Ақмола облысында газ датчиктерінің арқасында 30 адам аман қалды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Ақмола облысында биылғы өрт оқиғаларының негізгі себебі электр жабдықтарын орнату және пайдалану ережелерін бұзумен байланысты болған. Жылыту маусымы басталғалы өңірде 45 өрт оқиғасы тіркелген.

Ақмола облысында көмірқышқыл газы датчиктерінің арқасында 30 адам аман қалды
Фото: Ақмола облыстық ӨКҚ

Бұл туралы агенттікке облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Ержан Габбас хабарлады. Оның айтуынша, 2025–2026 жылдардың жылыту маусымы басталғалы өңірде 45 өрт тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,3 пайызға көп (2024 жылы – 34 өрт).

— Осы жылғы жылыту маусымындағы өрттердің негізгі себептері: электр жабдықтарын орнату және техникалық пайдалану ережелерін бұзу – 29 жағдай (64%), пештерді орнату мен пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау – 8 жағдай (20%), тұрғындардың отты абайсыз қолдануы – 5 жағдай (13%). Сонымен қатар екі жағдайда өздігінен тұтану (5%) тіркелген, бір оқиғада басқа себеп анықталған, — деді Ержан Габбас.

Өңірде алдын алу шаралары кешенді түрде жүргізілген. Негізгі назар әлеуметтік осал топтардың үйлеріне аударылған. Құтқарушылар тұрғын үйлердегі 900-ге жуық түтін мұржасын тазалап, өрт пен ыстану қаупін азайтқан. Сондай-ақ 11 мыңнан астам көмірқышқыл газы датчигі орнатылып, қосымша тағы 1,5 мың құрылғыны орнату жоспарланып отыр.

— Соңғы үш жылда көмірқышқыл газының жеті датчигі іске қосылып, олардың арқасында облыстың алты ауданында – Степногорск қаласында, Астрахан, Есіл, Зеренді, Бұланды және Біржан сал аудандарында 30 адамның өмірі сақталып қалды, — дейді құтқарушы.

Бұдан бөлек, арнайы техниканың өтуіне кедергі келтіріп тұрған көпқабатты тұрғын үйлер аумағындағы 25 бетон блок алынып тасталған.

Еске сала кетейік, Астанадағы көпқабатты үйдегі өрттен 33 адам эвакуацияланғанын жаздық.

Сондай-ақ жылу беру маусымындағы өрттің алдын алу мақсатында құтқарушылар елордадағы жер үйлерге рейд жүргізіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар