген жерде отырып-ақ, интернет арқылы бере алады. Сондай-ақ Жоғарғы сот кеңесі туралы, Судьялардың мәртебесі туралы және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңдарға өзгерістер енгізілді. Азаматтық, әкімшілік сот мейлінше қысқартылды. Бұл сот істеріндегі созбалаушылықты жойды. Бұдан басқа 100 нақты қадамның 17-қадамына сәйкес судьяларға қойылатын талап күшейді. Бұрын 25 жасқа толған, екі жыл жұмыс өтілі бар, біліктіліктен өткен судьялар судьялық қызметке алына беретін. Бүгінде олай емес,судьялық қызметке қабылдану үшін, біріншіден, үміткерлердің еңбек өтілі бес жылдан кем болмауы тиіс. Екіншіден, олар міндетті түрде бұрын сот хатшысы, сот көмекшісі, адвокат қызметінде жұмыс жасауы керек. Бұдан басқа жұмысқа қабылданған судьялардың біліктілігі бір жылдан кейін тексеріледі. Сынақтан өте алмағандар судьялық қызметін тоқтатады.
Тағы бір жаңалық, Жоғарғы сот жанындағы сот жюриі түбегейлі қайта құрылды. Сот жюриінің екі алқасы бар. Біріншісі - тәртіптік алқасы, мұнда өзінің аты айтып тұрғандай, қызметкерлердің тәртібі қаралады. Ал біліктілік алқасында қызметкерлердің біліктілігі тексеріледі. Жоғарғы сот жанынан құрылған біліктілік алқасы судьялардың біліктілік деңгейін әр бес жыл сайын тексереді. Судьялық қызметті 20 жыл және одан да ұзақ уақыт атқарғандар біліктілік сынағын тапсырмайды. Жақында біздің облыстан 46 судья Ақтөбе қаласына барып, Жоғарғы сот жанындағы біліктілік алқасына сынақ тапсырып келді. Сондай-ақ Жоғарғы сот жанынан сот төрелігі академиясы құрылды. Енді судьяға үміткерлер осы академияда дайындалатын болады. Бұл да сот жүйесінің үлкен жетістігі деп айтуға болады. Халықаралық кеңес
пен мамандандырылған сот алқасы құрылды. Жоғарғы сот жанынан құрылған мамандандырылған алқа дауларды, соның ішінде, ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарайтын болды. Оның шеңберінде шетел инвесторларының құқын өздерінде туындаған құқықтық даулар бойынша сапалы әрі әділ шешу жүзеге асырылады. Бұл инвестицияның тартымдылығына оң ықпал етпек.
«100 нақты қадамның» 20-қадамында соттарды дыбыстық және бейнеқұрылғылармен толық қамтамасыз ету жөнінде айтылған. Бұл сот жұмысының ашықтығын қамтамасыз етеді және сот мәжілісінің жүру тәртібін жақсартады. Қазіргі таңда елімізде соттардың 90 пайызы осындай құрылғылармен жабдықталған. Мысалы, біздің облыста 54 сот мәжілісіне арналған зал болса, бүгінде соның 42-сі дыбыстық және бейнеқұрылғылармен қамтамасыз етілген. Қалғаны жыл аяғына дейін аталған құрылғылармен толықтай қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Сондай-ақ тергеу судьяларының құзыреті кеңейтілді. Олар 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, тергеу амалдары бойынша өз санкцияларын беретін болды. Бұлардан басқа тағы бір жаңалық, ол Судьялардың жаңа әдеп кодексінің жобасы жайында. Бұл жоба Жоғарғы сот жанындағы халықаралық кеңестің отырысында мақұлданды. Аталмыш құжат бойынша Еуропалық кеңестің Венеция комиссиясы сарапшыларының қорытындысы алынды. Шетелдік сарапшылар бұл жобаны әлемдік стандартқа сәйкес деп бағалады. Кодекс ағымдағы жылдың күзінде өтетін судьялардың съезінде қабылданады деп күтілуде. Осы жерде айта кететін бір жәйт, біз дің облыста судья әдебі комиссиясына былтыр тек бір ғана шағым түсті. Биыл аталмыш комиссияға судьяның іс-әрекетіне қатысты бірде-бір арыз-шағым түскен жоқ,
Тағы бір айта кететін жәйт, биылғы жылдың алты айлық жұмыс қорытындысында Азаматтық іс бойынша біздің облыс республика бойынша жоғары деңгейде. Ал Қылмыстық істер мен Әкімшілік істер бойынша көрсеткіштер былтырғымен шамалас, - деді Бек Әметұлы өз сөзінде.
Бұдан соң облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мейрамбек Нағашыбаев, азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Оразова сөйлеп, өткен алты айдағы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Қыз Жібек пен Төлеген» Ақ Жайықта» (Ләззат Шағатай) - бұл ақпаратта облыс әкімі Алтай Көлгіновтің өңірімізге гастрольдік сапармен келген Қазақстанның халық әртісі Құман Тастанбеков және ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Меруерт Өтекешеваны қабылдағаны айтылған.
-Біздің өлкеге арнайы атбасын бұрып келулеріңіз ел-жұрт үшін әрине, қуанышты жайт. - Сіздердің есімдеріңіз аталса, халық, ең алдымен, махаббаттың символы болған Қыз Жібек пен Төлегенді елестететіні анық. Сіздерді мерейлі жасқа жетулеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Дендеріңіз сау болып, мәдениетімізді өркендетуге үлес қосып, жастарға әрдайым үлгі-өнеге болып жүре беріңіздер, - деген Алтай Сейдірұлы қонақтарға сый-сияпат көрсетті.
-Елге келмегелі көп болып еді. Бүгінгі салиқалы әңгімеміз шығармашылық турасында өрбіді. Әрине, ең алдымен, Оралдың тарихы және бізге ыстық көрінетін қара шаңырақ қазақ драма театрының бүгінгі тынысымен таныстық. Одан кейін фильмнің түсірілуі мен сол кезде кездескен қиындықтар туралы сөз қозғадық. Өйткені ол уақытта тарихи фильмнің түсірілуі күрделі болатын. Фильмнің режиссеры Сұлтан Қожықов, суретші Гүлфайрус Ысмайлова, мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаров, композитор Нұрғиса Тілендиев сынды елге танымал тұлғалардың қолқа салуымен, Дінмұхамед Қонаевтың қолдауымен осы фильм дүниеге келген еді. Қазақтың кино тарихындағы інжу-маржанға айналған фильмнің түсірілімі 1970 жылы аяқталып, әлемнің 76 елінің назарына ұсынылды. Биыл түсірілгеніне 45 жыл толған фильм өз мәнін жоймай келеді, жойылмайды да. Тек бүгінгі жастар фильм туралы көбірек білсе дейміз. Біз оны дәріптеуден ешқашан жалықпаймыз, - деген сахна шеберлері сандық формат негізінде қайта жазылған "Қыз Жібек" фильмін облыс әкіміне тарту еткендіктерін айтты.
Кездесу барысында Алтай Көлгінов "Қыз Жібек" фильмі негізінде оның түсірілу тарихы мен жолдары, кездескен кедергілер мен қиындықтары туралы деректі фильм түсіру керектігін ұсынып, бұл іске қолдау білдіретінін жеткізді.
Қазақ кино және театр өнерінің қос шамшырағы осы сапарда ауыл-аудандарды аралап, халықпен жүздеспекші.
«Жергілікті полиция қызметі жетілдірілмек» (Л.Шағатай) - бұған облыстық мәслихаттың 5-сессиясы арқау болған.
«Кеше облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 5-ші сессиясы өтті. Облыстық мәслихат депутаты Жасұлан Жақыпов төрағалық еткен жиында 2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджетке енгізілген өзгерістер мен толықтырулар және жергілікті полиция қызметінің жартыжылдық қорытындысы туралы есептер тыңдалды», делінген онда.
Алдымен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев 2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджеттің бекітілуі туралы баяндама жасады. Оның мәліметінше, 2016 жылға арналған кірістер 120 886 282 мың теңгені құраған. Соның ішінде салықтық түсімдер 29 395 424 мың теңге, салықтық емес түсімдер 2 088 028 мың теңге, 12 557 мың теңге негізгі капиталды сатудан түскен түсім болса, 89 390 273 мың теңге трансферттердің түсімі. Бюджет-тің шығысы 122 601 606 мың теңге, ал таза бюджеттік несиелеу 3 275 747 мың теңге, бюджеттік несие 6 516 899 мың теңге, бюджеттік несиені өтеу 3 241 152 мың теңгені құраған.
Одан әрі қала көшелері мен қоғамдық орындарда тәртіптің сақталуы, жол қауіпсіздігі мен құқықбұзушылықтың алдын алуда жергілікті полиция қызметінің атқарған жұмыстары туралы облысымыздағы жергілікті полиция қызметінің бастығы Манарбек Ғабдуллин баяндама жасады. Оның айтуынша, жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторлар мен учаскелік полиция инспекторларының көмегімен ашылған қылмыстың саны 11,8 пайызға артып, азаматтардан түскен арыздар мен өтініштердің қаралуы өткен жылмен салыстырғанда 26,0 пайыздан асқан. 71 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 392 791 074 теңге айыппұл салынған. Күні бүгінге дейін айыппұлдың 213 175 374 теңгесі (54,3 пайызы) өндіріліп алынған. Биылғы жартыжылдықта облыс бойынша 7 252 қылмыстық іс тіркелсе, өткен жылмен салыстырғанда 12,0 пайызға (6477) көбейгендігі байқалады. Алайда қылмыстың көбейгеніне қарамастан, оның ауыр және өте ауыр түрлері азайып, ашылу деңгейі 86,9 па-
йызды құраған. Соңғы алты айдың ішінде жергілікті полиция қызметкерлері тұрғындардың 52 817 шұғыл шақыртуларына көмекке барған. Соның нәтижесінде көшеде жасалатын қылмыстар 2,2 пайызға төмендеген. Облыс орталығындағы учаскелік полиция пункттері аймағында «Қауіпсіз аула» жүйесі бойынша 103 бақылау бейнекамерасы орнатылған. Осы бейнекамералардың көмегімен 51 қылмыс дер кезінде ашылып, 7713 құқықбұзушылық уақыт оздырмай анықталған. Жергілікті полиция қызметінің тағы бір бағыты - жол қауіпсіздігін сақтау. Биыл жол-көлік оқиғалары 2,5 пайызға, жарақат алғандардың саны 15,1 пайызға төмендегенімен, ажал құшқан адамдардың саны артып, 59,3 пайызды құраған. Балалардың қатысуымен 33 жол-көлік оқиғасының салдарынан жеті бала мерт болып, 35-і әр түрлі дәрежеде жарақат алды, - деп атап өткен Манарбек Серікқалиұлы бұл саладағы күрмеуі қиын біраз мәселені алға тартты. Оныңішінде учаскелік полиция инспекторларының жан-жақты әлеуметтік қорғалмауы, материалдық-техникалық базалардың жеткіліксіздігі толыққанды жұмыс жасауға кедергі келтіретінін айтты. Орал қаласы бойынша екі учаскелік полиция пунктін ашу күн тәртібінде тұрса, облыс аумағындағы 185 учаскелік пункттің 99-ы жөндеуді қажет етеді. Қазіргі күнде ауылдық жердегі 98 учаскелік полиция пункті қажетті компьютермен қамтылмаған. Ауылдық жерлерге әлі де 107 автокөлік жетіспейді. Тіпті 28,7 пайыз полиция қызметкері қызмет ететін жерінде тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген.
Осы орайда ҚР ІІМ жергілікті полиция қызметкерлері үшін жалдамалы тұрғын үйдің төлемін қамтамасыз ету мәселесін қарастыру үстінде екенін тілге тиек етті.
Облыстық мәслихаттың депутаты Ляна Тұрсынова жергілікті полиция қызметінің бастығы Манарбек Ғабдуллиннің баяндамасындағы аталмыш мәселелерді қанағаттанарлық деп танып, әріптестерінен қолдау сұрады.
Сессия барысында бұдан бөлек облыстағы елді мекендер аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою, 2016-2018 жылдары субсидиялауға жататын әлеуметтік маңызы бар автомобиль қатынастары тізбелерін бекіту, облыс бойынша Тексеру комиссиясы мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту, облыс әкімдігінің әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның дербес құрамына өзгерістер енгізу, облыстық мәслихат жанындағы кәсіпкерлер мәселесі жөніндегі сараптамалық кеңесінің шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Алтай Көлгінов еліміздің әр аймағында болып жатқан түрлі келеңсіз оқиғалар, ең алдымен, құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, автокөлік жолдары мен аулалардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қажет етеді деп атап өтті. - Бұл мақсаттар үшін аулалар мен автокөлік жолдарына, ірі жол қиылыстарына бейнебақылау камераларын орнату үшін жарты миллион теңге қаржы бөлінетін болады. Сондай-ақ учаскелік полиция инспекторларын 50 автокөлікпен қамтуға қаржы бөлу қарастырылуда, - деп атап өтті облыс басшысы.
«Алты айда 20 адам сотталды» (Н.Оразаев) - бұл ақпаратта «Нұр Отан» партиясы Орал қалалық филиалының ұйымдастыруымен өткен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі қоғамдық кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының біріккен отырысы жөнінде айтылған.
Комиссия отырысына қалалық мәслихат депутаттары, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі басқарма мамандары, мемлекеттік емес ұйым мүшелері, жастар бірлестіктерінің жетекшілері қатысты. Отырыстың күн тәртібінде жергілікті атқарушы органдарда, мемлекеттік емес ұйымдарда орын алған сыбайлас жемқорлық фактілері, «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің Әдеп кодексі туралы мәселелер талқыланды.
Басқосуда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Аққали Әубекеров сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі қоғамдық кеңесінің 2016 жылдың жарты жылында атқарылған бірқатар жұмыстарға тоқталып өтті.
-Осы жылдың алты айы ішінде тіркелген 287 қылмыстық істің 107-сі сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп табылды. Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен 32 адам тергеліп, 20 адам сотталды. Мысалға, «Орал қалалық аумақтық инспекциясының ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің» басшысы С. Самарханов ветеринариялық құжатты тездетіп жасап беруі үшін тұтынушыдан бес мың теңге көлемінде пара алған. Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, 250 мың теңге айыппұл өндіруге және мүлкін тәркілеуге үкім шығарды. Сонымен қатар ол өмір бойына мемлекеттік қызметтен шеттетілді. Ал қаладағы №45 мектептің директоры Ф. Даумова келісімшарт бойынша оқушыларды ыстық тамақпен қамтитын жеке кәсіпкерден жалпы қамқорлық үшін 71 мың теңге көлемінде пара алған. Орал қалалық сотының үкімімен орта білім беретін мектептің директоры ҚР ҚК 366-бабының 1-бөліміне (пара алу) сәйкес айыпты деп танылып, оған мүлкін тәркілеумен бірге параның елу еселенген көлемінде 3 млн. 550 мың теңге айыппұл салынды. Айта берсек, бұндай деректер жетерлік. Біздің бүгінгі мақсатымыз сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын күшейту болып отыр, - деді Аққали Әубекеров.
Комиссия отырысына қатысқан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі басқарма басшысы Біржан Хайруллин де атқарылған бірқатар нақты істерге тоқталып өтті. Оның айтуынша, жыл басталғалы департамент сегіз мемлекеттік орган мен ұйым қызметіне талдау және сыбайлас
жемқорлық тәуекелдерін анықтау жұмысын жүргізген. Талдау қорытындысы бойынша барлығы 82 сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталса, оның екеуі персоналды басқару тиімділігі, тоғызы бақылау функцияларын жүзеге асыру бойынша, жетеуі рұқсат беру функциялары бойынша болып отыр. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге ауыстыруға ұсынылған бес «жасырын» қызмет пен функция анықталған. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің көп бөлігі мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде орын алатыны анықталған. Мемлекеттік сатып алуға жасалған мониторинг қорытындысы бойынша 12 мекемеге хаттар жолданып, мемлекеттік сатып алулары тоқтатылған. Үнемделген қаржы көлемі 3,4 млн. теңгені құрайды. Департамент 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік қызметшілердің, азаматтық қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор, діни және этномәдени бірлестіктердің, бизнес-қауымдастықтың, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің, жастардың қатысуымен 136 лекция мен семинарлар ұйымдастырыпты. Бұл шаралармен 5651 астам адам қамтылған.
Жиынды қорытындылаған комиссия мүшелері ғасыр індетімен бірлесе күресу мақсатындағы жұмыстарды бұдан әрі жандандыру керектігін айтты.
«Хан зиратында 526 құлпытас» - Нұртас Набиоллаұлының мақаласына «Жайық Пресс» ЖШС ғимаратының конференц-залында өткен «Қазақстанның араб жазуындағы эпиграфикасын зерттеудің өзекті мәселелері» атты ғылыми-практикалық семинарда айтылған мәселелер арқау болған.
Оған өңірге іссапармен келген Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі дінтану кафедрасының меңгерушісі, профессор Әшірбек Муминов, Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Нұрманова, сондай-ақ жергілікті өлкетанушылар мен тарихшы ғалымдар қатысты.
-Құлпытастарды зерттеу бағытындағы жұмысымызды осыдан үш жыл бұрын бастаған болатынбыз. Алғашында өз күшімізбен елу құлпытастан тұратын жинақты даярлап, оны жұртшылыққа таныстырар сәтте өңірімізге Әшірбек Құрбанұлы бастаған ғалымдар тобы келген еді. Сол сапарда ғалымдар біздің көрсетуіміз бойынша жергілікті мамандарға түсініксіз болған күрделі жазбалы құлпытастардың мәтіндерін оқып, сырын ашты. Олар өлкеміздегі көне құлпытастарды нақты жобалар арқылы ғылыми тұрғыдан зерттеудің маңызы аса жоғары екенін мәлімдеген болатын. Нәтижесінде ғалымдардың тікелей бастамасымен және министрліктің қолдауымен «Қазақ халқының мәдени ескерткіштері рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы ретінде (Батыс Қазақстан облысының эпиграфиялық ескерткіштері негізінде)» атты ғылыми жоба жасақталды. Қазіргі уақытта жұмыс мерзімі үш жылға белгіленген жобаның уақыт жағынан бел ортасына келдік. Осы жиында аталмыш жоба аясында атқарылған істер қорытындыланбақшы, - деді семинардың модераторы, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин жиынды ашқан кіріспе сөзінде.
Әшірбек Муминов, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі дінтану кафедрасының меңгерушісі, профессор:
-Қазақ құлпытастарын зерттеудің халықаралық маңызына, әлемдік ғылымнан алатын орнына тоқталып өтпекшімін. Жалпы біздің атқарып жатқан ісіміз жергілікті деңгейдегі жұмыс емес, әлемдік тұрғыда зор маңызға ие зерттеу болып табылады. Бізге дейін араб эпиграфикасын зерттеу бойынша көптеген ғалымдар жұмыс жасаған. Өткен ғасырда дүниежүзілік шығыстану ғылымында француздардың орны үлкен еді. Олардың араб эпиграфиясын зерттеген еңбектері 1931 жылдан бастап шыға бастаған. Бұл бағыттағы жұмыстар Каирдегі француз институтының басшылығымен басталған. Оны алғаш болып Макс Ламбершн деген ғалым қолға алған. Қазіргі уақытта оның оқушысы Людвиг Калюс және француздың танымал профессоры Жан Руи Баки Громон секілді көптеген ғалымдар осы жұмыста бас қосып, әлемде ислам діні пайда болғаннан кейінгі ең ескі ескерткіштерден бастап хронологиялық тәртіпте хижри жыл есебінің бірінші жылынан басталатын араб жазуларын жариялап келеді. Бұл тұрғыда алғашында тек қана араб әлеміне мән берілсе, кейін иран, сондай-ақ жер шарындағы өзге де аймақтарға ден қойыла бастады. Ол жарияланған жазулардың маңызы әлем цивилизациясы тарихы үшін өте зор. Соңғы кезде аталмыш бағыттағы зерттеу жұмыстарында кейбір аймақтардың мүлде қамтылмағаны мәлім болып отыр. Осыған дейін араб жазуларының байлығы жағынан иран жері бірінші орында деп есептеліп келген болатын. Бірақ кейінгі мәліметтерде орталық Азия одан кем түспейді деген пікір айтыла бастады. Бірде француз институтында Қазақстаннан бірде-бір құлпытас немесе өзге эпиграфикалық жазу туралы жарияланым да, әлемдегі ғылымның бұл жайында хабары да жоқ екені туралы мәселе көтерілді. Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысының өзінде 50-60 мың эпиграфикалық жазу бар деген болжам айтылып отыр. Осы тұрғыдан алып қарасақ, жер жүзіндегі ислам цивилизациясының зерттелуі толық емес деген қорытындыға келеміз. Сондықтан маман ретінде бұл жұмысқа барлық ғалымдар атсалысуымыз қажет екендігін айтар едім. Елімізде архитектуралық ескерткіштерді зерттеу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылған. Оған бізге дейінгі зерттеушілер Малбағар Меңдіқұлов, Серік Әжіғалиевтің кітаптарын мысал ретінде келтіруге болады. Олар ескерткішті зерттегенімен, ондағы жазуларға мән бермеген. Бірақ соның өзі біздің болашақта істейтін жұмыстарымызға негіз болады. Жалпы Орталық Азиядағы құлпытастардың тарихы терең. Материалдық жағынан қарастырсақ, Х ғасырға жататын Самарқандтан табылған тас күйдірілген кірпіштен жасалған. Одан кейінгі Қараханилар кезінде қайрақтастар қолданыла бастады. Қазір Айтжан Шаймерденқызымен бірлесіп X-XIV ғасырдағы ғұламалардың қабірстаны болған Самарқанд қаласындағы чакардизаның жазуларын басылымға дайындап жатырмыз. Құлпытастар тек қана қайтыс болған адамдардың құрметіне қойылған емес. Ол сол кездегі қоғамда үстем болған идеологияның ұстанымдарын жеткізу функциясын да атқарған. Қазақ құлпытастарына қатысты айтар болсақ, араб жазулы эпиграфика немесе құлпытастар ислам орталықтарынан шыққан дәстүрлі мәдениетті біздің жерімізге әкелді десек, екіншіден, оны ғұн, көк түріктері және одан кейінгі қазақ хандары заманынан келе жатқан төл дәстүріміздің де жалғасы ретінде қарастыруға болады. Бүгінде біз ескерткіштерге құлпытас, сандықтас деп өзіміз ат берудеміз. Ал ондағы мәтіндерді өз қолдарымен жазған адамдар қалай атады? Олар балбал деген сөзді қолданған екен. Бөкей ордасы ауданына қарасты Хан зиратындағы құлпытастарда осындай терминнің кездесетінін күні кеше ғана ондағы зерттеу жұмыстарына қатысып келген Айтжан әріптесіміз мәлімдеп отыр. Бұл көне ғұн, түрік заманынан келген дәстүрдің бүгінге дейін жеткенін көрсетеді. Сондықтан XIX-XX ғасыр құлпытастарына берідегі ескерткіштер деп немқұрайлылық танытуға болмайды. Одан бұрынғы заманның тастары жойылып кеткенімен, қазіргі бар ескерткіштерді ескі бір дәстүрдің жалғасы ретінде қарауымыз керек. Қазақ құлпытастарының функциясы көп болған. Мен солардың екі-үшеуін ғана атап өтейін. Біріншіден, мемлекеттік шекара белгісі ретінде қызмет атқарған. Ондағы таңбаларға қарай отырып, қазақ мемлекетінің территориясы қай жерлерге дейін созылғанын анықтауға болады. Тарихта отырықшылық мәдениетке көбірек мән беріліп жүр. Ал көшпелі қоғамға назарымыз аз ауады. Құлпытастағы ру, тайпа, ауыл, бөлім аттарының жазылуында үлкен мақсат болған. Ол сол кездегі қоғамның ішіндегі ынтымақ, бірліктің болуын, бір-біріне ағайын, жанкүйер адамдар екенін, орта ғасырлардағы дәстүрлі қоғамда бірлік қандай күшті болғанын көрсеткен. Жуырда Жапонияда болғанымызда, Токио халықаралық зерттеулер университетінің ұжымымен сөйлестік. Олар отарлық замандағы Қазақстан тарихын зерттеп жатыр екен. Олардың жұмыстары мұрағат құжаттары негізінде жүргізілуде. Мен олардан «Сіздер біржақты көзқараспен зерттеудесіздер. Құжатқа сенім үлкен. Алайда сол кездегі жағдайды білдіретін қазақ қоғамының ішінен болған ескерткіштеріңіз бар ма?» деп сұрадым. Олар «Біздің жұмысымыз осы жағынан әлсіз» деді. Бізде отарлық кезең болды. Қазіргі біз жасап отырған уақыт - постколониалдық кезең. Сол себепті ғылымда стереотиптер толып жатыр. Мәлім мүдделер мақсатында бізге өтірік құндылықтар, жалған ақпараттар беріледі. Өздеріңіз жақсы білетіндей, сол негізде жазылып жатқан оқулықтар да бар. Бірақ жаңа Қазақстан тарихын жазу, оны тәуелсіздік кезіндегі тың деректер негізінде қалыптастыруда осы құлпытастар тақырыбын көтерген өте тиімді. Жапон зерттеушілерімен болған сұхбатымыздың соңында олар «Бірігіп жұмыс жасайық, сіздер жинаған материалдардың бір бөлігін шығаруға жәрдемдесейік» деген бағыттағы ұсыныстарын айтты. Меніңше, бұл болашағы бар бастамалар деп есептеймін. Себебі тек Қазақстанда емес, өзге батыс елдерінде, Ресейде немесе Қиыр Шығыс мемлекеттерінде бұл тақырыпқа қызығушылық жоғары. Осындай жобаларға қатысамыз деген ниеттері де бар. Соңғы кезде Көкшетау өлкесіндегі және Жәңгір хан кешеніндегі құлпытастарды салыстыра зерттеудеміз. Алғашқы табылған аз ғана материалдардың нәтижелері сенсациялық болып шығуда. Жапониядағы сапарымызда дүниежүзілік көлемде мәдени құндылықтарды сақтау, оларды қалпына келтіру, сандық технологияға жазып алып, болашақ ұрпақтарға жеткізу мәселесіне мән бердік. Жапон елінде бұл бағытта үлкен орталықтар жұмыс жасайды. Сөйтіп, Жапония ешбір мәдени құндылықтың жоғалып кетуіне жол бермейді. Ал біздің қоғамға қарайтын болсақ, құлпытастар өте тез жойылып барады. Қоршаусыз ескерткіштер мал сүйкенсе сынып кетуде, түрлі табиғи, экологиялық әсерлерден жазулары көмескіленіп жатыр. Сондықтан оларды өте жедел түрде есепке алу керек. Мұндай құндылықтарды сақтаудың ең қолжетімді түрі - оларды жариялау.
