«Ақмола бидай» ЖШС-нің экспорттық әлеуеті жоғары - Н.Халил (ФОТО)

Бұл туралы Көкшетаудағы «Ақмола бидай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Наджибулл Абдул Халил айтты.
Еске сала кетсек, Көкшетаудағы «Ақмола бидай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құны 1,3 миллиард теңгені құрайтын диірмен кешенінің құрылысы 2014 жылы қолға алынып, былтыр іске қосылған болатын. Кәсіпорынның қуаты жылына 57 мың тонна ұн шығаруға жетеді. Сондай-ақ, мұнда бидаймен бірге майлы дақылдарды сақтап, қайта өңдеуге болады. Кәсіпорын осы күні 100-ге жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп отыр.
«Аграрлық облыс үшін дәнді және майлы дақылдарды сақтап, қайта өңдейтін кәсіпорын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосып, ауыл шаруашылығы саланың өрге басуына зор септігін тигізетіні сөзсіз», - дейді серіктестік директоры Наджибулл Абдул Халил.
Оның айтуынша, жобаның 900 миллион теңгесі кәсіпорынның өз есебінен салынса, қалған 400 миллионы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы несиеге алынды. Диірмен кешені Ресей және Түркия елінің осы заманғы қондырғыларымен жабдықталған. Бір мезгілде бидай және майлы дақылдарды қабылдайтын желі орнатылған. Элеватор сыйымдылығы 30 мың тонна, диірменнің қуаты тәулігіне 200 тонна ұн тартуға мүмкіндік бермек. Ал, жылдық қуаты 57 мың тонна. Өнім негізінен Ауғанстан, Тәжікстан, Иран, Мысыр және Ресейге экспортталуда. Алдағы уақытта майлы дақылдарды қайта өңдеу және құс шаруашылығын дамыту үшін құрама жем өндіруді дұрыс жолға қою да жоспарда бар.