Ақмола облысында қайтарылған активтер есебінен су құбыры жүйесі салынды
АСТАНА. KAZINFORM – «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Ақмола облысы Зеренді ауданына қарасты Садовое ауылында орталықтандырылған ауызсу жүйесі іске қосылды.

Бас прокуратура мәліметінше, нысанның құрылысы мемлекетке прокуратура органдары арқылы қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды. Салтанатты ашылу рәсіміне Ақмола облысының прокуроры Руфат Құттықов, Зеренді ауданының әкімі Әсет Құрманғожин, аудан прокуроры Асқар Дастан және ауыл тұрғындары қатысты.
Облыс прокуроры Руфат Құттықов ауыл тұрғындарын жаңа су құбыры желісінің аяқталуымен құттықтап, бұл тек бір нысанның іске қосылуы ғана емес, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті. Орталықтандырылған су жүйесінің іске қосылуы Садовое ауылындағы 1 500-ден астам тұрғынды сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп, жайлы өмір сүруге жағдай жасайды және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.
Айта кетейік, Су ресурстары министрлігі 10 топтық су құбырын жергілікті атқарушы органдардың қарамағына берді.
Маңғыстау облысында 200 мың адамды ауызсумен қамтитын су құбыры пайдалануға беріледі.