Айтжан Нұрманова, Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты:
-Құлпытастарды зерттеу жобасының бастамасын 2014 жылы Батыс Қазақстан облысына іссапармен келгенімізде көріп, қолға алған едік. Сол жолы және оған дейінгі жасалған алғашқы жұмыстар институтымыздың басылымына енді. Ол елу бет көлеміндегі мақала болып, шағын каталог ретінде жарияланды. Мысалы, Есімхан Нұралыханұлы, Көкшетау маңайынан табылған Уәлихан Абылайханұлы, Жәңгірхан Бөкейханұлы және Түркістанда жерленген хансұлтандардың, сондай-ақ қазақ даласында өмір сүрген би-батырлардың құлпытас деректері қазақ тіліндегі басылым болып шықты. Олардың қатарында Мәтен қожаның, Атыраудағы музейде сақталып тұрған Құрманғазы күйшінің, одан бөлек Мұса Шорманұлының, Оспан Құнанбайұлының құлпытастары бар. Оған көптеген тарихшылар үлкен қызығушылық танытты. Қазіргі уақытта құлпытастар бойынша басылымның жарыққа шыққанын күтіп отырған кісілер өте көп. Жоба аясындағы биылғы экспедициямызға тоқталар болсақ, осыған дейін Бөкей ордасы тарихи музей кешенінің ғылыми бөлім меңгерушісі Гүлмәру Мырзағалиева Жәңгір хан зиратындағы араб қарпімен жазылған 113 құлпытасты оқыған болатын. Бұл жолы біз сол жерден одан басқа 200-дей тасты оқып зерттейміз деп келген болатынбыз. Алайда қазба жұмыстарының арқасында ондағы хатталған құлпытастар саны 526-ға жетті. Мұның өзін соңғы көрсеткіш деп есептемейміз. Өйткені әлі де қазылмаған жерлер қалды. Моншаның іргетасына салынып кеткен құлпытастар да бар екен. Олар да зерттеліп толықтырылады деген ойдамыз. Экспедиция жұмысын жүргізуге Алматыдан Дина Медерова екеуміз келген болатынбыз. Бізге Қазбек Құттымұратұлы, Мұратбек Жахатов, Гүлмәру Самиғоллақызы секілді жергілікті мамандар қолұшын созды. Бөкей ордасының музей қызметкерлері де көмілген тастарды күннің 45 градус ыстығында қазып, тазалап беріп зор көмек жасады. Мұндай көмек болмағанда, бір аптаның ішінде осынша көлемдегі жұмысты тындыру мүмкін емес еді. Таңғы сағат жетіден кешкі тоғызға дейін қорымның басында жұмыс жүргіздік. Одан шыққан нәтиже де өте маңызды. Мысалы, қазып алынған бір құлпытаста ханның қасында болған белгілі дін адамының қай жылы имам болғанын, қанша жыл ахундық құрғанынан, қанша жыл өмір сүргені туралы үлкен мәлімет сақталған. Мұндай құлпытастар сирек кездеседі. Оның тағы бір ерекшелігі - әдетте марқұмға тас белгіні ата-анасы, ұл-қызы, бауырлары орнатса, мұнда сол кісінің ықыласынан бір саудагер кісі өз еркімен қойыпты. Құлпытастың жан-жағына сүрелер, ал артқы бетіне шағын өлең жазылған. Құлпытас топыраққа көміліп қалғандықтан жақсы сақталған. Қорымда Жәңгір ханның өзі және оның әулеті, хансұлтандар, олардың әйелдері мен ұл-қыздары жерленген. Сонымен қатар саудагерлердің құлпытастары өте көп. Мұның өзі осы жерде үлкен сауда орталығы болғандығын көрсетеді. Кей тастарда Ішкі ордалық князьдар нәсілінен, төре руы, старшын, қожа, мударис, молда, указной молда, имам, тархан, хан төлеңгіті, дамолла, тәржімашы деген терминдер кездеседі. Бір әйел затының өзіне бірнеше термин қолданған. Мысалы, бұрыннан белгілі халалы, зәужасы, оның сыртында мәнкухасы, хатуны деген сөздер бар. Дәрігерлер де жерленген. Олар тәбиб деп кездеседі. Қази, ахундар, тас шеберлеріне де өте көп белгілер орнатылған. Тас жазып тұрушы, тас қашаушы деген кісілердің өздерінің де құлпытастары сақталған. Шағатай тіліндегі мәтіндер өте көп, Парсы тіліндегі өлеңдер жазылған. Сондай-ақ ол қорымға көптеген ру-тайпалардың өкілдері жерленген. Татар саудагерлерінің қай аймақтан келгендігі туралы деректер де бар. Мұның бәрі Жәңгір хан маңайына жиналған кісілердің биографиясын жасақтауда өте маңызды болып есептеледі. Тастағы жазулардан оны қашаушылардың жоғары деңгейдегі білімді адамдар болғаны да аңғарылады.
Жиын барысында аталмыш жобаға қатысты аудандардағы жұмысшы топтардың атқарған істері туралы тыңдалып, бұл бағытта жіберілген кемшіліктерге байланысты сын-ескертпелер айтылды. Семинарға қатысушылар эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеудің маңызы және оны жетілдіру туралы ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
«Орал өңірі» газетінің 26 шілде күнгі нөмірінде «ЭКСПО - 2017» 93 күнге созылмақ» деген ақпарат (Н.Набиоллаұлы) жарық көріп, онда «Астана ЭКСПО - 2017» ҰК» АҚ департаменті директорының орынбасары Роза Асанбаеваның Орал қаласына арнайы іссапармен келгені айтылған.
Р.Асанбаева қаладағы «Шағала» қонақүйінің конференцзалында өткен оралдық туроператорлармен кездесуінде ЭКСПО тақырыбына байланысты шеберлік класын жүргізді. Кездесу барысында Роза Әбдіхамитқызы мәлімдегендей, Астана қаласында өтетін «ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесі 93 күнге созылмақ. Оныншы маусымнан басталып үш ай бойына жал-ғасатын көрмені бес миллиондай келуші тамашалайды деп күтілуде. Жиында Астана қаласында өтетін халықаралық көрменің ұйымдастырылуы және сол үшін салынып жатқан құрылыс нысандарының басты ерекшеліктері баяндалып, оған еліміздің жә-не шетел туристерінің назарын мейлінше молырақ аудару мәселесі сөз болды. «ЭКСПО - 2017» көрмесін бір күн бойына тамашалау үшін билеттің базалық бағасы алғашында 2 мың теңгені құраған болса, бүгінде ол 6 мың теңгеге дейін көтерілген. Роза Асанбаева көрме уақыты таяғанға дейін билет құны тағы қанша мөлшерде өсе түсетіні белгісіз екенін айтады. Ол осы орайда туроператорлар үшін ЭКСПО билеттерін 10-нан 45 пайызға дейінгі арнайы жеңілдіктер арқылы алу мүмкіндіктері бар екенін айтып өтті.
-«Жібек жолы» жобасына қатысушы елдер министрлерінің жиынында Дүниежүзілік туристік ұйымының бас хатшысы 2017 жылы әлемдік деңгейдегі туризм саласын екі айтулы шара күтіп тұрғанын мәлімдеген еді. Оның біріншісі БҰҰ 2017 жылды халықаралық тұрақты туризм жылы деп жариялауы болса, екіншісі - Астана қаласында халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО - 2017» көрмесінің өтуі. Аталмыш көрменің әлем бойынша баламасы жоқ, дүниежүзі туристері тамашалайтын екі түрлі ерекшелігі болмақ. Оның бірі - биіктігі 100 метр, ені 80 метр болатын шар тәрізді ғимарат. Онда «Болашақтың энергиясы» атты әлемдегі ең алғашқы музей орналасады. Екіншісі - Астана қаласының «ЭКСПО - 2017» көрмесі өтетін аумағы оныншы маусымнан оныншы қыркүйекке дейінгі аралықтағы 93 күн бойына сахналық алаңға айналып, үш мыңнан аса мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылады. Бүгінгі сапарымыздың мақсаты - оралдық туроператорлар үшін роуд шоу ұйымдастыру болатын. Әлемдік тәжірибе ЭКСПО-ны тамашалаушылардың елу пайызынан астамы көрме билетіне туроператорлар арқылы қол жеткізетінін көрсетуде. Бүгінгі оралдық туроператорлардың қатысуымен болған шеберлік класымыз сәтті өтті деп есептеймін. Енді олар тек қана Батыс Қазақстан облысының емес, көршілес Ресей елі туристерінің де «ЭКСПО - 2017» көрмесін тамашалауына жол ашады деген сенімдемін. Кездесуіміздің барысында туроператорлар өздері қойған түрлі сауалдарына жауаптар алды. Ең бастысы - туроператорлар үшін оныншы шілдеде басталған және оныншы тамызда аяқталатын кезең бойынша келісімге қол жеткіздік. Бұл кезең оларға ЭКСПО билеттерін айтарлықтай жеңілдікпен алуға зор мүмкіндік береді, - деді Роза Әбдіхамитқызы жиын соңынан журналистерге берген сұхбатында.
«18 айда 210 сыбайлас жемқорлық қылмыс» (А.Өтебәлі) - өңір басшысы Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша кезекті аймақтық комиссия отырысынан алынған деректер мәлім етілген.
Бұған аудан, қала әкімдері мен мен облыс орталығындағы барлық мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.
Бес институционалды реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамыҰлт жоспарының бірінші реформасы кәсіби мемлекет құруға, екіншісі, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған. 100 нақты қадам Ұлт жоспары аясында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл Ұлттық бюросы құрылды. Баршамызға белгілі, Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы жаңа заң 2016 жылдан бастап күшіне енді. Бұл өзгерістердің барлығы мемлекеттік органдардың ашықтығын, олардың қоғам алдындағы есеп беруін және жариялылығын қамтамасыз етеді, - деген Алтай Көлгінов бұл жолғы комиссия отырысында Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жәй-күйі туралы мәселе қаралатынын айтты.
Аталмыш мәселе бойынша сөйлеген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының БҚО бойынша департаментінің басшысы Ә. Әшірбаев облыстың мемлекеттік органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы алынып жатқан іс-шаралар жөнінде баяндады.
-Сыбайлас жемқорлық - тұрақты түрде зерделеуді, жүйелік ұстанымды, кешенді және жедел іс-қимылды талап ететін қауіпті құбылыс. Елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейі мен ауқымы экономикалық дамуға кедергі жасайды, еліміздің халықаралық беделіне нұқсан келтіреді. Біздің облысымыз - Елбасының ерекше назарындағы, республикамыздағы дамуы екпінді қарқынмен жүріп келе жатқан аймақ. Осы аймақта заңдылықтың сақталуына азаматтар мен заңды тұлғалардың құқығының тиісті дәрежеде қорғалуына бәріміз бірдей жауаптымыз. Елімізде жемқорлық деңгейі жоғары екені ешкімге жасырын емес. Қоғамды жайлаған бұл дертпен бүгінде барша әлем күресуде. Әлемнің 70 елінде осы мәселе басты назарда. Дегенмен, еліміз бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижесі бүгінде көріне бастады. Мысалы, Транспаренси Интернешнл халықаралық ұйымы жасаған сыбайлас жемқорлықтың дамуын анықтайтын картада біздің еліміз сыбайлас жемқорлық бойынша 140-орыннан 123 орынға түскен. Сондай-ақ бүкіләлемдік банк рейтингінде Қазақстан бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша 50-ден 41-орынға келді. Бұл аталмыш бағыттағы жұмыстың нәтижелі жүріп жатқанын көрсетеді. Ұлт жоспарының 100 нақты қадамы аясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында жаңа құқықтық тетіктер қабылданды. Жаңа тетіктер бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаған адамдар мемлекетке келтірілген шығынды өтеген жағдайда, олардың жазалары жеңілдетіледі, әрі бұдан мемлекет бюджеті айта қаларлықтай толығады, - деген Ә. Әшірбаев бұған мысал ретінде еліміздегі бірқатар белгілі тұлғаларға қатысты деректерді слайд арқылы көрсетті.
-Енді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының БҚО бойынша департаментінің жұмысына тоқталайын. 2015 жыл мен ағымдағы жылдың алты айында департаментте 250 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелсе, соның 210-ы, яғни 84 пайызы сыбайлас жемқорлыққа қатысты. Аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген шығын көлемі 330,5 млн. теңге, осының 263,9 млн. теңгесі, яғни 80 пайызы қайтарылды. Сыбайлас жемқорлық жасады деп күдік келтірілген 84 тұлғаның қылмысы мойындалды. Олардың 15-і - облыстық, 24-і - аудандық, 40-ы қалалық және бесеуі аудандық деңгейдегі қызметкерлер. Өкінішке орай, осы-лардың 23-і мекеменің бірінші басшылары мен олардың орынбасарлары болып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы облыстық департаменті анықтаған қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық істері бойынша сот шешімдерімен белгіленген айыппұл көлемі 309,8 млн. теңгені құрады. Көрсетілген мерзім аралығында 62 мемлекеттік қызметкер мен оған теңестірілген тұлғалар сыбайлас жемқорлыққа қатысты 135 қылмыс жасады. Бұл жөнінде нақтырақ айтар болсам, әкімдік пен оның құрылымдық бөлімшелері қызметкерлері тарапынан жа-салған қылмыстар саны - 82 (27 қызметкер), ІІД жүйесі қызметкерлері - 21 (18 қызмткер), Инвестиция және даму министрлігі бойынша - 9 (5 қызметкер), Ұлттық экономика министрлігі - 9 (4 қызметкер), Қаржы министрлігі - 7 (4 қызметкер), Әділет министрлігі - 3 (1 қызметкер), Ауыл шаруашылығы министрлігі - 2 (2 қызметкер), сот жүйесінің қызметкерлері - 2 (1 қызметкер). Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстардың дені бұрынғыша ІІМ қызметкерлерінің еншісінде қалып отыр. Соңғы 1,5 жыл ішінде БҚО ІІД-ның 15 қызметкері және құқық қорғау қызметінің тағы басқа саласы бойынша үш қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұған нақты мысал келтірер болсам, Орал қалалық ІІБ №2 Абай полиция бөлімшесіне қарасты тірек пунктінің учаскелік инспекторлары Шуақбаев пен Увалиевтің қаланың орталық базарында тұтыну тауарларын сатумен айналысатын адамдардан жүйелі түрде пара алып отырғаны анықталды. Сот шешімі бойынша аталған қызметкерлердің әрқайсысына 7,3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, мүліктері тәркіленді. Олар құқық қорғау органдарында және мемлекеттік қызмет атқару құқынан айырылды. Сондай-ақ Инвестиция және даму министрлігі БҚО бойынша көлік бақылау инспекциясының бес қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мысалға айтар болсақ, аталған мекеменің Төреханов дейтін бас маманы үлкен жүк маши-насын көлік бақылау бекеттерінен кедергісіз өткізу үшін біреуден 900,0 мың теңге көлемінде пара алып жатқан жерінде ұсталды. Сондай-ақ теміржол көлік-терін бақылау бөлімінің басшысы Мұқанов «Орал» бекеті арқылы өтетін теміржол пойыздары бригадирлерінен оларды қорғап, тиісті тексерулерді болдырмау үшін пара алып отырған. Мұндай жұмысты жүйелі түрде ұйымдастырып жүрген теміржол көліктерін бақылау бөлімінің басшысы ұсталып, бүгінде оның қылмыстық ісі қаралуда.
2015 жыл мен ағымдағы жылдың алты айы ішінде облыстық тұтынушылар құқын қорғау департаментінің үш қызметкері мен облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің бір қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Валихан Разов лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін айыпты деп танылып, оған 6,9 млн. теңге көлемінде айыппұл салу жөнінде сот шешімі шығарылды. Бұған қоса оның дүние-мүлкі тәркіленетін болды және оған мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Қаржы министрлігі саласынан облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің үш қызметкері және облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бір қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мысалы, облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты «Ақсай» кеден бекетінің жетекшісі Сатаев бір кәсіпкерден жалпылама қамқорлық жасап, қорғағаны үшін және тауарларға декларацияны кедергісіз рәсімдеу үшін 925,0 мың теңге көлемінде пара алған. Осы қылмысы үшін Сатаев айыпталып, оған 55,5 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды және дүние-мүлкі тәркіленді. Сондай-ақ облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы Серикопов та жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға қорған болғаны үшін және жалға орын тауып бергені үшін жүйелі түрде пара алып отырған. Бұл қылмысы үшін аталған азаматқа 43,0 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды.
Жоғарыда мен әкімдік пен құрылымдық бөлімше қызметкерлерінің үстінен 82 іс қозғалғаны жөнінде айттым. Осы істер бойынша 27 қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұлар жөнінде нақтырақ айтар болсам, білім саласы бойынша - 18 қылмыстық іс (12 қызметкер), денсаулық саласында - 33 қылмыстық іс (үш адам), ауыл шаруашылығы саласында - 9 қылмыстық іс (бір адам), облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу саласында - 5 қылмыстық іс (бір қызметкер), Құрылыс және архитектура саласында - 4 қылмыстық іс (үш адам), Жер қатынастары және жер пайдалануды қадағалау саласында - 4 қылмыстық іс (екі қызметкер), әкімдер мен әкімдік қызметкерлері - 3 қылмыстық іс (екі адам), Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау саласында - 2 қылмыстық іс (екі адам), Энергетика саласында - 2 қылмыстық іс (екі адам), Сот жүйесінде 2 қылмыстық іс (бір адам).
Сыбайлас жемқорлық жағдаяты білім саласында жиі кездеседі. Соңғы 1,5 жыл ішінде білім саласының 12 өкілетті қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мысалы, Теректі аудандық білім бөлімінің басшысы Шүкірова (Чукурова) біліктілік категориясын беру үшін қарамағындағы мұғалімдерден пара талап еткен және оны ақшалай түрінде алып отырған. Бұдан басқа ол пара бергендерді мектеп директорлығы қызметіне кедергісіз қабылдаған. Шүкірованың (Чукурованың) бұл қылмыстары дәлелденіп, оған 18,9 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Және парақордың дүние-мүлкі тәркіленіп, ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс жасай алмайтын болды. Сондай-ақ №45 орта мектептің директоры Ф. Даумова жеке кәсіпкерден орындалған жұмыс жөніндегі актіге кедергісіз қол қойғаны үшін 71,0 мың теңге көлемінде пара алған. Осы қылмысы үшін Ф. Даумова қылмыстық жауапқа тартылып, оған 3,6 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған. Даумова да мемлекеттік қызметті өмір бойы атқара алмайтын болды. Денсаулық сақтау саласы да - жемқорлық жағдаяттары көп тіркелген салалардың бірі. Мысалы, облыстық «Қарағайлы» туберкулез санаториясының бас дәрігері Мұқашева мен оның жұбайы Қазыбаев 2011-2015 жылдар аралығында санатория қызметкерлерінің көмегімен аталмыш мекемеде ем алып жатқан науқастардың санын шамадан тыс көп етіп жалған көрсету арқылы 47,0 млн. теңге көлеміндегі мемлекет қаржысын қымқырған. Олар санаторияда болмаған, бірақ тізімде бар науқастардың тамағы мен дәрісі үшін бюджеттен қаражат бөлгізіп, оны жалған кәсіпкерлердің есепшотына аударту арқылы олжалаған. Бұл қылмыстық іс қазіргі кезде сот орындарында қаралуда. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласында екі қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқарма қызметкері Бисенбиев әкімшілік құжатты толтырмағаны үшін біреуден 40 мың теңге көлемінде пара алып, ұятты болды. Осы ісі үшін Бисенбиев айыпты деп танылып, оған 2,4 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды және ол мемлекеттік қызмет атқару құқынан өмір бойы айырылды, - деген Ә. Әшірбаев бұдан әрі өзі жетекшілік ететін департаменттің Мемлекеттік және Үкімет бағдарламаларын жүзеге асыруға арналған бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын қадағалайты-нын жеткізді. Оның сөзінше, 2015 жылы және үстіміздегі жылдың алты айы аралығында 23 сыбайлас жемқорлық жағдаяты мен жеті қызмет бабын пайдаланған құқықбұзушылық анықталған. Осыған байланысты 11 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Бұдан соң сөйлеген ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің БҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Жақсат Мұратов, облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы М. Ғабдуллин, Теректі ауданының әкімі М. Мұқаев, ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Т. Қонақбаев, облыстық көлік бақылау инс-пекциясының басшысы Т. Еділбаевтар сөйлеп, олардың әрқайсысы өз саласы бойынша сыбайлас жемқорлықпен байланысты қылмыс жасаған қызметкерлерді анықтау нәтижелері бойынша қабылданған шаралар жөнінде баяндады.
Жиын соңында облыс әкімі тағы бірқатар мекеме басшыларына сөз беріп, олардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау, сондай-ақ қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы ой-пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады.
«Бақытты балғындар ән салды» - Ә.Орынбасаров Теректі ауданының орталығындағы «Ақбота» бала- бақшасында «Өркендеу» этномәдени орталығының ұйымдастыруымен «Біз бақытты баламыз» атты сазды кеш өткені жөнінде хабарлаған.
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай және ұлттар арасындағы достықты нығайту мақсатында өткен шарада кішкентай бүлдіршіндер белсенділік танытты. Өнер әлеміне енді қанат қаққан талапты балғындар қазақ, үнді, испан билерін билеп, тәтті тілдерімен Отан туралы тақпақтарды жатқа айтты. Сонымен қатар әсем әндер орындалып, ата-аналар қауымы балаларының таланттарына тәнті болды. Шараның бас ұйымдастырушысы «Өркендеу» этномәдени орталығының төрағасы В. Шиннің осындай мәні бар шараларды қолға алуы алғаш емес.
-Балалардың таза күлкісі мен шексіз қуаныштарын көзбен көргенге не жетсін?! Еліміздің болашақтары саналатын бүлдіршіндерге көп көңіл бөлуіміз қажет. Тәуелсіздігіміздің ғұмырлы болуы солардың қолында. Сондықтан шаралардың көбін балалармен байланыстырғанды жөн көрдім. Алдағы уақытта оқушылар арасында шығармалар байқауын өткізу жоспарда бар. Оған да ауданымыздың барлық жастарын атсалысуға шақырамын. Бүгінгі шара өте жоғары деңгейде өтті. Сөзімнің дәлелі - балғындардың көзіндегі жарқыл мен ата-аналардың алғысы, - дейді орталық төрағасы.
