Ақмола облысында 7 мыңнан астам бала жайлы мектепте оқып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Ақмола облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 7 200 орындық 6 мектеп салынды. Өңірдегі білім беру және денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жобалар туралы әкім Марат Ахметжанов айтып берді.

- Биыл салынған жайлы мектептерде қазір балалар білім алып жатыр. Сол сияқты Целиноград ауданының Қоянды ауылында және Көкшетау қаласында 5 мың орындық үш мектептің құрылысы аяқталып қалды. Жайлы мектептердің аумағы қарапайым мектептерден 15-20 пайызға, техникалық жабдықталуы 4 есе артық. Сонымен қатар, Қосшы қаласында 1200 орындық мектеп құрылысы аяқталды. Биыл облыс орталығында 446 орындық екі балабақша іске қосылды, ал келер жылы тағы үш балабақша пайдалануға беріледі, - деді Марат Ахметжанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы есеп бере тұрып.
Сондай-ақ өңір әкімі облыстағы денсаулық сақтау саласы дамуының бүгінгі жайымен таныстырды.
- Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша бастапқы медициналық-санитариялық көмек объектілері салынып жатыр. Жаңа объектілер 38 елді мекенде тұратын 43 мың адамды медициналық көмекпен қамтиды. Жыл соңына дейін заманауи жабдықпен қамтылған 28 денсаулық сақтау объекті салынады және келер жылы тағы 10 объекті құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар қазір Степняк қаласында аудандық аурухана салынып жатыр, - дейді ол.
Марат Ахметжановтың айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы өңірдегі ірі жоба – Көкшетау қаласында 3,7 млрд теңгеге 630 орындық өңіраралық көп бейінді аурухана салынады.