Әкімдер Теміртауда моноқалаларды дамыту мәселелері мен проблемаларды талқылауда

ТЕМІРТАУ. 14 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Теміртау қаласында моноқалаларды дамыту мәселелері бойынша республикалық семинар-кеңес жұмысын жалғастыруда.
None
None

Оған ҚР бірінші вице-премьері Серік Ахметов, Экономикалық даму және сауда министрлігінің басшысы Бақытжан Сағынтаев, Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов, мемлекеттік органдардың, дамыту институттарының өкілдері, бірқатар облыстар мен моноқалалардың әкімдері қатысуда.

Семинарда сөз сөйлеген Б.Сағынтаев, моноқалаларды дамыту бағдарламасын тиімді іске асыру мақсатында министрлік республикадағы бір салалы қалалардың жағдайына талдау жүргізгендігін атап өтті. Моноқалаларды дамытуға жүргізілген талдауды есепке ала отырып, Бағдарламада көрсетілген өткір мәселелерді шешу бойынша негізгі амалдар анықталды. Бағдарлама аясында 1,5 млн. халқы бар 27 моноқала іріктеп алынды, бұл елдегі қала тұрғындарының 16 пайызын құрайды.

Талдау қорытындысы бойынша моноқалалар үш бағыт бойынша топтастырылды. Біріншісі - қала халқының басым денін жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындардың ағымдағы жағдайы бойынша. 19 моноқалада мұндай кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеп тұр, бесеуінде - жартылай болса, үшеуінде - жұмыстар тоқтаған.

Екіншісі - салалық бағыт бойынша. Моноқалаларда қала тұрғындарының көп санын жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындар негізінен экономиканың кен өндіру секторына жатады.

Үшіншісі - тұрғындардың саны бойынша. Төрт қалада 100 мыңнан 180 мыңға дейін, тоғыз қалада 50 мыңнан 100 мың адамға дейін, 14 қалада 50 мыңға дейін халық тұрады.

Экономикалық даму және сауда министрлігі басшысының айтуынша, моноқалалардың топтастырылуы, сондай-ақ басымдықтары бойынша келесідей міндеттерді шешу көзделуде: жұмыс істеп отырған кәсіпорындардың өндірістік сыйымдылығына байланысты моноқалаларды оңтайландыру; экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту; еңбек мобильділігін арттыру арқылы еңбек әлеуетін орналастыру; әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымға қолдау білдіру.

Б.Сағынтаев Бағдарлама аясында шағын және орта бизнесті қолдау бойынша бірқатар шаралар қарастырылып отырғанын атап өтті. Мәселен, салаларға байланыссыз несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, әлеуеті төмен және орташа моноқалалар үшін несиелер бойынша субсидиялаудың пайыздық мөлшерлемесін 7-ден 10 пайызға арттыру; жаңа өндірістерді құруға 1,5 миллионнан 3 миллионға дейінгі көлемде гранттар беру; шағын кәсіпкерлікті дамыту бойынша серіктестікті бағдарламаларды іске асыру; шағын несиелік ұйымдары бар бизнес-инкубаторларды құру; Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын құру; өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырған,  жұмыссыз және аз қамтылған тұрғындарды оқыту, кеңес беру, шағын несиелендіру және инженерлік-өндірістік инфрақұрылымды жеткізу арқылы кәсіпкерліктердің дамуына қолғабыс ету.

Экономикалық даму және сауда министрлігінің мәліметтерінше, биылғы жылы Бағдарлама аясында моноқалалар тізіміне енбеген шағын қалаларды дамытудың Кешенді жоспарларын әзірлеу қарастырылып отыр. Бұл жалпы алғанда, шағын қалалар проблемаларын кешенді түрде шешуге мүмкіндік бермек.

Семинар өз жұмысын 13 мамырда бастады. Кеше оның қатысушылары Теміртау қаласының бірқатар өндірістік және мәдени нысандарына барды, сондай-ақ моноқалаларды дамытудың Кешенді жоспарларын әзірлеу және қала халқының көп санын жұмыспен қамтып отырған компаниялармен Серіктестікті бағдарламаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Соңғы жаңалықтар