Шара соңында «Өркендеу» этномәдени орталығы атынан балабақша ұжымына бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Облыста соңғы кезде адамдардың суға батып кету оқиғалары аз тіркеліп отырған жоқ. Осыған орай БҚО ТЖ департаменті «Судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтаңыз!» деген ескерту мақаласын ұсынған.
Жыл сайын жазғы шомылу маусымында Батыс Қазақстан облысы аумағында ғана емес, жалпы республика көлемінде суда қайғылы жағдайлар жиі орын алып отыр.
Ағымдағы жылы облыс аумағында 13 адам суда қаза болса, соның ішінде үшеуі жасөспірім. Сонымен қатар бір жасөспірімнің денесі іздестірілуде.
Соңғы қайғылы оқиға Ақжайық ауданы Чапаев ауылында орын алды. 21 шілде күні 13 жасар үш жасөспірім қыз суға түсуге арналмаған жерде, ата-аналарының қарауынсыз суға түсіп, соңы екі қыз баланың қазасымен аяқталды.
Судағы төтенше жағдайлардың басты себептері, азаматтардың құтқарушылармен күзетілмейтін су айдындарында демалуынан, шомылуға жабдықталмаған және арналмаған жерлерде шомылуынан, судағы қауіпсіздік талаптарын білмеуінен және оларды ұстанбауынан, ішімдік ішіп шомылуынан, жүзе білмеуінен, балалардың су жағасында ересектердің бақылауынсыз қалуынан болып отыр.
Яғни азаматтардың судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан, арты қайғылы жағдаймен аяқталуда.
Судағы негізгі қауіпсіздік ережелері:
- тек жабдықталған жағажайлар мен басқа да шомылуға арналған орындарда, ресми рұқсаты және құтқару қызметі бар жерлерде шомылыңыз;
- шомыла білмей белден жоғары суға түспеңіз;
- шомылу кезінде бір-біріңізді көзден таса қылмаңыз, әсіресе, балаларға қадағалауды күшейтіңіз;
- жағадан алыс, қойылған белгіден ары жүзіп кетпеңіз;
- жүзе білмей, дөңгелекті, үрлемелі матрасты пайдаланбаңыз;
- жүзіп келе жатқан катерлер мен қайықтарға жақындамаңыз;
- қайықтан, көпірден және кеме аялдайтын орыннан суға секірмеңіз;
- суға көп шомылмаңыз, аса тоңып және шаршап қалуларыңыз мүмкін;
- түнгі уақытта және мас күйлеріңізде суға шомылмаңыз.Құрметті ата-аналар, мұғалімдер, балаларды сауықтандыру лагерьлерінің, туристік фирмалардың және демалыс зоналарының басшылары!
Балаларды қатаң бақылаңыздар, оларды үлкендердің бақылауынсыз қалдырмаңыздар. Балаларға тек арнайы жабдықталған орындар мен жерлерде үлкендердің қадағалауымен ғана шомылуға рұсқат етіңіздер. Балаларға үрлемелі матрастармен, камералармен, тақтайлармен, үрлемелі ойыншықтармен жүзуге қатаң тыйым салынады. Оларды жағадан жел немесе ағын алысқа алып кетуі мүмкін, ал бұл көмек көрсетуге қиындық туғызады.
Азаматтар! Суда абай болыңыздар! Судағы қауіпсіздік ережелері мен сақтық шараларын қатаң сақтаңыздар.
«Естеріңізде болсын! Егер де сізге қауіпті жағдай төнсе, сізге көмек қажет болса, «112» Құтқару қызметінің телефон нөміріне қоңырау шалыңыздар», делінген материал соңында.
Рио олимпиадасына санаулы күндер қалды. Осыған орай газет ҚазАқпараттың «Қазақстандықтар Рио олимпиадасына визасыз баруы мүмкін» деген ақпаратын берген.
ҚР Сыртқы iстер министрiнiң бiрiншi орынбасары Мұхтар Тiлеубердi мен Бразилияның Қазақстандағы елшiсi Деметрио Буэно Карвальо Қазақстан мен Бразилия үкiметтерi арасындағы екi ел азаматтарының визасыз сапары туралы келiсiмге қол қойды.
Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, бұл келісім тезірек күшіне енсе, Қазақстан азаматтары он күннен кейін алауы желбірейтін Рио олимпиадасына визасыз баруға мүмкіндік алады.
«Қазақстан азаматтары сыртқа шыққан кезде визасыз немесе визаны жеңілдетіп алу жүйесін құру туралы Елбасының тапсырмасы бар. Сондықтан Сыртқы істер министрлігі бұл бағытта тұрақты түрде жұмыс атқаруда. Міне, Бразилия мен Қазақстан арасында келісімге қол қойдық. Бұл келісім бойынша, екі ел азаматтары бір-біріне отыз күнге дейін визасыз сапарлар шеге алады. Өздеріңіз білесіздер, Бразилия - Латын Америкасында өз деңгейінде көтерілген мемлекет. Сондықтан біз үшін бұл өзгерістің маңызы зор. Әрине, келісімді толықтырамыз, қазіргі кезде осындай өзгеріс керек. Өздеріңіз білесіздер, он күннен кейін Бразилияда олимпиада ойындары басталады. Сондықтан жақын арада осы келісімді күшіне енгізіп, біздің азаматтарымыз олимпиада ойындарына визасыз барады деп үміттенеміз», - деді келісімге қол қойғаннан кейін М. Тілеуберді.
Вице-министр атап өткендей, бұл келісімнің Қазақстан үшін тағы бір тиімді тұсы Бразилия азаматтары келесі жылы ЭКСПО көрмесіне визасыз келе алады.
«Оның үстіне өздеріңіз білесіздер, Бразилия азаматтарының саны көп ел. Екі жүз миллионнан астам халқы бар. Сондықтан келесі жылы Астанада өтетін «ЭКСПО - 2017»-ге қонаққа Бразилиядан көп қонақ келеді деп үміттенеміз», - деді ойын түйіндеген М. Тілеуберді.
Айта кетейік, қол қойылған келісім сондай-ақ екi елдiң ынтымақтастығын дамытуға, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық, туристiк және өзге байланыстарды нығайтуға, әсiресе, екi ел азаматтарының өзара сапарларын жеңiлдетуге бағытталған.
«Мемлекеттік сатып алу жүйесіне өзгерістер керек» (Л.Шағатай) - бұған мемлекеттік сатып алудағы өзекті жайттар арқау болған.
Жуырда кәсіпкерлердің өңірлік палатасында жергілікті кәсіпкерлердің басқосуымен мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі кейбір мәселелер және оларды жетілдіруді талқылаған жиын өтті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов төрағалық етті.
Мемлекеттік сатып алу жүйесі кәсіпкерлерді көптен мазалап келе жатқан мәселелердің бірі. Жиналғандардың барлығы өз ойларын ортаға салуға тырысты. Кәсіпкерлердің бірі жұмыс көлемі аяқталғанша құрылыс материалдарының қымбаттап кететіндігі ескерілмейтіндігін алға тартса, енді бірі төлемақының жұмыс уақытында бірден емес, жарты жылдан кейін кешігіп берілетіндігіне наразы. Олардың айтуынша, еліміздегі шетелдік кен игеруші компаниялардың тапсырысына қол жеткізу оңай емес, алдын ала ақпарат берілмейді, бұл көптеген кедергілерге жол ашады. Сондай-ақ отандық өнімнің сапасы өзгелерден кем түспейтінін айтқан жергілікті кәсіпкерлер «Қарашығанақ» секілді ірі кен игеруші компаниялар өздеріне қажетті тауарды тек ағылшын жабдықтарынан жасалуын қатаң талап ететініне наразы. Ал жергілікті кәсіпорындар шикізатты көбінесе Ресей елінен әкелетіні белгілі. Соған байланысты жергілікті кәсіпкерлер көп жағдайда кен игеруші кәсіпорындар жарияланған тендерлерден қағыс қалып жатады.
-Бізде кен игерушілерден алдын ала ақпарат алу мүмкін емес. Қолымызда компанияның сұранысына сай қажетті материалдар бола бермейді. Соның салдарынан талапқа сай ғимаратты салып үлгере алмайтындықтан, тапсырыстан қағыламыз. Олар біздің осы әрекетімізді сылтауратып, Еуропадан дайын өнімдер әкеледі. Егер алдын ала толық ақпарат берілсе, бұған жол бермес едік. Бұл мәселе облыс әкімдігі мен кәсіпкерлер палатасы арқылы шешімін тапса деген тілегіміз бар, - дейді «Василец» ЖШС директоры Алексей Василец.
Әйткенмен, бұл сұрақ жиында басы ашық күйінде қалды. Жергілікті қамтуға әрі мемлекеттік сатып алуға қатысты тағы бір мәселе бюджеттік ұйымдар да, кен игеруші кәсіпорындар да төлемақыны жұмыс жасалып болғасын бірден емес, жарты жылдан кейін кешігіп төлейтіндігі. Мұндай әрекеттің сыбайлас жемқорлыққа жол ашуы мүмкін екенін айтады.
-Неге біздің өнімге бірден қаржы төленбейді. Біз құбырларымызды аталған жерге апарамыз, кепілдік береміз. Барлық сынақтан, техникалық қадағалаудан өткіземіз. Айталық, өткен жылы Орал қаласындағы коллекторды жөндеуге диаметрі 1000 мм құбыр салдық. Ақшасын жарты жылдан кейін төледі. Өйткені мердігер мемлекеттік сатып алу бойынша жұмыс көлемінің бәрін аяқтап бітірмей, мемлекет бізге ақша бермейді деген сылтауды айтады. Осының кесірінен біз шығынға ұшыраймыз. Бұл мені ғана емес, барлық әріптестерімді мазалайтын сұрақ, - деді «Орал сауда өнеркәсіп компаниясы» ЖШС директоры Василий Крылов.
Басқосуда талқыланған екінші мәселе - мемлекеттік сатып алуда қымбаттау коэффициентінің ескерілмейтіндігі. Яғни белгілі бір нысан құрылысы аяқталғанша, бастапқыда көрсетілген құрылыс материалдарының бағасы шарықтап кететіні ұмыт қалады. Соның салдарынан құрылысшылар шығынға ұшырап, ұтылады. Кәсіпкерлер бұл мәселені айтудай-ақ айтып келгенімен, нәтиже болмай келеді.
-Құрылыс кәсіпорындары немесе басқа да мемлекеттік сатып алуға, кен игерушілердің тендерлеріне қатысушы компаниялар бар. Бәрімізге күш біріктіру керек. Яғни жобалау деңгейіндегі жұмыстарға, мердігерлік жабдықтау шараларына да бірігіп қатысуға тиістіміз, - деген БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин кәсіпкерлер тарапынан белсенділік керектігін алға тартып, айтылған ұсыныстардың барлығын құзырлы органдарға жеткізетіндігін айтты.
Келесі жылдан бастап Атыраудағы теңіз кен орны мен Ақсайдағы Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобалары басталмақ. Жергілікті кәсіпкерлер бұл істен сырт қалмай тендерге қатысып, тауар, қызмет, жұмыс көлеміне қол жеткізулері тиіс. Жиынға қатысқан «Қарашығанақ» компаниясының өкілдері өздеріне айтылған сын мен ұсыныс-пікірлерді мұқият тыңдап, өзара келісіммен жұмыс істеуге уәде берді.
Мемлекеттік сатып алу және жергілікті қамту мәселелері қызу талқыланған жиында кәсіпкерлер тұрақты кәсіпорындарға мемлекеттік тапсырыс жүйесінің енгізілуі, мемлекеттік сатып алу жүйесін жеңілдету бойынша да ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Облыстық газет «Нұр Отан» партиясы жергілікті филиалдарының атқарып отырған қызметін де назардан тыс қалдырмайды. «Үздік бастауыш партия ұйымы анықталмақ» (Н.Набиоллаұлы) атты ақпарат соған дәлел.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында аталмыш филиал төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен кездесті.
Кездесуде «Қазақстан - 2021: Бірлік, тұрақтылық, жасампаздық» сайлауалды бағдарламасы, партиялық жобалар мен бастауыш партия ұйымдары, «Жас Отан» жастар қанатының жұмысы, «Нұр Отан» партиясының барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайланғандығы, «Үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауы туралы айтылды.
«Қазақстан - 2021: Бірлік, тұрақтылық, жасампаздық» сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында Саяси кеңес бюросы отырысында облыстық мәслихат депутаттары қатарынан партиялық тәлімгерлер мен сараптама топтары және олардың құрамдары бекітілген. Бүгінде бұл бағытта арнайы жоспар жасақталып, жұмыс жүргізілуде екен. 2016 жылдың бірінші шілдесіндегі мәлімет бойынша филиалдағы партия мүшелерінің саны 33331 адамды құраған. Олар 271 бастауыш партия ұйымына біріктірілген. Жыл басынан бері партия қатарына 6926 адам қабылданыпты. «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» атты саяси доктринасы бойынша нақты әлеуметтік топтардың мәселесін - ардагерлер, егде адамдар, мүгедектер, жастар, балалар, аналар мен бизнестің мәселелерін шешуге бағытталған тоғыз ірі партиялық жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда облысымызда 149 595 жас тұратын болса, олардың 10 312-сі «Жас Отан» жастар қанатының сапында. 2016 жылы облыс бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында «Нұр Отан» партиясы атынан 195 депутат сайланған. Олардың 26 пайызын әйелдер құраса, тоғыз пайызы жастардан тұрады екен. Үстіміздегі жылдың бірінші тамызынан бірінші желтоқсанға дейін «Үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауы өткізілмек. Байқаудың басты мақсаты - үздік бастауыш партия ұйымын анықтау және олардың жұмыс тәжірибесін елдің барлық аймақтарына тарату, сондай-ақ партиялық және сайланбалы қызметтерге ұсыну мақсатында білікті және белсенді бастауыш партия ұйымы төрағаларынан партиялық кадрлардың резервін қалыптастыру болып отыр.
Өңірде әлеуметтік сала нысандарын ашуға ерекше мән беріледі. «Жаңаөмірде - жаңа дәріхана» деген ақпаратта (Ә.Орынбасаров) Шаған селолық округінің орталығы Жаңаөмір ауылында халық асыға күткен дәріхана ашылғаны жария етілген.
Жеке кәсіпкер Д. Кондрашев ауыл тұрғындары мұқтаж болған нысанды қолға алып, өз ісін соңына дейін жеткізді. Расымен, Жаңаөмір ауылында осы күнге дейін дәріхана болмаған еді. Ауырып ем іздеген тұрғындар қалаға баруға мәжбүр болатын.
Дәріхананың ашылу салтанатында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ж. Нығметов пен округтегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы В. Полищук құттықтау сөз сөйледі.
-Ауданымызда кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне жүгінетіндердің саны да артуда. Бүгін өз кәсібін бастап отырған жеке кәсіпкер Д. Кондрашев шағандықтарға жаңа дәріхана қызметін ұсынып отыр. Дәріхана ашуда кәсіпкер өз қаржысына иек артқанмен, болашақта кәсібін кеңейту мақсатында «Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасына қатысуды жоспарлап отыр. Жалпы, ауданымызда кәсіпкерлердің қатары жыл сайын 3-4 пайызға көбейіп келеді. Бұл жақсы көрсеткіш деп есептеймін, - дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жандос Нығметов.
С.Хасанов Қаратөбе ауданында өткен «Ардагерлердің аймақтық семинары» жөнінде хабардар еткен.
Онда қатысушылар алдымен аудан орталығындағы әлеуметтік нысандар мен мәдени орындарға саяхат жасап, ауданның тыныс-тіршілігімен танысты.
Семинардың пленарлық бөлімінде Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелеп берді.
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған іс-шараларды өткізудегі облыс ардагерлер ұйымдарының жұмыстары турасында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов баяндап, ардагерлерге қолдау көрсету, жастарды елжандылыққа тәрбиелеу бағытында әңгіме өрбітті.
Қаратөбе аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев «100 нақты қадам» Ұлт жоспары - бес институ-ционалдық реформаны жүзеге асырудан туындайтын жастарды патриоттық және еңбекке тәрбиелеу жөніндегі жұмыстарға тоқталып өтті.
Жиында Шыңғырлау аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Сәуле Бисенғалиева ардагерлермен ұйымдастырылатын шығармашылық жұмыстар барысы турасында баян етті.
Сырым аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Галимов аудандық ардагерлер кеңесінің қоғамдық ұйымдар және үкіметтік емес мекемелермен бірлесіп, тәрбиелік мәні бар мәдени-көпшілік шараларды өткізу тәжірибесімен бөлісті.
Бөрлі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Мырзағалиев, белгілі өлкетанушы Жайсаң Ақбай, Шыңғырлау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабырғали Самиев жастар тәрбиесіндегі ардагерлердің рөлі мен еңбегі елеулі тарихи тұлғаларды жастарға үлгі тұту мақсатында дәріптеу арқылы тәрбие бе-ру төңірегінде ой қозғады.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған облыстық фестивалінің ережесі және өткізілуі жөнінде сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің мәдени және спорт жұмысы жөніндегі комиссиясының төрайымы Гүлсім Қадешова ардагерлердің белсенділігіне ризашылығын жеткізіп, мәдени шараларға қатысып тұруға шақырды.
Семинар соңында аудандардағы ардагерлер кеңесінің жұмысына зор үлес қосып жүрген бірқатар ақсақалдар облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Шыңғырлау ауданынан Қ.Елемесов «Бір айда 15 мың блок-кірпіш» өндіруге болатынын хабарлаған.
Аудан орталығының тұрғыны Әлнұр Битимбаевтың «Битимбаева С.» жеке кәсіпкерлігі «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша 3 млн. теңге несие алып, жуырда керамзитті құрылыс блок-кірпішін құятын цех жұмысын бастап кеткен болатын.
Цех төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Кірпіш беріктігі де цех басшысының өз тексеруімен тиісті нормалары сақталынып шығарылмақ. Қажетті керамзит шикізаты Ақсай қаласынан тасымалданып, жергілікті коммуналды шаруашылықтың су тасушы көлігі сумен қамтып отыр.
Бүгінгі таңда аталмыш цех толық қуатында жұмыс жасап тұр, кәсіпорын ауласындағы әдемі жиналған кірпіштер - осының айғағы. Жас кәсіпкер осы қарқынмен бір айда 15 мың блок-кірпіш шығаруға болатынын айтып отыр. Аудан көлемінен жаңа тапсырыстардың түсе бастағанын да жеткізді. Жұмысты кідіртетін мәселе де бар болып шықты, ол Орал қаласынан әкелінетін шағыртас (щебень), керамзит және цемент материалдарының жеткізілуі.
-Алдағы аптада бетон шығыршықтарын (кольцо) жасау және жол жиектемелерін (бордюр) құю жұмыстарын бастамақшымыз, - дейді Ә. Битимбаев.
Ал Жәнібек ауданынан А.Құсайынов «Бақша баптағандар» жөнінде сыр шертеді.
Талов ауылдық округінің байырғы тұрғыны Ғилым Қажығалиев ағайынды жігіттердің басын қосып, ауылдан 15 шақырымдай жерден бес гектар жер алып, бақша дақылдарын өсіруде.
-2009 жылдан бері Сарыөзеннің жағасынан жер алып, Қайдар, Асылхан, Сәлім Ғұбашев сынды аға-інілеріммен бірге осы кәсіппен шұғылданып келемін. Мектеп қабырғасында оқып жүріп, жазғы каникулға шыққан кезде ылғи да ауылдың жанындағы бақшалыққа барып, ертеңнен кешке дейін жұмыс істейтінмін. Сонда жүріп 8-сыныпқа дейін соғыс ардагері, плантатор Паня ағайдан біраз нәрсе үйрендім. Содан қалған дағды шығар, бақша баптап, көкөніс өсірген өзіме қатты ұнайды. Көктем шыға осында келіп, жер баптаумен шұғылданамыз. Қолымыздан келген агротехникалық шараларды атқарамыз. Қазір бақшалықта қияр, қызанақ, қауын, қарбыз, картоп, қырыққабат, қызылша, сәбіз, асқабақ сияқты тоғыз түрлі дақылдар өсірілуде, - дейді Ғилым Кәрімұлы.
Бақша Сарыөзеннен қос мотормен аптасына бір рет мейірі қандырыла суарылып, арамшөптері оталып отырылады. Бақшалықтың басында үйлері бар. Бағбан Ғ. Қажығалиев өнімнің санына емес, сапасына қатты мән береді. Сондықтан да бұлардың ешқандай қоспасыз, табиғи таза өнімдері тұтынушылар тарапынан үлкен сұранысқа ие. Әбден пісіп-жетілген көкөністерін жергілікті тұрғындарға, көршілес Борсы ауылына, сондай-ақ аудан орталығындағы жәрмеңкеге апарып өткізеді.
-Бізде жер жетеді, алдағы уақытта бақшаның көлемін әлде де ұлғайтып, тамшылатып суару қондырғысы мен трактор алғымыз келеді, - дейді бақша баптаған жан.
Жақсыбайлық Жақсыбек Қаратаев та Сарыөзеннің бойынан бақша салып, үш гектардай жерге қияр мен қызанақ, қауын-қарбыз отырғызған. Егілген көкөністердің қай-қайсысы да нитрат, химикат дегендерден ада. Бақшаны күтіп-баптау жұмыстарына екі адам тартылған. Алқап дизель моторы арқылы суарылады. Дайын болған бақша өнімдерін ауылдастарына, іргедегі Қазталов ауданының Қараоба ауылына, Жәнібек ауылында ұйымдастырылатын жәрмеңкеге апарып саудалайды.
«Орал өңірі» газетінің 28 шілде күнгі санында «Жаңа ұшақтың таныстырылымы» (Н.Оразаев) болғаны хабарланған.
Орал әуежайында канадалық «Viking Air» компаниясы ұсынған «Twin Otter Series 400» әуе лайнерінің тұсаукесері өтті. Ұшақтың таныстырылымына облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.
Бұл канадалық «Viking Air» компаниясының «Twin Otter Series 400» атты шағын ұшағы Қазақстанның климаттық жағдайына қолайлы етіп жасалған. Әуе ұшағы 19 орынға лайықталған және қызмет көрсету түрі де қарапайым. Яғни қажет болған жағдайда ішкі жабдықтарын өзгертудің арқасында орындықтарды жинап, науқас адамды тасымалдауға немесе жүк салуға әбден қолайлы. Ішкі ұшырылымдарды қамтитын ұшақ медициналық бағыттағы арнайы тапсырмаларды, құтқару операцияла-рын жүзеге асыруға да ыңғайлы. Жолаушылар тасымалымен айналысатын ұшақты бар-жоғы бір сағаттың ішінде медициналық жабдықталған санавиацияға айналдыруға болады. Көп салалы ұшақ ұшу-қону жолағын талғамайды. Ол су бетіне, қарға, тіпті асфальт төселмеген қара жерге де қону мүмкіндігіне ие. Аталмыш ұшақты бір ғана ұшқыш басқарады. Техникалық қызметі де қарапайым.
Компания өкілдері ұшақты жан-жақты таныстыру мақсатында үлкен круизге шыққандарын жеткізді. Дәл осындай таныстырылым еліміздің Астана, Қарағанды, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында да ұйымдастырылған.
-«Viking Air» әлемдік дәрежедегі әуе-ғарыштық компаниясы дәстүрлі әуе кемелерінің әлемдік паркіне арналған жабдықтар шығарады. Бүгінде біздің зауыт зымыран жүйелерінің, әуе жүйесінің талаптарын қанағаттандыруға арналған өнімнің түр-түрін ұсынып келеді. Біздің компания 1988 жылдан бері дәл осындай бағытта көп салалы 844 ұшақ түрін қолданысқа шығарды. Бүгін біз «Twin Otter Series 400» атты 19 орындықты шағын әуе кемесінің тұсаукесерін өткізіп отырмыз. Ұшақ тек жолаушыларды тасымалдап қана қоймай, сонымен қатар медицина саласында пайдалануға және жүк тасымалымен айналысуға қолайлы. Ол түрлі климат-тық жағдайға бейім, яғни жоғары және төменгі температураға шыдамды. Қазіргі таңда «Twin Otter Series 400» ұшағына деген сұраныс күн санап артып келеді. Бүгінде біздің компания шығарған ұшақтар Канада, АҚШ, Қытай секілді әлемнің 57 елінде қолданысқа енді, - дейді канадалық «Viking Air» компаниясы маркетинг бөлімінің директоры Дэвид Хиз.
