Ақмола облысында 237 млн теңгелік мемлекеттік сатып алу конкурстары тоқтатылды

АСТАНА. KAZINFORM – Степногорск қаласының прокуратурасы жергілікті атқарушы органның мемлекеттік сатып алу саласында заңбұзушылықтарға жол бергенін анықтады.

госзакупки, жилье
Фото: freepik

Прокуратура мәліметінше, қалалық әкімдікке қарасты лауазымды тұлғалар мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастыру кезінде конкурс құжаттамасына әлеуетті өнім берушілердің бәсекелесу мүмкіндігін шектейтін талаптар енгізген. Сонымен қатар жеткізілетін тауардың ұлттық стандарттарға сәйкестігін растайтын құжаттар қарастырылмаған.

Қадағалау органы шараларының нәтижесінде жалпы құны 237 млн теңгені құрайтын төрт мемлекеттік сатып алу конкурсы жойылды.

- Анықталған заңбұзушылықтар үшін Степногорск қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 207-бабының 1-бөлігі бойынша 50 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Ал осы бағытқа жетекшілік ететін қала әкімінің орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды, - делінген ақпаратта.

Прокуратура «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 12-бабына сәйкес конкурс құжаттамасында өнім берушілердің қатысуын шектейтін талаптар қоюға тыйым салынатынын еске салды.

Айта кетейік, Түркістан облысында мемсатып алуда 8,2 млрд теңгеге негізсіз 263 келісімшарт түзілген.

Соңғы жаңалықтар