Ақмола гинекологтары жатырды тіліксіз алып тастау әдісін қолдануда
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мəліметінше, Астана қаласындағы №2 облыстық ауруханада акушерлік жəне гинекология мəселелері бойынша ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Иманқұлова жəне өңірдегі медициналық мекемелердің бас дəрігерлерінің орынбасарлары мен акушер-гинекологтары қатысып, тәжірибе алмасты.
Конференцияға жиналғандар алдында профессор Серік Ысқақов тəрізді тəжірибелі мамандардың баяндама жасап, жүктілік кезінде іштегі баланың жағдайы мен босану туралы, қазіргі заманғы жедел гинекология, сондай-ақ, жүктілік кезінде, босану жəне босанғаннан кейін қан кетуді емдеу, алдын алу əдістері туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
Сонымен қатар, профессор, акушерлік жəне гинекология кафедрасының меңгерушісі Серік Ысқақов облыс акушер гинекологтарына лапароскопиялық гистерэктомия бойынша шеберлік сабағын өткізді.
Профессордың айтуынша, лапароскопиялық гистерэктомия - бұл лапароскопиялық жол бойынша жатырды алып тастау əдісі. Бұл ауруды асқындырмай, науқастың тез сауығып кетуі үшін таптырмас əдіс болып табылады.
"Аталмыш əдіс бойынша ота 0,5-1 сантиметр тілік арқылы енгізілген лапароскоп - оптикалық құралдың көмегімен жүзеге асырылады. Бұл жараның отадан кейін тез бітіп, науқастың қысқа мерзімде, яғни, 3-4 күннің ішінде сауығып кетуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, науқасқа отадан кейін ауырсынуды басатын дәріні беру қажет етпейді", - деді С.Ысқақов.