Ақмола облысында күн бұзылды: жүргізушілерге нені ескеру керек

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысының полицейлері ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілерге алыс жолға шығуды кейінге қалдыруға кеңес берді. Әсіресе көлігі қысқы дөңгелекпен жабдықталмаған азаматтарға жолға шықпау ұсынылды, деп хабарлайды өңірлік полиция департаменті.

қыс
Фото: Kazinform/ИИ

Өңірде күннің бұзылуына байланысты республикалық маңызы бар автожолдарда да сақтық шараларын күшейту қажеттігі ескертілді.

Полиция қызметкерлері сапарды кейінге қалдыру мүмкін болмаса, жүргізушілерге жолға шықпас бұрын бірнеше маңызды жайтты тексеруді ұсынады. Атап айтқанда, көліктің техникалық жағдайын қарап, ауа райы болжамын нақтылап, жүретін бағыттағы жолдардың жай-күйі туралы ақпарат алған жөн.

Сондай-ақ алыс жолға дайындыққа ерекше мән беріп, күтпеген жағдайға қажет заттарды алдын ала әзірлеу керек.

– Қозғалыс кезінде жүргізушілер жылдамдықты ауа райы мен жол жағдайына қарай таңдауы тиіс. Қауіпсіз арақашықтықты сақтап, күрт тежеу мен жолақ ауыстырудан, негізсіз басып озудан аулақ болған жөн. Көліктің алыс жолға дайындығына да ерекше назар аудару қажет. Салонда жылы киім, дәрі қобдишасы, апаттық тоқтау белгісі, сүйреткіш арқан және төтенше жағдайда қажет болуы мүмкін басқа да заттар болуы керек, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Непогода в Акмолинской области — что проверить перед поездкой на трассу
видеодан алынған кадр

Полиция өкілдері күн бұзылған кезде жол-көлік оқиғаларының қаупі артатынын еске салды. Сондықтан жүргізушілер жол жабынының жағдайын ескеріп, жылдамдықты дұрыс таңдап, арақашықтықты сақтауы қажет.

Әсіресе елді мекендерден тыс жолдарда абай болған жөн. Өйткені мұндай бағыттарда ауа райы күрт өзгеруі мүмкін.

Полицейлер жүргізушілерді жолдағы жағдайды дұрыс бағалап, өз өмірі мен жолаушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірмеуге шақырды.

Еске салайық, бұған дейін Ақмола облысында полицейлер жазғы дөңгелекпен жүрген 744-тен астам көліктің республикалық маңызы бар автожолдарға шығуына жол бермеген еді.

Сондай-ақ алғашқы қар мен көктайғақ Қарағандыдағы жол жағдайын күрт қиындатты. Бірнеше сағат ішінде қалада 37 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Зардап шеккендер болған жоқ.

Айата кетейік, Қазгидромет кей өңірлерде ауа температурасы -20 градусқа дейін төмендейтінін хабарлады.

Ал астаналықтарға қолайсыз ауа райында үйден шықпау ұсынылды.

Сондай-ақ еліміздің өңірлерінде ауа райына байланысты ескерту жасалды.