Ақмола облысында 379 заңсыз қоқыс орны жойылды
АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысында соңғы 2,5 жылда 379 заңсыз қоқыс орны жойылып, 217 мың тоннадан астам қалдық шығарылды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылғы сәуірден бері «Таза Қазақстан» бастамасы аясында заңсыз қоқыс орындарын анықтау және табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуына жол бермеу үшін 189 мобильді топ жұмыс істеп келеді.
– Бастама жүзеге асырылған уақыт ішінде полиция қызметкерлері 285 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылықтың жолын кесті. 95 заңды тұлға жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар белгіленбеген орындарға лас су төккен 81 ассенизатор көлігі арнайы тұрақтарға қойылды, – деп хабарлады полиция.
Полиция қызметкерлері тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын заңсыз төгу, сондай-ақ абаттандыру ережелерін бұзу деректерін анықтауға ерекше назар аударып отыр.
«Таза Қазақстан» аясындағы рейдтер күн сайын жүргізіледі. Полиция өңір тазалығы мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана емес, әр тұрғынның жауапкершілігіне де байланысты екенін еске салды.
Айта кетейік, бұған дейін СҚО-да биыл бес жүзге жуық адам қоқыс үшін айыппұл төлегені хабарланды.
Ал Павлодарда қоқысты заңсыз үйгендерге 4,8 млн теңге айыппұл салынды.