13:15, 06 Қыркүйек 2013 | GMT +5
Аккредитациядан өтпеген жекеменшік емханалар мемлекеттік тапсырысты ала алмайды - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі
АСТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - Келесі аптадан бастап біз амбулаторлық-емханалық ұйымдарды аккредитациядан өткізуді бастаймыз. Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармацевтикалық және медициналық бақылау комитетінің төрайымы Лаура Ахметниязова мәлім етті.

Оның хабарлауынша, Қазақстандағы медициналық ұйымдарды аккредитациялау стандарттары 2009 жылы қабылданған болатын. Биыл ақпан айында оның барлығы халықаралық шарттарға сай жаңартылды. Сондықтан амбулаторлық-емханалық ұйымдар тағы бір мәрте аккредитациядан өтуі тиіс. «Біздің болжамымыз бойынша келесі жылда халыққа амбулаторлық-емханалық көмек көрсетуге мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінеді. Жекеменшік мекемелер осы мемлекеттік тапсырысты алуға мүдделі екендігі белгілі. Сондықтан біз оларды аккредитациядан өтуге шақырамыз. Соның арқасында ғана олар мемлекеттік тапсырысты ала алады. Аккредитация тегін жүргізіледі», - деп атап көрсетті Л.Ахметниязова. Айта кетейік, бүгінде 464 мекеме мемлекеттік тапсырыс аясында тегін амбулаторлық-емханалық қызметті көрсетеді. Олардың 67-сі - жекеменшік ұйымдар. «Қазір 16 жекеменшік мекеме аккредитациядан өтуге өтініш білдірді», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармацевтикалық және медициналық бақылау комитетінің төрайымы Лаура Ахметниязова.