-Біздің ел өңірлерінің географиялық орналасу қашықтығын, сонымен қатар бір облыс аумағындағы аудандардың шалғай-лығын ескерсек, бұл өте қолайлы көлік деп есептеймін. Көп салалы ұшақ шалғайда орналасқан аудандарды облыс орталығымен, авиациялық қатынаспен қамтамасыз етуге зор мүмкіндік туғызары сөзсіз. Тағы бір ерекшелігі, облыс орталы-ғынан 500-600 шақырым қашықтықта орналасқан аудандар аралықтарын осы ұшақпен қатынауды қамтитын болсақ, арнайы ұшу жолақтарын салудың да қажеттілігі туындамайды. Себебі өздеріңіз көргендей, бұл әуе көлігі ұшып-қонуы үшін жол, жер талғамайды. Алдағы уақытта жан-жақты экономикалық талдау жасап, бизнестің әлеуметтік серіктестігі арқылы инвесторлар тарту жағдайын қарастыратын болсақ, болашағы зор жоба, - деді таныстырылымнан соң ұшақпен әуеге көтеріліп көрген облыс әкімі Алтай Көлгінов.
«Viking Air» копаниясы өкілдерінің айтуынша, олар Қазақстанмен қарым-қатынас орнатуға дайын. Сонымен бірге біздің елдің экономикалық әлеуеті азаматтық авиация тұрғысында өте жоғары деп есептейді.
Ақ Жайық атырабында таныстырылымы өткен «Twin Otter Series 400» ұшағының бағасы 7 млн. АҚШ долларын құрайды.
«Шұбатылған кезектің күні өтті» (Н.Оразаев) атты материал 1-беттен бастап берілген.
БҚО ішкі істер департаменті әкімшілік полиция бөлімі жанындағы тіркеу-емтихан қабылдау және әкімшілік практика бөліністері осыдан бір апта бұрын тұрғындарға сапалы әрі тез қызмет көрсету мақ-сатында электронды кезек жүйесін ашқан болатын. Кеше өңір басшысы Алтай Көлгінов жаңғырып, қайта жабдықталған қызмет көрсету орталығының жұмыс жүйесімен танысты.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айқындалған тапсырмаларды жүзеге асыру шеңберінде «Қазақстан Республикасының жергілікті полиция қызметі жұмысы бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы №388-V санды заңына сәйкес, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша БҚО ішкі істер департаменті, әкімшілік полиция бөлімі жанындағы тіркеу-емтихан қабылдау және әкімшілік практика бөліністерін электронды кезек жүйесімен жарақтандыру жобасы қолға алынған болатын. Аталған жобаны жүзеге асыру мақсатында ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстарын және қайта жабдықтау, қажет құрылғылар мен компьютерлік құралдарды, жаңа жиһаздарды сатып алуға облыс бюджетінен 30 млн. 184 мың 837 теңге қаражат бөлінген.
Аталған жүйені енгізудің басты мақсаты - көлік құралдарын тіркеу немесе қайта тіркеуге қою, жүргізуші куәліктерін беру және әкімшілік құқықбұзушылық істері бойынша өндірісті іске асыру мақсатында халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту болып табылады.
Электронды кезек жүйесімен қызмет көрсету адамның тікелей қатысуынсыз жүзеге асады. Тұтынушының кезегі электронды түрде анықталады. Яғни бұрынғыдай шетімен-шеті белгісіз кезекке тұру, делдалдың көмегіне жүгіну сияқты келеңсіз жағдайлар ендігі жерде орын алмайды.
Жаңарып, қайта жабдықталған тіркеу-емтихан қабылдау және әкімшілік практика бөліністерін аралап, өз көзімен көрген өңір басшысы А. Көлгінов орталыққа келген тұтынушылармен жүздесіп, жаңа жүйе туралы ой-пікірлерін білді. Орталыққа келушілер өз кезектерінде қызмет көрсету жүйесінің едәуір жеңілдетілгенін, сол себепті жүйкені жұқартатын кезектен құтылып, уақыттары үнемделетінін айтып, облыс әкімдігіне алғыстарын білдірді. Облыс әкімі тұтынушылар атынан айтылған кейбір кемшіліктерді жоюды және көрсетілетін қызметті жетілдіру жұмыстарын әкімшілік полиция басқармасы басшысы мен халыққа қызмет көрсету орталығының жетекшісіне тапсырды.
-Өздеріңізге белгілі, әкімшілік полиция бөлімінің қызмет көрсету сапасы туралы тұрғындардан арыз-шағымдар көптеп түсетін. Олардың дені аутокөлік иелерінің мемлекеттік нөмірлерін ауыстыруда, жүргізуші куәлігін алуда немесе айыппұл төлеуде ұзын-сонар кезектің болатынын айтып шағымданатын. Осы түйткілді мәселені шешу мақсатында бір терезе қағидасымен халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарын жұмылдыру арқылы бұл жерде де электронды кезек жүйесін енгіздік. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға ғимарат қайта жөнделіп, қажет құрал-жабдықтармен қамтылып, қосымша қызметкерлер жұмысқа қабылданды. Бұрын әр тұтынушыға қызмет көрсетуге алты сағат уақыт жұмсалатын болса, бүгінде ол үш есеге азайтылды. Жаңадан қолға алынған істің олқы тұстарын да байқадық. Дайын құжат бөлімінде болғанымызда, әзір тұрған құжатты алатын бірнеше тапсырыс берушілер күту залында болмай шықты. Кезегін алғаннан соң оны күтпей, өз шаруаларымен шығып кеткен сыңайлы. Ендігі жерде тұтынушыларға түсіндірме жұмыстарын күшейтуіміз керек. Себебі біздің тарапымыздан істелген істің түпкі мақсаты халыққа сапалы, ыңғайлы әрі тез қызмет көрсету болып саналады, - деді өңір басшысы Алтай Көлгінов.
«Құрылыс жұмыстарының сапасы үнемі назарда» (Н.Ғаббас) - мұнда облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, облыс әкімдігінің бас инспекторы Артур Баяхметов және облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Тимур Басаровтың Жаңақала ауданында болып, жүріп жатқан құрылыс барысымен танысқаны баяндалған.
Облыс әкімінің орынбасары алғашқы болып ат басын тіреген «Чапаев - Жаңақала - Сайқын» автожолын жөндеп жатқан мердігер «UNISERV» компаниясы болды. Мұнда ол жұмысшылармен кездесіп, салынып жатқан жолдың сапасы төңірегінде пікір алмасты. Осыдан 2-3 апта бұрын облыс әкімі келген кезде де, бүгін де жол жөндеп жатқан аталмыш компания басшысының және техникалық қадағалаушының құрылыс басында болмағанын сынға алған Бағдат Оразалдыұлы аудандағы жол жөндеу жұмысына жауапты мекеме басшыларына күнделікті құрылыс басында болып, оны қатаң қадағалауды тапсырды.
Қызылоба ауылдық округіндегі Е. Орақбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектебін күрделі жөндеуден өткізіп жатқан «Тасқала Трансгаз» ЖШС-ның басшысымен кездесті. Облыс басшысының орынбасары жүріп жатқан құрылыстың қарқынына көңілі толмай, жұмыс күшін әлі де толықтыру керек екенін айтты. Сөз соңында ол қайткен жағдайда да, 25 тамыз күні құрылыс аяқталып, 1 қыркүйек күні балалар жаңа мектепке мерекелік көңіл күймен келуі керек екенін ескертті.
Мұнан кейін облыс әкімінің орынбасары бастаған делегация «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан аудан орталығындағы ауыз су тарту жұмысымен танысты. Биыл Ұлттық қор қаражаты есебінен аталмыш жоба құрылысына 129 014,0 мың теңге қаржы бөлінген болатын. Бөлінген қаржыны Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасымен өткізілген конкурстық рәсімдердің қорытындысы бойынша мердігері «Жолаушы - Жол» ЖШС жеңіп алып, бүгінде Сәләмат Сертеков басқаратын бұл мердігер компания өз жұмыстарын бастап кетті. Жұмыс басталған 17 күннің ішінде жаңа құрылыс аймағындағы жұмыстың 80 пайызын бітіріп қойған құрылысшылардың қарқынды жұмысына разы болған Бағдат Оразалдыұлы, осы қарқыннан таймай, жұмысты жоспардан бұрын аяқтап, тапсыруды жүктеді.
-Осы уақытқа дейін аудан орталығындағы су тазарту құрылғысы үлкен жүктемемен жұмыс жасап келді. Ендігі жерде аудан орталығына тартылып жатқан 32,6 шақырым су құбыры іске қосылатын болса, күніне 1000 текше метр су берілетін болады. Оған біздің су тазарту құрылғымыздың күші жетпей қалуы ықтимал. Біз үшін ең тиімдісі - Құлшық су арнасынан суы тарту. Егер Құлшықтан су тартылатын болса, ауданымыздың 70 пайызы сумен қамтамасыз етілер еді. Құлшықтан су тартар болсақ, ол тек біздің ауданды ғана емес, жолшыбай көршілес жатқан Қазталов ауданының суға зәру бірнеше ауылын да ауыз сумен қамтамасыз етер еді. Оған Құлшықтың суы жеткілікті. Зерттеушілердің айтуы бойынша, Құлшықтың су қоры 25 жылға жетеді. Және суының сапасы өте жоғары. Бұл жұмыстар үшін барлық құжаттар дайын, - деді әңгіме барысында аудан әкімі Лавр Хайретдинов.
Мұнан кейін облыс әкімінің орынбасары бастаған топ аудан орталығындағы күрделі жөндеуді қажет ететін әлеуметтік нысандарды аралап, олардың жұмысын тексеріп шықты. Соның ішінде аудандық №2 өрт сөндіру бөлімі жұмысының дайындығын тексеріп, дабыл бергізді. Өрт сөндірушілер дабыл берілген жерге жедел жетіп, қандай да болмасын өрт қаупіне сақадай сай екендерін дәлелдеп берді.
«Бір ғасырға қадам бастық» - «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Ж.Сафуллиннің мақаласы осылай аталады.
-Бүгін Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бастауында тұрған «Ұран» газетінің туған күні. 1917 жылдың 28 шілде күні алып Ресейде патша үкіметі құлап, Уақытша билік орнаған аласапыран кезеңде бөкейлік қазақ зиялыларының жанкешті әрекетімен жарық көрген «Ұран» газетінің алғашқы саны шыққанына 99 жыл толды, деп басталатын материалда газет тарихы сөз болады.
«Ұран» газеті - бүгінгі «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің түп атасы. Дәл осылай сенімді айту үшін біз көп тер төгіп, еңбектендік. Жүйелі, тыңғылықты жұмыстандық. Осыған дейін де бұл ісіміздің мақсаты мен маңызы туралы айтқанбыз. Міне, 100 жылға қадам басарда, «Ұран» газетінің алғашқы нөмірі шыққан күн қарсаңында оқырманның есіне тағы бір салып қоюды жөн санадық.
Отарлауды басты мақсат еткен жүйе еліміздің шынайы тарихын бұрмалап, шындықты жасырып, өз саясатына қолайлы, оң жамбасына ыңғайлап құрастырылған тарих жасады. Соның салдарынан қазақ елі үшін ерен еңбек еткен талай тұлғаларымыз бен олардың атқарған істері беймәлім болып, саясаттың құрбанына айналды. Тәуелсіздігіміздің арқасында ғана осы олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіншілік алдық.
Солақай саясаттың салқынынан теперіш көрген, ғасырға жуық үздіксіз жарық көрген облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің тарихы оқырманын бейжай қалдырмайды деп ойлаймыз. Себебі бұл басылымдар - аталарымыз бен әжелеріміздің, әкелеріміз бен аналарымыздың, бүгінгі біздің қиыншылық пен қуанышты бірге өткерген серігіміз, ақылшы, кеңесшіміз.
Ұзақ жылдар бойы «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттері 1918 жылы 17 қарашада Ордада большевиктер шығарған «Хабар-Известия» газетінен бастау алды деп келдік. Алайда қос басылымның тарихы Кеңес үкіметінің құрылуынан кейін басталғанына іштей күмәнданатын едік. Бұған дейін де өңірімізде толыққанды басылымдар болғаны көпшілікке мәлім. Тағдырлас қос газеттің тарихын зерттей жүріп күмәніміздің оң-терісін айқындадық.
«Орал өңірінің» бастауы - «Ұран»
Мемлекеттің қолдауы арқасында «Жайық Пресс» ЖШС-ның материалдық-техникалық базасы нығайып, күнделікті газет шығарумен қатар төл басылымдарымыздың тарихын зерттеуді де қолға алдық. 2013 жылы облыс-тық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдық мерейтойын өткізу барысында газеттеріміздің тарихы біз негізге алып жүрген 1918 жылғы 17 қарашада емес, одан әріде екендігін, әлде де тыңғылықты зерттеулер қажеттілігін айтып, алғашқы нөмірге санап жүрген «Хабар-Известия» газетінің алдында «Ұран» газетінің болғандығы және алдағы уақытта осы газетті іздестіруден бастайтынымызды хабардар еттік. Бұған бірнеше себеп болды.
Біріншіден, 2012 жылы Мәскеу мұрағаттарынан «Хабар-Известия» газетінің 1918 жылдың аяғына дейін шыққан сандарының көшірмесін түгелге жуық әкелгенбіз. Міне, осы газеттің алғашқы нөмірінде, араб әліпбиімен жазылған нұсқасында облыстық кіндік комитеттің №12 хаттамасы жарияланған. Онда «Баспасөз тарату ісі ілгерілеп, жемісті һәм пайдалы болуы үшін Астраханнан келген жаңа баспахана мен Хан ордасындағы «Ұран» баспаханасы біріктіріліп, ол баспахананы басқару ісі жолдас Выгдорщикке тапсырылсын» делінген. Хаттамадағы «баспасөз тарату ісі ілгерілеп...» дегеннің өзі бұрын барды жаңа жүйеге ыңғайлап жалғастыруды меңзейді. Осылайша «Ұранның» орнын «Хабар-Известия» газеті басқанын дәлел-дейді.
Екіншіден, «Қазақстан» (1911-1913), «Ұран» (1917-1918), «Хабар-Известия» (1918), «Дұрыстық жолы» (1919) газеттерін шығару барысында көптеген азамат бас біріктірді. Бірақ осы басылымдардың бәріне бірдей белсенді атсалысқан екі тұлға бар. Олар Ғұмар Қараш және Ғабдолғазиз Мұсағалиев. Ғұмар Қараш «Қазақстан» газетіне редакторлық етсе, Ғабдолғазиз Мұсағалиев жазылу жұмыстарын ұйымдастырып, қаржы жинауға және таратуға көмектеседі. Ал «Ұран» газетіне редакторлық еткен - Ғабдолғазиз Мұсағалиев. Ал газетте Ғұмар Қараштың көптеген мақалалары, тіпті газеттің мақсатын айқындайтын «Ұран» атты өлеңі де жарық көрген. Ал бұл тұлғалардың «Хабар-Известия» газетіне де қатысы барлығын 1968 жылғы 17 қарашадағы газеттің елу жылдық мерекелік нөміріндегі Тамимдар Сафиевтің мақаласы дәлелдей түседі. Онда «Хабар» және «Қазақ дұрыстығы» аталып, екі тілде шыққан газет орнына бір ғана қазақ тілінде газет шығару мәселесі талқыланғандығы, көпшіліктің ұйғарымымен газет атауы «Дұрыстық жолы» болып өзгертілгенде, оның редакция алқасында Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев және мақала авторы Тамимдар Сафиев кіргендігі айтылған. Осымен-ақ бұл тұлғалардың баспасөзбен тығыз байланыста болғандығы көрінеді. Өкінішке қарай, кеңес дәуірінде осындай ұлт зиялыларының халқы үшін жасаған қызметі айтылмады. Тіпті ағартушы, ақын, ойшыл Ғұмар Қараштың еңбегі түгіл, атын атауға тыйым салынды. Көбінесе «Хабар-Известия» газетінің редакторы - Ішкі ордалықты басқарушы облыстық кіндік (орталық) комитет төрағасы Степан Милютиннің аты ғана аталып, басқасы көлеңкеде қалды.
Ғұмар Қараш және Ғабдолғазиз Мұсағалиев - екеуі де қазақ тарихында ойып алатын орны бар, ел үшін жанкешті еңбек еткен, баспасөз саласы арқылы халық санасын оятуға орасан еңбек сіңірген тұлғалар. Бұл газеттер қоғамдағы саяси жүйе қанша өзгерсе де, мүмкіндігінше халық үшін аянбай қызмет етті.
Үшіншіден, біз баспасөз саласын зерттеумен жаңадан айналысып жүргендіктен, әр тапқанымызды жаңалық ашқандай боламыз. Бірақ кәнігі кәсіби мамандар бұны әуелден білгендей.
Алматы қаласындағы Ғылыми кітапханада «Орал өңірі» газетіне қатысты формуляр былай толтырылыпты: «Қызыл ту. Оралдың губерниялық партия комитеті мен атқару комитетінің газеті. Орал, 1922-1929.1917 жылдың июлінен-1918 жылға дейін - «Ұран»; 1919 жылдан - «Дұрыстық жолы»; 1919-1920 ж.ж - «Сахара таңы»; 1920-1930 ж.ж. - «Қызыл ту»; 1931-1957 ж.ж. «Екпінді құрылыс»; 1958-1964 ж.ж. - «Октябрь туы»; 1965 ж. 1 янв - «Орал өңірі» деп аталады».
Міне, мұнда газеттің «Ұраннан» басталатынына еш күмәнданбайды. Жүйелеп, тап-тұйнақтай етіп көрсеткен.
Төртіншіден, «Ұран» газетін Кеңес үкіметі тұсында баспасөздің бастауына негіз етуге саясат жол бермеді. Бұған Сәкен Сейфуллин «Тар жол тайғақ кешу» романында: «Бөкей ордасының біраз оқығандары, ақын, молда Қарашұлы бас болып, «Ұран» деген газет шығарып, «Алашорданы» ұран қылып тұрды...» дегенінің өзі дәлел. Алаш орданың айналасындағының бәрі «халық жауы» болғандықтан, газет те осы санатқа жатқызылып, іздегенде «әп» дегеннен-ақ таба алмауымыздың сыры осыда болар.
Газеттің атауы өзгергенімен, баспахана ортақ, шығарушылары бір болғандықтан, бұл газеттер - бір-бірін жалғастырған басылымдар. Жоғарыдағы айтылған негіздерге байланысты бүгінгі «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бастауы 1917 жылы шілде айынан Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің редакторлығымен жарық көрген «Ұран» газетінен бастау алатыны анық.
«Ұран» қалай табылды?
2013 жылы қос басылымның 95 жылдығы қарсаңында-ақ «Ұран» газетін таныстырып, тарихын тереңдеткіміз келген. Бірақ қанша іздесек те, түпнұсқасын не көшірмесін таба алмадық. Сондықтан ойымызды айқындау болашақтың еншісіне қалды. 1911-1913 жылдар аралығындағы жарық көрген «Қазақстан» газетін Ресей мұрағаттарынан іздеп тапқан тәжірибеміз бойынша Ресейлік көптеген мұрағаттар мен кітапханаларға сұрау салдық. Өкініштісі, ешбірінде сақталмапты. Бірақ газеттің шыққаны анық, көптеген тұлғалардың көзімен көргені, оған өздерінің бағасын бергені анық. Не мұрағат, не мұражай, не кітапхана, не жекелеген адамдардың қолында сақталуы мүмкін деген оймен індетіп, іздестіруімізді жалғастырдық. Алғашқы қуанышты хабарды ғалым Мақсат Тәжімұрат жеткізді. Ол Алматы қаласындағы «Республикалық кітап мұражайы» РМҚК-нан «Ұран» газетінің бірнеше санын тапқан. Біздің жанұшырып іздеп жатқанымызды естігендіктен, құнды дүниені бізге беруді жөн санапты. Тіпті электронды көшірмесін жасатып, алып кетуге дайындатып қойған. Барып алдық. Тігіндінің бетіне былай деп жазылыпты: «халық ақыны Надралиев Андаш (1889-1954) жеке қорынан. Бұрынғы Астрахан облысы, Бөкей ордасы, қазіргі Жаңақала ауданы, Жаңақазан ауылында дүниеге келген». Мұражай қызметкерінің айтуы бойынша газет тігіндісі 1978 жылы тапсырылған.
Мұстафа Ысмағұлов көзі тірісінде жинаған бірнеше қап құжатты мұражайға тапсырылғанын білетін едік. «Қазақстан» газетін алғаш тыңғылықты зерттеген де осы адам. Кеңес заманындағы солақай саясаттың кесірінен халыққа жария ете алмады. Мұстафа ағамыз шамалыға таптырмайтын «Ұран» газетінің фотокөшірмелерін де бір папкаға салыпты, тіпті осы газеттің бас редакторы әрі ұйымдастырушысы Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің көптеген еңбегін жинақтап, зерделепті. Мұражай басшылығымен келісіп, осы еңбектердің көшірмесін алдық.
Қолда бар газет көшірмелерінен түйгеніміз, «Ұранның» шамамен 40-50 нөмірі жарық көрген. Біз 10 нөмірін таптық. Нақты айтсақ, мына нөмірлер: №6, 1 қыркүйек, 1917 жыл, жұма; №7, 12 қыркүйек, 1917 жыл, сейсенбі; №8, 26 қыркүйек, 1917 жыл, сейсенбі; №9, 7 қазан, 1917 жыл, сейсенбі; №20, 31 желтоқсан, 1917 жыл, жексенбі; №24, 16 ақпан, 1918 жыл, жұма; №28 (датасы белгісіз); №30, 28(10) наурыз, 1918 жыл, бейсенбі; №38, 16(3) мамыр, 1918 жыл, бейсенбі.
Жиырмасыншы ғасырдың басы - қазақ елін отарлаудың белсенді деңгейіне көшкен сәті. Бір отарлаушының орнына екіншісі ауысып, халық кімге сенерін, кімнің айтқанымен жүрерін білмей, дұрыстығына жөн сілтегендердің айтқаны жаппай халыққа естілмей, абдыраған кездер еді. Осы сәтте барша қазақтың басын бір мақсат, бір мүддеге тоғыстыруға қауқарлы тек қана газет болды. Осыны жете түсінген қазақтың зиялы қауым өкілдері Батыс өңірінде тұңғыш рет тұрақты, жүйелі басылым - «Қазақстан» (1911-1913) газетін шығарса, одан әрі «Ұран» (1917), «Хабар-Известия» (1918), «Дұрыстық жолы» (1919) басылымдарын ұйымдастырды.
Ұлы істердің бастауы - «Ұран»
«Жайық Пресс» ЖШС жанындағы Баспасөз тарихын зерттеу орталығының дайындауымен 2014 жылы «Ұран» газеті. 1917-1918» атты тарихи жинақ баспадан жарық көрді. Бұл басылымды дайындауға арнайы ақылдастар алқасы құрылып, оның құрамына сол кездегі облыс басшыларына қоса Светлана Смағұлова, Ғарифолла Әнес, Мақсат Тәжімұрат, Қалиолла Орынғали, Қылышбай Сүндетұлы, Ғабит Қабекенов сынды танымал ғалымдар, баспасөз тарихын зерттеушілер де кірген болатын. Осылайша, «Ұран» газетінің табылған сандары қазіргі әліпбиге аударылып, газет ісіне белсенді араласқан Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Нұғман Манаев, Бақыткерей Құлманов т.б. сынды алаш азаматтарының өміріне қатысты тың деректер жинастырылды. Бұл шыға бастағанына бір ғасырға таяған «Ұран» газеті туралы тұңғыш толымды жинақ еді.
Айта кету керек, «Жайық Пресс» медиахолдингі аға буын ісіне адалдық таныту үшін әрқашан қызмет етіп келеді. «Ұран» газетіне арналған жинақтың көпшілікке, маман-ғалымдарға таныстыру үшін бірнеше шара өткізілді. Астана қаласында Л. Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінің Отырар кітапханасында, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде кітаптың таныстырылымы ұйымдастырылса, «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақстан-Zaman», «Астана ақшамы» т.б. газеттерде көлемді мақалалар басылды.
Орал қаласында тарихшылар мен маман-ғалымдардың басқосуымен арнайы дөңгелек үстел өткізіліп, Батыс Қазақстан облыстық газеттерінің бастауы Совет кезінде бекітілген 1918 жылғы 17 қараша емес, 1917 жылғы 28 шілдеден бастау қажеттігі туралы ұсыныс айтылып, ол бірауыздан мақұлданды. Бұл жөнінде қаулы қабылданып, Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігіне арнайы хат жолданды.
Біз газетіміздің шыққан жылын әріге шегеріп, жасын ұлғайтуды мақсат еткен емеспіз, ең бастысы - шындықты, ақиқатты айқындау. Бұл Кеңес үкіметі тұсындағы 73 жыл бойы айтуға, тіпті ойлауға тыйым салынған жағдай еді. Азат ел болғанымызға тәубе. Өткенімізді саралап, жақсылығын ұрпаққа айтатын күн де туды.
