Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы болып Игорь Лепеха тағайындалды

АСТАНА. 4 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру және басқару жүйесін оңтайландыру мақсатында «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің ағымдағы жылғы 27 тамыздағы №855 қаулысымен Жол полициясы комитетін қосу негізінде ІІМ-нің Әкімшілік полиция комитеті қайта құрылды.

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы болып Игорь Лепеха тағайындалды

«Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңына сәйкес Ішкі істер министрінің бұйрығымен Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы болып, бұдан бұрын аталған лауазымда қызмет атқарған Лепеха Игорь Владимирович тағайындалды», - делінген ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінде.

Комитет төрағасының бірінші орынбасары лауазымына бұған дейін Жол полициясы комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған Құсайынов Ермек Бердібекұлы тағайындалды.
Досымов Серімжан Төлеуұлы және Сүйінбаев Серік Қойсарыұлы бұрынғы лауазымдарында қалдырыла отырып, Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасарлары болып қайта тағайындалды. Осыған дейін Жедел жоспарлау департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған Мұсақанов Талғат Шаймарданұлы және Жол полициясы комитетінің төрағасы Майтыбаев Қабылжан Төлегенұлы да комитет төрағасының орынбасарлары болып тағайындалды.

Әкімшілік полициясының аумақтық бөліністерін қайта құру ісін ағымдағы жылдың қарашасына дейін жүргізу жоспарланып отыр.