Әкім жұмысына халық, Үкімет пен Президент баға береді - Нұртай Сабильянов

уәде
Фото: Дамир Ерубаев

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат берді.

Мәжіліс пен Үкімет арасында теке-тірес болып тұрады

Депутаттың атап өтуінше, Мәжіліс пен Үкімет арасындағы жұмыс кезінде кедергілер жиі кездеспесе де болып тұрады. Мәселен, Үкімет кейбір депутаттың ұсынысына теріс қорытынды береді. «Қаражат жоқ», «ұсыныс басқа заңдарға қарама-қайшы келеді» деген сияқты уәжді алға тартады. Егер бюджетке түсетін қаражат азайса немесе бюджет шығыны көбейсе, онда Үкімет теріс қорытынды жасап ұсынады.

«Міне, осы жайт бізге кедергі болып тұр. Бұл – Конституцияда көрсетілген норма. Үкімет осыны өздеріне көбірек пайдаланады. Сондықтан біз көп ұсынысты Үкімет қорытындысына жібермеуге тырысамыз. Өз ішімізде жан-жақты қарап, шешеміз. Қаражат талап ететін не талап етпейтін ұсыныстар болады. Қоғамға керекті ұсыныстарды сарапшылармен, қоғамдық бірлестіктермен, мүдделі мемлекеттік органдармен жан-жақты талқылаймыз. Ол ұнай ма, ұнамай ма, айналып келгенде Мәжілістің жалпы отырысында дауыс беру арқылы шешіледі», - деді Нұртай Сабильянов.

уәде
Фото: Дамир Ерубаев

Осы орайда ол Үкіметпен арада болған теке-тіреске қатысты нақты мысал да келтірді.

«6-шы шақырылым кезінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң болды. Сол кезде біз «мемлекеттік сатып алуға қатысқан мердігерлер жұмыс көлемінің 75 пайызын өзі орындауы керек» деп ұсыныс енгіздік. Оны Үкіметке қорытынды алуға жібердік. Үкімет құрылыс компанияларын жинап кеңескен, олар әрине қарсы болған. Мердігерлер 30 пайызын өздері орындап, қалғандарын қосалқы мердігерлерге береді. Біз оны қарап, 75 пайыз емес «бас мердігер 50 пайызын, ал қалған 50 пайызын қосалқы мердігер орындауына болады» деп өзгерттік және Үкіметтің қорытындысын алуға қайтадан жібермедік. Өзіміз қабылдадық. Мұнан бөлек, мүдделі қоғамдық бірлестіктер де бар. Мысалы, «Атамекенді» (Ұлттық кәсіпкерлер палатасы) алайық. Біз ұсыныс жасаған кезде оған қарсы шығады. Бизнестің мүддесін ойлайды. Біз тек бизнес мүддесін ғана емес, жалпы мемлекеттің жағдайына сәйкес, халыққа жұмыс істейтін норманы қабылдауымыз керек. Бірақ, бизнеске кедергі келтірмейміз. Кейде олар тым артық кетіп қалатын кездер де болады. Сол кезде біз оларды қолдамай, комитет отырысында дауысқа шығарып, депутаттардың ұсыныстарын өткізуге тырысамыз», - деді депутат.

Абай облысы әкімінің жұмысына баға бере алмаймын

Нұртай Сабильяновтың айтуынша, Мәжіліс Үкіметпен бірге жұмыс істеп, аудандарда, қалаларда, облыстарда болған кемшіліктерге байланысты министрлер кабинетіне, мүдделі мемлекеттік органдарға хат жіберіп отырады.

«Мәселен, шекаралық аудандарды дамытуға қатысты комитеттің кеңейтілген отырысын өткіздік. Әкімдердің көптеген кемшілігін айтып, оны атқарушы органмен де, Үкіметпен де бірлесіп талқыладық. Ұсыныстарымызды бердік. Соған орай Үкімет қаулы қабылдады. Анау әкім мынаны істемепті, мына әкімнің мынадай кемшілігі бар деп ұсыныс жасамадым. Дегенмен, Мақсат Толықбай Түркістан облысындағы қаражатқа байланысты мәселе көтерді, әріптестерім депутаттық сауалдар жіберіп жатыр. Өзім Абай облысына қатысты ұсыныс жасадым. Біз әкімдерге баға бермейміз. Әкімдердің жұмысына бағаны Үкімет пен Президент, халық береді», - деді ол.

Сонымен қатар депутат Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың жұмысына қазіргі уақытта баға бере алмайтындығын атап өтті.

