Ақмола облысында 65 тәжікстандық жолаушы құтқарылды

Ақмола облысында жолда қалған автобус ішінде болған 65 тәжікстандық жолаушы құтқарылды, деп хабарлайды Kazinform.

Ақмола облысы
Фото: ПД баспасөз қызметінен

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 қаңтарда түнгі уақытта «Астана-Петропавл» тас жолында Ресейдің Сургут қаласынан келе жатқан рейстік автобус істен шыққан. Көлікте 65 жолаушы болған, оның біреуі 10 жасар бала және 14 әйел. Олар - Тәжікстан Республикасының азаматтары.

- Шетелдіктерге «Бақай» патрульдік полиция ротасының экипажы-полицияның аға лейтенанттары Азамат Төлегенов пен Нұрсұлтан Сағандықов көмек көрсетті. Олар ТЖ құрылымына және жергілікті атқарушы органдарға хабарлап айтты, сондай-ақ істен шыққан автобусты жөндеуге және Ақкөл қаласындағы жылыту орнына жетуіне атсалысты, - деді ведомстводан.

Шетелдік жолаушылар жол ашылып, көлік қозғалысы жанданғанша жылыту орнында болады.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында боранда адасып қалған жүкті әйел мен бала құтқарылғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар