Ақмола облысында мамыр мерекелері қалай өтеді

Жандәулет Қылышбаев
Фото: Kazinform/Аслан Оспанов

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысында Отан қорғаушы және Жеңіс күндерін мерекелеу аясында бірқатар іс-шара өткізу жоспарланған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Қылышбаев мәлім етті.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнін мерекелеу әскери дәстүрдің сабақтастығымен, мемлекеттің бейбітшілігі мен тәуелсіздігін сақтауға және насихаттауға бағытталған. Алайда, аймақтағы су тасқынынан туындаған күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, барлық мерекелік іс-шараларды өткізудің ұстамды форматы ұсынылып отыр. Яғни, іс-шараларды өткізуде қоғамдық-маңызы зор және әлеуметтік-пайдалы бастамаларға мән беріледі.

«Осылайша, Отан қорғаушылар күнін мерекелеу аясында бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде зардап шеккендерге өзара көмек көрсету, қолдау, гуманитарлық көмекті жинау және жөнелту хроникасы, қарапайым азаматтардың күшімен тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды қалпына келтіру тәрізді сюжеттер мен бейнероликтерді белсенді түрді көрсету және тарату қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларының қатысуымен су тасқынын жоюға белсенді қатысқан азаматтарды қолдау және көтермелеу бойынша салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылады», - деп атап өтті Жандәулет Қылышбаев.

Жеңіс күнін мерекелеу аясында арнайы платформада «Ер есімі – ел есінде» онлайн акциясы («Мәңгілік полк» акциясының аналогы) іске қосылады.

ТМД елдеріндегі және жалпы әлемдегі қазіргі қиын геосаяси жағдайды ескере отырып, аймақта бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін «Мәңгілік полк» шеруі болмайды.

Еріктілер мен жастар ұйымдарының белсенділері соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін қолдау үшін «Ардагерлерге тағзым» қайырымдылық акцияларын өткізеді.

Мәдениет ұйымдарында тақырыптық көрмелер, экспозициялар, әскери-патриоттық тақырыптағы қойылымдар ұйымдастырылады.

Мереке қарсаңында «Жеңіс лентасы» патриоттық ленталары дайындалып, жаппай таратылады.

Білім беру ұйымдарында соғыс ардагерлері мен әскери қызметшілердің қатысуымен «Ерлік сабақтары» өткізіледі.

Бұдан бөлек, мереке қарсаңында соғыс ардагерлеріне біржолғы төлемдер жасалады.

Сондай-ақ, соғыс ардагерлерін және оларға теңестірілген адамдар санаттарын кешенді әлеуметтік-медициналық тексеру айлығы басталады.

Мереке қарсаңында Ақмола облысының әкімі соғыс ардагерлері мен олардың отбасыларына, сондай-ақ, мемлекеттің қамқорлығында қалғандарға барып кездеседі.

Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орай әлеуметтік желілерде соғыс ардагерлері мен қазіргі заман батырлары туралы тақырыптық жобалар мен бағдарламалар, көркем және деректі фильмдер, сюжеттер жарияланады.

Бұқаралық ақпарат құралдарында Қарулы Күштердің әскери қызметшілері мен ардагерлері туралы тақырыптық материалдар, мақалалар, сұхбаттар, сондай-ақ алдағы мерекелік күндерге арналған арнайы айдарлар мен телебағдарламалар жарық көреді.

Жастар ұйымдарының, мәдениет өкілдерінің, блогерлер мен журналистердің және қоғам белсенділерінің қатысуымен әлеуметтік желілерде патриоттық акциялар іске қосылады.

Айта кетсек, бұдан бұрын “Таза Қазақстан” акциясы барысында Көкшетауда 9 мыңға жуық ағаш отырғызылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар