Ақмола колониясында сотталғандарға күш қолдану: прокуратура іс қозғады

Ведомствоның мәліметінше, 2023 жылғы 3 қыркүйекте әлеуметтік желілерде Атбасар ауданындағы №1 түзеу мекемесі қызметкерлерінің сотталғандарға қатысты күш қолданғаны туралы бейнероликтер жарияланған.
«Осы дерек бойынша Ақмола облысының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 146-бабының 3-бөлігі 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады (қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар). Осы күні прокуратура өкілдері бірінші кезектегі жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асырумен аталған мекемеге барды. Тиісті сараптамалар тағайындалды», - деді ведомстводан.
Прокуратураның баспасөз қызметінен атап өткендей, тергеу қорытындысы қосымша хабарланатын болады.
Айта кетсек, бұдан бұрын тұрғындарды желіде балағаттаған Щучье әкімі қатаң сөгіс алғанын жазған едік.