Міне, дәл бүгіннен бастап біз, Батыс Қазақстан облыстық газеттері, өзінің ұзақ тарихындағы бір ғасырлық межеге қадам басып отырмыз. Алдағы 2017 жыл - ұлтымыз үшін аса маңызды Алаш қозғалысының 100 жылдығы, бүгінгі Қазақстан үшін дүниежүзілік ЭКСПО көрмесі өтетін мәртебелі жыл ғана емес, бастауында Ғұмар Қараш, Бақыткерей Құлманов, Ғабдолғазиз Мұсағалиев сынды ұлт көсемдері тұрған «Ұран» газетінің де ғасырлық тойы. Мұны білу, мұны ескеру - бізді, бүгінгі журналистерді, ағалар аманатына, ұлт қызметіне адал болуға шақырады.
Бұл жылды «Жайық Пресс» медиахолдингі барынша мазмұнды, барынша тағылымды етіп өткізуді жоспарлауда. Газеттердің 100 жылдық тігіндісі жинақталып, электронды форматқа айналдырылу үстінде. 2013 жылы жарық көрген «Қос газеттің тарихы-История двух газет» кітабы толықтырылып, қайта жарық көрмек. «Ұран» газетінің толық тігіндісін Қазақстан, Ресей мұрағаттарынан іздестіру жалғасуда.
Бүгіннен бастап облыстық басылымдарда, «Жайық Пресс» ақпарат сайтында мерейтойлық арнайы айдар ашылады. Онда облыстық басылымдардың 100 жылдық тарихының түрлі кезеңін көрсететін құнды естеліктер, көне фотолар, құжаттар жарияланбақ. Баспасөз тарихы - ел шежіресі десек, газет оқырмандарын осы іске белсене қатысуға, өздеріңіз білетін тарих пен тұлғалар туралы естеліктермен, көне суреттермен бөлісуге шақырамыз.
Сонымен бірге Орал қаласында облыстық газеттердің 100 жылдығына және баспасөз тарихына арналған республикалық ғылыми конференция өткізу жоспарлануда. Бұл жиынға елімізде баспасөз тарихын жүйелі зерттеумен айналысып жүрген белгілі ғалымдар шақырылмақ.
«Батыс Қазақстан облыстық басылымдарының шыға бастағанына 100 жыл толуына орай «Жайық Пресс» ЖШС журналистика, филология және тарих факультеттері студенттері мен магистранттары арасында қазақ баспасөзінің даму тарихы тақырыбын насихаттау, осы мәселеге жас ғалымдардың көңілін аударып, қызығушылығын арттыру үшін байқау жариялап отыр. Қазақ баспасөзі тарихын, оның ішінде Қазақстанның батыс өңірінде шыққан басылымдардың даму жолын, баспасөз бастауында тұрған тұлғалардың өмір жолы мен қызметін зерттеу нысанына айналдырып, курстық, дипломдық және магистрлік зерттеу жұмыстарын жазған студенттер мен жас ғалымдарға қаржылай жүлде тағайындалды. Байқау қорытындысы 2017 жылдың 28 шілдесі қарсаңында қорытындыланады», делінген мақала соңында.
«Жасай бер, «Жаңа Айқап!..» орынборлық қазақ газетіне - 25 жыл» (Ж.Набиоллаұлы) - бұл көлемді ақпаратта аталмыш газеттің мерейтойы баян етілген.
Ресей Федерациясының Орынбор қаласында жергілікті қазақтардың бастамасымен сонау 1991 жылы «Айқап» (кейін «Жаңа Айқап») газеті ашылған екен. Жергілікті биліктің қаржылай қолдауымен, қазақ және орыс тілдерінде шығатын осы басылымға бүгінде ширек ғасыр толыпты. Қазақстан Республикасы үшін де, шетелдегі қазақтар үшін де маңызы зор бұл жиынға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов бастаған арнайы делегация қатысқан болатын.
Шілденің 24-і күні кешкісін Орынбор облыстық филармониясының ғимаратында «Жаңа Айқап» газетінің 25 жылдығына орай өткен мерекелік шараға Ресейдің түкпір-түкпірінен қазақ ағайындар көп жиналды. Газеттің алғашқы шығарушылары мен тарихынан сыр шертетін деректі фильмнен соң, басылымның құрылтайшысы, «Орынбор қазақтарының ассоциациясы» қоғамдық ұйымының төрағасы Жәнібек Иткөзов ақжарма тілегін жеткізіп, әр жылдары газет редакциясында қызмет еткен әріптестеріне алғысхат табыстады. Одан әрі Орынбор облысы үкіметі төрағасының ішкі саясат бойынша орынбасары - вице-губернатор Вера Баширова құттықтау сөз сөйледі. Қазақстаннан келген ресми делегация жетекшісі, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жиналған қауымды Ақ Жайық жұртшылығы атынан құттықтап: «Сіздер арқылы облыстық газет ұжымына және оның орынборлық барлық оқырмандарына ыстық сәлемімізді жеткіземін. Осыдан ширек ғасыр уақыт бұрын Орынбор қазақтарының облыстық газеті жарыққа шығып, ол Орынбор облысы қазақтарының үніне, рухани өзегіне және ұлттық байлығына айналды. Газеттің жарыққа шығуы Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алу жылымен тұспа-тұс келгендігі қуантады. Ақ Жайық өңірімен ежелден тығыз байланысып жатқан Орынборда 1991 жылы облыстық қазақ газетінің дүниеге келуі, ондағы қазақ бауырларымыздың ұйымшылдығына, ұлттық сана-сезімінің асқақтығына нақты дәлел бола алады. Ширек ғасыр уақыт ішінде газет үлкен жолдан жүріп өтті, облыстың барлық қазақтарын өз айналасына топтастырып, өз оқырмандарын тапты. Оларға облыс аудандарында және Қазақстанда болып жатқан жарқын жаңалықтарды жеткізіп, өлкедегі өзгерістер мен оқиғалар туралы материалдарды ана тілінде оқуына мүмкіндік туғызды. Адамның азамат ретінде рухани жағынан қалыптасып, ана тілінде сөйлеп, сол тілде оқуына мүмкіндік туғызу оңай шаруа емес. Арада өткен 25 жыл редакция ұжымына өзінің шеберлігі мен кәсібилігін шыңдауына, оқырмандарының сеніміне ие болуына ақпарат айдынындағы әріптестері арасында құрмет пен беделге жетуіне мүмкіндік берді. Орынбор облыстық қазақ газетінің журналистеріне өздерінің ұлттық тамыр-тарихына деген адалдығы үшін ризашылығымды жолдай отырып, жыл өткен сайын газет оқырмандары мен жанашырларының қатары көбейе түсетіндігіне сенімдімін» - деді. Құттықтау сөзінен соң Марат Лұқпанұлы газет ұжымына сый-сияпат табыстады. Ақтөбе облысынан арнайы келген өнер шеберлері орындаған ән мен күйге жиналған халық ерекше риза болып, бір қанаттанып қалды. Ресей Федерациясының Омбы қаласында 1989 жылы құрылған «Мөлдір» қазақмәдени орталығының жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Алтынай Жүнісова ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Одан әрі «Біздің елдің жігіттері» әнін нақышына келтіріп орындағанда халық сілтідей тынды, ән аяқталғанда қошеметін аямады.
Үш сағатқа созылған шара бір деммен өтті. Барша көрермен мерекелік шараны аяғына дейін ерекше ықыласпен тапжылмай тамашалап, соңында бір-бірін құттықтап тарасты.
«Достық туы мөлдір бұлақ басында» (Н.Оразаев) «Жайық - Орал» экспедициясының жиырмасыншы жорығына арналған.
Ресей Федерациясының Орынбор қаласынан бастау алған сапар барысында экспедиция мүшелері Жайық өзенінің экологиялық ахуалын зерттеп, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне зер салуды көздеп отыр. Орал тауларынан бастау алып, Каспий теңізіне құятын трансшекаралық өзеннің экологиялық ахуалын жақсарту мәселелерін көтерген экспедиция алғаш рет 1996 жылы сапарға шыққан болатын. Содан бергі жиырма жыл ішінде Жайықтың тағдырына билік пен қоғамның назарын аударып, мемлекетаралық деңгейде талқылауға қол жеткізілді. Ортақ мақсат жолындағы істерді тағы да саралауға арналған дәстүрлі экспедицияның жалауы биыл Орынбор қаласында көтерілді.
Қос мемлекет аумағымен ағатын, жалпы ұзындығы екі мың шақырымнан асатын өзен бойында бес миллионнан астам халық тұрады.
-Осы жылдар ішінде, шын мәнінде, көптеген іс тындырылды. Ең бастысы, трансшекаралық өзеннің экожүйесін қалпына келтіру мәселелерін реттейтін заңдық негізі бар құжаттың қажеттігін дәлелдедік. Биылғы сапар да көптеген игі істерге жол ашпақ. Биыл Башқұртстандағы Үшалы ауданына барып, Орынбор облысы, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары арқылы Каспийге жетуді жоспарлап отырмыз, - дейді экспедиция жетекшісі Елена Тарасенко.
Экспедиция мүшелері биыл тұңғыш рет Жайық өзенінің бастауына барып, мөлдір бұлақтың басына достықтың туын тікті. Еуропа мен Азияны жалғап жатқан киелі өзен ынтымақ пен бірліктің, достықтың өзені дейді экспедиция мүшелері. Олар экологиялық сұрақтармен қатар мәдени мұраны сақтау, салт-дәстүрді аялау бағытында да танымдық шараларды өткізуге зер салады. Екі елдің тарихын танып білу - дала өркениетінің даму кезеңдерін зерделеуге достық экспедициясының септігі зор дейді тарихшы ғалымдар.
Оралдықтар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жиырмасыншы рет ұйымдастырылған Қазақстан-Ресей тарихи-мәдени, экологиялық, спорттық, туристік экспедициясының мүшелерін Жайық өзені жағалауынан қарсылады.
Экспедицияға қатысқан облыстық делегация мүшелері мен Ресейдің Орынбор облысынан келген меймандарды Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиев, қалалық мәслихаттың депутаттары мен студент жастар қарсылап алды. Шараға қатысушылар алдымен Ұлы Отан соғысында құрбан болған боздақтарға арналған мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Бұдан соң шараға қатысушылар қазақ драма театрында өткен экспедицияның тарихынан сыр шертетін суреттер көрмесін тамашалауға бет алды.
Көрменің ашылу салтанатында экспедиция мүшелері мен қатысушыларды облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтады.
-Жайық өзенінің бойында орналасқан көршілес екі елдің, қала берді екі облыстың арасындағы ынтымақтастықты арттыруға, Жайықтың экологиялық жағдайының жақсаруына, жалпы табиғат қорғауға бағытталған экспедицияға биыл 20 жыл толды. Жайық екі мемлекетті қосып отырғандықтан, бүгінгі шараға Орынбордан келген үлкен делегация қатысып отыр. Жыл сайын осы екі өңірдің басшылары мен тұрғындары, туған еліне жанашыр азаматтарының аталмыш экспедицияға қаты- суының өзіндік нәтижесі бар деп айта аламын. 20 жыл бойы өтіп келе жатқан экспедицияның мақсаты екі облыстың тек бір-біріне барып келуі ғана емес, осы өзеннің мәселесін мемлекеттік дәрежеге көтеруге атсалысу болды. Соның нәтижесі биыл жоспарға сәйкес екі мемлекет басшысының қатысуымен өтетін форумда үкіметаралық келісімге қол қойылады деген жоспар бар. Ал қол қойылған жағдайда ол құжатты әрі қарай іске асыратын - сіз бен біз. Жайық өзенінің өзекті мәселесі жыл сайын көтеріліп келеді. Шын мәнісінде, бұл - қолға алып, қолдау көрсетерлік үлкен мәселе. Жайық бойын бірнеше мыңдаған халық мекендейді. Сон-дықтан өзен суының деңгейін түсірмеу, оның жағасын ластамау сол тұрғындардың ортақ ісі болмақ. Кеше ғана облыстық делегация Орынбор қаласында болып, өңір басшысы Юрий Бергпен кездесіп, осы мәселені талқыладық. Биылғы жылы өзендегі су деңгейінің мол болуы - көршілес облыстағы әріптестеріміздің бізге деген көмегі. Көктем мезгілінде Жайық өзеніне судың жіберілуін Орынбор облысының басшысы өзі қадағалаған екен. Өздеріңіз көріп отырғандай, осы жылғы өзен суының деңгейі жақсы. Осы суды сақтап қалу үшін жұмыстануымыз керек. Бұндағы мақсат - біз келер ұрпаққа Жайықты суы мол әрі таза қалпында жеткізуіміз керек.
Жас ерекшеліктеріне, қызметтеріне қарамастан, осы экспедицияға қатысқан өңір адамдарына зор алғыс айтамын. Сонымен қатар осы шараның басы-қасында болып, жанашырлық танытып жүрген экспедиция жетекшісі Елена Тарасенкоға, Орынбор қаласынан келген делегацияға өз ризашылығымды білдіремін. Батыс өңіріне қош келдіңіздер! - деді Алтай Сейдірұлы.
Көрменің ашылу салтанатында Орынбор облыстық мәдениет және сыртқы байланыстар министрінің орынбасары, халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Александр Калинин, экспедиция жетекшісі Елена Тарасенко сөз сөйлеп, аталмыш шараның мән-маңызына тоқталды.
Мерекелік шара соңында өңір басшысы Алтай Көлгінов экспедицияға қатысушыларды алғысхатпен марапаттап, естелік сыйлықтар табыс етті. Бұдан соң келген қонақтар мен өңір тұрғындары 20 жылдық тарихы бар экспедицияның суреттер көрмесін тамашалады.
«Жаңақала - шырайлы Шыңғырлауда» (А.Шотпанов, Қ.Елемесов) деген ақпаратта Жаңақала ауданының делегациясы Шыңғырлауда болғаны айтылған.
Жақында Шыңғырлау ауданына қазақ даласының күй ордасы атанған киелі Жаңақала ауданының делегациясы ат басын бұрды.
«Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында достық пен татулық, мәдени-танымдық бағытта қолға алынған ізгі сапарда жаңақалалықтар Шыңғырлау ауданының шаруашылық құрылымдарын аралап, кәсіпкерлік қанат жайған орталығында болып, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты. Делегация алдымен күн мен жел энергиясын қуат көзіне айналдырып, шаруашылығын өркендетіп отырған «Ғайни» шаруа қожалығында болды. Жоспарлы межесін алдағы жылдарға белгілеген шаруашылық басшысы Жасқайрат Айсиев бүгінгі таңда қолданып отырған гибридті, күн мен жел энергиясынан қуат беретін қондырғысымен таныстырып, алдағы құс өсіру жұмысын ұлғайту, мал шаруашылығындағы жоспарларын жүзеге асыру бағытындағы бірқатар жоспарларымен бөлісті.
Бұдан соң жаңақалалық қонақтар орталықта орналасқан «Даңқ» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, соғыс боздақтарының рухына тағзым етті. Сондай-ақ делегация аудан орталығындағы «АкРам» мейрамханасы, «Астана» сауда орталығы, «Теща» супермаркеті нысандарын аралап көрді.
«Нұр Отан» ғимаратының мәжіліс залында жалғасын тапқан «Бейбітшілік пен келісім - мәңгілік ел тұғыры» атты дөңгелек үстелде ұлтаралық татулық, конфессиялар түсіністігі, бүгінгі қоғамдағы ұлттық ерекшеліктер мен олардың бір мақсат, бір мүддеге жұмылуы барысында тақырыптар талқыға түсті.
Мегажоба сапарының түйіні аудандық мәдениет үйінде Жаңақала ауданы өнерпаздарының сазды, әуезді концерттік бағдарламасымен қорытындыланды. Сәні мен көркі келіскен кештің соңында Жаңақала ауданының басшысы Лавр Хайретдинов Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есаливке «Тілек кітабын», мегажоба эстафетасын салтанатты түрде табыс етті. Өз кезегінде мұндай ізгі шаралардың аудандарға қолайлы мүмкіндіктері, тәжірибе алмасу, өнер мен таным тақырыбы, экономикалық қолдау мен серіктестік бағытында берері мол екенін атап өткен аудан басшысы Альберт Темірболатұлы қонақтарға аудан халқы атынан алғыс білдіріп, ықылас гүлін ұсынды.
Өңірде шаруасын жақсы жүргізіп отырған шаруашылықтар аз емес. Қазталов ауданынан Т.Ақмұрзин «Шаруасы шалқыған шаруашылық» деген ақпаратында Ақпәтер ауылындағы ағайынды Мұрат, Самат Хасановтар жөнінде мағлұмат береді. Олар 1999 жылы «Қамқор» шаруа қожалығын құрған болатын. Бастапқы жылдары көптеген қиындықтарға тап болды. Шаруаны бастаған жылы иеліктерінде 30 ірі қара, 15 жылқы, 20 қой болған.
-Біздер әкеден алты қыз, екі ұл тарағанбыз. Хамза Хасанов - соғыс ардагері. Қоссартаң деген жерде көп жылдар бойы мал бақты. Бүгінде інім Самат екеуміз әкеміздің еңбек етіп, тер төк-кен жерлерін қайта жаңғыртып, өз пайдамызға жаратып жүрміз. Кеңшар тараған уақытта еншімізге ескі трактор тиді. Сол жыл-дары мал өз төл есебінен өсіп жатты. Ол кезде қазіргідей көмек-қаржы жоқ. 2006 жылы несие алып, мал басын көбейтуге шешім қабылдадық. Сол жылы «Казталовка» несие серіктестігіне мүше болып, 4697000 теңгеге мүйізді ірі қара сатып алып, мал басын әжептәуір көбейттік. 2008 жылы 3697000 теңгеге тағы да мүйізді ірі қара малын алдық. Сонымен қатар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 62 мүйізді ірі қара малын алу үшін 11900000 теңге несие бөлді. Ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға да мүмкіншілік болды. Соңғы жылдары мал тұқымын асылдандыру бағытымен шұғылданып келеміз. Асыл тұқымды «Көшім» жылқысын өсіру мәртебесіне қол жеткіздік. 2015 жылы еділбай қойын алу үшін 30 млн. теңге несие алған болатынбыз. Ендігі мақсатымыз - иелігіміздегі ірі қара мен қой тұқымын асылдандыру. Ауыл шетінен мал бордақылау алаңын іске қостық. Бұл алаң бір жылда 1000 басқа дейін мал бордақылап, етке тапсырып отыруға мүмкіндік тудырары сөзсіз, - дейді «Қамқор» шаруа қожалығының басшысы Мұрат Хасанов.
Ағайындылар бордақылау саласын одан әрі дамытып, шағын мал сою цехын салып, ет өнімдерін алыс-жақын шет елдерге шығаруды да көздеп отыр. Қазіргі таңда шаруашылықта 25079 гектар жер, Тақырсуат, Қоссортаң-1, Қоссортаң-2, Ақмамық секілді елді мекендерде қыстақтары бар. Ақпәтер ауылының шетінде мал бордақылау алаңы болса, шаруашылықта түрлі маркалы тракторлар, шөп шабатын, тайлайтын техника, жүк таситын автокөлік жұмыстарына кеңінен пайдаланылуда. Қазіргі уақытта шаруа қожалығында 16 жанұя еңбек етуде.
Ақын, ҚР Журналистер одағының мүшесі З.Сисенғали «Қаршыға - шың» деген мақаласында атақты домбырашы Қаршыға Ахмедияров туралы тебірене жазады.
Биылғы жылы күй өнерінің қайталанбас шебері, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қаршыға Ахмедияровтың туғанына 70 жыл толды.
Дүниеге аса сирек келер ғажайып құбылыс, дарабоз домбырашы, ұлағатты ұстаз, адамгершілігі зор азаматпен әлденеше рет дәмдес болып, бірге жүріп, тіпті сырлас болғанымызды өзімізге Тәңірдің берген сыйы деп санаймыз.
Қазақтың тағы бір ұлы перзенті Әбіш Кекілбаев «Күй Астанасы - Жаңақала» деп баға берген, өмірге Құрманғазы, Дина, Мәмен, Қали, Оқап, Шамғон, Тұяқберді сынды тұлғаларды әкелген киелі өңірімізге Қаршекең де талай рет ат басын бұрып, өнер десе, ішкен асын жерге қоятын жұртшылықты қара домбырасынан төгілген күйімен тәнті еткен болатын.
Қаршекең әр сапарында өзін насихаттап қана қоймай, аудандық мәдениет үйі жанындағы халық оркестрінде, күні кеше халық әртісі Тұяқберді Шәмеловтің атын алған халықтық фольклорлық ансамбльде шеберлік сыныбын өткізетін.
Өзінің ұлы ұстазы Қали Жантілеуовтің көзінің тірісінде 90 жылдық тойына қатысып, одан бері Дина, Қали, Оқаптың мерейлі мерекелеріне орай өткізілген республикалық домбырашылар сайысында қазылар алқасына жетекшілік еткен еді.
Қаршекең достыққа адал, жолдастыққа берік жан еді ғой. Ұзақ жыл бойы Жаңақала ауданын басқарған Төлеген Мерғалиевпен арадағы достығы адам қызығарлықтай еді-ау.
Қаршекеңнің өлкемізге жасаған соңғы сапары да көз алдымызда.
Атырау бетінен келе жатқан Қаршекеңді ауыл сыртынан қарсылап алған соң, ол қашанғы дағдысы бойынша ұстазы Қали бабаның тура басына барып, аруағына Құран бағыштады.
Орнынан көтерілген соң айналаға ойлана көз салып тұрған Қаршекең кенет осы аймаққа алғаш рет концерттік сапармен келген кезін еске түсірді. Ауыл маңындағы қыраттарды, жастық дәуреніне куә болған, қазір сиреңкіреп қалған тал-теректерді иегімен меңзеп, кеудесінен сағыныш сазын төкті дерсің. Амал не, Қаршекеңе қайран қалып қарап, әңгімесіне елітіп тұрғандардың бірде-бірі қазақтың маңдайына біткен дара тұлғасының туған жерімізбен қоштасып тұрғанын білмеппіз.
Қашанғы әдетінше аудандық емдеу-сауықтыру орталығында ем алып жатқан досы Төлеген Тастайұлына барып, хал-жағдайын біліп, сол жерде демалушылардың өтінішімен бірнеше күй орындап, олардың ыстық-ықыласына бөленді.
Көп ұзамай Алматы қаласына жолым түсті. Келетінімнен хабардар Қаршекең ұлы Ерболатпен орналасқан пәтеріме келіп, таудың етегіндегі үйіне апарып қонақ жасады.
-Закария, көріп отырсың, ешкімді шақырған жоқпын, екеуден екеу отырып, еркін әңгімелесейікші, - деді қайран Қаршекең.
Төсекті маған өзінің жұмыс кабинетіндегі диванға салғызып, жарықты өшіргеннен кейін де Қаршекең жаныма отырып, ұзақ-сонар сырларын ағытты.
Көкейімде ұмытылмастай болып қалған бір сөзі әлі күнге есімнен кетпейді.
-Аңғарсаңыздар, - деп еді-ау сонда Қаршекең, - Құрманғазының қайсыбір күйлерінде орыс халқының саз-әуені бар. Нарынның құмында жүрген Құрекеңе ол әуендер қалай жетті? Осы жұмбақтың шешуін іздесем бе деймін. Анау Мәмен атамыз жатыр зерттелместен. Ол да бір тылсым дүние, іздеушісін күтуде...
Қаршекең екеуміз терезеден мұнарланып тау сұлбасы елес бере бастағанда жастыққа қисайдық.
Қоштасарда Қаршекең Ахмет Жұбановтың, белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбековтің (өзіне арналған қолтаңбасымен) кітаптарын сыйлады.
Бір айта кетерлік жәй, аңғармай қалды ма, әлде арнайы берді ме, Ақселеудің кітабының ішінде Қаршекеңнің Мәменге арналған «Шілде», «Мәмен толғау» деген күйі жүр екен. Бұйырса, осы дүниелердің бәрін ұлы күйшінің шәкірті Досым Мақсотовқа тапсырсам ба деген ойдамын.
Амал не, сол жазда Қаршекеңмен мәңгіге қоштастық.
Қарбалас істер қабаттасып қимастай, сырластай болып кеткен аяулы ағаммен алыстағы ауылымда отырып өлеңмен қоштастым. Енді шағын мақаламды Қаршекеңе арнаған қоштасу өлеңіммен аяқтасам ба деймін.
Тербетіп күймен қазақтың сахи даласын,
Жұбатқан, шіркін, бесікте жатқан баласын.
Домбыра-дәурен жылаулы мына жұртыңның,
Басынан енді дүние-ай, ауып барасың.
Өмір-ай, өмір... опасыз ба едің осылай,
Кенеттен жетер хабардың сұмдық, жосыны-ай.
