Ақмола облысында 77 жылқы ұрлады деген күдікпен әкесі мен баласы ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында 77 жылқыны ұрлады деген күдікпен әкесі мен баласы ұсталды. Мал иесіне келтірілген шығын 25,4 миллион теңгеден асты. Қазіргі уақытта ұрланған жылқылардың 40-тан астамы иесіне қайтарылды.
Полицияның хабарлауынша, биыл мамыр айында полицияға Ерейментау ауданындағы ауылдардың бірінде еркін жайылымда жүрген 77 жылқының жоғалғаны туралы арыз түскен. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілерді анықтау үшін арнайы жедел топтар құрылды.
Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері аудандық полиция бөліміндегі әріптестерімен бірлесіп, бірнеше ай бойы жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Олар бұрын мал ұрлығы үшін сотталғандарды тексеріп, ет базарлары мен ұрланған малды өткізуі мүмкін басқа да орындарды зерттеді.
Нәтижесінде күдіктілердің жеке басы анықталды. Олар Степногорск қаласының тұрғындары — әкесі мен баласы болып шықты.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер көктемде ұрланған жылқыларды Ерейментау ауданынан Степногорск қаласына айдап әкеткен. Олар малды қала сыртындағы қораларда ұстап, кейін біртіндеп сатқан.
Күдіктілер ұсталғаннан кейін полицейлер жылқылардың 40-тан астамын тауып, иесіне қайтарды. Қазіргі уақытта әкесі мен баласы қамауда отыр.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында үш ер адам 11,5 млн теңгенің малын ұрлағанын жазған едік.