Ақмола облысында медицина саласының бір топ қызметкері марапатталды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысында Медицина қызметкерлері күніне орай салтанатты іс-шара өтіп, сала мамандарына құрмет көрсетілді.
Ақмола облысының медицина саласында шамамен 14 мың ақ халатты абзал жан еңбек етіп жатыр. Өңірде денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға көп көңіл бөлініп келеді. Соңғы жылдары емдеу-профилактикалық мекемелерінің жабдықтары түбегейлі жаңартылды, озық медициналық технологиялар, жаңа нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Өткен жылы 5 млрд теңгеге 250-ден астам медициналық техника мен жабдық сатып алынды. Соңғы 4 жылда 8 жаңа нысан салынды. Кадр мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. Бүгінде оқу орындарында 380-нен астам жас ақмолалық медицина мамандығы бойынша білім алып жатыр. Ауылдың медициналық инфрақұрылымын жақсарту аясында 38 нысанның құрылысы қолға алынған.

«Көкшетау» мәдениет сарайында ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада аймақ басшысы Марат Ахметжанов ақмолалықтар атынан медицина қызметкерлерін құттықтап, қажырлы еңбегі үшін алғыс білдірді.

«Кез келген мемлекеттің басты құндылығы – адам, ал оның тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі – азаматтардың денсаулығы. Бүгінгі таңда қоғамда медицина қызметкерлерінің беделі артып келеді. Олар науқастарды емдеуде аса кәсіби шеберлік пен шынайы жанашырлық танытып жатыр», - деді М.Ахметжанов.
Аймақ басшысы атап өткендей, өңірде жедел жәрдем көлігінің тапшылығы мәселесі жиі көтеріліп келеді. Осы ретте, облыс әкімінің бастамасымен лизингке заманауи медициналық техникамен жабдықталған 50 реанимобиль сатып алу туралы шешім қабылданған. Сонымен қатар Ұлттық жедел медицинаны үйлестіру орталығы аймаққа санитарлық авиация тікұшағын бөлді. Бұл ауыр науқастарды жоғары білікті медициналық көмек көрсету үшін ең қысқа мерзімде тасымалдауға мүмкіндік береді.

Іс-шара барысында облыстың 30-дан астам дәрігері мен денсаулық сақтау ардагерлері «Еңбек ардагері» медалі, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, сала ардагері Болат Жанәділовке «С.Қ.Нұрмағанбетовке 100 жыл» бірінші медалі табыс етілді.

Айта кетсек, бұдан бұрын ақмолалық дәрігерлер СҚО су басқан елді мекендеріндегі тұрғындарға көмек көрсетіп жатқанын жазған едік.