Қаршекең жапты дегенде пәни есігін,
Сұп-суық қанжар жүректі кетті осып-ай.
Көмкеріп күймен Жайықтың жасыл жағасын,
Пір тұтқан әр кез Қалидай баба-данасын.
Шың емес пе едің таласқан көкпен Қаршекем,
Қалайша енді төмпешік болып қаласың.
Жан далам менің, Жаңғалам деуші ең-ей, менің,
Той еді-ау елге сағынтып дәйім келгенің.
«Достарым менің аман ба?» деуші ең үздігіп,
Достыққа сына қағатын әсте сен бе едің.
Айналып кетті айналам түгел сағымға,
Ойпыр-ай, от па санамда әлде жалын ба?
Аясаң етті пендеңді сәл-сәл Құдай-ау,
Құшағын жайып кім келер енді Нарынға.
Сен аштың және Махамбет - күйдің бұлағын,
Дәлелдеп беріп, қалдырмай артқа күмәнін.
Соңғы рет тыңдап отырып баба сарынын,
Кеттің бе қалғып тұғырда тұрған қыраным.
Қазақтың өткен жаманы, сірә, болсын ба,
Жақсы деп айтпас тіріңде алыс, қоңсың да.
Ұлылар санын сол күні сен де бір жанға,
Көбейттің енді өзің біл, қомсын-қомсын ба?
Үзіліп кетті-ау ертерек тіпті жолың да,
Шүкір, Аллаға қалмадың шүршіт қолында.
Өлді деп өксіп айтуға ауыз бара ма,
Өлместей істі қалдырған жанды соңында.
Жазар-ау уақыт жүректің әлі жарасын,
Өрлейді көкке Қаршыға атты дара - шың.
Қоңыр күйіңмен мәңгілік атты мәреге,
Қаршекем, сен де халқыңмен бірге барасың.
«Сөз соңында айтарым, қайталанбас Қаршекеңнің мерейлі жасына орай өзінің туған өлкесінде, Алматы, Астана қалаларында күй қағанын есте қалдырарлықтай шаралар атқарылса деймін», деп аяқтаған З.Сисенғали мақаласын.
ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын Т.Жазықбай «Азап арқалаған ақын» деген мақаласында өмірден ерте кеткен ақын Сағат Абдуғалиев жөнінде сөз еткен.
Ақын Сағат Абдуғалиев Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданында 1948 жылы дүниеге келген. 1967 жылы Алматыда қазақтың С. Киров атындағы мемлекеттік университетінде журналистика факультетінде оқыды. «Құлыншақ көктем», «Көзайым келешек», «Жүрегіме жүгі түсті жаһанның», «Жанымның жалғыз бұлбұлы» атты жыр кітаптары кезінде оқырман қауымға жол тартты. Бетке айтып салатындығы, басшылардың «уысына» сия бермейтіні, өжеттігінің «кесірі» фтиіп, ол Орал, Ақтөбе, Жаңаөзен қалаларында түрме дәмін татты. 1984 жылы қыста қатты боранда адасып кетіп, сүйегі 1985 жылы көктемде Калмыков ауылының шетінен табылды.
Саңлақ Сағат ақын туралы ой өру қиын. Қиындығы сол, сөз қиынын келтірер тапқырлығын тап басу, ұйқас пен үндестігін келтірер керемет көрегендігін көруге де жай көз емес, өткір көз керек. Өлең ой өрмейді, ой өлең өреді. Ой да, өлең де бір кеудені мекендегенде ғана тұтастық, турашылдық кеңдікте қанат жаяды. Міне, Сағат та, өлең де, ой да бір жолда табылып, бірлесіп өнер туын көтеріп келді. Оған Сағат өлсе де, өлмейтін өлеңдерін куә етемін.
Ақынға өнерге деген сыншы, өлеңге деген пайғамбарлықтың қажеттігі айдан анық. Сағат осындай қадір-қасиетке ие еді. Көрер көзі мен көсемдігі, пайым-патшалығы мол болатын. Сөйтіп, Сағатты да, Сағаттың өлеңдерін де жай сезініп қана қоймау керек, сілкініп оқу керек, сағынып оқу керек. Осындай бір сағыныш билеген шағымда, 2013 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің №52 санында бір топ ақындар: Әбдікәрім Ахметов, Аманжол Шамкенов, Ізтай Мамбетов, Зейнолла Шүкіров, Еркеш Ибраһим т.б. танымал тарландардың өлеңдері қатарында өзіміздің Сағат ақынның да төрт шумақ жыры көзіме оттай басылды.
О, тағдыр, тірлігімде өлең өпкіз,
(Адамдар гүлге ұмтылған көбелекпіз).
Ақынның ақ жүрегін алаң қылған
Жаһанда жоқ-ау сенен керемет қыз.
Ешкімнен емес еді күлкісі кем,
Параққа жүрегімнен жыр түсірем.
Жоғалтып алғандайын мені іздейсің,
Жайқалған жапырақтай жұрт ішінен, - деген жыр шумақтары түсінген кісіге бір ғана ғашықтық мәселесімен көзге қиықты көрік салып тұрған жоқ. Сөз бен сурет салып тұр. Осындағы «адамдардың көбелекке айналуы», «жапырақтай жұрттың болуы», «жүректен жазу түсіруі» сияқты оқыс суреттеу мен мүсіндеу оқырманды ойсыз қалдырмайды. Мазмұн мен мағына, келбет пен көрік, кесте мен түр тауып, түндігіңді түрткілеп тұрғандай. «Сағынышқа саяхат» өлеңінде:
Түндерде құбылғанда түсім қырық,
Болады сыртым - бүтін, ішім - бүлік.
Жүректің жанталасқан жалқы даусын,
Айтамын қай пендеге түсіндіріп, - деген ақын шумағы біраз сөз құдіретін арқаланып тұрғаны ақиқат. Көркем сөз - ойдың жемісі. Ал ақын ойы әлемдік әдемілік-пен астасып жатады. Жоғарыдағы «қырық құбылған түс», «іштегі бүлік», «жүректің жалқы дауысы» сияқты сөз тіркестері де ойдан олжа тапқан жанның қалам сілтеуі. Тілдің төрелігін салмақтаған, киесін келбет еткен жанның сөзі.
1976 жылы Сағат ақынмен кездейсоқ таныстым. Жаздың кезі болатын. Калмыковтан Оралға жүргелі тұрған автобусқа ентелей мінген менен 3-4 жас үлкен ақсары қағылез жігітпен тығылысып, қалаға дейін бардық. Басқа да таныс жігіттер болды. Сол кезде Тайпақ аудандық «Ленин жолы» газетінде өлеңдері жиі басылып жүрген ақын Сағатпен сөйтіп, жарастығымыз жалғасып жүре берді. Мен ол кезде Харькин сегізжылдық мектебінде мұғалім едім. Сол аудандық газетке менің де өлеңдерім шығатын. Сөйтіп, Сағат ақынның өзімен де, өлеңімен де жақын болып кеттім. Сағаттай өлең жаза алмайтынымды біліп, оның алдында көп сөйлемейтінмін. Әрі жасы да менен үлкен еді. Көбіне оның тыңдаушысы болдым. Өлеңдерін оқиды. Төгілдіріп, төндіріп оқиды. «Өлеңің жақсы екен» деген бірауыз сөзден әріге бармаймын. Сақтанамын. Ақынның жолына, өлеңге деген төтендігіне төрелік айтар жай қайда? Оның «Есімде тұр Есенсай» өлеңінде:
Таңертеңнен тұңғиық түнге шейін,
Жүрегімнен жекенсал жырды есейін.
Жалғыз итің үрмеді маған қарап,
Мылқау жатқан таспен де тілдесейін - деп, маған қарап «Тілес, тас емессің ғой, бірдеңе деші», - дейді әзілдеп. Құдіретті өлең мысымды басып, тек бас изеймін. Ақындығын, өлеңге қойылар талап, тармақ, бунақ, ұйқас үйлесім тауып, мазмұн мен өлең арқаланар тұсты шабыт шаңырағында шайқап тұрған ақынның бейнесі әлі де көз алдымда.
Марқұм өлеңнен өмір іздеуші еді. Оны қорған етуші еді. Ол кезде өлең оқушылар сиректеу ме деймін. Әлде, Сағаттың сал-қамдығынан сақтана ма, әйтеуір, оған деген құрметтің болмағаны ақиқат. Бетің бар, жүзің бар демей, айтып тастайтындығы, дұрыс болсын, бұрыс болсын ешкімнен кешірім сұрамайтындығы бір бүйірден тартып жатқандай болатын. Ол өз бағасын өзі білетін.
Сағаттың жекелеген аудан басшыларына арнаған, ауыздан-ауызға тараған әзіл өлеңдерін сан-саққа жүгіртушілер де болмай қалған жоқ. Бұл - бір. Екіншіден, ол кезде ақын-жазушы атаулылар ауылда жүрмейді ғой. Олардың бағасын танып, бағын ашушылар да ауылда жоқ. Сөйтіп, Сағат жалғыз еді. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген бар. Осы сөз төрінде Сағаттың бар өмірі сыйып тұрғандай. Оны төмендегі «Идиллия» өлеңіндегі төрт шумақ төркіні аңғартады.
Тепсінетін табанда темірді үзіп,
Ақиқатты мойындар небір бұзық.
Ірі қылып жаратып әлдекімді,
Ірілікті сүймейтін өмір қызық!
Құдайшылар күткенде көктен шырақ,
Өмір деген - ағызып өткен сұр ат.
Қасық қаны қазақтың болса менде
Шенділерден жүрмеспін шекпен сұрап.
Қасиетін танытқан қаспақ беттің,
Балалықтан басталар бастапқы екпін.
Қулықтар мен сұмдыққа кіжінгенде,
Тіршілікті келеді тастап кеткім.
Төзімдердің тоздырып көк тағасын,
Жөнсіздіктен айтамыз жоққа да сын.
Адам да бір мәжнүн көбелек қой,
Өзі тығып жүреді отқа басын! - дейді. Осында ақын өзінің ындынына біткен «ірілігін» мойындайды. Бірақ оны өзгелер мойындағысы келмейді. Турасын айтсақ, талантты көргісі келмейді. Шенді-шекпенділерден не күтсін. Тек өзіне ғана сенеді. Қулықтар мен сұмдықтарға қарсы өлеңді ождан етеді. Жөнсіздіктер көп, оған сын айтсаң жаратпайды. Сөйтіп, төзімі төртке бөлініп, шыдамы шытынайды. Ақыры, азап отына көбелектей жанып түсті.
Ақын ғұмырының қысқа болуын да мен осы бір ақындық келбетті танымаған уақыт, мезгіл төрінен көремін. Ақын деген аяулы тұлғаны аялай алмаған заман көшіне кінә артпағанмен, күдігім мол. Сағаттай сезім сілкілеген, талант табына таңдайын күйдірген жан адамдардың арасынан арашашы таппаған соң, сөйтіп, тыншып тынды. Билікке жағынудың жолын білсе де, қайсарлығы, бірбеткейлігі ақындығымен астасып, осы бір көбелектей күйген күнге жетеледі. Оған «Жанымның жалғыз бұлбұлы» кітабындағы «менменшіл» жырлары куә.
Азаматқа арман, жігер - қос арна,
Жігітсің бе, төзіміңді тос алға.
Мансабына сеніп жүрсе біреулер,
Өз-өзіне сенген адам осал ма? -
Немесе
Баршаңызға бармақтайын бақ тілеп,
Жүрегімнен жыр самалы қақты леп.
Таразының екі басын теңгерсем,
Қиындықтың қиқым наны тәттірек, - деп келетін ақын төреліктері осы бір өз басындағы ойдың жалаң, жадағай көрінісі емес, өткір кестесі, қиындыққа төзген, өзіне-өзі сенген жанның сезімтал серілігі деп қарау төте болар еді.
Сорлымыз ба ана сүтін мүлт емген,
Үміт өзі жолаушыға үлкен дем.
Жүректегі көп жараның қотырын,
Бәрің үшін өлеңменен сүртем мен, - деп өлеңнен араша сұраған түрін қара, өлеңнен пана тапқан жайын көр. Өміршең өлең сөйтіп ақынға өршіл ес те, мұқалмас мұрат та сыйлап тұрғандай.
Иә, өлеңнен ақынды бөлектеп қарай алмайсың. Өлеңсіз ақын, өлеңсіз Сағат, Сағат болудан қалады. Оның азаматтығы да, адамдығы да айдаладан тумайды. Өлең ішінде туып, өлең ішінде өледі. Талантқа «тек» деу қиын. Тосқауылға тұра алмайсың. Себебі, ол өлеңге сүйенеді, өлеңнен күш алады.
Оның Махамбет ақынға арналған өлеңіне көңіл қойып, зер салалық. Өз басына бір ұқсастық тапқан ақын дәлдігі де діттеген жерден шығады. Махамбет те - өз тұсында шектен асқан қуғын көрген жан. Шектен шыққан қысымшылыққа қарсы найза сілтегені, отты өлең өргені, таптаурын тарихта қалды. Ерлігі ел есінде. «Қараойдағы толғаныс» атты өлеңін оқып көрелік:
Аяулы анаң - ақиқат та,
Атаң - кек!
Төрелердің тәтті қанын татам деп.
Бөрілермен бөрілерше белдескен,
Сен менен де бақыттысың,
Махамбет!
Заман деген
Заман емес - қари түн.
Бытырадай бөлініпті жан ұйқың.
Басың кетті,
Мынау мылқау даланың
Адамдыққа жеткізем деп «әр итін», - дейді. Міне, Махамбет өмірінің түйір дән берер ең өнегелі елдік мұраты екі шумақ жырға сыйып тұр. Махамбеттің бағын асырған да, патшалы Ресейдің құтын қашырған да от тілді, орақ ауызды, қылыш қасиетті өлеңдерін ел жатқа айтты, жолына ту етті. Ал ол ел билеушілеріне тікенектей қадалды.
Қайран, Сағат! Тірі кезіңде тілектестер жоқ, тірсекке тіс салғандар көп еді. Бүгінде сені жоқтаймыз! Бүгінде баршамыз сені ауыздан тастамаймыз. Абайға да қамшы көтердік, мұқалмас Мұқағалиды да мұқаттық. Саңлақ Сағаттың да сағын сындырып, мойындағымыз келген жоқ. Бірақ осы тұлғалардың бәрі де кейіннен Алты алаш қазаққа қадірін танытты, қасиетін биіктетті.
Кемеңгер - қашанда кемеңгер. Ол келешекке сенді. Келешек оны ақтап алды. Себебі, үлкен әріппен айтсақ, дарынның өлеңдегі жолы, өмірдегі жолы жаратылыспен жапсарлас, табиғатпен тағдырлас, өмірмен өзектес өрілетін. Күнмен бірге шы-ғып, күнмен бірге бататын. Айды аялайтын, жұлдызды бағалайтын. Сондықтан да олар тірліктен туған қиындықтарға түкірген де жоқ. Бас имей өмірге келді, бас имей өмірден өтті. Оның «Дауыс туралы дискотека» өлеңінде:
Шабады шабдар ой мыңға,
Сырлардан тартсам суыртпақ.
Тірлікте балға тойдың ба,
Ушықтың неге у ұрттап...
Жалғанда кімдер бас ұрған,
Күлліні көрді көз мынау.
Қарғалар сайрап қасыңнан,
Жарығым, кейде тоздың-ау.
Ұласып түндер таңға аман,
Жондардан соқты майда леп.
Жоқтайды екен жан далам,
Сағаттың даусы қайда деп? - деген өз өмірінің бар қырын жайып салған ақын жыры әулие дерсің.
Кезінде Қадыр Мырзалиев «Сағат Абдуғалиевке қызмет ету - түбінде әдебиетке қызмет ету болып шығады», деген ойлы пікірі біздің де айтар сөзіміздің мазмұн шаңырағын көтеріп тұрғаны белгілі. Кейін танымал Жанғали Нәбиуллин, Рақымжан Отарбаев, Сүлеймен Мәмет, Темір Құсайын, Табылды Досымов, Бауыржан Ғұбайдуллин, Ғайсағали Сейтақ, Қазбек Құттымұратұлы, Сағынтай Бисенғалиев, Мәлік Бердалиев сияқты қаламгерлер мен журналистер Сағат ақынның әдеби мұрасын насихаттауға айтулы үлес қосты.
«Мен оны жақсы білемін. Сондықтан да сөзіме куә іздемеймін. Ақынның өзін көрдім, өлеңін оқыдым. Өлеңінің түрін, түсін таныдым. Тыңдарман болса, осылай бағасын беріп келемін. Сағаттың арқаланған азабы аз болған жоқ. Темір торлы түрмеде өмір кешті. Қарқылдаған қарғалармен бірге жүрді. Сөйтіп, у ішті. У ішпес еді, егер бағын бағалай білсек... Енді, міне, өзі айтқандай, сол Сағатты жоқтап отырмыз. Сағаттың сүйегі жер астында жатса да, өлеңі бізбен бірге», деп түйіндеген автор ойын.
Осы нөмірде сондай-ақ газеттің бас редакторы Б.Ғұбайдуллиннің Орал қаласының әкімі Нариман Төреғалиевпен «Білегі көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағандармен әңгіме қысқа» деген сұхбаты жарияланған.
-Нариман Төреғалиұлы, бүгіндері Орал қаласында біраз көшенің жөнделіп жатқанын көріп жүрміз. Дегенмен осы бағыттағы нақты статистикалық мәліметтерді өзіңізден естісек дейміз. Яғни биыл жазда неше көшенің қанша шақырым жолы «адам қалпына» келмек?
-Иә, байырғы әрі әсем қала Оралдың ең осал жері - көшелік жолдар екені баршаға белгілі. Облыс орталығындағы жолдардың жалпы ұзындығы 581 шақырым болса, соның жартысына ғана асфальт төселген. Сол асфальт төселді деген жолдардың өзінің қазіргі күйі сын көтермейді. Еліміздің батыс қақпасы боп есепте-летін шаһарға, бұл әрине, абырой әперер жайт емес. Тура осы мәселеге осыдан екі жарым жыл бұрын облысқа жұмыс сапарымен келген Елбасы да айрықша назар аударып, нақты тапсырмалар берген болатын. Содан бері Президенттің өңірлердегі инфрақұрылымдық жүйені дамыту жөнінде берген тапсырмасына сәйкес біздің қалада да біраз шаруа атқарыл-ды. Мысалы, соңғы үш жылда 11 миллиард теңгеге жалпы ұзындығы 84 шақырым қала жолдары күрделі жөнделіп-жаңғыртылды. Бұл Оралға қатысты жол атаулының 14 пайызын құрайды. Алайда алда кезек күткен жұмыс әлі ұшан-теңіз. Шаһар көшелерін тақтайдай тегіс қылу үшін бізге әлі 130 шақырым көше жолдарын өзіңіз айтпақшы «адам қалпына» келтіру қажет. Жуырда қалалық мәслихаттың сессиясында қаралып бекітілген Орал қаласының 2016-2020 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, таяудағы бес жылда 80 көше мен екі көлік өткеліне қатысты 116 шақырым жолды жаңғырту және жөндеу көзделген. Осынау қарайған құрылыс жұмыстарының жоспарлы құны 19,5 млрд. теңге. Сонымен қатар мамандардың есептеуінше, қалаға жалпы құны 3 млрд. теңгені құрайтын, ұзындығы 300 шақырым жиекжол (тротуар) салу керек. Алғашқы кезекте 66 шақырым жиекжол салу жұмысын бастаймыз. Осының өзіне 850 млн. теңге жұмсалмақ.
Ал енді биылғы жұмыстарға келсек, ағымдағы жылы 14 көшеде 20 шақырымға жуық жолға асфальт төселмек. Осы мақсатқа барлық қаржы көздерінен 2,4 млрд. теңге бөлінді. Оның негізгі бөлігі Қарашығанақ кен орнын игеруші «ҚПО б.в» компаниясы-ның облыстың әлеуметтік жобаларына бөлетін қаржысы есебінен қаралған. Бұл қаржыға Достық даңғылының Мәметова көшесінен Пугачев көшесіне дейінгі 3,5 шақырымдық бөлігі (625 млн. теңге) күрделі жөнделуде. Бұл шаруа қазан айының аяғына дейін толық аяқталуы тиіс. М. Ықсанов атындағы көшенің жолы Шаған жағалауы көшесінен Рубеж көшесіне дейінгі аралықта (ұзындығы 2,7 шақырым, құны 511 млн. теңге) қайта жаңғыртылуда. Бұл екі көшедегі құрылыс жұмыстары былтыр басталған, ауыспалы нысандар болып табылады. Сонымен қатар Еуразия даңғылында ауқымды жұмыс жалғасын тапты.
Өткен жылдары аталмыш даңғылдың Шаған жағалауы көшесінен Мұхит көшесіне дейінгі 1,8 шақырымдық бөлігі күрделі жөндеуден өтті. Биыл Екінші база ауданындағы көлік өткелінен бастап Мұхит көшесіне дейінгі аралығы жөнделуде. Бұл аралықтың жалпы ұзындығы 2,7 шақырым, ал қаралған қаржы 665 млн. теңге. Әлгі аралықтың тек жолы ғана емес, жолдың астындағы 1,4 шақырым кәріз коллекторы, төрт шақырымнан астам су құбыры толықтай жаңартылуда. Жарық бағаналары оң жағынан сол жағына ауыстырылып, жарық желілері жер астымен тартылуда. Сондай-ақ биыл «ҚПО» бөлетін қаржыға Циолковский көшесінің Әбілқайыр хан мен Шолохов көшелерінің аралығын (ұзындығы - 766 метр, 77 млн. теңге), Жымпиты, Чкалов көшелерінің Шубин мен Қазталов көшелері аралығын (ұзындығы - 780 метр, жобалық құны 66 млн. теңге) орташа жөндеу, 7-9-шағынаудандарда көшеішілік жолдардың (№1 көше) құрылысы жоспарланған. Ұзын-дығы - 761 метр, жұмыс құны 215 млн. теңге тұратын соңғы нысанда жұмыстар басталып кетті. Бұл шаруаны мердігер мекеме ретінде «ОралЖолдары» АҚ өз жауапкершілігіне алды. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен құрылысы өткен жылдары басталған бірнеше көшеде қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Зашаған кентіндегі Ахмет Байтұрсынов атындағы көшеде жұмыстар аяқтала келді. Есқалиев көшесі және 7-9-шағынаудандардың арасындағы Желаев трассасын Мәскеу көшесіне қосатын (№3 көше) жолдың құрылысы жалғасуда.
Бұдан бөлек бюджет есебінен 6-шағынаудандағы Әбілқайыр хан мен Желаев тас жолын қосатын, ұзындығы 759 метрді құрайтын жол да биыл жөнделеді. Құрылыс барысында №28 мектепке кірер жолды салу да ескерілген. Шұрқ тесік осы көшенің жай-күйіне тұрғындар тарапынан арыз-шағым аз емес-ті.
-Қалаішілік жол жөндеу жұмыстарын тендер негізінде мойнына алып, бекітілген жұмыс кестесінен кешеуілдеген мекеме-кәсіпорындар бар ма?
-Өкінішке қарай, сіз тілге тиек етіп отырғандай фактілер бар. Мәселен, Есқалиев және Байтұрсынов көшелерінің құрылы-сын тендерде жеңіп алған «Нұржолстрой» серіктестігінің тірлігі көңілден шықпады. Аталған көшелердегі жұмыстар 2014 жылы басталып, былтыр бітуі тиіс еді. Мойнына алған міндеттемесін уақтылы орындамауына байланысты бұл серіктестік сотқа берілді, міндетін жауапсыз орындаушылар тізіміне енгізіп, қалған жұмыс ауқымына қайтадан байқау жарияланды. Биыл Байтұрсынов көшесіндегі жұмыстарды «ДСК Приоритет» ЖШС жүргізуде. Қазір құрылыс аяқтала келді. Есқалиев көшесінде «PIRAMYD» ЖШС-ы жұмыс істеуде. Бұл кәсіпорындардың жұмыс қарқыны әзірге жаман емес.
Биыл да кестеден кешеуілдеген мердігер мекемелер баршылық. Мәселен, Достық даңғылының жолын жаңғыртып жатқан «Азия техстрой» ЖШС кесімді уақыттан жұмыс ауқымын 12 пайызға кешеуілдетуде. Тапсырыс беруші «ҚПО» компаниясы тарапынан оларға айыппұл салынды. Олар өздерінің шабандығын кейбір құрылыс материалдарының болмауымен түсіндіреді. Бірақ ондай орынсыз сылтаулар қала әкімі ретінде менің көңіліме қонбайды. Жөндеу жұмыстары былтыр басталды. Да-йындалуға, алдын ала барлығын ойластыруға олардың уақыты жеткілікті болды деп санаймын.
