Ақмола облысында энергетиктерге қатысты тергеу басталды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің мәліметінше, «Көкше Энерго» ЖШС-ның іс-әрекеттерінде электр энергиясын есептеу құралдарын ауыстырған кезде пломбалау және пломбаны алу қызметтері үшін ақы алу барысында заңбұзушылық белгілері анықталған. Себебі тұтынушылардың еш кінәсі болмаған. Бұл туралы Kazinform агенттігінің тілшісі хабарлайды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті «Көкше Энерго» ЖШС-ға қатысты бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілері бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы антимонополиялық ведомство өзінің ресми парақшасында мәлімдеді.
— Тергеу жүргізуге кәсіпорынның компания әрекеттерінде бұзушылық белгілері бар екендігі туралы бұрын Департамент шығарған хабарламаны орындамауы негіз болды. Тергеу мәні – ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабында және 174-бабының 4) тармақшасында көзделген үстеме не монополиялық ережені теріс пайдалану фактілерінің жасалуын растайтын немесе жоққа шығаратын нақты деректерді анықтау – нарық субъектiсiне немесе тұтынушыға өз мазмұны бойынша немесе iскерлiк айналым дәстүрiне сәйкес осы келiсiмдердiң нысанасына қатысы жоқ қосымша мiндеттемелер қабылдату арқылы келiсiм жасасуға шарт қою не оны күштеп таңу, — деп түсіндірді ведомствода.
Антимонополиялық департамент «Көкше Энерго» ЖШС-ның іс-әрекеттерінен электр энергиясын есептеу құралдарын ауыстырған кезде оған тұтынушылар кінәлі болмаса да пломбалау және пломбаны алу қызметтері үшін тұтынушылардан ақы алу барысында заңбұзушылық белгілерін анықтаған.
Бұған дейін еліміз 2027 жылға қарай электр энергиясына деген қажеттілікті толық қамтамасыз ететіні хабарланған.