Ақмола облысында мүгедек балаларға бөлінген қаражат жымқырылған
АСТАНА. KAZINFORM — Прокуратура мүгедек балаларға арналған қаражаттың жымқырылғанын анықтады. Бұл туралы Ақмола облысы прокуратурасы хабарлады.

— Көкшетау қаласының прокуратурасы «Artsport» және «DamuBala» бағдарламалары аясында балаларға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған спорт секцияларына бөлінген бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемаларын анықтады. Атап айтқанда, Көкшетау қаласы бойынша мемлекеттік тапсырыстарды жеткізушілердің бірі секцияларға мүлдем қатыспаған балаларға орындалған жұмыстардың актілерін ұсынды. Осыған орай, қала прокуратурасы алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, — делінген прокуратура хабарламасында.
Бұған дейін БҚО-да 1,1 млн астам алимент төлемеген борышкер қамауға алынғаны туралы хабарлаған болатынбыз.