7-ші және 9-шағынаудандардың арасындағы Мәскеу көшесі мен Желаев трассасын қосатын жолды салып жатқан «Балтемен» ЖШС-ы да жайбасарлықтан алдына «жан салмай тұр». Аталған нысан күзге дейін тапсырылуы тиіс. Сөйте тұра, құрылысшылар табиғаттың қолайлы уақытын пайдалануға асығар емес. Қазір ТҮКШ бөлімі аталған серіктестікті сотқа беруде.
Сөздің турасын айтқанда, білегі көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап алып, тастап кетуге көзі қимай, ұруға күші жетпей жүргендермен әңгіме қысқа. Жуырда қалалық әкімдікте өткен кеңесте де айттым, оларға заң аясында тиісті шаралар қолданылатын болады.
-Нариман Төреғалиұлы, қаланың алдағы қысқа дайындығы жөнінде не айтар едіңіз?
-«Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, көктем келісімен қысқа дайындық жұмыстарын уақтылы жүргізу туралы тиісті мекеме-кәсіпорындарға тапсырмалар берілді. Бүгіндері облыс орталығындағы 105 пәтер иелері кооперативі тұрғын үйлердің жылу жүйесін қысыммен тексеруде. Күні бүгін көп пәтерлі баспаналардың 52 пайызында осындай жұмыс атқарылды. Көпқабатты тұрғын үйлердің дайындық паспорты қыркүйектің 30-на дейін әзір болуы тиіс.
Дегенмен кооператив құрамына кірмейтін иесіз үйлердің қысқа дайындығы көңіл көншітпейді. Бұл жерде тұрғындардың өздері «Менің меншігімдегі үйді әкімдік немесе басқа да тиісті мекемелер келіп, қысқы маусымға әзірлеп берсін» деген жайбарақаттықтан арылып, белсенділік танытуы қажет.
Ал инженерлік желілердің жайына келсек, қалада 6 мың шақырымнан астам инженерлік желі бар. Оның 2848 шақырымының, яғни 47 пайызының тозығы жеткен. Соңғы үш жылда 7 млрд. теңгеге жуық қаржы қаралып, 483 шақырымдай инженерлік желі атаулы жөндеуден өтті. Биыл да бұл бағытта ауқымды жұмыс жүруде. 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде жалпы құны 1,34 млрд. теңге, ұзындығы 13 шақырымды құрайтын 183 мың адам қосылған су құбырлары мен кәріз (канализация) жүйесін жөндеу жоспарлануда. Қалалық сумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы - 428 шақырым, ал тозу көрсеткіші - 67%. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыстарды да үнемі назарда ұстап, барынша ілгерілетудеміз. Мәселен, «ҚПО б.в.» арқылы жұмыс құны 430 млн. теңге құрайтын 4 шақырымнан астам су құбырларын, сондай-ақ 207 млн. теңгеге ұзындығы 1,3 шақырым жеке сарқынды кәріздік (канализациялық) коллекторды жөндеу жоспарлануда.
Инженерлік желілердің техникалық жағдайын жоқ дегенде қазіргі деңгейде сақтау үшін жыл сайын 10-12% жөндеу жүргізу қажет. Қазіргі таңда тез арада жөндеуді талап ететін әр түрлі диаметрлі 52 шақырымдық кәріздік желілер бар.
«Батыс су арнасы» ЖШС-ның инвестициялық жобасы арқылы 2016-2020 жылдары 33 шақырым су құбыры мен 6,5 шақырым кәріздік желіні жаңалап-жаңғырту қарастырылуда. Ал Орал қаласына тиесілі жылу желілерінің жалпы ұзындығы - 240 шақырым, тозу көрсеткіші - 52,7%.
«Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастыра отырып, 2016 жылы ұзындығы 1,2 шақырымдық 31 мың адамды, яғни жеті әлеуметтік және 96 тұрғын үй нысанын жылумен қамтитын жылу магистралін жөндеу жоспарлануда. Бұл шаруа үшін 375 млн. теңге бөлінді.
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жалпы алғанда тоғыз нысанға 1,9 млрд. теңге бөлінген болатын. Қазір барлық нысандар бойынша жаңғырту, жөндеу жұмыстары кестеге сай жүруде. Бұған қоса «ҚПО б.в» компаниясынан қаралған қаржыға жоғарыда атап өткеніміздей, Еуразия даңғылы бойынша 637 млн. теңгеге 4,3 шақырым су құбыры мен 1,3 шақырым кәріз коллекторы жаңартылды. Демек, қаһарлы қысты қаламыз сақадай сай қарсы алады деуге негіз бар.
-Орал қаласы бойынша тұрғын үй қорын жаңғыртудың жай-жапсары сізді қанағаттандыра ма?
-Орал қаласында 1164 көпқабатты тұрғын үй болса, соның жартысынан астамы 1960-70 жылдары салынған баспаналар. Осы үйлердің 37-сі күні бүгін апатты жағдайда деп танылып отыр.
Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы Орал қаласында апатты үйлердің тұрғындарын баспанамен қамтуға бағытталған қанатқақты жоба қолға алынды. Өзекті мәселенің түйіні мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бағдарламасы аясында тарқатылады. Жобаға «Болашақ Т» және «СВ+» құрылыс компаниялары қатысуда. Бүгінде Депо көшесіндегі №18 және 2-ші шақырым көшесіндегі №20, 21, 22 апатты үйлердің орнына көпқабатты үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс аяқталған соң сүріліп тасталған үйлерден 48 отбасына жаңа пәтер берілмек. Бұл жобаны болашақта да жалғастырып, басқа апатты үй-лерге қатысты мәселелерді де осы үлгіде кезең-кезеңмен шешпек ойдамыз.
Ал салынғанына біраз жыл болған басқа үйлерді апатты жағдайға жеткізбеудің кілті «ТҮКШ жаңғырту» бағдарламасында жатыр. Бағдарлама басталған 2011 жылдан бері 76 үйге 651 млн. теңгеге жөндеу жүргізілді. 3877 отбасы өз мекенжайын жақсартуға мүмкіндік алды. Былтырдың өзінде қаламызда тоғыз көпқабатты тұрғын үй жөнделді. Бұл мақсатқа 82, 6 млн. теңге жұмсалды.
Жұмыс сапасын арттыру арқылы тұрғындардың аталмыш бағдарламаға сенімі нығайды. Нәтижесінде 2015 жылы қаржының қайтарылуы 73 пайызға жетті. Осыдан үш жыл бұрын бұл көрсеткіш 25 пайыз ғана еді.
Бағдарламаның жағымды жақтарын ұғынған тұрғындар қатары жыл сайын көбейіп, бағдарлама аясында күрделі жөндеу өткізуге ықылас танытып отыр. Биыл үш көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар өтініш білдірген тағы көп қабатты 10 үйдің бесеуіне жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Ол үйлердің жөндеу жұмыстары 2017 жылдың жоспарына енгізілмек.
-Ағымдағы оқу жылы аяқталысымен, жаңа оқу жылына дайындық күн тәртібіне қойылатыны белгілі. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, алдағы қыркүйекке дейін Орал қаласындағы қанша білім ошағы жаңарып-жаңғырмақ?
-Орал қаласы бойынша 48 жалпы орта білім беретін мектеп пен 50 балабақша бар. Соңғы бес жылда 15 мектеп, үш балабақша жөнделді. Қазіргі уақытта облыс орталығындағы №2, 36, 39 мектептерге және №33 «Орленок» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сөйте тұра, облыс орталығындағы әлі де 13 мектеп, 15 балабақша күрделі жөндеуді талап етеді.
Биыл жөндеу басталған №36 мектепке бюджеттен 111 млн. теңге бөлінсе, №39 мектепке 107 млн., №33 балабақшаға 133 млн. теңге бөлінді, ал №2 мектепті жөндеуге «ҚПО б.в.» компаниясы тарапынан 390 млн. теңге қаралып отыр. Аталған білім ордаларындағы құрылыс мерзімі келісімшартқа сәйкес алты ай болғанымен, мектептердегі жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтау жөнінде мердігерлерге талап қойып отырмыз. Құрылыс жұмыстарының қазіргі қарқыны көңілден шығады. Бұйырса, Білім күнін жаңарған мектептерде қарсы аламыз деген үміттеміз.
-Жақында еліміздегі ең ірі елді мекен, яки мегаполис Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек пәтер иелері кооперативтерінің қызметіне көңілі толмайтындығын айтып, бұл саланың жұмысын өзі қатаң бақылауға алатындығын мәлімдеді. Сіздің назарыңыздан бұл сектор тыс қалған жоқ па?
-Орал қаласында 105 пәтер иелері кооперативі жұмыс жасайды. Олардың жоспарлы жұмыстарын жүргізуі, тұрғындардан жиналған жарналардың мақсатты жұмсалуы, шығындар сметасын келісу, жылына бір рет тұрғындар алдында алдын ала бекітілген кестеге сәйкес есеп беруі қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің қадағалауында. Сонымен қатар аталған бөлімнің тұрғындардан түскен өтініштер негізінде техникалық тексерістер жүргізіп, анықталған кемшілік-ақауларды жою туралы ұйғарым береді. Орал қалалық ТҮКШ бөлімі де елдің арыз-шағымы бойынша үйге дейінгі инженерлік желілермен жұмыстанады. Алайда ПИК-тердің жұмысы керемет деуге әлі ерте. Тұрғын үй қорын басқару саласына жасалған талдау халықтың төмен белсенділігі мен көрсетілген қызметтерге қарыздың қордаланып қалуы кооперативтердің жұмысына теріс әсер ететіндігін көрсетті. Мұндай жағдайлар кооператив пен тұрғындар арасында түсініспеушілік туғызады, ал кейбірінде төрағалардың жауапсыздығы жұмыс сапасының төмендеуіне әкеліп соқтырады.
Тұрғын үй қатынастары саласындағы жұмысты жақсарту мақсатында «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына бірнеше түзетулер енгізілген болатын. Осы заңның 6-бабына сәйкес, тұрғын үй қоры мен кондоминиум нысанын басқару пәтер иелері таңдап алған құрылым (орган) арқылы жүзеге асырылады. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 42-бабының 3-тармағына сәйкес, кондоминиум нысанын басқару органының осы нысанда сервистік және өзге де қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады.
Қазіргі таңда тұрғын үй инспекциясы бөлімімен әрбір үйде басқару құрылымын құру бойынша тұрғындармен түсіндіру жұ-мыстары жүргізілуде.
-Нариман Төреғалиұлы, Орал қалалық қоғамдық кеңесінің таяудағы отырысында кеңес мүшелерінің бірі тұр-мыстық қалдықтарды тауарға айналдыру жөнінде әңгіме қозғады. Бұл идеяға сіз өзіңіз де қызығушылық таныттыңыз. Осы бағытта нақты қозғалыс бар ма, әлде әзірше бәрі сөз жүзінде ғана ма?
-Орал қаласының бас жоспарына сәйкес облыс орталығының дамуы солтүстік-шығыс және оңтүстік-батысқа бағыт алмақ. Соңғы бағытта бүгінгі қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигоны орналасқан. Таяу келешекте, тіпті қазірдің өзінде ҚТҚ полигонына таяу маңға тұрғын үйлер, медицина, білім беру және мәдениет нысандары салынуда. Осы факторды әрі полигонның лықа толғанын ескерсек, жаңа полигон салу қажеттілігі айдан айқын. Осыған байланысты Зеленов ауданы аумағында қазіргі полигоннан 7 шақырым қашықтықта қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған жаңа полигон салуға 70 гектар жер бөлінді.
ҚТҚ арналған жаңа полигон құрылысы бойынша техникалықэкономикалық негіздемесін әзірлеу бойынша жұмыстар басталды. Жаңа полигонның технико-экономикалық негіздемесін жасақтау барысында полигон құрылысының бірнеше нұсқасы қарастырылуда.
-Қоқысты сұрыптау кешенінің құрылысы, қоқыстар сұрыпталып, тығыздалып одан әрі қайтара өңдеуге жіберіледі. Сұрыптаудан қалған қоқыстар тығыздалып полигонда көміледі, ол қалдықтарды болашақта цемент зауыттарында қолданылатын балама отын ретінде қолдануға болады. Бұған қоса биологиялық қалдықтардан компост, яғни биологиялық ты-ңайтқыш өндіретін цех құрылысы да қарастырылған. Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтарды көмуде, қадеге жаратуда заманауи технологияны қолданатын қоршаған ортаны қорғау саласында тәжірибесі бар шетелдік инвесторларды іздеу жұмыстары жүргізілуде.
2015 жылы қазан айында Орал қаласының әкімдігінде Хорватияның «Техникс» компаниясы өкілдерімен кездесу өтті. Атал-ған компания қоқыстарды 100% пайдаға асыру құрылғысын және коммуналдық қалдықтарды қайтадан кәдеге жарату технологиясын ұсынды. Ал биылғы ақпан айында финляндиялық «Doranova» компаниясы өкілдерімен кездесу өтті. Үшбу фин компаниясының суды тазарту мен қоқыс өңдеу бойынша көп жылдық тәжірибесі бар.
«Doranova» компаниясының басшылығы ҚТҚ полигонын басқаруға алуға және Орал қаласының қатты тұрмыстық қалдықтар жүйесін басқарып, жетілдіруге қатысты инвестициялық жобаны жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді. Финдер ұсынған жоба мынандай негізгі кезеңдерді қамтиды:
1. Полигонда биогазды өндіру қорын растау бойынша (іздеу жұмыстары) зерттеу жүргізу;
2. Биогазды жинау жүйесін жобалау;
3. Биогазды жинау жүйесінің құрылысы мен монтажы;
4. Сорғы станцияларын орнату;
5. Биогазды жағу жүйесі;
6. Жылу электрстанциясы.
Жобаның бірінші кезеңі - іздестіру жұмыстары полигондағы биогаздың мөлшері мен сапасы жайлы Еуропадағы тәуелсіз зертханалардың қажетті мәліметтері мен қорытындысын алуға мүмкіндік береді. Зерттеу құны - 214 мың еуроны құрайды, 1 гектарға орташа есеппен 6,5 мың еуро. Өздеріңізге мәлім, энергия көздерін жаңғыртуды енгізу және қалдықтарды қайта өңдеп, кәдеге жарату жүйесін жетілдіру Қазақстанда «жасыл» экономикаға иек артудың негізгі бағыты болып табылады. Бұл мәселе жан-жақты зерттеліп, талданғаннан кейін түбегейлі шешім қабылданатын болады.
-Қала маңындағы саяжайларға қатысты жер телімдерінің біразы бүгіндері иесіз қаңырап бос жатыр деп естиміз. Ендеше, саяжайлық жер телімдерін қалалық әкімдік тарапынан қайта қатаң есепке алып, бағбандықпен айналысуға ынталы оралдықтарға ұсынса, қалай болар еді?
-Орал қаласында 165 бау-бақша серіктестігі бар. Оларға тиесілі жалпы жер аумағы 3,8 мың гектарды құрайды.
ҚР Жер кодексінің 14-1-бабының 3-бөліміне сәйкес бос жатқан саяжай телімдерін анықтап, оларды есепке алу жергілікті атқарушы құрылымдардың құзыретінде. Соған сәйкес 2012-2016 жылдары 483 жер телімі иесіз жатқаны анықталып, 84 саяжай иелерінің өтініші бойынша есептен шығарылды. Сот арқылы 250 жер телімі коммуналдық меншікке қайтарылып, саяжаймен айналысуға тілек білдірген азаматтарға берілді.
ҚР Азаматтық кодексінің 242-бабына сәйкес меншік иесі жоқ немесе белгісіз, болмаса иесі бас тартқан мүлік иесіз деп танылады. Ондай жылжымайтын мүлік жылжымайтын мүлікті тіркеумен айналысатын мекеменің есебіне алынады. Иесіз ретінде тіркелгеннен кейін бір жыл өткен соң жергілікті атқарушы құрылым сот арқылы ол жерді коммуналдық меншікке алуға құқылы.
Орал қалалық жер қатынастары бөлімі осы бағытта жұмыстар жүргізуде. Қазіргі кезде бөлімде шамамен 500-дей жер теліміне қатысты материал бар, олардың иесі бойынша мәліметтер жинақтау үшін түрлі мемлекеттік құрылымдарға (органдарға) сұрау салынды. Сонымен қатар Орал қаласы әкімінің өкімімен бау-бақша серіктестігінен тыс жерлерді заңсыз иелену мен құрылыс жүргізуін болдырмау мақсатында жедел топ құрылды. Оның құрамына барлық мүдделі мекемелердің өкілдері енді. Күні бүгінге дейін әлгіндей бағыттағы бірде-бір заңбұзушылық анықталған жоқ.
«Жергілікті салық жергілікті жұрттың игілігіне жұмсалуы тиіс» (А.Өтебәлі) - аудан әкімдерінің баспасөз мәслихатын бұл жолы Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов жалғастырды.
Әр елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші оның демографиялық дамуы дейтін болсақ, Жаңақала ауданының демографиялық көрсеткішімен мақтануға болады. Бүгінде ауданымызда 24 311 халық бар. Жыл сайын дүниеге келген сәбилер саны артып, түрлі себеппен қайтыс болып жатқандар саны азайып келеді. Ауданның табиғи өсімі 110 пайызды құрайды. Бұл өңірден сонау тоқырау жылдарында жұрт көшпеген, ырыздықтарын атамекендерінен тауып, барға қанағат қылып, малдарын өсіріп отыра берген. Керісінше, Жаңақала секілді құтты өңірге өзге жақтан көшіп келушілер көбейіп, сол жылдары аудандағы халық саны 5-6 мыңға артты.
Келесі негізгі көрсеткіштердің бірі - бұл бюджет көлемі. Ауданымыздың бюджет көлемі жыл өткен сайын өсе түсуде. Мысалы, 2015 жылғы бюджетке түсім мөлшері 528 миллион теңге болса, осы жылдың алты айында 304 млн. теңге бюджетке құйылды. Үш (3) миллиард теңгеге жуық ауданның жылдық бюджетінің 80 пайызын біз мемлекеттік бюджеттен аламыз, ал қалған 20 пайызы жергілікті жерден жиналған салықтан құралады. Сонда аудан бюджетін негізінен мемлекеттік қазынадан бөлінген қаражат толықтырып отыр. Меніңше, бұл дұрыс емес. Біз малды ауданбыз, уақыт өткен сайын мал басы өсіп, онымен айналысатын шаруа қожалықтарының саны көбейе түсуде. Міне, біз осыны пайдаланып, жергілікті бюджетті осы шаруа қожалықтарынан және жеке аулада мал ұстайтындарға салық салу арқылы толықтыруымыз керек. Және жергілікті кәсіпкерлерден жиналған салық түсімі тек сол жердің тұрғындарының игілігіне жұмсалуы тиіс. Сонда ғана біздің бюджетіміз түзеледі. Бұл тәсілмен әжептәуір қаржы көзін жасақтауға болады, біз оны өз тәжірибемізден көріп отырмыз. Мысалы, 2015 жылғы 528 млн. теңге көлеміндегі аудан бюджеті кірісінің 2,5 миллион теңгесін ауданның шаруа қожалықтарына қатысты қаржылай төлем-түсім құрады. Бұл өте мардымсыз салық мөлшері. Яғни барлық түсімнің 0,46 пайызы ғана. Бұл, әрине, өте аз мөлшердегі қаражат, бірақ біз егер осыны заңдастырса, жергілікті шаруа қо-жалықтарынан тәп-тәуір қаражат жинауға болатынын дәлелдедік. Біз осыны үлкен басқосуларда үнемі айтып келеміз. Қазіргі кезде елімізде көптеген заңдарға өзгеріс енгізілуде, соның нәтижесінде ауылдық округтерге дербестік беріліп жатыр. Осы өзгерістерге байланысты ауылдық округтер өз бюджеттерін жасақтауы керек. Жаңағы біздің ұсынысымыз тап осы жерде тиімді. Өйткені тәжірибе көрсеткеніндей, ауылдық округ бюджетін ешқандай айыппұл немесе округ әкімдерінің өкілеттілігі толтыра алмайды. Сондықтан, менің ойымша, жергілікті қауымдастық, соның ішінде ауылдық округтер, жалпы атқарушы билік елдің малының саны көбеюі үшін, оның есебі түзелу үшін осы саладан бюджеттік түсімдерді алу жолын өзгертуі керек сияқты. Қысқасы, Бюджеттік кодекске өзгеріс енгізу керек. Біз ауылдардағы шаруа қожалықтарына 25 жыл бойы көмектестік. Бүгінде олардың барлығы аяқтарынан тұрып, өз беттерінше өмір сүре алатындай, табыс табатындай жағдайға жетті. Енді олар елдің дамуына, экономиканың өркендеуіне қызмет етуі керек. Осы себепті жаңағы айтқан шараға бару қажет деп есептеймін.
Жаңағы бюджеттің сыртында біздің ауданға даму бюджеті бойынша жыл санап, жақсы қаражат бөлініп келе жатқанын айта кеткім келеді. Мысалы, былтырдың өзінде 5 миллиард теңгенің көлемінде құрылыс, жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биылғы алты айда 2 млрд. 560 млн. теңгенің шаруасы жасалып жатыр. Бұл - Чапай - Жаңақала - Сайқын жолының күрделі жөндеуі, коммуналдық 19 тұрғын үйдің құрылысы, Орақбаев атындағы орта мектептің жөндеу және тағы басқа нысандарды жөндеуге, құрылыс жұмыстарына қарастырылған мемлекет қаржысы.
Біздің аудан, негізінен, мал шаруашылығымен айналысады. 2 млн. гектардың үстінде жеріміз бар, бүгінде соның 60 пайызын пайдаланып отырмыз. Жалпы малдың өсімін білу үшін біз төрт түлікті шартты басқа айналдырып, екі жылмен салыстырдық. Сонда былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда мал басы алты пайызға өскен, яғни ауданымызда 91 мың 294 шартты мал басы бар. Бұлардың 60 пайызы шаруа қожалықтары мен серіктестіктерде, 40 пайызы жеке иелікте. Біздің болашақтағы мақсатымыз - қалай болғанда да ұйымдасқан шаруашылықтардағы мал санын көбейту. Біз қазіргі таңда осы бағыттағы түсіндіру, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізудеміз. Ауданымызда ауылдың бір адамына шаққанда төрт шартты басқа дейін мал бар, бұл - облыстағы Бөкей ордасы ауданынан кейінгі көрсеткіш. Ауданымызда төрт түліктің саны өсу үстінде. Біздің аудан еділбай қойы мен көшім жылқысының отаны болып есептеледі. Кезінде республикамыздың Алтын кітабына жазылған еділбай қойы мен көшім жылқысын өсіру қазір де жалғасуда. Ауданда асыл тұқымды еділбай қойын өсірумен 3 шаруашылық, көшім жылқысын өсірумен үш шаруашылық, асыл тұқымды ірі қара малын өсірумен 15 шаруашылық айналысады.
Соңғы жылдары аудан шаруалары шетелдерден, алыс-жақын аудан, облыстардан асыл тұқымды ірі қара малын көптеп сатып алуда. Негізінен, біздің аудан ірі қара санын және жылқы санын көбейтуге күш салмақ. ХІХ ғасырдың соңында қазіргі Жаңақала ауданының аумағында 40 мың халық тұрған және жергілікті жұрттың 70 мың ірі қарасы, әрқайсысы 25 мыңнан жылқы мен түйесі, 200 мың қойы болған. Біз қалай болғанда да, ауданды осы көрсеткішке жеткізуіміз керек. Ал кешегі Кеңес дәуірінде совхоз болған кездегі көрсеткішті біз қазірдің өзінде қуып жеттік. Тек қой саны ғана аздап кемшіндеу, қал-ған көрсеткіштерге біз артығымен жеттік деп мақтанышпен айта аламын.
