Астаналықтарға қолайсыз ауа райында үйден шықпау ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада қар, қатты жел және көктайғаққа байланысты құтқарушылар тұрғындарды сақ болуға шақырды. ТЖД мамандары ауа райы қолайсыз кезде үйден шықпауға, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес берді. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі мәлім етті. 

Астаналықтарға қолайсыз ауа райында үйден шықпау ұсынылды
Фото: Kazinform/ЖИ

Қатты жел, көктайғақ, қар жаууы және ауа температурасының күрт өзгеруі түрлі төтенше жағдайларға себеп болуы мүмкін.

Шаһар тұрғындарына қауіпсіздік шараларын сақтау ұсынылды:

  • Қолайсыз ауа райы кезінде мүмкіндігінше үйден шықпаңыз;
  • Ағаштардың, жарнама қалқандарының, электр желілерінің және басқа да тұрақсыз құрылымдардың жанында тұрмаңыз;
  • Жүргізушілер жылдамдығын азайтып, көлік арасындағы қашықтықты сақтап, жол жағдайына мұқият болуы қажет;
  • Жаяу жүргіншілер тротуарлар мен жаяу жүргіншілер өткелдерінде, әсіресе көктайғақ кезінде абай болуы қажет;
  • Жылыту құрылғыларын қараусыз қалдырмаңыз және өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаңыз.

— Төтенше жағдай туындаған кезде 112 нөміріне хабарласыңыз. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз! Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау адам өмірі мен денсаулығын қорғауға көмектеседі, — делінген ТЖД хабарламасында.

Айта кетейік, бүгін Ақмола, Абай, Ақтөбе, Атырау, Алматы Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Ұлытау, Түркістан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында қар аралас жаңбыр жауып, кей жерлерде қар күтіледі. Сол себепті ҚазАвтоЖол компаниясы жолға шыққан жүргізушілерді сақ болуға шақырған болатын.