Ақмола облысында екі күнде 170 гектарға жуық қураған шөп өртеніп кетті
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Ақмола облысында екі күннің ішінде 170 гектар аумақта қураған шөптің жеті өртену дерегі тіркелді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Ақмолалық өрт сөндірушілер су тасқынына күрес шараларымен қатар қураған шөптің өртенуін ауыздықтауға тура келді. Мәселен екі күн ішінде өңірде бірден жеті өрт дерегі анықталды.
— Кеше, 26 наурызда Зеренді ауданындағы Доломитовый және Симферополь ауылдарының маңында, сонымен қатар Көкшетау қаласының төңірегінде 156,2 гектар аумақта үш өрт фактісі тіркелді. Бүгін, 27 наурызда Ақкөл, Зеренді аудандарында және Көкшетау қаласында да 4 рет өрт болды. Тілсіз жау 12,5 гектар аумақты шарпыған, — деді Ақмола облысы ТЖД ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.

Ведомство мәліметінше, өрт Көкшетау қаласының маңындағы саяжай учаскелеріндегі құрылыстарға таралу қаупі болды. Бірден жоғары деңгейдегі шақырту дәрежесі жарияланды. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер бірден төрт учаскеде құрғақ шөп өртеніп жатқанын анықтады. Бұл ретте қатты жел жағдайды одан сайын қиындатты. Өрт болған жерге Көкшетау гарнизоны, сонымен қатар Көкшетау қаласынан және Красный яр ауылынан қосымша қызметкерлер мен арнайы техникалар тартылды. Қызыл жалын жалпы аумағы 150 гектар қураған шөпті, бос жатқан саяжай ғимараттарын шарпыды. Өртті сөндіруге Ақмола облысы ТЖД, Жергілікті басқару органдарының, М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық авиация академиясының 200 қызметкері және 40-қа жуық техникасы атсалысты.

Құтқарушылар өрт қаупі жоғары кезеңде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігін еске салды. Атап айтқанда: далада қураған шөпті өртемеу, ағаштың, ағаштан салынған ғимараттардың жанындағы құрғақ шөпті өртемеу, қоқысты өртеген кезде, от жаққанда қауіпсіздік шараларын сақтау. Сонымен қоса балаларға сіріңкемен ойнауға, шөпті өртеуге рұқсат бермеу.
Айта кетейік, бұған дейін Түркияның Бурса провинциясында Улудаг тау шаңғысы курортындағы қонақүй өртеніп, бірнеше адам құтқарылғанын хабарладық. Оқыс оқиға кезінде опат болғандар да бар екені айтылды.