Енді асыл тұқымды малға келсек, бұл бағыттағы көрсеткішіміз облыстың басқа аудандарымен салыстырғанда жақсы, тіпті төрт түлік бойынша да. Мысалға айтар болсақ, 2012 жылы ауданға 94 бас асыл тұқымды мал сатып алынса, 2014-2015 жылдары 700 бастың үстінде ірі қара сатып алыппыз. Биылғы алты айда ауданға 450 бас асыл тұқымды ірі қара алынды. Тап осы жағдай қой және жылқы шаруашылығына да тән. Асыл тұқымды мал өсірген соң оны басқа жерлерге сату керек. Былтыр аудан 224 бас ірі қараны өзге аймаққа сатса, биылғы 6 айда 176 бас ірі қара сатыппыз. Жалпы, мал сату науқанының жаңа басталып жатқанын ескерсек, бұл көрсеткіш жыл аяғына дейін тағы біраз көтеріледі деп ойлаймын. Негізі, мал шаруашылығын дамыту үшін асыл тұқымды мал басының үлесі табында 30 пайыздан кем болмауы керек. Біздің мақсатымыз - болашақта аудандағы асыл тұқымды мал басын осы көрсеткішке жеткізу. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының мал басын өсіруге септігі көп. Былтыр «Сыбаға» бағдарламасын 132 пайызға, «Алтын асық» бағдарламасын 175 пайызға, «Құлан» бағдарламасын 141 пайызға орындадық. Биыл жоспарды тағы да асыра беріп отырмыз, мұны да орындайтынымызға сенемін. Бірақ, менің ойымша, мұндай қаржыны бізден гөрі мал басы аз аудандарға беру керек, өйткені мал басын өсіруде олар қаржылай қолдауға мұқтаж. Малды тек қана Нарынға ғана толтыра бермей, басқа да аудан-дардың мал басын көбейтуіне мүмкіншілік берген дұрыс.
Ал енді «Агробизнес - 2020» бағдарламасына келер болсақ, бұл бағдарлама бойынша үш шебер жоспар аясында ауданымызда 11 жоба жүзеге асырылуда. Осы жоспарлы жұмыстардың арқасында жыл өткен сайын мемлекеттен алып отырған демеуқаржы (субсидия) көмегін алып отырғандар саны артып келеді. Мысалы, былтыр жарты миллиардқа жуық қаржы алыппыз. Бұл, әрине, шаруашылықтың дамуына үлкен ықпалын тигізуде. Тағы бір айта кететін нәрсе, ауданымыз ауыл шаруашылығы техникасын көптеп сатып алуда. Аталған көрсеткіш бойынша біз облыс бойынша алдыңғы орындамыз. Күні бүгін ауданда 70% техника жаңартылды. Соңғы төрт жылда 270 дана техника сатып алынды. Ауданның ауыл шаруашылығының дамуы жоғарыдан үш өзеннен келетін суға байланысты. Биыл Жайықтан суды жақсы алдық әрі биыл жаңбыр да жақсы жауып тұр. Сондықтан былтырғымен салыстырғанда биыл жағдайымыз әжептәуір жақсы. Шөп шабуды бастағанымызға 1 ай болды, қазірдің өзінде шаруалар шөптің 70 пайызын дайындап алды. Биыл шөптің екі жылдық қорын жинап алу жөнінде үгіт-насихат жұмысын жүргізудеміз. Кез келген шаруашылық суға тәуелді. Сондықтан су мәселесі қашан да басты назарда болуы тиіс. Оның үстіне Елбасының бұрынғы көлтабандарды сумен қамту жөнінде тапсырмасы да бар.
Осыған орай жақында ауданымызға келген облыс әкімі Алтай Көлгінов су мәселесін шешуге бағытталған тапсырмалар берді.
Осы мақсатқа тиісті қаражат бөлінуде, бұйырса, бұл мәселе жуық арада шешілетін шығар.
Кәсіпкерлік - экономиканы жандандыратын маңызды фактор. Ауданымызда кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік нысандарда жұмыс істейтіндердің саны, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандардан бюджетке түсетін салық көлемі де жыл өткен сайын артып келеді. Мемлекет қолдауының арқасында жаңа нысандар көптеп ашылуда. Соңғы төрт жыл ішінде аудан тұрғындары өздерінің жеке кәсібін жүргізу үшін 2 миллиард 839 миллион теңге несие алды. Бұл да халықтың әлеуетінің жоғары-лағанын көрсетеді. Осы атқарылған шаруалар мен мемлекеттік бағдарламаларды табысты жүзеге асыру нәтижесінде ауданымызда жұмыссыздар саны төмендеп, әлеуметтік жәрдемақы алатындар да азайды, - деген Лавр Рашидұлы бұдан әрі аудандағы білім, денсаулық және мәдениет саласында атқарылып жатқан оңды істер жайлы әңгімеледі.
Жиын соңында аудан басшысы журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берді.
«Орал өңірі» газетінің 30 шілде күнгі саны жәнібектік журналист Н.Жапақовтың «Қазпоштаға» оқырмандар неге өкпелі?..» деген мақаласымен ашылған.
Былайғы кезде мерзімді басылымдарға жазылған қайсыбір оқырманнан сұрасаңыз: «Газет-журнал уақытында қолға тимейді» деп жатады. Бір апарғанда бірнеше нөмірді теңдеп жеткізе салу көз үйренген жағдайға айналғалы қашан. Бұл мәселе жайында бірнеше рет жазылды да. Алайда еш нәтиже шықпай тұр. Мәселен, биылғы жылдың екінші жартыжылдығына мерзімді басылымға жазылғандардың газет-журналдарын уақытында алуы мұңға айналып, бұл жағдайды, әсіресе, аудан орталығындағы тұрғындар басынан өткеруде.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанова биыл екінші жартыжылдықта тұрғындарға 2441 дана басылым тарап, баспасөзге жазылу науқаны ұйымшылдықпен өткізілгенін, бірақ пошта тасымалына байланысты жұртшылық тарапынан наразылық көп екенін айтады.
- Бізге телефон арқылы шағым жиі түседі, - дейді ол. - Күні бүгін аудандық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы, су шаруашылығы мекемесі және А. Оразбаева атындағы негізгі мектеп басшылары шілде айынан бері басылымдардың дұрыс келмейтініне шағымданды. Сондай-ақ еңбек ардагері Карл Ма-қашев соңғы кезде жазылған мерзімді баспасөз өнімдерінің тым кешігіп жеткізілетініне өкпелі. Осы орайда аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гүлмира Есниязова өзі тұратын Ғ. Қараш атындағы көшеге газеттің уақытында жеткізілмейтінін, мекенжайына мамыр айынан басылымдардың бармағанын, аудандық пошта мекемесінің басшысына бұл туралы шағымданғанда, түрлі сылтауларды желеу еткенін баяндады. Аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары да бізге биылғы «Егемен Қазақстан», «Орал өңірі» газеттері тігінділерінің ең соңғы саны 21 маусымдағы датамен шектеліп қалғанын көрсетті.
А. Оразбаева атындағы негізгі мектепке барғанымызда, мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы, аталмыш оқу орнының психологі Мөлдір Шалғынбаева биыл екінші жартыжылдыққа өзінің «Егемен Қазақстан» газетіне жазылғандығын, дегенмен оның уақытында үйіне келмейтінін мәлім етті.
-Пошта тасушы 18 шілде күні осы газетті бір буда етіп әкеліп тастады. Газеттің 18 күн кешігіп қолыма тигеніне өкпелімін. Сонда жарты айдан астам уақыт кешіккен ақпараттың маңызы кетіп қалмай ма?.. Жаңалықты дер кезінде оқығанға не жетсін, - дейді ол. Сол сияқты Жәнібек ауылының тұрғыны Сырымбек Мүсәлімұлы жеті айдан бері үйіне жазылған газеттің мерзімінде жеткізілмейтінін, жеткізілген күнде де сандарының түгел келмейтініне наразы екендігін білдірді.
-Газет келмегесін бір рет поштаға барып, өзім алдым бір бума етіп. Екі-үш күннен соң пошта тасушы сол алған нөмірлерімді қайтадан үйге әкеліп тұр. Мұның өзі пошта мекемесінде басылымның есебі дұрыс жүргізілмейтінін айғақтайды, - деді абонент өз сөзінде.
Пошта таситындар «Қазпошта» АҚ-ның Жәнібек аудандық пошта байланыс торабында тұрақтап жұмыс істемейді. Еңбек биржасында жұмыссыздар есебінде тұрғандар пошта тасушылық қызметке жіберілгенмен, осында түпкілікті қалып жұмыс істейтіндері тым сирек. Бұл тұрғыда, аудандық жұмыспен қамту бөлімінің бас маманы Зухра Дәулетшинамен сөйлескенімізде, ол аудандық пошта мекемесінде пошта тасушының бос орнына ағымдағы жылғы 23 ақпаннан жұмыссыздар есебіндегі Алмагүл Хамзина мен Нұрсұлу Сәрсенғалиеваны, 4 наурыздан Балауса Ахметәлиеваны жолдағанын мәлімдеді.
-Олардың Н. Сәрсенғалиевадан басқасы бір ай істемей жатып жұмыстарымен қоштасты. Мұның кілтипаны аталмыш мекеме әкімшілігінің оларды уақытша жұмысқа қабылдап, бір ай сынақ мерзімінде тегін жұмыс істетуіне байланысты болса керек деп ойлаймын, - дейді бас маман. Ал пошта тасушылық қызмет атқарған Нұрсұлу Сәрсенғалиева аудандық пошта мекемесі басшысының құзыретімен бір ай «сынақ мерзімінде» жұмыс істеп, ақшасын төлемегесін, аудандық прокуратураға шағымданған.
-Жазған арызымды прокуратура қарап, тексеріп, нәтижесінде бір айлық ақшамды пошта мекемесінен өндіріп алдым, - деді арызданушы үйіне барып онымен тілдескенімізде.
Мерзімді басылым тасымалының жай-күйін тұрғындардың аузынан естіген соң «Қазпошта» АҚ Жәнібек аудандық байланыс торабына келдік. Аталмыш мекеменің басшысы еңбек демалысында болып шықты. Басшының міндетін уақытша атқарушы, осы мекеменің бас маманы Аида Исқақова газет-журнал тасымалында бүгінгі таңда аудан орталығы бойынша екі адамның жұмыс істейтінін, бір орынның бос тұрғанын айтты.
-Биржа арқылы жұмысқа келгендер мұнда күні ұзақ жұмыс істегісі келмей, "20 мың теңгені көше тазалап жүріп-ақ аламыз" дейді. Келгендерінің өзі поштаны дұрыс тасымағасын тұрғындар телефон арқылы бізге шағым айтады, - дейді ол. «Сіздің мекемеде пошта тасушылармен еңбек шарты жасала ма, сондай-ақ пошташылардың бір ай сынақ мерзімінде тегін жұмыс істеуінің мән-жайын нақты түсіндіріңізші» деген сауалымызға бұл қызметке жаңадан кіріскен бас маман: «Оны басшымыз біледі», - деді.
«Ал оқырмандар «Қазпошта» АҚ Жәнібек аудандық пошта байланыс торабының басылымдарды таратудағы кемшіліктердің салдарынан дер кезінде ақпаратқа, мазмұнды материалдарға қанық бола алмауда. Мұның шегі болар ма екен?..», деп автор орынды сауал қояды.
«Бас хатшымен кездесті» - «Егемен-ақпараттан» алынған хабарда Шанхай ынтымақтастық ұйымында Қазақстан Республикасы төрағалығының басымдықтары талқыланғаны айтылған.
Осыған байланысты Бейжің қаласында Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы елшісі Шахрат Нұрышевтың Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Рашид Алимовпен кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар осы жылғы маусымда ШЫҰ саммитінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген 2016-2017 жылдардағы Қазақстанның төрағалығының басымдылықтарын ілгерілету жолдарын талқылады. Ұйымдағы Қазақстанның төраға-лығы аясындағы негізгі іс-шаралар бойынша егжей-тегжейлі пікір алмасу өтті.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 71-сессиясының «Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының өзара әрекет ету» қарарын дайындау және қабылдау мәселесіне ерекше назар аударылды. 2017 жылғы маусымда Астанада өткізу жоспарланған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысын жоспарлы және жүйелі дайындауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан елшілігі мен ШЫҰ Хатшылығының бірлескен іс-шаралар жоспарын дайындау және бекіту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Ш. Нұрышев сұхбатында "ЭКСПО - 2017" халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық барысы туралы хабардар етті және алдағы іс-шараға белсенді қатысуға шақырды. Кездесу соңында ШЫҰ-ның Бас хатшысы Қазақстан төрағалығы Ұйымның қызметін айтарлықтай белсендіруге және оның халықаралық аренадағы рөлі мен орнын жоғарылатуға ықпал ететініне және Астанада алдағы ШЫҰ саммиті сәтті өтетініне сенім білдірді.
Газет тілшісі Л.Шағатай «Кеңдаланың» «Мичурині» деген мақаласында «Оралдың «Кеңдала» шағынауданындағы Мұрат Мөңкеұлы көшесінде ауласы жасыл желекке толы жалғыз үйге» сапар шегеді. Әлгі жасыл желегіңіз, тал-теректер емес, әр түрлі жеміс ағаштары. Бұл үйдің жанынан өткен кез келген жаяу жүргінші шарбақтың іші-сыртында жайқалған ағаштарға тамсанбай, уылжып тұрған жемістеріне көз салмай өткен емес. Жері саз, топырағы құнарсыз әрі суы жоқ жерге осыншама жасыл желекті баптап өсірген бағбанның ісіне сырттай ырза болып жүруші едім. Жақында танысудың да сәті түсті.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын»
-2012 жылы осы жерге көшіп келіп, үйдің қоршауы бітпей тұрып жас көшеттер отырғыза бастадым. Алманың «башкирская красавица», «малиновка», «солнце дар», «пеструшка» дейтін сегіз түрінен тоғыз ағаш, бір алмұрт, 19 түп сары өріктің (абрикос) ташкенттік және жергі-лікті, шиенің талды (черешня), бұталы (войлочный) және қытайлық түрлері, шабдалының «некторин» деген түрі бар. Бүгінде бәрі кісі бойынан асып, аула ішіне көрік беріп тұр. Ағаштарымның алды жеміс бере бастады. Өнімдері де жаман емес. Бәрін де ғылыми негізге сүйеніп ектім. Бұдан бөлек таңқурай, қара қарақат (смородина), тікенді қарлыған (крыжовник) бар, - деп сөз бастаған Ермек Абдуловтың ешқандай агро-номдық мамандығы жоқ болып шықты. Жаңақала ауданының Қызылоба ауылында туып-өскен ол ұзақ жыл бойы Е. Орақбаев атындағы орта мектепте әскерге дейінгі дайындық пәнінен сабақ берген. Бір қызығы, бағбандыққа ден қоюға жездесінің бірауыз сөзі ықпал етіпті.
-Қалада тұратын апа-жездемнің саяжайындағы жеміс ағаштары жақсы өнім беретін. Сол өнімнен біз де «ауыз тиіп үлгереміз». Бір күні жездем: «Біз саған қашанғы тасимыз, өзің ексең қайтеді, ауылда малдың қиы мен көңі тегін ғой» деп ақыл айтты. Ойлап қарасам, ауылда кәсіптің бұл түрін ешкім қолға ала қоймаған кез еді, тәуекелге бел будым. Алғашқыда екі түп алма ағашын ектім. Содан қызығушылығым оянып, бағбаншылық бағытындағы түрлі газет-журналдарға жазыла бастадым. Украинада шығатын журналдар арқылы алыстағы бағбандармен хат алысып, оқыған-тоқығандарымнан ғылыми негізде тәжірибе жинақтай бастадым. Енді көшеттерді жәй ғана емес, ғылыми тұрғыда егуді қолға алып, соңында 80 түп жеміс ағашына дейін жеткіздім. Алғашында шиенің «московская растунья», «саратовская расплетка», «карлыковая» және қытайлық түрлерін еккен едім.
-Сайып келгенде, мәскеулік сұрпының биіктігі 6-7 метрге дейін жетеді екен де, оның ұшындағы өнімді жинау қиынға соғып, ақыры оны бақшамнан құрттым. Ал «карлыковая» жақсы гүлдегенімен, өнімі аз, оның да көзін жойдым. Тек сарытаулық және бұталы шиені ғана қалдырдым. Бұталы шиенің бір жақсы қасиеті жердің астын қуалап тарамайды, қай жерге ектің сол жерге шығады. Бірақ «өмірі» қысқа, 5-6 жылдық. Жемісі өте дәмді, сусындар мен тосап қайнатуға секер аз кетеді. Ауылдағы жерімнің кең болғаны сонша шырғанақ (облепиха), ранетка (алманың ұсақ түрі), қара өрік (слива) пен сары өрік (абрикос), алманың бірнеше түріне де орын табылып, тіпті бақша да салдым. Жеміс ағаштарына түрлі екпелерді өзім жасап, бірнеше сұрыптарын қолдан өзім шығаратынмын. Жазғы маусымда шиеден 30-35 шелек өнім жинайтынбыз. Ал алма ағаштары тонналап түсім береді, сусын мен тосап қайнатудан артылғанын кептіреміз, одан қалғанын сатамыз. Көрші-көлем, тамыр-таныс, туматуыс үйге келіп, қапшықтап тиеп кетеді. Тіпті жаз бойы қорадағы малды алмамен асырап шығушы едік. Оның бір пайдасы наурыз айында төлдеген бұзауды қыс түсе сойғанда, 100 келіден артық ет беруші еді. Соғымның семіздігін көргенде, жұрттың бәрінің есі кететін. Одан бөлек бақшамызда асқабақ, картоп, қызанақтың өзін 250-300 түп егіп, тек бау-бақшадан маусымына 70-80 мың теңге пайда түсіреміз. Бір қызық айтайын, ауылдағы жұрт қияр мен қызанақты «құралай» өткесін, яғни 25 мамырдан кейін еге бастайды, ал біз ол уақытта өнім жинаймыз. Себебі қолдан кішкене жылыжай жасап, ақпан айынан бастап көшет әзірлеп, үйдің ішіне егемін. Қызанақтарым сыртқа шыққанша гүлдеп барады, маусымның 15-20-ларына қарай пісе бастайды. Қыркүйектің 5-і күні күздің алғашқы салқыны (заморзка) сезіледі, соның қарсаңында ауылдың халқына жариялап, өнімді жинап алуға шақырамын. Содан бәрі қаптарын арқалап, тегін жинап кететін еді.
Әйтеуір, отбасымызбен жаз бойы бір тыным таппаймыз, содан шығар, ауылдастарымның бәрі мені «Қазақтың Мичурині» деп атап кетті, - деген Ермек ағайдың жүзінен өткен күндерге деген сағыныш байқағандай болдым.
Өкінішке орай, соңғы кездері денсаулығы сыр берген қария отбасымен қалаға көшуге бел буыпты. Үйді өз бағасына сатса да, қаншама жыл баптап, аялап, мәпелеп өсірген ағаштары үшін бірде-бір артық тиын сұрамапты. Тек «Ағаштарыма тимеңдер, сындырмаңдар» деген ғана өтініш айтыпты!
Көшеттерді тегін таратамын
Үйге келген кісілердің бәрі «Жері құнарсыз, топырағы саз, суы жоқ жерге жеміс ағаштарын егіп, үш жылда төрт метрге жеткізіп, жеміс алудың сыры неде?» деп таңғалысып сұрап жатады. Сонда мен: «Ол үшін күнмен таласып ерте тұрып, әр ағашпен амандасып, құшақтап, «Айналайын, өссейші, сен жақсысың ғой, жеміс берсеңші деп сылап-сипап өбемін» десем, ешкім сенбейді. Бірақ расымен де күндегі әдетім солай. Әр терегіме бала-келіндерімнің, немере-жиендерімнің атын қойдым. Мұндағы мақсат балалар әрқайсысы өз талдарын күтіп, баптасын, еңбекке үйренсін дегенім. Тіпті әр еккен ағашымның сызбасын сызып, қай жерде қандай ағаш егілгенін жазып қоямын.
Кеңес сұрап келетіндер өте көп. Иә, қалалық жерде күбір деген атымен жоқ. Ол үшін көк шөптерді жұлып, жинап, суға салып борсытып, тауықтың саңғырығын қосып үш-төрт күн ұстау керек. Жас көшеттің бой алып, тез өсуіне, топырақтың құнарлығын арттыруға қоспаның пайдасы мол. Шарбақтың сыртында 14 түп сары өріктің алды жеміс беруде. Біреулер «Мұны неге қоршамайсыз, бөтен адам теріп, жеп кетсе қайтесіз?» деп айтып жатады. Ал мен үшін ол маңызды емес, ең бастысы, терегімді сындырмаса болды. Ұяты бар адам бір-екеуін жұлып жер, етегін толтырып, шелекпен теріп кетпес деймін. Бір айтарым, бау-бақша еккен жерге шөп өспеу керек. Шөп ішінде жыбырлаған зиянкесі, оның жемістерге тигізетін кесірі көп болады. Соңғы жылдары көршілерім маған еліктеп ағаш отырғыза бастады. Көмегім болсын деп көктем мен күзде айналамдағы сұраушыларға жас көшеттерді тегін таратып беремін. Керек болса, егуге де көмектесемін.
Өйткені ауламыздың ауасы тазарып, айналамыздың жасыл желекке бөленіп тұрғаны тамаша емес пе?!
«Қызылобаның картобы Айдарханның қауынынан асып түсті»
-1988-89 жылдары мектепте қызмет жасай жүріп, 10 гектар жерге оқушылармен картоп ектік. Кетпенмен суарған сол жыл-ғы өнім күшті болды. Облыс орталығынан басшылар келіп, картобымызды мақтап, артынша «Пионерский правданың» тілшілері газетке шығарып, беделіміз едәуір көтеріліп қалған еді. Қазан айында аудан орталығындағы жәрмеңкеге қатысатын болып, өнімімізді апардық. Қызығы сол, картоптың әрқайсысы тәрелкенің үлкендігіндей болғаны сонша атақты Айдарханның қауынынан үлкен болып шықты. Бәлкім, қазан айына дейін ірілерін сатып жіберіп, жәрмеңкеге масақтары қалған шығар, жағдай солай болды. Әйтеуір, сол кезде ел ішінде «Қызылобаның картобы Айдарханның қауынынан асып түсті» деген әңгіме көпке дейін айтылып жүрді.
«Сегіз қырлы, бір сырлы»
Бағбандықтың бейнеті мен зейнетін қатар көріп келе жатқан Ермек Төлеуғалиұлы 70 жасты алқымдаса да, әлі тың көрінеді. Тек қыста инсульт соғып, аздап шаруадан қалған түрі бар. Бірақ «Мен ауырдым, маған жұмыс жасауға болмайды» деп үйінде жатқан ағайды көрмедік. Ылғи да кетпенін ұстап, бау-бақшасын баптап жүргеніне куә боламыз.
-Маған дәрігерлер бір жылға дейін ауыр жұмыс жасауға, еңкеюге болмайды деген. Алайда ағаштарымды суармасам, артық шөптерін жұлмасам, бір күн де артық өмір сүре алмайтынымды білемін, осының арқасында тәуір болдым. Жұмысымды жұбаныш қыламын. Ренжісем де осы жерге келемін, - дейді ақсақал өзі егіп, өзі күн сайын сәбидей мәпелеп жүрген жеміс ағаштарын құшақтап.
Иә, зайыбы Бәтима апай екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, бүгінде немере-жиеннің қызығына бөленіп отырған жәйі бар. Ермек ақсақал тек ағаш егумен ғана айналыспайды, ағаштан ою ойып, шаруашылыққа қажетті барлық құрал-саймандарды өзі жасайды.
«Яғни әрі суретші, әрі безендіруші. Баян аспабында бір кісідей ойнап, өлең жазады. Сынық салатын, емшілік қасиеті де бар. Кезінде жаздырып алған газет-журналдардың барлығын біріктіріп, екі үлкен кітап құрапты. Бүгінде шежіре таратып, бата шығарып, немерелеріне жаттатып жүрген ақсақалға зор денсаулық тілейміз. Ақсақал аман болса, әлі де талай жеміс ағашы егіліп, көшенің сәніне айналары сөзсіз. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөз, сірә, осындайдан қалса керек-ті», деп түйіндейді автор өз мақаласын.
Г.Жолдығали «Иван Купала мерекесі» туралы жария еткен.
Оралдағы мәдениет және демалыс саябағында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы және «Грамада» белорус этномәдени орталығының ұйымдастыруымен Иван Купала атты мерекелік шара өткен.
Мерекеге қала әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат Ұлттық комиссиясы төрайымының орынбасары Елена Тарасенко, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов қатысты. «Этнос күндері» аясында өт-кізілген шарада «Грамада» белорус этномәдени бірлестігінің төрағасы Вячеслав Беляев жиылғандарды мерекемен құттықтады. Еліміздегі ұлтаралық келісімді, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жолында әр ұлттың мәдениеті мен дәстүрін насихаттауды мақсат еткен шара қызықты сәттерге толы болды.
Иван Купала - Шығыс және Батыс славяндардың мерекесі. Бұл жазғы түн сиқырлы қасиеттерге толы, ең қуатты түн болып саналады. От, су және шөп бұл түннің басты күштері болып есептеледі. Мерекелік шарада алау жағылып, салт-дәстүрге негізделген ойындар ойналды. Жиылғандар ән шырқап, би биледі. Ертегі кейіпкерлері де осы мерекеден табылып, шара өте әсерлі өтті.