Ақмола облысында мұз жару жұмыстары басталды

өзендерде мұз жару
Фото: Видеодан кадр

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Ақмола облысында көктемгі су тасқынының ықтимал қауп-қатерін алдын алу жұмыстары аясында өзендерде мұз жару жұмыстары басталды.

«Қазгидромет» республикалық кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, ағымдағы жылдың ақпан айында өңірде жауын – шашын мөлшері өткен жылдың көлемінен 2 есе және орташа айлық нормадан 1,5 есе артық түскен.

Аршалы, Атбасар, Сандықтау, Астрахан, Целиноград аудандарында қардың деңгейі жоғары екені байқалады. Сонымен бірге, өткен жылдың күзінде Есіл, Сілеті, Шағалалы, Жабай және Қалқұтан өзендерінің бассейндеріндегі топырақтың ылғалдылығы көпжылғы орташа көрсеткіштен жоғары болды. Есіл, Шағалалы, Қалқұтан, Жабай өздерінде судың деңгейі жылдағы нормадан біршама асатыны болжануда.

Облыс аумағында жағдайға мониторинг жасайтын және болжайтын 15 метеопост, 34 гидропост және 15 агрометеопост бар. Қар суы еріген кезде өзендердегі жағдайға мониторинг жасау үшін 82 уақытша бақылау бекеттері тәулік бойы кезекшілік атқарады.

Ақмола облысы бойынша ТЖД мәліметінше, аймақта су тасқынына дайындық өткен жылдың жаз мезгілінде басталды. Елді мекендерді инженерлік қорғау жөніндегі жоспарға сәйкес, қаупті аймақтардағы елді мекендерде су бұру арналарын жайластыру, кеңейту және тереңдету, өзен арналарын тазарту, су бұру арналарын тазарту, қолда бар топырақ үйіп бекітілген жерлерді нығайту және ұлғайту, бөгеттерді жөндеу, топырақ үйіп бекітілген жерлерді тұрғызу, су өткізу құрылыстарын жайластыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Ақпан айының соңындағы мәлімет бойынша елді мекендерден 600 мың текше метрге жуық қар шығарылды.

мұз жару
Фото: Видеодан кадр

«Ақмола облысында көктемгі су тасқынының ықтимал қауп-қатерін алдын алу жұмыстары аясында өзендерде мұз жару жұмыстары басталды. Степногорск қаласының маңындағы Сілеті өзенінде барлығы 700 шаршы метр аумақта мұз жару үшін 25 кг жарылғыш зат қолданылды», - деді ТЖД бастығы Қанат Доспаев.

Айтуынша, облыстық бюджеттен 2024 жылға ықтимал төтенше жағдайларды алдын алуға және жоюға, жергілікті атқарушы органдардың шұғыл шығындарына, сондай-ақ, табиғи және техногендік апаттарды жою үшін қажетті барлығы 2 млрд 239 млн теңге қаржы резерві бекітілді. Ал облыстық бюджеттен төтенше жағдайлар департаментіне көлікке, ғарыштық мониторингке, жарылыс жұмыстарына 69,8 млн теңгеден астам қаражат бөлінді», - деді ведомствоның баспасөз қызметінен.

Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша төтенше жағдайдың алдын алу үшін 226 тонна жанар-жағармай, 21,9 мың тонна инертті материалдар, 86,7 мың қап қоры жасалды. Су тасқыны қаупінің алдын алуға ТЖД жеке құрамынан 398 адам, 73 бірлік техника, 82 мотопомпа, 10 жүзу құралдары жұмылдырылмақшы. Жалпы, барлық меншік нысанында 2430 адам және 1078 техника қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар