Әкімдер сайлауы: Батыс Қазақстанда үш ауданда 28 мыңнан астам сайлаушы тіркелген

Сайлаушылардың Конституциялық құқығын жүзеге асыруда ұсақ-түйек болмауы керек. Бұл туралы 5 қарашада өтетін аудан әкімдерін сайлауға дайындық барысында Батыс Қазақстан облысында болған Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

сайлау
Фото: БҚО аумақтық сайлау комиссиясы

Шавхат Әнесұлы жұмыс сапары кезінде әкімдер сайланатын Қаратөбе, Бөкей ордасы және Тасқала ауданында болды.

Әр ауданда әкімдік лауазымына үш үміткерден тіркелгені мәлім. Қазіргі уақытта кандидаттар мен сенімді өкілдер үгіт жұмыстарын белсенді жүргізуде.

Қаратөбе ауданындағы сайлаушылар саны – 8 780 адам. Сайлауға дайындық барысымен танысқан Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, әсіресе, сайлау комиссиялары орналасқан мекен-жайларды резервтік жарық көзі және сапалы телефон, интернет байланысымен қамтуды, сайлау учаскелеріне тактильді бағыттағыштар, мнемосхемалар белгілер орнатуды тиянақтауды тапсырды. Саяси науқанды қолданыстағы заңнама аясында сауатты да таза жүргізудің маңызын ерекше атап өтті.

Бөкей ордасында аудан әкімінің міндетін атқарушы Біржан Меңешов сайлаушылар тізіміндегі 9 141 адамның дауыс беруіне толық жағдай жасалғанын жеткізді.

сайлау
Фото: БҚО аумақтық сайлау комиссиясы

Бөкей ордасы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұркен Сабыров сайлауға 147 комиссия мүшесінің жұмылдырылғанын айтып өтті. Дегенмен ауданда 500-ден астам қыстақ бар. Соны ескере отырып, шалғайда орналасқан 13 учаскелік сайлау комиссиясы құрамы 5 адамнан 7 адамға дейін көбейтілді. ҚР ОСК мүшесі уәкілетті органдардың өкілдерімен бірге осы қыстақтарды аралап шығып, сайлаушылар тізімін тағы да пысықтау керектігін айтты.

Тасқала ауданы бойынша сайлаушылар тізіміне 10 963 адамның аты-жөні енгізілген.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Аян Халауедин резервтік электр қуаты мен интернеттен іркіліс болмайды деп сендірді. Әр ауылдық округ бойынша құжаттық тіркеудегі студенттер мен вахталық әдіспен еңбек ететіндердің тізімі нақтыланған. Сондай-ақ аудан ішінде есептен шығару куәлігі арқылы дауыс беремін деген сайлаушыларға да барлық мүмкіндік бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарға инватакси қызметі ұсынылады. Сайлау болатын күні Тасқала ауылында маршруттық автобустар тұрғындарды тегін тасымалдайды. БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов автобустардың жүру кестесі мен уақытын аудандық газетте алдын ала жариялау керектігін ескертті.

сайлау
Фото: БҚО аумақтық сайлау комиссиясы

«Біздің басты міндетіміз – сайлауды таза және әділ өткізу. Сайлау үрдістеріне тартылған әрбір адам комиссия жұмысының ашықтығына, біздің іс-әрекетіміздің заң шеңберінде болғанына көзін жеткізуі керек» деді Шавхат Өтемісов.

Үш ауданды қоса алғанда, барлығы 28 614 сайлаушы тіркелген. Бөкей ордасында 22, Қаратөбеде 19, Тасқала ауданында 22 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істеуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да үш ауданда әкім сайлауына 9 үміткер тіркелгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар