Ақмола облысында Азия және Паразиада ойындарының жүлдегерлері марапатталды
Ақмола облысында 19-шы Жазғы Азия және 4-ші Параазия ойындары мен басқа да халықаралық жарыстарға қатысушылармен кездесу өтті, деп хабарлайды Kazinform.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуде аймақ басшысы Марат Ахметжанов спортшыларды байрақты жарыста алған наградаларымен және медальдарымен құттықтады. Өз сөзінде ол Мемлекет басшысының бұқаралық спортты және спорттық инфрақұрылымдарды дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
— Ақмола облысында бүкіл еліміздегідей бұқаралық спортты дамыту бағытында халықтың қолжетімділігін арттыру үшін спорт кешендері мен нысандары көптеп салынуда. Биылғы жыл өңір үшін жарқын және есте қаларлық сәттерге толы болды. Ханчжоуда өткен Азия және Параазия ойындарында ақмолалық спортшылар кәсіби шеберліктерін танытып, жеңіс тұғырынан көрінді, — деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Іс-шара барысында аймақ басшысы жоғары нәтижелерге қол жеткізген спортшылар мен жаттықтырушыларды Алғыс хат және ақшалай сертификатпен марапаттады.
— Әлемдік спорт ареналарында топ жарып, егемен еліміздің көк туын желбіретіп көтеру — біз үшін үлкен абырой. Сол себепті еліміздің, оның ішінде Ақмола облысының намысын қорғау үшін бар күш-жігерімізді салуға тырысамыз. Елімізде кәсіби спорттың дамуына мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілуде. Халықаралық жарыстарда қазақстандық спортшылардың жеңіс тұғырынан көрінуі соның айқын дәлелі. Бізге үнемі қолдау білдіріп отырған облыс басшылығына мен жанкүйерлерімізге шынайы алығысымды білдіреміз, — деді былғары қолғап шебері Карина Ибрагимова.

Айта кетсек, ақмолалық спортшылар өткен жазғы халықаралық жарыстарда Республика құрамасының қоржынына лайықты үлес қосты. Карина Ибрагимова аймақтық бокс тарихында алғаш рет 2024 жылғы Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия алды. Аян Бейсембаев, Сауд Арабиясындағы Азия чемпионатында алтын және Азия ойындарының қола медалін жеңіп алды. Давид Дегтярев IV Параазия ойындарының алтынын еншіледі. Ирина Кузнецова Албанияда әйелдер күресінен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Андрей Тютин Тайландта өткен Азия чемпионатында садақ атудан чемпион атанды.
Салтанатты іс-шара облыстың шығармашылық ұжымдарының орындауындағы концерті бағдараламаға ұласты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ақмолалық мұғалім республикалық байқауда жүлделі ІІ орынға ие болғанын жазған едік.