Әкім жалғызбасты қарт ананың ауыр жағдайын өз көзімен көрді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл тұрғындарының өтінішінен кейін Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов 68 жастағы Толыбай ауылының тұрғынына көмектесуді тапсырды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
None
None

Павлодар ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Шақат ауылдық округіне қарасты Толыбай ауылында жергілікті тұрғындар Болат Бақауовтан үйі өртенген қарт анаға жәрдемдесуін сұрады.

Тұрғындардың айтуынша, зейнеткер ұзақ жылдар бойы сауыншы болып жұмыс істеген. Жалғыз басты қарт ана өткен жылы өрттен кейін электр қуатынан айырылған. Ауылдастар қарияға мүмкіндігінше көмектесіп тұрады. Жастар қыстың күні ауладағы қарды күреп берсе, кәсіпкерлердің бірі оған бір жылдық көмірін алып берген. Төбеден су тамшылайтын ескі үйде қыстың аязды күндері өте салқын болатын.

Айта кетейік, барлық жағдайды Болат Бақауов аудан әкімі Александр Бабенко мен Шақат ауылының әкімі Базарбай Әлиев емес, тұрғындар айтып берген. Облыс әкімі ауыр жағдайда өмір сүріп жатқан Қайныкеш Аққалуованың үйін өз көзімен көріп, кейуананың қиын жағдайына күйзелісін жасыра алмады.

Облыс әкімі жергілікті әкімнің қол қусырып отырғаны үшін айыптап, аудан әкімі Александр Бабенкоға әлеуметтік қызмет өкілдерімен бірлесіп қарт анаға жағдай жасауын тапсырды. Сонымен бірге, ол жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жалғызбасты тұрғындардың жағдайын анықтап, қараусыз қалдырмауды тапсырды.

ФОТО: pavlodarnews.kz.

Соңғы жаңалықтар