Ақмола облысында көліктік бақылау инспекциясының 11 қызметкері сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – Көкшетау қалалық соты Ақмола облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі.
Сот алдында бұрынғы инспекция бөлімінің басшысы, делдал және тоғыз жүргізуші болды. Тергеу барысында лауазымды тұлғаның делдал арқылы тиісті рұқсат құжаттары жоқ, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарын өрескел бұза отырып мұнай өнімдерін тасымалдауға жалпы қамқорлық көрсеткені үшін жүйелі түрде пара алғаны анықталды.
Сот барлық фигуранттарды пара алу және беру дерегі бойынша кінәлі деп таныды. Көлік прокурорының өтінішхатын қанағаттандырып, сот Көліктік инспекциядағы сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің атына жеке ұйғарым шығарды.
Сот процесі инспекция қызметкерлерінің қатысуымен ашық түрде өтті. Бұл сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған профилактикалық жұмыстың бір бөлігі болды.
- Үкім заңды күшіне енді, - делінген хабарламада.
Осыған дейін ұшақ, пойыз және теңіз көлігінің жолаушылары туралы ақпарат арнайы органдарға жіберілетіні туралы жаздық.