Ақмола облысында ауыл тұрғынының бақшасынан 920 түп қарасора табылды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында «Қарасора — 2025» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында ірі құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Полицейлер Жақсы ауданының бір ауылында құрамында есірткі заты бар өсімдіктердің заңсыз өсірілгенін анықтады.

Ақмола облысында ауыл тұрғынының бақшасынан 920 түп қарасора тәркіленді
Фото: polisia.kz

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары аудандық полиция бөлімімен бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру және тергеу шаралары барысында 39 жастағы ауыл тұрғыны үйінің ауласында қарасора өсіріп келгені белгілі болды.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, тінту кезінде тәртіп сақшылары шамамен 500 грамм марихуана салынған пакетті тауып, айғақ зат ретінде тәркілеген. Бұдан бөлек, үй іргесіндегі бақшада құрамында есірткі заты бар 920-дан астам қарасора бұтасы анықталып, түгел жойылуға жіберілді. 

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы (Құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Полиция есірткі айналымының кез келген түріне қарсы күресті күшейтіп, азаматтарды заңға бағынуға және есірткі заттарына жоламауға шақырады. 

Бұған дейін Түркістан облысында дәрілік өсімдік қазған шетелдіктер ұсталғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар