«Әкімдер неге қалтырайды?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 15 қараша, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None
*** «Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедті қабылдады. М. Құл-Мұхаммед мәдениет саласын және ақпараттық кеңістікті жаңғырту, сондай-ақ Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады. Мемлекет басшысы мемлекеттік телеарналарды оңтайландыру және мазмұндық сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Министр ақпараттық саясаттағы тиісті жұмыстардың жүргізілуі туралы мәлімдеді. Атап айтқанда, мүлікке түгендеу жүргізу нәтижесінде ешқандай қызмет жүргізбеген бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік тіркеуден алынып тасталды. Бүгінде елімізде нақты жұмыс істейтін 2105 БАҚ тіркелді. Олардың қатарында 1360 газет, 511 журнал, 49 радиостанса, 71 телекомпания бар. Бұдан бөлек, кездесу барысында «Астана Опера» театры қызметі мәселелері, Ұлттық мұражай құрылысы мен оның коллекциясын жабдықтау, ірі халықаралық іс-шараларды, Мәдениет күндерін өткізу барысы, сондай-ақ ономастикалық комиссиялар жұмысын жетілдіру жайы талқыланды. Мемлекет басшысы қаралған мәселелер бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Бұл материал «Қаралған мәселелерге - нақты тапсырма» деген тақырыппен берілген. Бас басылымның жазуынша, кеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның VI Азаматтық форумы өз жұмысын бастады. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстанның Азаматтық альянсы бірлесіп өткізіп отырған бұл жиынның басты тақырыбы «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы аясындағы азаматтық қоғам және заманауи сын-қатерлер» деп аталады. Қатысқан делегаттар мен арнайы шақырылған қонақтардың жалпы саны 600 адамға жуықтайды. Осы үлкен жиында көтерілген мәселелер жайында білгіңіз келсе, газеттегі «Азаматтық форум - мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың басты үнқатысу алаңы» атты мақаланы оқыңыз. *** «Айқын» басылымында «Әкімдер неге қалтырайды?» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Қазақстанда әкімдер қаржымен айналысудан қашып, тіпті қорқып отыр. «Коррупцияға килігіп қаламыз ба? деп қалтырауда» деді кеше сенаторлар. Бұл күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Жоғарғы палатаның жалпы отырысында сенаторлар бюджет заңнамасын жетілдіретін жаңа заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Соның аясында Сенат депутаттары Үкіметке жергілікті басшыларға қаржыға қатысты көбірек еркіндік беруді ұсынуда. Үкіметтің дерегі бойынша биылғы жылы «толық игерілмейді» делінген бюджет қаржыларының жалпы сомасы 165 миллиард 764 миллион 101 мың теңгені құрамақ. Бұл қаражаттарды орталық билік соны әжетке жарата алмаған «бюджет әкімшілерінен» тартып алып, ендігі басқа шараларға - «Жезқазған - Бейнеу» темір жолы құрылысына, жаңа құрылған «Бәйтерек» холдингінің жарғылық капиталын ұлғайтуға, «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындыққа бағыттау туралы шешім қабылдады. Бұл қаржылардың үлкен бөлігі өңірлерден алып қойылған. Мысалға, Үкімет басшысының орынбасары Е.Орынбаевтың мәліметінше, білім беру саласында игерілмеген 22 миллиард теңгенің басым бөлігі әкімдерге тиесілі болған. Кеше осыған қынжылыс білдірген сенаторлар мол қаржының тиісті жеріне жаратылмауына бюрократияның да үлкен кедергі жасағанын алға тартты. Сенатор Қуаныш Айтаханов «бюджетті нығайтамыз» деп Үкіметтің бюджетті шектен тыс орталықтандырып жібергенін білдіре келе, «соның кесірінен игерілмеген қаржы көлемі қолдан көбейтіліп жатқандығын» айтты. Осы басылымның жазуынша, «АрселорМиттал Темиртау» компаниясының «регрессниктері» өз төлемдерін қыс басталғанға дейін алатын болады. Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев осыны хабарлады.«Мен өткен аптада Премьер-министрдің қабылдауында болдым. Ол 1 желтоқсанға дейін «АрселорМитталдың» барлық регрессниктері өз төлемдерін алатындығын хабарлады» деді қалаулы. Депутаттың айтуынша, Үкімет басшысының тапсырмасымен құрылған жұмыс тобымен бірлесе күш салу арқасында осы кәсіпорындағы жұмысшылардың жалақылары арасындағы айырмашылық мәселесі шешілген көрінеді. - Бізде жұмысы толық тоқтатылған кәсіпорындардың артында «регрессниктер» қалып еді, - деді М.Тінікеев. - Содан олардың бір бөлігі үшін төлемдер Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, ал басқалары үшін «АрселорМитталдың» деректері бойынша есептелген. Нәтижесінде, статкомитет мәліметінше, орташа жалақы - 70 мың теңгені құрайды, еңбекке жарамдылығынан айырылғанда алатыны - 35 мың. Ал «Арселор Миттал» дерегінше, жалақы - 200 мың теңге, олар 100 мың алады. Бәрі бір шахтада жұмыс істеген! Жігерлері жасымағанда, ашынбағанда қайтеді?! Содан істің байыбына тереңірек бара бастадық. Сөйтсе, Қарағанды облысының тізбесінде 12 көмір кәсіпорны ғана бар болып шықты, ал «АрселорМитталдың» 8 шахтасы оған кірмей қалған. Өйткені бұлар өндіріс өнеркәсібіне емес, өңдеу өнеркәсібіне, дәлірек айтқанда металлургияға жатқызылыпты. Бірақ шығаратыны - көмір. «Содан менің әлденеше рет тіресулерімнің нәтижесінде Үкімет басшысының өкімімен жұмыс тобы құрылды. Ол топ бұл компанияның 8 шахтасының да көмір өнеркәсібіне кіруіне қол жеткізді. Қазір бұл адамдар лайықты жалақы алуда» деді М.Тінікеев. Бұл мақала «Жалақы айырмашылығы шешілді» деген тақырыппен берілген. *** «Алматы ақшамы» газетінің бүгінгі санында «7 күнгі шара ішінде 1260 жабайы сауда орны жабылды» деген мақала берілген. Соның ішінде, тасымалмен сауда жасағандар - 581, мотор майын сатқандар - 105, кәуәп, шаурма, донер, самса сатқандар - 229, ауыл шаруашылығы өнімдері - 338. Алматыда 4-110 қараша аралығында «Таза қала» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді.
Соңғы жаңалықтар