«Абай облысының әкімі жұмыс істеп жатыр. Қазір баға бере алмаймын. Өйткені, жұмыс істегеніне, бюджетті қабылдап, жүзеге асыра бастағанына 1 ғана жыл болды. 1 жылдағы жұмысына көңілім толады. Шығыс Қазақстан облысынан Абай облысы бөлінген кезде өңірде көптеген аяқталмаған нысан қалды. Ал қаражат игеріліп кетті. Олар – елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету, мектептер, жолдар салу жобалары. Әлі күнге дейін бітпей жатқандары бар. Мысалы, Үржар ауданында 7 ауылда 4-5 жылдан бері қаржыландырылып келе жатқанымен ауыз су әлі толық тартылған жоқ», - деді депутат.

Облыс әкімі лауазымына сайлау өтсе, қатысар едім

Депутат Шығыс Қазақстан не Абай облысы әкімін сайлау өтсе қатысуға дайын екендігін айтты.

«Сайлау болса, қатысуға болады. Өйткені, 16 жылда Шығыс Қазақстан облысының 450 ауылында болып, 1 200-дей кездесу өткіздім. Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының барлық ауылын білемін. Қай ауылда қандай мәселе бар, кім не істеп жатыр, кім қандай мәселе көтереді, қай ауылда су, жол жоқ» екенін кезінде халық көтеріп, соны шешуге атсалыстым. Мәселен, суды алайық, 120 ауылды таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін бюджеттен қаражат бөлдірдік. Бірақ, жасым зейнет жасына жақындап қалды. Жас шектеуі бар», - деді ол.

Ол Абай облысының әкімі болған жағдайда халықпен ашық жұмыс істейтіндігіне, бөлінген қаражатты тиімді пайдаланып, әр істеген ісіне жауап беретіндігіне назар аудартты.

Нұртай Сабильянов
Фото: Дамир Ерубаев

Экономикалық реформа комитеті жұмысына көңілім толады

Парламент Мәжілісінде 7 комитет бар. Оның бірі – Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті. Ол экономиканы дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға, көлік, автожолдарға, елді мекендерді дамытуға, өзін өзі басқаруға, жергілікті бюджетке қатысты Мәжіліске келіп түскен заң жобаларын қарайтын басты комитет саналады. Заң жобалары келіп түскенде жұмыс тобы құрылады.

«Жұмыс тобында қабылдап алынған заң жобасы жан-жақты талқыланып, ұсыныстар жасалып, арықарай комитет отырысына шығарылады. Комитет отырысында құжат мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен, сарапшылармен, қоғамдық бірлестіктермен жан-жақты талқылап, Мәжілістің жалпы отырысына шығарылады», - деді депутат.

Ол осы комитеттің бастамасымен Жоғары аудиторлық палатаға қосымша құзыреттер берілгендігін айтады.

«Жоғары аудиторлық палатаны жылына 2 рет тыңдаймыз, есеп береді. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті «Қазақстан темір жолы» мен «ҚазАвтоЖол» компанияларына қатысты тексеру жүргізу туралы ұсыныс жасады. Қазір тексеру жүріп жатыр. Жоғары аудиторлық палатаға «әкімдердің істеп отырған жұмысын, жергілікті бюджетті тексеруге, оған қорытынды жасауға» толық құқық бердік. Бұрын палатада ондай құқық болмаған. Енді жоғары аудиторлық палата аудандық та, қалалық та, облыстық та бюджетті тексере алады және тексеру комиссиялары жасаған қорытындыны қабылдамауға толық мүмкіндігі бар. Бұрын қалай болған? Тексеру комиссиялары, ішкі аудит жасаған қорытындыға бәрі сеніп, арықарай қорытынды жасау қажет емес болатын. Енді палата қорытындыларды қайта тексеруге, теріске шығаруға мүмкіндік алып отыр. Бұл Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің ұсынысымен заңға енгізіліп, қабылданды», - деді Нұртай Сабильянов.

уәде
Фото: Дамир Ерубаев

Сонымен қатар ол комитет жұмысына көңілі толатындығын атап өтті.

«Комитетте мемлекеттік қызметте, кәсіпкерлік саласында жұмыс істеген адамдар, жастар бар. Әріптестеріме ешқандай баға бермеймін. Пікірлеріне ешқашан қарсы пікір айтпаймын. Өйткені, біз бір ұжымда жұмыс істегеннен кейін бір-бірімізге сыйластықпен, құрметпен қараймыз, бір-бірімізді қолдаймыз. 98 депутаттың істеп отырған жұмысы бір. Біреу артық, біреу кем жұмыс істеп жатқан жоқ», - деді депутат.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum