16:42, 17 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Ақкөлде кірпіш шығару қолға алынды
КӨКШЕТАУ. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Ақкөл ауданының орталығы Ақкөл қаласында «Кереге-Астана» кірпіш зауыты алғашқы өнімін шығара бастады.

Өңір басшысы Асқарбек Үйсімбаевтің сөзіне қарағанда, жаңа кәсіпорын қазірдің өзінде 45 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Мұндағы даяр өнім Астана мен аймақ құрылыс алаңдарында сұранымға ие. Өңірлік инвестициялық-инновациялық бағдарлама бойынша пайдалануға беріліп отырған өндіріс орнының қажетіне 300 миллион теңге инвестиция тартылып отыр. Мұнда жылына біржарым миллион дана сапалы құрылыс материалы өз тұтынушыларына жөнелтілмек. Аудан орталығында бұған дейін тігін цехы пайдалануға беріліп, 40 адам жүмысқа қабылданған болатын. Бүгінде олардың орташа айлық жалақылары 40 мың теңгеден айналуда.