Ақмола облысында боранда адасып қалған жүкті әйел мен баласы құтқарылды
Ақмола облысының Ерейментау ауданында далада көлікте қалған жүкті әйел мен оның қолы сынған баласы құтқарылды. Ақтүтік боранға байланысты құтқарушыларға көмек сұраған адамдарды жаяу іздеуге тура келді, деп хабарлайды Kazinform.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 10 қаңтарда болған. Еркіншілік ауылының тұрғыны қолы сынған баласын дәрігерлерге көрсету үшін жолға шыққан. Көлікте ұлымен бірге жүкті әйелі де болған. Бұлақтан су алу үшін олар жүріп келе жатқан «Ерейментау-Торғай» жолынан бұрылған. Кейін көлігін қалдырып, бұлақтан су алмақшы болған ер адам адасып кеткен.
Күйеуінің жоғалғанына алаңдаған әйел жедел жәрдем мен құтқару қызметінің жедел байланыс қызметіне телефон шалып, көмек сұраған.
«Көмек туралы хабарламаны алған Ерейментау ауданының ТЖБ бастығы Амангелді Доскенов көмекке өзі бастап шығады. «Трэкол» көлігімен шыққан құтқарушыларға жылдамдығы секундтына 30 м/с жел мен ақтүтек боран кедергі келтірді. Сол себепті Амангелді Доскеновтің көмек сұраған адамдарды жаяу іздеуіне тура келді. Жеңіл үсік шалғанына қарамастан ол көлікті тауып, әріптестерін шақырды. Ал ер адам болса, өзі жақын маңдағы блок бекеті тауып барған», - деп толықтырды ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында жолда қалған 75 адам эвакуацияланғанын жазған едік.