Ақмола облысында 32 адам «гонконг тұмауын» жұқтырған

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысы бойынша «гонконг тұмауы» ең көп Көкшетау қаласында тіркелген.

шошқа тұмауы
Фото: Pixabay

Ақмола облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Серік Омархановтың мәліметінше, эпидемиологиялық маусым басталғалы өңірде жіті респираторлық вирустық инфекцияның 42 750 жағдайы тіркелген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда науқастар саны өскен. 2024 жылы 42 006 жағдай анықталды. Науқастардың 28 733-і (67%) – 14 жасқа дейінгі балалар.

— Эпидемиялық маусым басталғалы А (H3N2) типті немесе Қазақстанда 2001 жылдан бері анықталып келе жатқан «гонконг» тұмауының 32 зертханалық расталған жағдайы тіркелді. Көкшетау қаласында – 17, Аршалы ауданында – 13, Атбасар ауданында және Степногорск қаласында – бір-бір жағдайдан анықталды. Оның ішінде 8 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеліп, ол жалпы науқастардың 25 пайызын құрады, — деді Серік Омарханов.

Сондай-ақ COVID-19-ға жүргізілген 980 зерттеу үлгісінің ешқайсысынан оң нәтиже шықпаған.

Өңірде А (H1N1), А (H3N2) және В типті тұмауға қарсы 83 162 адам егілген.

— БМСК деңгейінде медициналық көмек көрсету үшін 156 мобильді бригада, 34 сүзгі-кабинет, оның ішінде жүкті әйелдер мен балаларға арналған 12 кабинет жұмыс істейді. Жедел медициналық жәрдем көрсетуге 76 бригада жұмылдырылған, — деп атап өтті облыстың бас санитариялық дәрігері.

Инфекциялық стационарларда және мамандандырылған ауруханалардың инфекциялық бөлімшелерінде 191 төсек-орын дайындалған, қосымша 133 резервтік төсек бекітілген: 107-сі – ересектерге, 26-сы – балаларға арналған.

2025 жылдың 25 қарашасындағы жағдай бойынша 100 пациент, оның ішінде 28 бала ауруханаға жатқызылған. Төсек-орын жүктемесі 52 пайызды құрайды. Реанимациялық орындар әзірге бос.

Осыған дейін ШҚО-да 50-ге жуық адам гонконг тұмауын жұқтырғаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар