Ақмола облысында 14 елдімекенге ауызсу көлікпен тасымалданады

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысында 14 елдімекен орталықтандырылған су құбырына қосылмаған. Сол себепті ауызсу көлікпен тасымалданады.

Ақмола облысында
Фото: pexels.com

Ақмола облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде ауызсуды тасымалдап ішіп отырған 14 ауылдық елді мекенің он бірінде су тазалайтын кешенді блок-модуль немесе су тарату пункті орнату, ал үш ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесін салу жоспарланған. Бұл жобалардың сегізі осы жылдың соңына дейін жүзеге асырылатын болса, қалған алтауы 2025 жылы аяқталуы тиіс. Осы ретте, ауызсуды тасып ішіп отырған елді мекендердің арасында Егіндікөл ауданында Абай, Жалманқұлақ және Жұлдыз ауылдары бар. Аудан орталығы – Егіндікөл ауылында да тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары кестеден қалып келеді.

2023 жылдан бастап ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті «BERTYS CONSTRUCTION» ЖШС-мен шарт негізінде Ақмола облысында Нұра топтық су құбырын қайта жаңарту бойынша жұмыстарды қолға алды. Бүгінгі таңда Егіндікөл және Қорғалжын ауданын тұрақты сумен жабдықтау үшін мердігер 68,7 км су құбыры желісін салып, 78 құдық орнатқан. Қарғалы, Жантеке, Құмкөл, Тоғанас елді мекендері қосылған, қазіргі уақытта сумен жабдықтау жаңа су құбыры арқылы жүзеге асырылады. Жаңа су құбыры қолданыстағы ескі су құбырына, сондай-ақ Ұзынкөл ауылының 3-ші көтеру сорғы станциясына қайта қосылды. Қазіргі уақытта мердігер ұйым қалған ауылдарды қайта қосып, іске қосу-реттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Мердігер мен тапсырыс беруші Ұзынкөл ауылынан Егіндікөл ауылына дейінгі аралықтағы су құбырын іске қосу-реттеу жұмыстарын 15 тамызға дейін аяқтауды жоспарлаған болатын. Қазіргі уақытта бұл жұмыстар аяқталған жоқ, Буревестник ауылынан Егіндікөл ауылына дейінгі ұзындығы 3,3 км су құбырын іске қосу-реттеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ 3 құдықты сынақтан өткізу қажет. Ұзынкөл ауылынан Егіндікөл ауылына дейінгі жаңа су құбырын сығымдау кезінде ақау шықты. Осыған байланысты Егіндікөл ауылына жаңа су құбыры желісі бойынша су беру жұмыстары кешігіп жатыр», - деп түсіндірді ведомстводан.

Егіндікөл ауданындағы үш ауылдан бөлек, Аршалы ауданында 41 разъезд, 102 разъезд, Атбасар ауданында Караколь, Қосбармак, Бурабай ауданында Федосеевка ауылы, Біржан сал ауданында Заозерное, Жарқайың ауданында Нахимовка, Шойындыкөл, Зеренді ауданында Дороговка, Шортанды ауданында Камышенка, Көкшетау қаласында Қызыл Жұлдыз ауылдарына су көлікпен тасымалданады.

Басқарма мамандары атап өткендей, бүгінгі таңда Ақмола облысының қалаларында халықтың сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігі 97,8 пайыз, ауылдық елді мекендерде 95,2 пайыз. 2024 жылы барлығы 32,2 млрд теңгеге сумен жабдықтау және су бұру бойынша 68 жоба іске асырылуда (сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу - 25 жоба, реконструкциялау – 43 жоба), оның ішінде 42 жобаны жыл ішінде аяқтау жоспарланған болса, 26 жоба 2025 жылы жалғасын таппақшы.

2024 жылғы республикалық бюджеттен нақтылауға салалық министрлікке 25,5 млрд теңге сомасына 43 жоба (28 жаңа, 15 ауыспалы) мәлімделді.

Қалаларда сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу бойынша жоспарлы көрсеткішке қол жеткізу 2024 жылы құны 11,6 млрд теңге болатын 2 жоба есебінен жоспарланған. Оларды іске асыруға биыл 2,3 млрд теңге бөлінген.

Жыл соңына дейін ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізудің жоспарлы көрсеткішіне жалпы сметалық құны 10,1 млрд теңге болатын 16 ауылда 14 жобаны іске асыру есебінен қол жеткізіледі, бұл қосымша 7,3 мың ауыл тұрғынын орталықтандырылған сумен қамтамасыз етеді. Жобаларды аяқтауға 2024 жылы 3,6 млрд теңге бөлінді, оның 3 млрд теңгесі респбуликалық бюджет есебінен, қалғаны облыстық бюджеттен.

Жалпы, өңірде 2025 жылы халықтың сумен жабдықтау қызметтеріне 100 пайыз қолжетімділігін қамтамасыз ету жоспарланған.

Еске салайық, бұдан бұрын Ақмола облысында су құбырын тартып жатқан жұмысшыны топырақ басып қалғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар