Ақмола облысында борышкерлерден 70 млн теңге алимент берешегі өндіріп алынды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Ақмола облысының жеке сот орындаушылары алимент бойынша борышкерлерден шамамен 70 миллион теңге өндіріп алды.

Ақмола облысы Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының баспасөз қызметінің мәліметінше, 01.01.2024-28.02.2024 жылдар аралығында Ақмола облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы мен Ақмола облысының Әділет департаменті қызметкерлерінің бірлескен іс-шаралары барысында кәмелетке толмаған балалардың пайдасына 69 211 480,75 теңге алимент берешегі өндірілді.
«Оның ішінде тыйым салынған мүлікті беру арқылы алимент бойынша жалпы 2 518 325 теңгеге берешек өтелді, сондай-ақ медиация тәртібімен 65 276 136,75 теңге мөлшерінде берешек ақша өндірілді. Тағы бір борышкерден кәмелетке толмаған балалардың пайдасына алимент бойынша 1 263 325 теңге берешек өтелді. Есіл ауданында тұтқындалған мүліктің, яғни, аулалық құрылыстары және іргелес жер учаскесі бар тұрғын үйдің ½ үлесі берілді», - деді ведомстводан.
Сондай-ақ, биылғы жылғы ақпанның 22-де Көкшетау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тану туралы қаулы шығарды және осы бап бойынша борышкерге алимент төлемдері бойынша 5 (бес) тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түрінде жаза қолданды.
Айта кетсек, бұдан бұрын интернет арқылы бүйрегін сатпақ болған ақтөбелік 1,5 жылға сотталғанын жазған едік.